Назад
МҰРАГЕР

Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,

Матайда – Кенже, Тұңғат, Сақайдағы.

Қазақта қобызшының қалғаны сол,

Жорға еді маймаңдаған бақайшағы. 

І. Жансүгіров. «Күй» поэмасынан

 

Жер жәннаты Жетісу өңірінің тамаша бір аймағы – Ақсу, Қапал өлкесі. Қапал болысының оңтүстік-шығысында Кіндіктөбе қонысы бар. Кіндіктөбе – табиғаты керемет, сұлу жер. Жер шоқтығынан, асау Ақсу өзенінің жанынан қоныс тепкен.

Көктемнің бел ортасы еді. Қайнар елі. Берсүгір әулетіне бақ қонып, құт дарыды. Келінінің балағынан бала саулап, шаңырағы кеңіп, үй іші сәбидің күміс күлкісіне толып, көктемнің жайдары күнімен ілесе үйдің босағасына қуаныш пен шаттық еніп, ақ қанатты ақ ордаға әсем реңк берді.

Құдайдың мейірім-ықыласы ерекше төгілген аймаққа төсекте басы, төскейде малы бірге Шураттың жерінен бір топ қонақ келіпті. Араларында Қаракерей Қабанбай батырдың жиені, Байсақұлы Молықбай қобызшы да бар. Бұлар әдеттегі қонақтардан ерекше сыйлы һәм қадірлі жандар еді.

– Ассалаумағалейкум, cерілер! Қайнар елінің ауылына хош келдіңдер, – деп Жансүгір қонақтарды қарсы алып, он екі қанатты ақ ордаға кіргізіп, төрге жайғастырды. Алыптың құшағындай кең үйдің ішінде ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар отыр еді.

– Жуырда келініміз тұңғышын босанып еді. Соның құрметіне дастарқан жайып, ел-жұртқа сауын айтып, шілдехана жасап жатқан жайымыз бар, – деп Берсүгір шал қуанышпен қонақтарды отырған кісілерге таныстыра бастады. – Мына жігіт біздің елге бөтен емес, асылдың сынығы, батырдың ұрпағы, – деп, Молықбай қобызшының арғы аталары жайлы әңгіме өрбітті.

– Наурызкөк ерте келді ғой. Мамыражай мамырдың ортасында дүние есігін ашқан атұстарларыңыздың бауы берік болсын! – деп қобызшы риясыз лебізін білдіріп, көптің қуанышына ортақтасты.

– Айналайын, Молықбайжан, өзің мына Жансүгірімнің тұстасысың. Бүгін сені біздің үйге Құдайдың өзі айдап келген шығар. Мына баланың есімін өзің қой, жолымды бердім, жарқыным, – деп шал келінге қарап ишара танытты. Ибалы келін атасының қас-қабағынан айтқызбай-ақ ұғып, ақ бесіктің жабуын ашып, бөбекті серінің қолына ұстатты.

– Жазғытұрымда дүниеге келген інімнің өмірі жарқын, мәнді де сәнді болсын. Атаның емес, адамның баласы бол. Өр Алашымның бағы бол! Қара сөздің хас шебері болғайсың, – деп сәбидің жазық маңдайынан сүйіп. – Сенің есімің – Ілияс болсын! Ілияс! Ілияс! Ілияс! – деп бөбектің құлағына азан шақырып, атын қойды. Көненің көзіндей болып келе жатқан салт-дәстүрдің жолымен баланы көкке көтеріп, әкесінің қолына берді.

Қобызшы жиналып отырған жұртқа қобыздың қоңыр үнін естіртіп, бірнеше күй орындады. Тыңдаушы қауым зарлы күйдің үніне қосылып, боздап та алды.

– Бұл күйлеріңде қазақтың арғы тарихының қасіреті жатыр екен. Енді бұндай алапат қырғынды қара халық қайта көрмесін! – деді төрде отырған үлкен шал.

– Әумин! Айтқаныңыз келсін, ақсақал! – деді де қобызшымен бірге келген жігіт халық әндерін орындап, көптің құлазыған көңілін қайта көтерді.

