Нат. Өзеннің бұрылған иінінде бір топ қой-ешкі топталып тұр. Маңырасып қояды. Ортада қой бастаған Қошқар барқыраған дауысымен барлығын өзіне шақырады.
Қошқар: Әй, бәрің тез жиналыңдар! (Сақалын сапситып Ақ теке де, шібіш, саулықтар да, қозы-лақтар да келіп жетті. Сөзін бастайды). Оу, халайық сөзге құлақ салайық, қартайған соң жануар да ойшыл келеді екен.
Ақ теке (бақылдап қойып): Мен де кейде ойға батып кетемін. Саған қарағанда үрім-бұтағым көбірек. Түсінесің ғой, өзің.
Қошқар (сөзін жалғап, Ақтекеге қарайды): Ау, Ақ теке! Бала-шаға бәрімізде де бар-ау. Ертеңгі күн олай-бұлай боп кетсек, артымыздағы ұрпақ, ата-бабасының кім екенін білсе деймін ғой.
Ақ теке (қуанып): Менің ойымнан дөп түстің. Әлдебіреулер маған «сендер тау мен тастың жануарларысыңдар» дейді. Сол сөздің өзі дұрыс па деп қаламын.
Қошқар: Не дейді? Онда не қып мына ұшы-қиыры жоқ далада маңып жүрсің? Мен келісе алмаймын. Анда-санда тастан-тасқа секіріп ойнаған лағыңды айтып отырсың ғой.
Ақ теке (кеудесін соққылап): Онда бәстесейік. Кім жеңер екен?
Қошқар: Несі бар. Бәстессек бәстесейік!
Ақ теке: Тау-тасқа өрмелеп көрейін. Саған анық-қанығын дәлелдеп берейін. Қошақан (ортаға суырылып шығады): Айналайын ата! Мен сізді қостаймын!
Ақ лақ (ортаға секіріп шығады): Мен атамды жақтаймын. Керек десең, қазір-ақ тау-тасқа бастаймын.
Қошақан (күледі): Сап-сап! От басып, опық жеп жүрме, шұнағым! Қошқар: Менің момыным бір істі бастамайды, бастаса түбіне жеткізбей
тастамайды.
Қошақан: Тау мен тасты мекендеген Арқар деген бабам бар деп естідім.
Ақ лақ: Иә, мен де тау жайлаған аталарымыз барын теледидардан көрдім.
Нат. Таудың етегі. Ақ лақ пен Қошақан жан-жағындағы әсем көріністі тамашалап тұр. Тауға өрмелей өскен шыршалар мен қарағайлар. Құз қиялар. Жардың қабағында көк қарғаның шұрқ-шұрқ тесік қиялары. Ұшқан құс. Ақ лақ та Қошақан да шаршаған. Салқын самал.
Ақ лақ (бір орында секіріп қояды): Әкеміз бен шешемізден қашып кеттік. Іздеп жатқан шығар бізді. Қайтайық.
Қошақан (Ақ лаққа қарап): Қошқар атамның «менің момыным бір істі бастамайды. Бастаса түбіне жеткізбей тастамайды» дегенін естідің ғой. Қайтып барсақ ұят емес пе?
Ақ лақ (мазақтап): Пай-пай, намысқой екенсің, ә?
Қошақан (ақ лаққа ренжіп): Айтқаным айтқан, енді одан қайтпан.
Ақ лақ (өкпелеп): Мен кеттім онда. (Кетеді де сәлден соң шошына секіріп,
қайта оралады. Қорқып көзі адырайып кеткен, келген жағын нұсқайды).
Қошақан (шошынып): Не болды?
Ақ лақ (келген жагын нұсқап): Ана жерде мен сияқты шұнақ құлақ, сұр қасқыр жан-жағына қарап бізді аңдып тұр.
Қошақан (дірілеп қорқып кетеді. Ойланады): Шұнақ құлақ дейсің бе?
Ақ лақ (басын изеп): Иә. ІІІұнақ құлақ. Сұп-сұр. Бойы менен аласа.
Қошақан (көңілденіп күледі): Менен аласа дейсің бе?
