Кері қайту
САЛТАН САЛАҚ

Кішкентай Салтанды ағасы Асан жанындай жақсы қөріп, оны «сары алтыным», «сары балапаным» дейді.

– Сары алтыным-ау, мынау ойыншықтарың әр жерде шашылып жатыр, мұны жинап қою керек қой, – деп ақкөңіл ағасы оның ойыншықтарын жинады.

– Көке, жинай салыңыз, – деп «сары алтыны» бұйыра сөйледі.

– Салтан-ау, салақ болма, жаным...

– Көке, «салақ» деген не сөз, ә?

– Халық «Олақтан салақ жаман» дейді. Өз ісіңді істемей, ерінсең, «Салтан салақ» деп, жұрт сені жек көреді.

– Көке, мен салақ болмаймын. Ойыншықтарымды ертең жинаймын, содан соң еденді жақсылап сыпырып қоям, иә ма?

– Ұқыпты бала бүгінгі ісін ертеңге қалдырмайды. Мынау ойыншықтарың шашылып жатқан бөлмең қоқсықтың қоймасы сияқты болып кетті, – деді көкесінің қалың қасты қабағы түйіліп.

– Көке, онда мақұл, үй ішін қазір-ақ жинаймын, – деп Салтан қобырап жатқан еденді жинастыра бастады.

– Санасыз бала салақ болады. Сен санасыз емессің ғой, – деді ағасы.

– Көке, мен енді салақ болмаймын, – деп, Салтан ойыншықтарын орнына қойып, еденді сүрте бастады.

– Сары алтыным, міне, осылай салақ болма, саналы бол, – деп көкесі көңілденіп қалды.

«Салтан – салақ» деген жаманаттан сақтасын» деп інісі ойланып отыр.