Сол күні қобызшы да, бесікте жатқан сәби де таңның кіндігін ұйқысыз кесті. Ертесіне сал-серілер жиналып, келесі ауылға жол тартты. Берсүгір қарт қобызшының тағдырына алаңдап, ішінен Құдайға сиынып, басына амандық тіледі.

 ***

 Уақыт шіркін сынаптай зырғып өте шықты. Бесікте жатқан сәби өсіп, ер жетіп, ат жалынан ұстап, тазы ертіп, қолына бүркіт қондырып қобызшының аулына келді. Бұл мезетте қобызшы қартайып, шау тарта бастаған еді. Бозбала қобызшының сыйлы қонағы болып, жүздеген күйін тыңдап, өнер, ғылым, Құнанбай сұлтанның баласы хәкім Абай туралы әңгімелерін естіді. Молықбай шал өзінің ұстазы Жиенбай қобызшыдан қалған құлагер-домбырасын жас жігітке сыйлап, ат мінгізіп, иығына төрде ілініп тұрған Байсақтың зерлі шапанын жапты.

– Күнім, Ілиясжан, сенің атыңды мен қойдым ғой. Кейде сол ісіме өкінемін. Неге десең, мен қасіретті адаммын. Менің қасіретім емес, дарыным, қасиетім қонсын. Бірақ, есіңде болсын, Құдай Тағала да өзіне ұнайтын пендесіне ауырлықты, қасіретті үйіп-төгіп береді екен. Сенгеннен кейін береді де. Ауырлықты, қиындықты жеңе білу – өзіңнің бойыңдағы жаман қылықтарды ауыздықтаумен бірдей! Әйтпесе, ібілістің торына түсіп, нәпсісін тия алмай жүргендердің қарасы қаншама?! Солай, құлыным, солай... – деп шал күңіренді.

– Әке! Ақсуда туған ұлмын, от болсам деп... Сіз ештеңеге налымаңыз. Бұйырған тағдырдың дәмін татамыз. Қарсы соққан дауылға төтеп берер күш-қайратымыз бар. Батаңды бер, – деген жас жігіттің отты сөзіне қобызшы шын қуанып, көзінен қайғының емес, қуаныштың лағыл жасы төгілді. Ыстық жас жігіттің алақанына тамып жатты. Әке-бала боп, бірін-бірі риясыз түсініп, ұзақ уақыт құшағына қысып тұрды.

– Жарқыным, мұхит-тағдырдан өтер қайығыңның ескегі берік болсын! Бердім ақ батамды. Ғұмырлы бол, тұғырлы бол! – деп маңдайынан сүйіп, жігітті еліне қарай шығарып салды.

 ***

 Ілияс Ақсудан ұшқан аққулармен ілесе, білім іздеп жыраққа кетті. Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Ташкент, Мәскеу барды. Аңсары ауып келген қасиетті, қасіретті сөз өнері мамандығына оқуға түсіп, аузымен құс тістеген небір дүлдүлдердің шығармаларын оқып, көкірек шөлін басып, өзі де нәрлі жырлар жаза бастады. 

Ақмешіт. Түн еді. Ілияс ұйықтай алмады. Есіне ауыл-аймақ түсті. Қобызшы әкесін сағынып жатты. Матайдың қызыл құмына аунағаны, Кіндіктөбенің қоңыр салқын ауасын жұтқаны, Ақсудың айдынына шомылғаны есіне жиі түсіп жүрген кезі еді...

