Ертеде бір қойшы бала өмір сүріпті. Ол таң алдында Шолпан жұлдызы туғанда, қойын жайылымға айдап шығады екен. Күндердің күнінде жаз бойы Шолпан жұлдызы көрінбей кетеді. Сол жазда жайылымға біресе ерте, біресе кеш алып шыққан малдың берекесі кетеді. Жаз өтіп, күз айлары басталса да, баланың аспандағы серігі көрінбейді. Ауыр бейнеттің рақатын көре алмаған бала Шолпанды іздеп тауып, мән-жайды білуді ұйғарады. Сол сәт жауырынының ортасын жарып, арқасына қанат бітеді. Бала самғай ұшып, беймәлім аспан әлеміне досын іздеп шарлап кетеді. Жерден биігірек көтеріле бере, қою қара әлемге тап болады. «Таң жаңа ғана атты ғой, түн болатындай уақыт өтіп кеткені ме?» – деп таң-тамаша болады. Баланы одан әрі таңдандыра түскісі келгендей Жұлдыздар мен Күн бірдей көрініп тұрады. Бала Күнге қарай ұша жөнелді. Алқынып-жұлқынып жеткен ол бірден:
– Бұл жер неге қап-қараңғы? Неге жарық қылмай тұрсыз? – деп сұрайды. Жымиып күлген Күн:
– Жер бетінен келгенің көрініп тұр. Жерде күндіз аспанның көгілдір боп көрінуінің сыры – менің көк сәулемді Жердегі ауа жан-жаққа шашып, аспанды көк түске бояған. Жерден ұзап шықсаң, бар әлем қара түске боялады. Себебі мұнда Жердегідей ауа жоқ.
Бала ертегі әлемінде жүргендей сезінді. Мынау алып Күн «аспан сырын жетік біледі» деп ойлады. Ол Шолпан досының қайда кеткенін біліп алғысы кеп:
– Менің аспанда Шолпан деген досым болған. Биылғы жазда ол мүлдем көрінбей кетті. Күз басталды, әлі жоқ. Мен оны іздеп келдім. Мүмкін, сіз Шолпанды танитын шығарсыз? – деп сұрады.
Шолпанның атын естігенде, Күн мейірленіп былай деп жауап берді:
– Менің тоғыз балам бар. Өзім өте балажанмын. Балаларыма бөлек-бөлек отау тігіп, айналама шоғырландырып қойдым. Қызым Меркурий – көршім. Одан кейінгі үй – сен іздеп келген Шолпандікі. Жер – Шолпанға көрші. Жердің үйінің артынан Марсқа үй сап бергенбіз. Ұлдар қашанда өзіңдікі ғой, жер жағынан алыс тұрса да, жақын секілді көрінеді. Сондықтан қыздардың үйінен кейін қатар-қатар Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон деген ұлдарым қоныс тепкен. Астероид, Метеорит, Комета деген көршілерім бар.
– Комета деген құйрықты жұлдыз емес пе? – деп сұрады бала бейне бір өз танысының атын естігендей қуанып.
– Иә, оны Жердің тұрғындары солай атайтыны рас. Көршім Комета кей кезде бізден аулақтап кетіп, Жер тұрғындарына көрінеді. Ұлым Юпитер Жерге қарағанда, үш жүз есе салмақты. Мен үнемі тоғыз баламды өзіме тартып тұрамын. Балаларым да маған ұқсаған. Олар да бір-бірін тартып тұрады. Кейде Юпитер екеуміздің тартуымыздан Комета жылдамдығы артып кетеді де, мен қанша өзіме тартсам да, ие бермей қисық ұшады. Сондай сәтте ол сендерге көрінеді. Кометаның барлығы құйрықты емес, көбісі құйрықсыз. Маған ең жақын Кометалар ғана құйрықты. Оны жаңа сен «жұлдыз» деп атадың. Жұлдыз деуге де болатын шығар, бірақ оларды мен «ұсақ денелер» деп атаймын.
– Неге сізге жақын Кометалар ғана құйрықты?
– Кометаның салмағы өте аз. Оның ядросы яғни басы тозаңдардан, заттың қатты кесектерінен, көмірқышқыл газ, аммиак, метан сияқты қатып қалған газ қоспаларынан тұрады. Комета маған жақындағанда, ядро қызып, одан газ бен тозаң бөлінеді де сыртқа қарай құйрық сияқты алау шығарады.
– Мен Жерден бір рет түнде Кометаны көргем. Ол Жерден аспанға дейінгі аралықта созылып тұрды да бірте-бірте алыстап көзден ғайып болды.