Ақ лақ (басын изейді): Түсі қорқынышты. Өзі шақ-шақ етеді.
Қошақан (Ақ лақты еркелетіп): Әй, шұнағым-ай, көп нәрсеге зер қоймайсың. Тастан-тасқа секіріп ойнағанға мәзсің. «Әр нәрсеге көңіл қой» дейді менің атам қошқар. Бұл дала емес, тау.
Ақ лақ (аузын бұртитып): Мен ойын баласы шығармын, өзің айтпақшы. Білгіш болсаң айтшы. Жаңағы шұнақ құлақ бізді жеп қоятын қасқыр емес пе?
Қошақан (жәймен ғана): Әрине, қасқыр емес.
Ақ лақ (маңырап): Мен әлі де ана көргенімнің қасқыр емес екеніне сенбей тұрмын.
Қошақан (бұйыра): Жүр, онда.
Екеуі ақ лақ нұсқаған жаққа қарай беттейді. Алда Қошақан, артта Ақ лақ. Қалың таңқурайдың тасасынан шығып, жан-жағына қарайды.
Ақ лақ (сыбырлап, жан-жағына қарай): Әне, анау шабылған ағаштың түбінде тұр ғой. Жанында тағы бір-екі бөлтіріктері бар.
Қошақан (дегбірсіздене): Қайсы?
Ақ лақ: Ана жардың тұмсығына қарашы. Қошақан мен қорқып барамын.
Қошақан (күліп жібереді): Ай, шұнағым! Бұлар суыр ғой. Ешкімге зияны жоқ, таудың кішкентай хайуандары.
Ақ лақ (Қошақанға сенбей қарайды): Сонда олар бізге тиіспей ме?
Қошақан (басын шайқайды): Қайта олар бізден корқады.
Ақ лақ (қуанып): Солай де, сен оны қайдан білесің?
Қошақан (Ақ лаққа бұрылып): Сонау жазда мен жалғыз өзім бәріңе күннен қорғайтын қалпақ әкеп берген жоқ па едім. Сонда біразын көргенмін.
Ақ лақ (қуанып): Сонда қасқырдан басқасының бәрі бізге дос па?
Қошақан (алға беттей беріп): Ақ лақ-ау бұл дүниеде бізге дос та, жау да көп. Оның біразын жол сапарда көресің, әлі. Тек сапарымыз сәтті болсын де.
Ақ лақ (ойланып): Қошеке, осы біз бәрін қойып, етекке қайтсақ қайтеді?
Қошақан (ренжіп): Бұлай етеріңді білгенде, мен жалғыз өзім жолға шығатын едім. Әкеміз бен шешемізге уәде берген соң, оны орындауымыз керек. (Ақ лақ үндемейді). Мысалы, біз Арқарды, Құлжаны, Тау ешкіні көріп, олармен танысуымыз керек. Ол жолда біз талай қиыншылықтарға кездесуіміз мүмкін.
Ақ лақ (қорқып): Ол қандай қиыншылық, ә?
Қошақан (басын сілкіп қойып): Тау мен даланың бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей. (Ақ лақ соңынан еріп келеді. Анда-санда жерден шөп жұлып жейді). Мысалы, сонау ақ басты таудың басына шығу оңай дейсің бе, шұнағым. Өзің сонау биікке көз тасташы, не көрдің?
Ақ лақ (көкке қарап): Құстарды көрдім. Бұлттар шығысқа кетіп барады. Дөп-дөңгелек көз қарықтырған күн. Анау біздің өрісте көретін қарғалар, бозторғайлар, сонау тырау-тырау деп тырналар да айналып ұшып жүр.
Қошақан (сынамақ боп қуланып): Ол бүркіт деген жыртқыш қой. Біздің қас жауымыз. Тырнағымен көтеріп алып, құздағы ұясындағы балапандарын жеу үшін апарып береді.
Ақ лақ (шошып кетеді): Онда біз неге сонау биікке өрлейміз?
