Кері қайту
Шәкен Күмісбайұлы

1943 жылы 17 қазанда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында туған. 1965 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген. Өз ауылында мұғалім, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Қазақ елі», «Ана тілі» газеттерінде әдеби қызметкер, республикалық «Бала Би», «Айгөлек» журналдарында жауапты хатшы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов мұражайында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Қазір «Балалар әдебиеті» баспасында Бас редактор болып қызмет етеді.

Алғашқы әңгімесі «Жеңеше» деген атпен 1965 жылы Алматы облыстық газетінде жарияланған. 1971 жылы, 1975 жылы екі мәрте балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлдегер болған. 2008 жылы «Солақай» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған.

«Ақсақ шал» (1972), «Тау жолдары» (1977), «Соқ, барабан» (1979), «Таудағы жазу» (1983), «Кішкене шал» (1986), «Қаладағы келін» (1989), «Қарақуыстың желі» (1991), «Атамның аманаты» (2001), «Қайсар бала», «Бір арқа отын», «Айдын көлдің аққулары», «Жапандағы жалғыз», «Солақай», «Итталас», «Жүз он бір жұмбақ», «Тұңғыштар», «Шатақ шырпы», «Қалам мен дәптер», «Бейтаныс заттар дауы», «Табиғат – Ана», «Қазақтың нобелі», «Шапағатты шырақ», «Мамания», «Түнгі текетірес» кітаптарының авторы. Балаларға арналып жазылған «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай», «Шақшақ Жәнібек», «Райымбек батыр», «Әлемді әнімен асқақтатқан «Дос-Мұқасан» атты кітаптары бар. Мектеп бағдарламасына арнап «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын» эпостарын поэзиядан қара сөзге айналдырған. 2008 жылы қазақтың балалар жазушыларының «Балалар бағының бағбандары» атты анықтамалық жинағын құрастырған.
Жеке әңгімелері украин, орыс, белорус, моңғол, неміс тілдеріне аударылған, топтама жинақтарға енген.