– Оны қайда кетті деп ойлайсың? – деп сұрады Күн баладан.
– Білмеймін, – деп бала иығын қозғады.
– Кометаларға Метеорлар соқтығысады немесе менің ыстығымнан ядросы ыдырап, бөлшектері өз орбитасының бойымен жайылып кетеді. Осылай Комета қалдықтарынан Метеорлар пайда болады.
Күн сөзі барған сайын қызықтыра түскен бала:
– Метеорлар туралы да айтып беріңізші? – деп қиылды.
– Метеорлық денелер Жерге 100-120 шақырым қашықтықта жалтырап көрінеді. Ал 80 шақырым биіктікте буға айналып кетеді. Олардың жарық сәулесінен темір, кальций, кремнийлердің ашық сызықтары көрінеді. Адамдар Метеорлар сәулесі арқылы Кометалар ядроларын зерттеген. Метеорлық денелердің салмағы миллиграмм шамалас, ал өлшемі – миллиметрдей.
«Біздің жұлдыз ағып түсті дейтініміз – Метеорлар екен-ау» деп ойлады бала.
– Жер туралы білгің келе ме? – деді әңгімешіл Күн. Метеорлар туралы ойланып кеткен бала бірден құптай кетті.
– Жер – менің тоғыз баламның ішіндегі ең ерекшесі. Тоғыз планетамның көпшілігінің бетінде ауа қабаты бар. Қатты қабықша Меркурий, Шолпан, Жер, Марс секілді қыздарыма ғана тән. Ал су қабаты тек Жерде ғана бар. Қатты қабатта көптеген элементтер бар. Солар кейде өздігінен ыдырап, энергия шығарады, балқиды, басқаша түске енеді. Жеңіл қосындылар жердің бетіне шығып, ауыр элементтер жердің ортасына сіңіп, ядроны құрайды.
– Неге басқа паланеталардың бетінде тіршілік жоқ? Неге Жер планетасында ғана бар?
– Себебі Жерде су және ауа бар. Басқа планеталарда су тек қатты түрінде кездеседі.
Кенет Күн бетінде жарылыс пайда болды. Бала бар жан екпінімен ұшып, Меркурийдің артына тығылып, Күннің әрбір қимылын қалт жібермеді. Қою сары алау қайнап-тасып, жан-жағына шашырады. Күннен бөлінген біраз алау заулап отырып, тура екі күнде Жерге жетті. Күннің алыстағы екпініне Жердің магнит өрісінің делебесі қозды. Дүние әлем жап-жарық боп кетті. Бала:
– Поляр шұғыласы! – деп айқайлап жіберді. Ол табиғаттың осынау құпия сырын осы сәтте түсінді.
Күн аптабынан қорыққан бала қайтып баруға жүрексінді. Айналасына қарап, алғашында өзін «Ай бетінде тұр екем» деп қуанып кетті.
– Салем бердік, Ай! – деді дауысын көтеріп. Анау:
– Мен Ай емеспін, – деді бұлданып.
– Әдемі екенсің, сосын Ай шығар деп қалдым, – деді бала да білместігін жуып-шайып. Сонда да кездейсоқ кездескен бейтанысын біле түскісі кеп, мұқият бағдарлап тұр. Басқан ізі білінбей ақырын айнала қозғалып бара жатқан бейтаныс сұлу:
– Мен Күннің ең жақын серігі – Меркуриймін. Қазақтар мені кейде Олпан деп те атайды. Бірақ мен көзге оңай түскенді қаламаймын. Қыз бала жұмбақ болу керек. Сондықтан мен туралы аз білгенің дұрыс, – деп сықылықтап сызыла басып кете берді.
Бала бейтаныс бейкештің сырын ұға түскісі кеп:
– Қайда барасың? – деп сұрады.
– Мен анам Күнді айналып жүрем. Сіздер Жерде жиырма төрт сағатты бір тәулік деп есептейсіздер. Мен сексен сегіз тәулікте Күнді бір айналып шығам. Бар бітірер шаруам – осы, – деді.
Бала Меркурий көзге көрінбей кеткенше қарап тұрды.
Меркурийден кейінгі үй Шолпандікі екенін біліп алған бала досымен кездесетінін ойлап, қуанышы қойнына сыймай, ұшып жетті.