Қошақан (күледі): Әй, шұнақ құлағым-ай! Міне, қиындық деген осы. (Ақ лаққа күледі). Жарайды, қорықпа! Біз тас-тастың арасымен жүреміз ғой.
Ақ лақ (қорыққан қалпын өзгертпестен): Бүркіт аспаннан бәрін көріп тұрмай ма?
Қошақан (көрсетіп): Біз тастың қуысына былай кіріп кетпейміз бе?
Ақ лақ (қуанады. Бірақ аса сенбейді): Ал ол қуыстан Қасқыр шыға келсе ше? Саудамыздың біткені ғой.
Қошақан (ренжіп): Таудың әр тасының астына қасқыр тығылып жатпайды ғой. Қане, алға жылжыдық.
Ақ лақ (амалсыздан ереді де, қалт тоқтай қалады): Ана бір құйрығын бұлғаңдатқан қу түлкі ме?
Инт. Сонадайда жар үстінде бір қарсақ тышқан аулап жүреді.
Қошақан (көзін тігіп): Иә, бұл қарсақ қой. Түлкінің кішкентайы. Одан қорықпа! Мүйізіммен бір түртіп жіберсем, құздың табанына бірақ түседі.
Ақ лақ (мазақтайды): Пах, пах, Қошеке қалай-қалай бөсесің, ә! Рас айтамын, анау бүркіт оны менсінбейді. (Ақ лақ тоқтап артына бұрылады).
Қошақан (тауға шығып бара жатып тоқтайды): Е, шұнағым-ау, дүниеде тіршілік атаулының бір-біріне дос және қас екенін білмейсің бе?
Ақ лақ (желкесін қасып): Түу, өзің көп білесің ғой.
Қошақан (маңырап, мақтанған кейіппен): Білгенде қандай! Түу, шөлдеп кеттім ғой...
Инт. Қазбауыр бұлттар. Сонадайда кереге тастар. Найзағай жарқ-жұрқ етеді. Кенет күн қатты күркіреп, шарт етіп сонау бетке жай түседі. Қошақан мен Ақ лақ қойтастың тасасына тығылады. Күйік иіс шығып, сонадайдан жай түскен жақтан от жарқылдайды. Ақ лақ денесімен қозғалақтап Қошақанның артына тығылады. Нөсердің арты бұршаққа айналады. Баданадай бұршақтар жауады.
Қошакан (жай түскен бетке карап): Біздің табиғат анамыз қандай ақылды, ә? Әлгінде жәй оғынан орман өртене бастап еді, жауынымен өшіре салды. Өрт нағыз жау ғой... Жай түскен бетке таңдана қарайды.
Ақ лақ (басын изеп): Айтқаныңның бәрі шын. Біздің бабаларымыз сонау биікте өмір сүре ме?
Қошақан: Өзің ғой солай деген. Тіпті бізге тау мен тас бұйым емес. Біз таудың жануарымыз. Сендер даланың малысыңдар деген жоқсың ба?
Ақ лақ (мойындай): Ақ теке әкем айтқан соң ғой... Ал білгіш болсаң, тауда қандай аңдар мекен етеді.
Қошақан: Жә, жаңбыр басылды ғой. «Әңгіме жол қысқартады» дейтін атам. Білгенімді жолай айтайын.
Инт. Екеуі тауды бетке алып жоғары өрлейді. Қалың таңқурай өскен беткейге жақындап келеді.
Қошақан (осы қалыңның ішінде жүрген дәу Қоңыр аю мен екі қонжықты байқап қалады): Үніңді шығарма! Желдің ық жағымен өтіп кетейік. Ұстап алса, жеп қояды. (Ақ лақтың көзі бадырайып, Қошақанның артынан жылға-жылғамен алға жүгіре жөнеледі де, ұзап кетеді).
Ақ лақ тоқтап артына қарап): Қасқырды көрдің бе?
Қошақан: Е, жоқ. Ол аю ғой. Балаларын қонжық деп атайды. Аюлар таңқураймен қоректенеді. Тәтті ғой, ол шіркін. Бірақ тікені бар.
Ақ лақ (әлі де қорқынышынан арыла алмай): Бізді ұстап алса, жеп қоймай ма?