 ***

 Молықбай шалдың жүрегі әлденені ертерек сезген екен. Ақсу-Бөрібай көтерілісінен кейінгі ақ пен қызылдың шайқасы, Кеңес өкіметінің орнауы, ұжымдастыру, бай-шонжарларды аяусыз әшкерелеген кәмпескенің тәркілеуі біріне бірі ұласып, халыққа ауыр тиді. Аша тұяқтылары қалмаған бұқара үркердей шулап, арғы бетке үдере көшіп жатты. Алмағайып заман басталып, Алатаудың етегін ақ қар емес, қара бұлт торлап, елден береке-бірлік кетіп, қазақтың ішінен қазаққа жау шығып, ру-руға, жік-жікке бөлініп, Құдай Тағаладан берілген асыл мінездері боқ-сідікпен араласып, теріс пиғылдары жүзеге аса бастап, әділдік пен ақиқатқа іңкәрлік танытар, жаны адалдыққа құштар жандарға жала жауып, нақақтан-нақақ «халық жауы» етіп, итжеккенге айдатып жатқан кез келді. Туған халқын шетсіз, шексіз сүйген қобызшының да басына қара тұман төніп, аяғына кісен түсіп, түрмеге түсті. Өнер адамын осылай да қорлаған еді-ау...

Елге келген Ілияс жағдайды естіп, көңілі құлазыды. Әкесіндей болған жанына жақын адамын іздеп, шарқ ұрып, асау Ақсу өзеніне барып, әзиз адамын енді қайтіп көрмесін сезіп, долдана ағып жатқан өзеннің сарынына қосылып, аңырап кеп жылады. Ақынның зарына көк аспан да қосылып, нөсерлі ақ жауынын шелектеп ағызды. Ақын да, аспан да көз жасын тыя алмады. Бұл жас – шерменде көңілдің өнерге деген, асыл азаматқа деген шынайы ықылас-құрметі еді...

– Молықбай – қазақтың соңғы қобызшысы. Енді бұндай дәулескер қобызшының мына опасыз дүниеге келу-келмеуі екіталай. Қобызшының атын естен шығармауымыз үшін, оның әрбір тартқан күйін халыққа, болашақ ұрпаққа жеткізу, сақтау менің арыма, ұятыма байланысты. Мен – қобызшының мұрагерімін! – деп азамат ақын өксіп-өксіп, булығып жылады.

 ***

 Ілияс Алматыға келіп, Әуездің немересі Мұхтармен танысады. Ол кезде екеуі де халыққа танылып үлгерген қаламгерлер еді. Бұлар қантуыс емес, шығармашыл жантуыс болды. Екеуара әңгімелері ұзаққа созылатын.

– Мұқа, біздің елде Молықбай деген қобызшы болған еді, – деген Ілиястың сөзін соңына дейін тындамастан зерек жігіт:

– Иә, естуім бар. Өзін көрмесем де, күйлерін естігенмін. Кезінде Абай еліне келген екен. Шәкәрім, Әріптермен аралас-құралас болыпты. Абайды үлгі тұтқанын да естідік, – деді.

– Сол дегдар адам менің есімімді қойған еді... Шебер күйші еді. Амал нешік, қазір тар қапаста жатыр. Туған ел-жұрты сатты. Бұрын-соңды бұндай қиянатты көрмедім. О, тоба, бірі кем дүние! – деп ақынның жетім көңілі қайтадан құлазыды.

– Ілеке, қобызшының көзкөрген тұстастары, замандастары, көнекөз қариялар барда елге барып, ол кісінің күйлерін, әңгімелерін хатқа түсіріп қалайық та, – деп жазушы бауыры ақынның аманат-үмітінің шоғын үрлеп, ниеті мен ықыласын арттырды.

– Бәрекелді! Менің де арманым осы еді... Рақмет, бауырым!

– Ендеше, ағасы, уақыт өткізбей, елге барайық, жолға қамданайық!

– Өкіл әкемнің ескіше сауаты болмаса, жарытып оқымаған да ғой. Күйлерін естіп, ауыл арасында, ел ішінде орындап жүрген жігіттер де бар көрінеді. Соларды табайық.

Осы түннің кіндігін ақын жаңа жырмен кесті. Ол «Күй» поэмасы еді. Ақын қобызшының құрметіне өлеңмен, кестелі жырмен өлмес те, өшпес ескерткіш соқты.

