Назад
АРАМЗА ТҮЛКІ

Ертеден үй хайуанаттары секілді түлкі де орманда емес адамдармен бірге өмір сүретін болыпты. Бір күні сол үйдің мекиен тауығы, сары үрпек әдемі балапандарды дүниеге әкелді. Арамза түлкі жас, жұмсақ етке сырттай қатты кызықты. Бірде ол балапандарға әдемі үйшік керек екенін коразға айтып еді,ол бірден келісе кетті.

Сөйтіп, ит, мысық, қой, ешкі, сиыр бәрі жұмылып, үйшік салуға кірісті. Үйшік салып жатып, оған кішкене терезе қалдыруды өтінді.

Сонда кораз қоқиланып:

- Оның не қажеті бар?- деді көзі атыздай болып.

- Үйшіктің ауасы тазарып тұру керек, - деді түлкі өтірік ыржақтап.

Қораз түлкінің ақылын, дүрыс көріп, үндемей қоя салды.

Бірде мекиен тауық балапандары бір бірлеп азайып жатқанын айтып  хабарлады. Қораз ұры алыстан емес жақынан пайда болғанын іштей ұғынды. Үй күзетшісі итті шақырып алып:

- Сен бүгін үйшіктің ішіне кіріп жат. Ұрыны ұстайық, - дейді құлағына сыбырлап.

Сол күні кешке терезеден бір мақұлықтың кіріп келе жатқанын күзетші ит сезіп қалды. Ұшып тұрып әлгі мақұлықты тартпа бассалып талап тастады.

Айқай- шудан оянған басқалары үйшіктің артына барып қараса ақсаңдап орманға қарай қашып бара жатқан түлкіні көрді. Сөйтіп, түн жамылып келген түлкінің ұрлығы ашылып, қайта оралуға дәті шыдамай орманда қалып қойыпты.

 

Борсық пен түлкі

Ертеде түлкінің киімі тым жұпыны жұқа екен. Бір күні бүрсен қағып тоңып келе жатса, қалың ішігі бар ініне кіріп жатқан борсықты көреді.

Оның қалың ішігіне қатты қызығып жүгіріп барып, ініне жақындап, ішіне үңіліп:

- Борсық, сен мені тыңда! Саған мені арыстан әдейі жіберді. Кеше соңынан түскен аңшылардан қашамын деп аяғын жаралап алыпты. Жарасын жылы ұстау керек, сенің ішігіңді сұрап жатыр, әйтпесе асқынып тез арада жазылмайды екен – депті.

Орман патшасы арыстанды айтқаннан кейін борсық ертеңгі  күнін ойлап, амалсыз жылы ішігін шешіп беріпті. Түлкі ішікті киіп алып, рахаттанып қысты алаңсыз өткізіпті.

 

Түлкінің ақылы

Бірде кәрі түлкі баласын алып серуенге шығыпты. Бір кезде алыстан қолдарында құстары және тазылары бар бірнеше салт кісілерді көреді. Екеуі қалың бұтаның арасына кіріп кетіп жасырынып отырады.

Бір кезде құлағына жәймен сыбырлап:

- Аналарды көрдің бе? Сондайлардан абай болу керек. Әсіресе қолдарында қонақтап отырған құстардан сақ болған жөн. Абайсызда байқап қалса құрдым дей бер. Тырнақтары өткір, уысына түссең жіберуі екі талай – деді түлкі алыстан көзін алмай.

Сонда бала түлкі:

- Мен олардың қолына оңайлықпен беріле қоймаспын – деді кіжініп.

Байқа,  ана кісілердің басына киіп алған тымағын көрдің бе? Сен де солардың серігі болып жүрме – депті кәрі түлкі.

 

Тоты құс

Ертеде бір хан өмір сүріпті. Бірде оның достары туған күніне әдемі көз тартарлық тоты құс сыйлапты. Ол құсын ұшып кетпесін деп аяғына жіп байлап,бір бөлмеде ұстапты.

Бір күні хан уәзірін шақырып алып «Кімде-кім менің мына тоты құсыма әдемі үйшік жасап әкелсе,соған көп сыйлық беремін деп жар салыпты». Бұл жақсы хабарды уәзірі тез арада шаһарға таратыпты.

Соны естіген бір шебер жас талдың шыбықтарын алып, түнімен кішкене үйшік тоқып, сарайға алып келіпті. Ал тағы бір шебер сарайдың бір бұрышына  тормен  әрлеп, әдемі үйшік салыпты.

Ханға шыбықпен тоқылған шебердің үйшігі ұнап, сыйлықты соған беріпті. Сый ақысыз қалған шебер одан кем емес екенін айтып, наразы болса керек. Соны естіген хан екеуінде сарайға шақырып алып  «Маған алғашқы шебердің үйшігі ұнаған себебі, алыс сапарға шығатындай бола қалсам алып жүруіме өте ыңғайлы. Ал сенің тормен салған үйшігің тым қолайсыз әрі үлкен» деген екен.

 

 

Қоян қалай қорқақ болды?

Ертеде қоянның құлағы қысқа болыпты. Есесіне көздері алыстан көретін қырағы екен. Соның себебі болу керек жақыннан шыққан дыбысты онша естімей, жауынын жемтігіне айнала берсе керек.

Бірде ол «Мені жаратқан жаратушыға барайын. Жақсы еститін құлақ сұрап алайын, әйтпесе менің ұрпағым мүлде болмауы мүмкін» деген шешімге келіпті. Сөйтіп, ертеңіне ол жолға шығыпты.