Қошақан (сабырға шақырып): Өзің қарның ашса не істер едің? Анаңның маңырап есін шығарасың ғой. Солай емес пе!
Ақ лақ: Ал солай делік!
Кошақан (сабырға көшіп, әңгіме бастайды): Мысалы сені бық еткізіп тұншықтырады да, апанына апарып жерге көміп тастайды. Сонан соң әбден шірітіп, күндердің күнінде өңешіне салып алады. (Ақ лақтың көзі бадырайып, қорыққаннан селкілдеп сала берді.)
Қошақан (биікке өрлеп келеді. Артынан қарап қояды да): Қорықпа, олардан ұзап кеттік қой.
Инт. Таңқурайдың ішінде жайылып жүрген қос қонжық пен қоңыр аю. Қос қонжық әлсін-әлсін таңқурайдың қалың жеріне таласып, төбелесіп алады. Кенет олардың біреуі биік беткейге өрлеп бара жатқан қозы мен лақты көріп, шешесіне дауыстайды.
Бірінші қонжық: Апатай, былай қараңызшы? Аналар қандай хайуан? (Қоңыр аю екі аяғына тұрып, көзін көлегей қарайды. Қонжықтар да аң-таң).
Қонжықтардың бірі: Өздері сүп-сүйкімді екен. Бұлар қайда барады, ә?
Қоңыр аю (гүжілдеп): Адасып кетті ме екен?
Екінші қонжық: Еттері де дәмді шығар. (Қоңыр аю ашуланады).
Қоңыр аю: Тәйт әрі, өздері кіп-кішкентай қой-ешкінің баласы ғой. Сендерді жыртқыш аңдар ұстап алып жеп қойса: не істер едіңдер, ә?
Екінші қонжық: Кешіріңіз, анашым! Аңдамай сөйлеген арандайды деген осы.
Бірінші қонжық: Иә, солай. Өздері баратын жеріне аман есен жетсе екен. Қоңыр аю: Қане, жұмысқа кірісіңдер. Әлгі инесі ұзын кішкентай пәледен сақ болыңдар. Шіркіндердің бал қоймасы осы маңда ма екен? (Таңқурайды аралап жөнеледі. Соңында қос қонжығы. Жайлаудың салқын самалы соғып, тау өзенінің шуылы естіліп тұр).
Инт. Екеуі құлай аққан бұлақтардың бойында тұр. Әлгінде жауған жауынның суы беткейді әр тұсынан бір арнаға келіп кұйылып жатыр. Қошақан (Ақ лаққа бұрылып): Ал таудан тастан секірген шұнағым, ары қарай атта!
Ақ лақ (қорқып): Сен батырсың ғой. Сен қарғысаңшы.
Қошақан (күледі): Тау мен тас мен үшін бұйым емес дейтінің қайда?
Ақ лақ (аузын бұртитып): Мен қорқақпын ғой.
Қошақан қарғып, Ақ лаққа қарайды. Ол көзін жұмып алып бұлақты аттайды. Екеуі беткейді бетке алып жоғарылай жүре бастады.
Инт. Шағырмақ күн, ақ күміс қармен шағылысып, көз қарықтырады. Шатқал, серейген тастар, қорқынышты үңгірлер. Беткейден биікке қарай өрмелей өскен қарағай, шырша, арша. Әр жерде бой көрсеткен тобылғы түптері... Кенет Ақ лақ дауыстап қоя береді.
Ақ лақ: Былай қара, Қошақан. (Аспанға шоршып, күндей жарқырап форельдер өте бастайды. Бірі тоқтай қалып, тілге келеді. Сылдырай аққан бұлақты құйрығымен ұрып, күміс тамшылар аспанға шашырайды).
Форель: Әй, мүйізді Қошақан мен Ақ лақ, сәлем бердік.
Қошақан (басын иіп, балыққа таңданады): Сәлем алдық, сәлемші.
Ақ лақ (ентелей жетіп барады): Қандай сұлу ең, тау бұлағының еркесі.