Алдынан жаз бойы іздеген досы Шолпан жарқырап шыға келгенде бала қуанып әрі таңырқап қарады. Шолпанды Жерден көру бір басқа да, қасынан көру бір басқа екен. Түймедей боп сонау аспанның қараңғы түкпірінен сығалап қана қарайтын Шолпан табақтай Айдан әлдеқайда үлкен екен. Жерден сәл-пәл кішірек. Сұлу Шолпан бетін ақ пердемен бүркеп алыпты. Бала:
– Жаз бойы қайда кеттің? Сені сағындым, – деді мұңайып. Шолпан күліп:
– Мен бес жүз сексен төрт тәулікте Күнді бір рет айналып шығам. Бұл – менің жолым. Жердегі саған көрінбей қалуымның себебі – мен орағытып бірде Күннің арғы жағымен, бірде бергі жағымен өтем. Күн жарығына шомылып, 5-6 ай бойы көрінбеймін.
– Енді көрініп тұрасың ғой? – деді бала Шолпан сөзінің мәнін байыптай алмай.
– Мен қыдырма жұлдызбын. Жылдың бір мезгілінде таң ата күншығыстан, не кеш бата күнбатыстан туа берем. Кейде күн жарығынан көрінбей де қалам.
Бала Шолпан көрінбей кеткен жазда жұмысының берекесі кетіп, уақытты болжай алмағанын айтты. Сол үшін өзін іздеп алыс әрі қиын сапарға шыққанын жасырмады.
Сонда Шолпан:
– Ертең сен Жерге қайта оралған соң, мына тәжірибені жасап көр. Жұлдыздар бір тәулікте қалай қозғалатынын бақыла. Сонда сен жұлдыздар көкжиектің шығыс жағында туып, оңтүстігіне қарай жоғары көтеріліп, батыс жағына бататынын көресің. Олар сағат тілі бағытымен солдан оңға қарай қозғалады. Ерінбей мұқият қарасаң, Темірқазықтың орын ауыстырмағанын байқайсың. Ал басқа жұлдыздар бір тәулік ішінде толық бір дөңгелек жол сызып шығады.
Негізінен, аспандағы шоқжұлдыздармен танысуды Жетіқарақшыдан бастаған дұрыс. Әрі оның басқа шоқжұлдыздарды тауып алуға септігі тиеді. Ол – шөмішке ұқсас пішін жасап тұратын жеті жарық жұлдыз. Бұл жеті жұлдыз – Үлкен Аю шоқжұлдызының бір бөлігі ғана. Үлкен Аю шоқжұлдызы жүз жиырма бестей жұлдызды қамтиды.
Жетіқарақшы жұлдызы түннің және жылдың әр мезгілінде әр түрлі көрінеді. Соған қарап, уақыттың қай шама екенін аңғаруға болады.
Мен сенің тұратын жеріңе байланысты айтып берейін. Ол жерде Жетіқарақшы көктемнің кешінде шығыстан «құйрығымен қадалып» тұрады. Жаз айларында төбеде «төңкеріліп» жатады. Күзде «ернеуімен шаншылып» түседі. Ал қыста солтүстік көкжиекте «етпетінен» түсіп жатады.
– Сіз қарапайым тілмен ертегі айтқандай құлаққа құйып жібереді екенсіз. Жетіқарақшыға қарап уақытты қалай білуге болатынын айтып беріңізші, – деді бала шыдамсыздана.
– Қыркүйек айларында кеш бата, батыстан шығып, таңға жуық төртеуі өрге шығады, шөміштің сабы секілді үшеуі төмен түседі. Осыған қарап таңның атып қаланын білесің.
Ал қыстыгүні таң атарда төбеге келеді. Жазғысалым шығыс жаққа еңкейеді, Наурыз айында Темірқазықтың үстіне шығып, батысқа қарай бұрылғанда таң атады, – деді Шолпан.
Баланы аспан әлемі қызықтыра түсті. Ол:
– Жаңа Меркуриймен кездестім. Ол да Күнді айналып жүреді екен. Сіз де Күнді айналып жүремін деп тұрсыз. Сонда Күн ананың тоғыз баласы да Күнді айналып жүре ме?
– Иә, бәріміз Күнді айналып жүреміз.
– Анамыз Күн, Меркурий және менімен таныстың. Жер туралы өзің де жақсы білесің. Енді Марспен таныс, – деп Шолпан балаға жол сілтеп жіберді.
Барса, Марс беті алай-дүлей дауыл екен. Өзі шап-шағын. «Біздің Жерден екі есе кіші екен. Жердегідей еркін тыныс ала алмайсың. Бұл жерде оттегінен гөрі көмірқышқыл газы көп екен» деп ой түйді.
