Назад
ҚОНЖЫҚ САЛҒАН ҮЙ

Қабат-қабат үй салдық,

Үйлер толы күй сандық.

Күй сандықтан үй салдық,

Күй сандыққа күй салдық.

 

Қонжық қорбаңдап келе жатып байқаусызда Құмырсқаның илеуін басып кетті. Жалма-жан жата қап ұяны аша бастады. Үйінді астында қалған Құмырсқалар құмды әрең аршып шығып Қонжыққа бас салып, талап тастады. Қонжық өкіріп жылап:

– Құмырсқалар, таламаңдаршы. Мен сендерге күшті үй салып беремін, – деп жалынды. Сонда ғана Құмырсқалардың ашуы басылды.

Қонжық үй салу үшін орманнан қураған бөренелер іздеді. Тапқан бөренелерін кесу үшін Қолтырауыннан көмек сұрады:

– Қолтырауын, мен байқамай Құмырсқаның үйін басып кетіп, бұзып алдым. Енді оларға керемет үй тұрғызып беруім керек. Үй тұрғызу үшін ағаш керек. Ағашты кесу үшін сенің көмегің керек, – деді.  Қолтырауын:

– Қалаған ағаштарыңды көрсет. Арқамды үйкеп кесіп берем! – деді.

Қуанып кеткен Қонжық жуан дауысымен:

– Алақай! – деп әндетіп, секіргенде, Қолтырауын да судан шығып қосыла кетті. Қолтырауынға Қонжық таңғалып:

– Сен неге қуандың? – деді. Сонда Қолтырауын:

– Сені қуантқаныма қуанып тұрмын, – деді.

Сөйтіп екеуі орманға барып қураған ағаштарды кесіп алды. Қолтырауын ағаштарды Құмырсқаның бойына шақтап кесіп, бетін табанымен сүргілеп, теп-тегіс етті. Сөйтіп Қонжық Қолтырауынды ертіп Тоқылдаққа барып:

– Тоқылдақ, мен байқамай Құмырсқаның үйін басып кетіп, бұзып алдым. Енді оларға керемет үй тұрғызып беруім керек. Қолтырауын екеуміз үйдің ағашын дайындап қойдық. Кесілген ағаштарды бір-біріне жалғау үшін ағаштардың бір ұшын тесу керек. Соған сенің көмегің керек, – деді.  Тоқылдақ:

– Ағаштарыңды өткір тұмсығыммен тесіп берейін, – деді. Қуанып кеткен Қонжық:

– Алақай! – деп әндетіп, секіре жөнелді. Оған Қолтырауын қосылды. Қолтырауынға Тоқылдақ қосылды. Сонда Қонжық:

– Қолтырауын менің қуанғаныма қуанып билеп жатыр. Ал сен неге қуандың? – деп сұрады Тоқылдақтан.

– Сені қуанта алғаныма қуанып жатырмын, – деді Тоқылдақ.

Тоқылдақ Қонжықтың көрсеткен ағаштарын тұмсығымен тесіп шығып: 

– Ағаштарды Құмырсқаның ұясының үстіне тізіп қоямыз. Сонда сен сияқты алаңсыз келе жатқан дәу жануар ағаштарды көріп айналып өтеді, – деп тақ-тақ етті.

Олар ағаштарды Құмырсқаның ұясының үстіне тізіп қойып, Қонжық міндетінен аман-есен құтылды.

Арада бірнеше күн өтті. Құмырсқаның ерке балалары үй үстіндегі әдемі ағаштардың астын үңгіп ойнады. Сол уақытта бір ағаш «трыс» етіп түсіп кетті. Бала Құмырсқалар шошып кетті. Араларындағы пысық біреуі:

– Қонжыққа ата-анамыз келгенше жөндеп бер деп айтайық, – деді. Олар Қонжыққа кеп мән-жайжы түсіндірді. Үйді жөндей алмаған Қонжық Қолтырауынға жүгірді. Жағдайды бірден түсінген Қолтырауын су астына сүңгіп, ұртын балдырларға толтырып шықты да, Құмырсқа үйінің ұзын кіреберіс жолын балдырлармен толтырып, бетін ағашпен жаба салды.

– Құмырысқалар үйге қалай кіреді? – деді Қонжық.  

Қолтырауын ойланып тұрып кесек-кесек ағаштарды тырнағымен тырсылдата бастады. Ол Қонжыққа ұнап кетті де атып тұрып билей жөнелді. Сол уақытта жұмыстан келе жатқан Құмырысқалар да көрінді. Амалы құрыған Қолтырауын ағаштарды әр түрлі тырсылдата бастады. Қонжық тағы да билей жөнелді. Құмырсқалар:

– Менің үйімнің қасында не істеп жүрсіңдер?! – деп айқай салды.

– Қонжық екеуміз сіздің үйіңізді әдемі әуенге бөледік. Қарашы мына ағашты былай ұрсаң Қонжықтың дауысы шығады. Ал мынаны былай ұрсаң менің дауысым шығады. Ал мынаны ұрсаң Тоқылдақтың дауысы шығады, – деді.

Қолтырауынның тапқырлығына Қонжық таңданып қалды. Құмырысқалар:

– Керемет! Біздің үйімізден неше түрлі аң-құстың дауысы шығады, – деп қуанды. Сол жерде бір ашулы Қасқыр өтіп бара жатыр еді. Ол Қолтырауынның сөзін естіп қап:

– Менің де дауысым шыға ма? – деп жетіп келді. Қолтырауын:

– Иә, былай ұрсақ Қасқырдың да дауысы шығады, – деп тапқырлық танытты.

Өз дауысын естіген Қасқырдың ашуы басылып, көңілденіп шыға келді. 

Құмырсқалар: 

– Ішкі бөлмелерге баратын басқа жол жасаймыз. Түрлі дыбыс шығара алатын бөлмені сол күйі сақтаймыз, – деп ағаштан жасалған ұзын бөлмені ерекше қамқорлықтарына алды. Олардан аман құтылып қуанып билеп бара жатқан Қонжық:

Қабат-қабат үй салдық,

Үйлер толы күй сандық.

Күй сандықтан үй салдық,

Күй сандыққа күй салдық, – деп әндетті.

Бұл жолы Қонжыққа Қолтырауын таңырқап қарады.

– Шыныменде күй сандықтан үй салдық, ә! – деп ол да билей жөнелді. Қонжық Қолтырауынға қарайтын емес, қуаныштан шыр-көбелек айналады. Сол сәтте Қолтырауын:

– Алақай! – деп айқайлап жіберді. Сонда ғана Қонжық Қолтырауынның қуанып билеп жүргенін көріп:

– Сен неге қуандың? – деп сұрады.

Қолтырауын жауап орнына көзін қысты.  Қонжық иығын көтерді.