Форель (бұлақтан басын шығарып): Ақжауынға еркелеп, етектен өрге өрлеп ек. Көлімізге қайтып барамыз, мырзалар! Жол болсын!
Қошақан (басын иіп): Әлей болсын! Бабамыз Арқар мен Таутекеге сәлем берейік деп келеміз.
Форель: Жөн екен, мырзалар! Біздің бабамыз Кит мұхитта, теңізде жүрген тентек Акула да баршылық. Айтуға аузым бармай тұр. Бабаларымыз бізді көрсе, қуанып қуа жөнеледі.
Ақ лақ (секіріп-секіріп қойып): Шөпшек, немерелерін ұстап алып еркелетеді ғой, шамасы. Қандай мейірімді, бабалар...
Қошақан (басын изеп): Біздің бабаларымыз да көре салып сөйтсе ғой. Ақ лақ сенің айың оңыңнан туды. Тау мен тастан секіресің ғой, еркелеп. Мені айтсаңшы...
Форель: Түсінбедіңдер ғой, менің не айтпағымды (өксіп-өксіп жылайды).
Бабаларымыз бізді қуып жетіп, өңешіне салады. Қош бол, ешқашан лайланбайтын, мөп-мөлдір тау бұлағы деп қоштасуға да шамамыз келмей қалады.
Ақ лақ (кабагын түйіліп, ренжіп дауыстап жібереді): Сенің бабаларың нағыз жыртқыштың өзі екен ғой.
Қошақан (көзі бакырайып қорқып): Мынау сұмдық екен.
Форельдің сыңсып жылағаны естіледі. Осыдан бір апта бүрын Шортан деген атамыз, менің анамды жұтып қойды.
Қошақан (жұбатады): Айналайын, балық! Өзің сияқты біздің де жауымыз көп қой. Анау тісі ақсиған қасқыр, шұп-шұбарала жолбарыс, соның інісі, ағаш басына қонақтайтын сілеусін, аспанда қалықтаған жез тырнақ бүркіт, шиебөрі, ирелеңдеген жылан да қарап қалмайды. Түлкі жабайы, шошқа, қорбаңдаған аю да...
Ақ лақ (шошып кетеді): Қошеке, денем дірілдеп кетті ғой. Атын атамашы, сол құрғырлардың...
Форель (бұлақтың арнасында екі-үш рет көкке атылып): Әй, достар-ай! Не деген жуас тіршілікпіз. Біз ешкімге жау емеспіз. (Сөйтеді де ұшып бара жатқан инелікті қағып алады).
Инелік (бажылдап): Оу, Форель мырза, жазығым қайсы? Мен адамдармен хайуандарға жақсылық жасаушымын. Міне, оллаһи, биллаһи!
Қошақан мен Ақ лақ таңдана қарайды да, екеуінің де жаны ашып кетеді. Қошақан шыдамай жағалыққа жетеді.
Қошақан: Форель мырза! Әлгінде ғана біз жуас тіршілікпіз, ешкімге тиіспейміз дегенің қайда?
Инелік (жанұшырып): Құтқарыңдаршы! – деп ызылдайды. Мен адамның, малдың қанын соратын маса емеспін ғой.
Ақ лақ (Қошақанның жанына жетіп, басын судан шығарып инелікті аузына ұстап тұрған Форельге): Айналайын, қымбаттым, шынын айтып тұр ғой, байғұс Инелік.
Инелік (ызыңдап): Менің тіршілікке қарсы арам ойлы жәндіктермен айқасқа түсемін. Міне шыным!
Форель (мардамсып): Дәлелсіз сөз дәйексіз.
Инелік: Біз инеліктер жиналып аптап ыстықта жануарлардың, хайуандардың қанын сорып, қан қақсататын соналарды, бір жерге жинап алып, қуалағаннан қуалап отырып, анау биіктегі қарға апарып, мойнын қиып өлтіреміз.
Қошақан (қуанып): Мынау бір керемет қайырымдылық қой.
Ақ лақ (аузын бұртытып): Ол соналардың менің анам мен атамды жан таптырмай шаққанын көргенмін. Мені де зар жылатқан.