 ***

 1927 жылы қос қаламгер Ақсу еліне келеді. Амантекше жайлауында болып, қобызшының күйлерін орындап жүрген ел арасындағы жігіттермен кезігеді. Әйгілі ақын Қуат Терібайдың шаңырағына қонақ болады. Қобызшының барлық орындаған, өзі шығарған күйлерін хатқа түсіреді. Қобызшы туралы, оның ата-тегі жайлы аз-кем түсініктеме жазады.

– Оу, ағайын, мына жігіт қазақтың бағына біткен асыл ер. Есімі – Мұхтар. Абай елінің тумасы. Абайдың туысқаны. Талабы мен дарыны, жазғанына қарасаң, жаның сүйсінеді. Қазақтың болашағы осы балаларыңыз, – деп ақын өкшелес бауырын жерлестеріне таныстырды. Үй иесі Қуат ақын да алыстан ат терлетіп келген қонағының құрметіне өзінің арнауын арнап, Жетісудың назқоңыр мақамымен ән айтты.

Ілиястың осы сапары қазақ руханиятына, музыка өнеріне қосылған үлкен үлес болды. Азамат ақын алдаспан қобызшының алдындағы әрі өкіл әкесінің алдындағы өзінің перзенттік парызын осылай өтеген еді!

 ***

 Түрменің азабын әбден тартқан, тағдыры ит сүйреткен терідей жырымдалған қобызшы абақтыда бірге жатқан жігіттерге:

– Біздің дәурен осымен біткендей... Жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Менің елу жыл сенімді серігім болған қобызымды алдырыңдар, түсіме жиі кіріп жүр. Енді Ілиясымды көруім-көрмеуім екіталай. Қайнардың еліне айт, Ілиясты күтсін, Ілияс – біздің ғасырдың ұлы ақыны! Мен оған сенемін. Тәңіріме тапсырдым, – деп өмірлік талқаны таусылып, ажал тақалғанда ішіне бүккен шерменде ойын жазып, ағынан ақтарылады.

 ***

 Ілияс 1927 жылы бірінші әйелі Аманшадан айырылғаннан кейін қазадан қан жұтып жүріп, Қызылорда қаласында қызметтес досы болған Сәдуақас Оспановтың немере қарындасы Бәтимамен бас қосады. Ал 1929 жылы дауылпаз ақынның қобызшының құрметіне арналған «Күй» поэмасы «Жаңа мәдениет» журналына жарияланады. Сөйтіп, халық қобызшының есімімен, тауқыметті тағдырымен, оның тартқан күйлерімен таныс болады. 

Молықбай шал 1930 жылдың көкек айының отызында туған жері – Шуратына жетпей, тар қапаста құрт ауруынан жан тапсырады.

«Қызыр Ілияс» деп құлағына азан шақырып, үш мәрте атын әсем дауысымен әндетіп қойған кіндік әкесінің өлгенін естіген азамат ақын:

– Сізді «жүрегіме жерледім», – деп аңырап қоя берді...

– Қайырлы қаза болсын! Бекем бол! – деп Бәтима күйеуінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. – Өнер адамы өнер адамын шын түсінеді екен-ау... О, дариға-ай!.. – деп ақынның жары әлденелерді күбірлеп айтып отырды.

 ***

 Жетісудың жорғасы, заманының өнерпазы, бармағынан бал тамған қобызшы, күйші, ақын, бақсы-балгер – Молықбай Байсақұлының есімі «Ақ көбік», «Боз інген», «Көк көбік», «Дүлдүл Ер Әлі», «Жылаған ноғай-қазақ», «Жезкиік», «Сауырық», «Қазан» күйлерімен қатар айтылып, халық есінде мәңгілік қалды.

Ілияс – мұрагер еді. Қорқыт қобызды, ащы тағдырлы қобызшының аманатына қиянат жасамай елге жеткізген асыл ер өзінің қанаты қайырылып, құлагерінің тұяғы сынып, мезгілінен ерте соларын білді ме екен?!

 ***

 О дүние. Жұмақ. Пайғамбардың ақ туының астында әкелі-балалы екеу қайта қауышып, жер бетіндегі опасыз дүниенің қызығына алданып, шырмауына түскендерге қарап, құмырсқа тірліктегі пенделерді аяп тұрды...