Кері қайту
ОН САУСАҚ

Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Егер тұрсам жазып жай,
Қадау-қадау қазықтай.
Қоссам бәрін, он болмақ,
Бұтақ болар он тармақ.
Оң қолдағы ашылған,
Бес саусақтың үстіне
Қонып жатыр, құс, міне:
Бас бармақта бір тұтам –
Ұзын сирақ көкқұтан.
Балалы үйрек қалапты –
Көгершінді балақты.
Ортан терек – аққуда,
Ұқсап қапты ол ақ туға.
Шылдыр шүмек басында
Орын дайын лашынға,
Кішкене бөбек
Бүркітке
Тиген екен, үркітпе.
Сол қолдағы ашылған,
Жас бұтақтай аршылған
Бес саусаққа көрікті,
Бес аң орын теуіпті.
Басбармаққа жабысқан –
Аң патшасы Арыстан.
Балалы үйрек бос тұр ма?
Ол тиіпті қасқырға,
Ортан терек – ең биік,
Ұшына шыққан жезкиік.
Шылдыр шүмек
Қайратты –
Жолбарыста айбатты.
Кішкене бөбек тұғыры –
Тік көтерген бұғыны.
 
Осылайша, қарашы,
Жақындасқан арасы,
Он саусақта тізіліп,
Бір-біріне қызығып,
Құстар қонған қаз-қатар,
Аңдар отыр қаз-қатар.
Қазір бәрі ән салмақ,
Балаларды қарсы алмақ.
Басталды ойын, алақай,
Тез жет, қалма, балақай!