Форель: Иә, иә есімде қалыпты. Күні кеше жауын жауып, суы бұлаққа құйылғанда, біз де сона етінен бір жарылқап қалғанымыз есіме түсті. Жарайсың, Инелік! Сен еркінсің. Сен нағыз қайырымды жәндіксің...
Ақ лақ (қуанып дауыстайды): Рахмет саған, тау бұлағының еркесі. Жақсылықты жақсы көреді екенсің. Аман бол!
Форель (шоршып-шоршып қойып): Сендерге де рахмет. Енді бар ғой, мен Инеліктерге тиіспеймін. Олар нағыз жұртқа жан ашитындар екен. Ант етемін сендерге! Сау болыңдар.
Инт. Таудың ұшар басы. Найзаның ұшына ұқсаған шың. Қарлы боран. Аңғар-аңғар сай. Қошақан мен Ақ лақтың үстін қар басқан. Екеуі әбден шаршаған. Ілби жүріп келеді. Сол жақ, оң жақ терең қүз. Сай табанында құлап түскен қой тастар, қиыршық тастар. Ақ лақ тоңып келеді, Қошақанға бұрылып, жалынып:
Ақ лақ (маңырап): Қошеке, ық жағыңнан жүрейінші. Енді қашан жетеміз?
Олардан төмен тастың қуысында жатқан Көкжал ақ лақтың дауысын естіп, орнынан атып тұрады.
Көкжал (куанып кетіп): Мына жағымды дауыс қайдан естілді, ә? Әлде боранның гуілі ме?
Ақ лақ (осы бір сәт үстіндегі қарды сілкіп тастап, маңырап қояды): Қошеке, тоңып кеттім.
Қасқыр (ары-бері жүгіріп есі шығады): Қарным шұрылдап барады.
(Жүгіріп тастың үстіне қарғып шығады да, сонау биіктің ұшар басына жақындап қалған Қошақан мен Ақ лақты көріп қуанып, ұлын қоя береді де қалт тоқтайды.) Мен жылы-жұмсағымды басқаға неге беруге тиістімін. Адасып жүргендер ғой, мыналар. Қой, қамданайын. Мына ақтүтектің қорлығын-ай. Өздері біраз ұзап кетіпті. Ештеңе етпес. Қайда құтылар дейсің. (Қарқылдап күледі).
Нат. Сонау құздың басында мүйізі иір-иір Арқар тұр. Төменге көз тастайды.
Арқар: Мына қасқыр неге ұлыды? Жамандық шақырмаса не қылсын? (Тағы да төмен қарайды да, Қошақан мен Ақ лақты көреді). Мына ғажапты қара. Мына қос жәндік қайдан келе жатыр? (Құз басынан екі-үш рет секіріп түсіп төмендейді). Өздері кіп-кішкентай. Біздің кішкентай төлдерімізге ұқсайды ма. Қалай? Әбден шаршаған сияқты. Әне, біреуі Таутекеге ұқсайды. Бұларға не жорық? (Ойланып тұрып қалады). Мына боранда тауда несі бар? Мен өзі шатысып тұрған жоқпын ба? Өңім бе, түсім бе? (Басын шайқап жіберіп. Гүж-гүж етіп маңырайды).
Малтығып жүре алмай келе жатқан Қошақан мен Ақ лақ. Сәл аялдайды.
Ақ лақ (кенет дауыстап жібереді): Мен көрдім, сенің бабаңды. Әне, қара мына тұсқа!
Қошақан (таңдана биікке көз тастап, Арқарды көреді. Қуанып кетеді. Маңырап қоя беріп, секіріп-секіріп кояды да): Әй, ақ лақ! Былай қара! Мен сенің бабаңды көріп тұрмын. Әне, Таутеке бабаң.
Ақ лақ жалт қарайды да, қуанып кетіп маңырап қоя береді. Арқар кенет қос «жолаушының» соңына келе жатқан Көкжалды көріп қалады. «Құтқару керек»! – деп маңырап қоя береді. Тау-таспен секіріп төмен қарай құлдилайды. Бұл екі ортада Таутеке де көмекке ұмтылады.