Жел тыйылар емес. Тым суық. Түнге қарай одан да қатты суыта бастағанын байқады. Марс бүк түсіп ап, балаға тіл қатпады. Бала қанша тоңса да, екпіні қатты желге қарсы жүре берді. Меркурий бетіндегі құлама жарларды, каньондарды Жерге қатты ұқсатты. Тұла бойын суық қарыған бала Марстан ұшып шығып, Юпитерге барып қонды. Сыртынан Марс оған қып-қызыл боп көрінді. «Ашулы қызыл жұлдыз» деп күбірледі бала.
Марстан біреудің өзіне қарай ұшып шыққанын көрген Юпитер оны тосып тұр екен. Өзі жолақ-жолақ бұлттармен белін байлап алған. Амандасқан соң бала:
– Беліңді неге бұлттармен байлап алғансың? – деп сұрады.
– Менің жылдамдығым күшті. Бұлар менің айналғанымды қызық көріп жүрген балақайлар, – деп түсіндірді Юпитер.
– Сіз де салқын екенсіз, иә? – деді бала дірдектеп.
– Біз Күн анамыздан өте алыстамыз, сондықтан температурамыз өте төмен. Уран мен Шолпан ұқсас. Екеуінің де жүру жолы бізге қарама-қарсы. Ең кішкентайымыз – Плутон. Оның Харон деген серігі бар. Марстың Фобос және Деймос деген екі серігі бар. Сатурнның Титан деген серігі мен менің Ганимед деген серігім – ең үлкен серіктер. Олар Айдан 1,5 есе үлкен. Олардың қасында Меркурий сәл кіші боп көрінеді. Титан – азоттан тұратын атмосферасы бар ерекше серік.
– Маған бір орында тұра беруге болмайды, – деді бала қолын уқалап. Бұл жер өте салқан екен. Мен Сатурнмен барып танысайын. Әңгімесін өз аузынан естиін, – деп бала ұша жөнелді.
Сатурн Күнді айналып келе жатыр екен. Баланы көріп:
– Отыз жыл болды, міне, Күнді айналып, баяғы орныма келсем, алдымнан құт боп сен шықтың, – деп қуана қарсы алды. Ал бала аузын ашып, Сатурнның бел ортасында айналып тұрған алып сақинасынан көзін алар емес. Соны сезген Сатурн:
– Менің белімдегі айналып тұрған дүние саған сақина сияқты көрініп тұр ма? – деп сұрады.
– Иә! – деп жауап берді бала. Юпитерден де сіздікіндей сақина көрдім. Бірақ сіздің сақинаңыз алып сақина екен, – деп таңданысын жасыра алмады.
– Мен сені одан әрі таң қалдырайын, – деп Сатурн баланы өзіне шақырды. Сақина дегені мүлдем сақина болмай шықты. Ол Сатурнды айналып тұрған ұсақ бөлшектер екен. Алыстан сақина секілді көрінеді. Олардың іш жағындағысы өте шапшаң айналады екен де, сырты баяу айналып тұрады екен.
– Бұлар нелер? – деп сұрады бала Сатурннан.
– Бұлар – менің біркездегі серіктерім. Астероидтар соқтығысып, күл-паршасын шығарды. Мен оларды, олар мені қиып кете алмадық. Содан бері олар мені айналып жүретін болды, – деді мұңайып.
Бала Сатурннан Уранға қалай баруға болатынын сұрады.
Сатурнның кіші інісі Уран әңгімешіл боп шықты.
– Бір кездері ұмытпасам, 1781 жылдың 13 наурызында Жерден біреу маған қарағандай болды. Сөйтсем аспан әлемін бақылағанды жақсы көріп, өзі қолдан телескоп жасап алған Уильям Гершель деген музыкант екен. Ол мені алғаш көргенде: «Кометасың ба?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ, мен Уран деген Күннің баласымын, – деп жауап бердім. Ол Жерде тұрып: «Мен жаңа Планета таптым!» – деп қуанып, айқайлап, менен:
– Түсің қандай, – деп сұрады.
– Түсім көк деп жауап бердім.
– Неге көксің? – деп сұрады музыкант. Мен сутегі мен гелийдан тұрамын. Атмосферамдағы метан мені көк етіп көрсетеді. Дәл ортада ядром бар. Ол тас пен темірден түзілген. 84 жылда Күнді бір айналып қыдырып шығам.
Бір күні ол маған алғыс айтты. Сөйтсем, менімен тілдесіп, сырыма қаныққаны үшін оған король Георг ІІІ король зейнетақысын тағайындапты.
