Кері қайту
ӘЖЕНІҢ ҚУАНЫШЫ

Ақжанның ақ әжесі оның ауылға келуін сағына күтті. Қысқы демалыста сәті түсіп, немересі ауылға келгенде, әжесінің қуанышы қойнына сыймай:

– Ақ көгершінім-ау! Сағындым ғой, ақ балапаным! – деп оны аймалай құшып, қарсы алды. Ақ әженің бетіндегі әжімдері сиреп, көзі күлімдеп, нұры жайнап кетті.

– Әжетайым! Мен де Сізді сағындым, – деп Ақжан ақ әжемен құшақтасып, мәз болды. Әжесі «ақ балапанын» аймалап, оның қарақат көзі, қара қасы, тіпті бетіндегі кішкене меңіне дейін өзіне тартқанын енді көргендей, елжірей құшып, бетінен сүйді.

– Аппағым! Ақ балапаным! – деп, сағынышын айта жүріп, ақ әже ас дайындады.
Ауылдағы ақ әженің немерелері мен шөберелері тез-ақ жиналып, Ақжанмен аймаласып, қуанышқа бөленді. Ақжан әжесімен бірге дастарқан жайып, жайраңдап жүр.

– Ақжаным қаладан келеді деп, соғымнан жал-жая, қазы-қарта сыбаға сақтап едім, – деп ақ әже күндей күлімдеп, бір шара етті дастарқанға қойғанда, Ақжан ыңғайсызданып қалды:

– Әже, мен үлкен адам емеспін ғой, осынша сыбағаны...

– Ақ балапаным-ау, сен көптен бері ауылға келген жоқсың ғой... Оның үстіне, Аллаға шүкір, биыл он жасқа толдың.

– Ақ әжем! Аппақ әжем! Әжетайым! – деп, әжесін сүйіп-сүйіп алды да, Ақжан «сыбағадан» дастарқан басында отырған бауырларына «асату» ұсынып, әдеп көрсетіп, мәре-сәре болды.

Сөйтіп Ақжанның ауылға келген сәтін ақ әже той етіп өткізді. Тойда Ақжан:

«Ақ әжеміз – күніміз!
Әженің біз – гүліміз.
Әже, бізді қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!» –

деп, тақпақ айтып берді.