Ұзақ жол жүріп, әзер дегенде жаратушыға жетіпті. Келген себебін айтып, мұның шағыпты. Ол ләм деместен құлақ толы үлкен сандықты ашып жіберіп, алдына қоя салыпты.

Қоян ішін ақтарып отырып ұзын құлақты таңдап алып, рахметін айтып, жолға шығыпты. Ол жолда келе жатып, әр - жерде шыққан дыбыстың сыбырынан қорқып, көрінген бұтаның түбіне жасырынып, үйіне әзер жетіпті.

Бір қызығы, ол өзіне еститін құлақ сұраймын деп жүріп, су жүрек қорқақ болып қалғанын әсте білген жоқ еді.

 

Аңқау қасқыр

Бір күні ешкінің лағы адасып, ен далада қалып қойыпты. Ауылды іздеп келе жатса, алдынан қасқыр шығыпты. Ол аяқ асты кездескен лақты көріп, қуанышы қойнына сыймай. «Сенің маған кездескенің қандай жақсы болды. Қарным ашып, асқазаным шұрылдап жүргеніне бір жеті болды» - деп, тарқылдап күліпті.

Лақ саспастан, сыпайы түрде:

- Жоқ,сіз олай демеңіз. Мен сізді іздеп жүргеніме бірнеше күн болды. Сізбен тілдескім келеді - деді.

- Менде қандай шаруаң бар? Сен өзіңді кіммін деп тұрсың? - деді айқайлап.

- Шынымды айтсам, сіз туралы өзгелерден көп жағымды әңгіме естігенмін. Қасқыр деген кім және ол қандай болады деп ойлайтынмын. Әсіресе оның өткір көздерін, азулы тістерін, тікірейген құлақтарын, үлпілдеген мамық жүндерін, жауына жеткізбес тұяқтарын бір көрсем деп армандайтынмын. Сізді бірнеше күннен бері іздеп жүрген бетім осы - деді лақ бақылдап.

Қасқыр ақ лақтың өзі туралы мақтау сөздерін естігенде, не сенерін не сенбесін білмей дал болды. Іштей өзін бір ерекше сезініп, дандайсып, мәз болып қалды.

- А..а..а....солай де іздеген қасқыр мен болам - деді қуанышы қойнына сыймай. Сөйтті де бұрылып,жөніне кете барды.

Ақ лақ ұтымды сөз тапқанының арқасында аман қалды.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ» - деген мақал осындайдан қалса керек.

 

Лақтың әңгімесі

Бақташының екі дәу сары иті болатын. Өріске бізбен бірге шығып, деттеген жерге келген соң, кешке дейін ұйқыдан бас көтермей жататын да қоятын. Бар бітіретіні сол.

Бірде анама олар туралы:

- Осылардың бізге қажеті не? Онсызда  жол тауып жүрміз ғой - дедім кейіп.

Анам маған қарап:

- Олар біздің қорғаушымыз - деді сенімді түрде.

Олардың асқан ерлігін көрмегендігім болар мен оларға онша сеніңкірей қоймадым.

Бір күні ойламаған жерден биік жардың төбесінен құдды итке ұқсас бір сұр мақұлықты көрдім. Сөйтсем, оларды мына бақташының екі иті де байқаған екен. Орындарынан ұшып тұрып, солай қарай тура тартты. Ол тіпті екеуінен қорқатын емес, міз қақпай төбеде қақайып тұр.

Екі дәу сары төбет төбенің  етегіне жетіп, әупілдеп үріп, даланы басына көтерді. Жоғары қарай ұмтылып секіріп еді, онысынан түк шықпады. Екеуі осылай тоқтаусыз үріп, жердің топырағын аспанға шығарып, төңіректі айналып, ары-бері жүгіріп жүрді де қойды. Аздан соң ол ары қарай төмен түсіп, ғайып болды.

Сол күні мен екеуінің ерліктерін көріп, қайран қалдым. Бізде тек бақташы ғана емес басқа да қорғаушымыз бар екеніне көзім жетіп, іштей дән риза болдым.

 

 

Ұзын құлақ

Ертеде арыстан алыс өлкеге іс сапармен жолға шығыпты. Ондағылар оны ыстық ықыласпен күтіп, құрметтеп кетерінде құлақ сыйға тартыпты. Бір көргеннен өзіне ұнамаса да олардың көңілін қимай, амалсыз сыйлықты алып, өз орманына қайта оралыпты.

Аң патшасы арыстан алыс сапардан келгенін естіп:

«Ол жақта нендей жаңалық бар екенін біліп, естіп қайтайық» деген ойменен аң-құстар кешке қасына түгел жиналыпты. Ол өзімен бірге сыйлық ала келгенін және кімге  беретінін өздерің шешіңдер деген ұсынысты хабардар етті.

Алып келген сыйлықты аң-құстардың бәрі бір-бір қарап шықты. Әсте ешкімге ұнамаса керек, бәрі беттерін тыржитып, теріс қарады.

Бір кезде ең соңынан қоян келді. Сол кезде  түлкі өтірік жылмыңдап:

- Қоянжан, патшамыз алыстан саған арнап сыйлық әкеліпті - деп, сыйлықты ұсынып, қолына ұстатты. Ойында ештеңе жоқ аңқау қоян сыйлықты алды да, отырған жұртқа рахметін айтып, мәз болып үйіне қайтты.

Ертеңіне қоянның құлағы үлкейіп шыға келді.