Назад
ШЫРШАНЫҢ ЕРЛІГІ

Жазда тоғайда Алма, Алмұрт, Жаңғақ, Қаратал, Ақ қайың, Шырша жайқалып өсті.

Күзде Алма, Алмұрт, Жаңғақтың жемістер мол пісті. Алмалар Күн шуағынан тығылып ойнайды. Жасыл Алмұрт Алмаға қызыға қарайды. Жаңғақ жұмсақ қабығынан жылт етіп қарап, қайта тығылып Күнді мазақтап жүр.

Қаратал, Ақ қайың, Шыршалар жемістерге құрт-құмырысқаларды жолатпайды. Жапырақтарымен қағып жібереді.

Көп ұзамай қыс түсті. Жапалақтап қар жауды. Ағаштар жапырақтарын шешіп, қалың ұйқыға кетті.

Бір күні тоғайға шана сүйреген адам келді. Ол биік өскен Шыршаны қақ белінен шауып, алып кетті. Шырт ұйқыдан оянған Шырша тоғайды жаңғырықтырып қатты жылады. Оның ауырған жерін Қар алақанымен басып, әлдилеп ұйықтатты.

Көктем шықты. Ағаштар көктеді. Шыршаны көрген басқа ағаштар:

– Шырша, саған не болды? – деп сұрады.

– Отын керек деп мені Адам кесті, – деді Шырша мұңайып.

– Енді не істейсің? – деді олар тұс-тұстан жамырап.

– Мен енді қыста ұйықтамаймын, – деді Шырша.

– Оған шыдайсың ба? – деді Алма.

– Шыдаймын! – деді Шырша сенімді түрде.

Тағы да қыс түсті. Ағаштар ұйқыға кетті. Шырша сергек, қасқайып тұр. Қылқанын шешпеді.

Адам да тағы келді. Шыршаның әлі жасыл күйде тұрғанын көріп таң қалды. Тиіспеді. Қасында жалаңаш тұрған Қараталды шаба бастады. Сонда Шырша:

– Ей, Адам, Қараталды неге шауып жатырсың? – деді.

– Ол қурап қалыпты. Отынға шауып жатырмын, – деді Адам.

– Ол қураған жоқ. Ұйықтап жатыр. Сен оны шауып тастасаң, ол қатты жылайды, – деді.

Адам шошып кетті. Ол:

– Өткен қыста сені қурап қалған Шырша екен деп шаптым. Сонда сен де қатты жыладың ба? – деп сұрады.

– Иә, – деді Шырша күрсініп. – Қатты жыладым. Ауырдым. Сондықтан биыл қыста ұйықтамауға бел будым.

– Енді мен отынды қайдан алам? – деді Адам амалсыз.

– Егер мен қылқансыз, жалаңаш тұрсам мені шауып ала бер. Қалғандарына тіспе, – деді.

Адам келісті. Шанасын бос сүйреп кетіп қалды.

Адамның ұзап кеткенін көрген Шырша қалғып кетті.

Көктем кеп ағаштар бүр жарды. Шыршаға да жаңа қылқандар шықты. Ол сонда ғана көне қылқандарын шешті. Ал адамдар оны байқамады. Оны мәңгі жасыл ағаш деп атап кетті.

Қаратал бетіндегі балғаның ізін көріп:

– Шырша, мені Адам шапқан ба? – деді қорқыныштан дір-дір етіп.

– Адам енді ешқайсымызды шаппайды, – деді Шырша жымиып.

– Қыс бойы ұйықтамай бізді күзеткенің үшін рахмет саған, Шырша! – деп ағаштар қуанып қалды.