Көкжал (көмекшілерді көріп қалт тұра қалады да): Ех, оңбағандар! Екеуінің қамқорлығын қара. Азуы алты қарыс Көкжал болсам, жылы- жұмсақты өңешіме салмасам атым өшсін! Айыр тұяқтылардың құтыруын қара! (Алға карай Қошақан мен Ақ лақтың соңынан жүгіреді).
Инт. Бұл екі ортада Қошқар мен Ақ лақ Арқарға кеп жетеді.
Қошақан (басын иіп): Сәлем бердік, Арқар баба!
Ақ лақ: Аман болыңыз, ата!
Арқар (гүжілдеп): Не дедіңдер! Түсінбедім ғой.
Тастың тасасынан Таутеке көрінеді.
Таутеке (мүйізін шайқап): Түсінетін несі бар? Қарашы Ареке! Мына екеуі кімге ұқсаған?
Арқар (басын ары-бері шайқап): Мына біреуі маған ұқсайды. Иә, иә солай... Өзі мені баба дейді.
Ақ лақ: Менің бабам Таутеке маған, мен оған қатты ұқсап тұрған жоқпын ба? (Қошақанға бұрылып). Қалай мен дұрыс айтып тұрған жоқпын ба? Бабам сияқты тау мен таста секіремін. Мен жеңдім, Қошақан. Шапқылап ары-бері дауыстап жібереді. Арқар да Таутеке де бір-біріне қарайды да алға ұмтылады. Сондайдан тісі ақсиған Көкжал бұларды көріп қалт тоқтайды.
Көкжал (ырылдап): Мына жерде топтасып, маған қарсы оқталып тұр екенсіңдер ғой. Аузымнан жылы-жұмсағымды тартып алмақсыңдар ма? Мен ойламайтын, қарсылыққа бармақсыңдар ба? Ыр... ыр...
Арқар (гүжілдеп): Қанды ауызым, сенің араның ашылмайтын күнің бола ма? Дәл бүгін біздің маңымызға жолама?
Таутеке (ашуланып): Құздан кұлатып, жаныңды жаһаннамға жіберсем, көңілің толама?
Қасқыр (мазақтап күліп): Ех... ех... ей. Пай-пай. Мына мүйізділер қайтеді. Арқар: Бөлтірігіңе жолбарыс азуын салса қайтер ең.
Қасқыр (ырылдап): Жағасына жармасып, шайнасып өлер ем.
Арқар (мүйізін шайқап): Онда біз де сөйтеміз. (Таутеке мен Арқар мүйізін шайқап алға жүреді. Көкжал артқа шегіне береді. Арқар мен Таутеке Көкжалды құзға шегіндіре-шегіндіре құлатады. Тау аңғары Қасқырдың үніне толады).
Инт. Таудың табаны. Таутеке мен Арқар жанында Қошақан мен Ақ лақ бар, төмен түсіп келеді де, шағын алаңға кеп тоқтайды.
Арқар (басын көтеріп): Ал Қошақан сонау даладан қиындық көріп, Көкжалдың аузына түсе жаздап, мені бабаңды іздеп, тапқаныңа ризамын.
Өте қуаныштымын. Өкініштісі, сенімен қоштасамыз. Қуаныштысы, қошақаным ата-аналарыңмен қауышасыңдар.
Таутеке (Аркардың сөзін жалғап): Иә, Ақ лағым! Сенімен қоштасамыз. Ниетіңе ризамын.
Ақ лақ (аузын бұртитып): Біздің ауылға жүріңіздер. Туған-туысандарыңызды көрерсіздер
Қошақан (ренжіп): Біз тау-тасқа сол үшін шықтық қой, ата.
Арқар (басын шайқап): Табиғат-Ананың қалауын бұза алмаймыз.
Таутеке (маңырап): Иә, солай, айналайындар. Таудың ұшар басында өздеріңдей төлдеріміз қалды. Ағайындарға сәлем айтыңдар. Сақ болыңдар!
Хош!
Қошақан алға бастайды, Ақ лақ артында.