Бір күні мен Джон Кауч Адамс пен Джеймсом Чаллисом деген адамдармен таныстым. Олар менің жүріс-тұрысымды үнемі бақылап жүріпті. Бірде олар: «Сенің жүріс-тұрысыңда ауытқулар бар. Ол басқа планеталардың әсерінен болатын ауытқу. Қасыңда тағы бір планета бар ма?» – деп сұрады. Мен: «Иә, ол інім Плутон» – деп жауап бердім. Содан олар Нептунның орбитасын зерттей бастады. Олар Нептунның да көршісі бар деп жорамалдады. Олардың іздегені інім Плутон еді. Бірақ олар Плутонды 20 жыл бойы таба алмады. Әупірімдеп 1930 жылы жас астроном Аризондағы Лоуэлла обсерваториясынан мұқият бақылауынан кейін өте әлсіз көрінетін Плутонды ашты. Плутонның диаметрі бар болғаны 2324 километр. Осы уақытқа дейін Плутонға космос кораблі келген емес.
Бала Плутонмен әңгімелесуге асықты, Плутонмен қоштасып Нептунға келді. Ол Нептуннан бір жылылықты сезінді:
– Сіз жақтан бір жылы леп кеп тұрған сияқты, – деді жылынып алғысы кеп.
– Иә, – деді Нептун. Мен Күннен алыс планеталардың бірімін. Қайта Уран маған қарағанда, Күнге бір табан жақын. Сөйтсе де мен Уранға қарағанда жылымын. Себебі ішімде жылу қайнарым бар. Сол жылу қайнарынан Күн анамнан ала алмаған жылуды үш есе көп аламын.
Нептунның бетіндегі қара дақтарды бала Юпитер бетіндегі қызыл дақтарға ұқсатты. Планета беліндегі белдік секілді оралған бұлтты құс қауырсынына ұқсатты.
Нептунның ар жағында шеңбер тәрізді боп айнала қозғалып жүрген ұсақ бөлшектерді көрді. Сыртынан қараған адамға алып сақина секілді көрінеді екен. Бір қызығы Плутон серігі Харонымен қол ұстасып ап, осы ұсақ бөлшктерді қиып өтіп барады.
Күн жүйесіндегі ең соңғы планета Плутон мен оның серігі Харон екеуі бір-бірімен ажырамас қос планетадай көрінді балаға. Қасына жақындағанда, оның Ай секілді кішкентайлығын көрді. Олар тас пен мұздардан құралған екен.
Бала енді байқады: бағана ұшып келе жатқанда, Плутонға жабысып қалғандай боп көрінген оның серігі Харон тіпті де жабысып қалмаған екен. Ол Плутоннан жиырма мың км жерде айналып жүреді екен. «Егіздер сияқты екен» деді бала іштей.
– Анау сақина секілді боп көрініп тұрған немене? – деп сұрады бала Плутоннан. Ол:
– Оны жұрт Койпер белдігі деп атайды. Аспан әлемінде көлемі жүз екі жүз км аумақты алып жататын осындай сақиналар көп кездеседі.
– Олар қалай пайда болған? – деді бала
– Ерте заманда аспанда көптеген алып панеталар болған. Уақыт өте келе, олар жойылып, осы ұсақ бөлшектер пайда болған дейді аңыздарда.
– Ағаларың секілді сіз де өте салқын екенсіз? – деп байқамай айтып қалды бала. Өйткені ол өте қатты тоңған еді. Жақтырмай қалған Плутон:
– Күн анамыздан Жермен салыстырғанда отыз есе қашықтықта өмір сүріп отырсақ, салқын болмай қайтеміз, – деді.
Бұл жерден Күн ең жарық жұлдыз боп көрінетініне бала да таң қалмай тұра алмады.
Бұл жерде атмосфера өте жұқа. Қыста ол қатып қалады. Ядром тастан тұрады. Оны су мен метанды мұз қаптап алған. Мен Жер секілді планеталарға мүлдем ұқсамаймын.
Енді бала Жерге қайтуға асықты. Ол: «Аспанда жұлдыздар да әртүрлі екен. Бірі қызыл, бірі сары, ал бірі ақ түсті. Ал Жерден қарағанда, барлығы бірдей ақ боп көрінеді» – деді ол. Баланың сөзін естіп қалған Нептун:
Ақ жұлдыздарға Лира шоқжұлдызындағы жаздыгүні көрінетін Вега, Бүркіт шоқжұлдызындағы күздігүні көрінетін Альтаир жатады. Сириусты қазақтар Сүмбіле деп атайды. Аспандағы ең жарық жұлдыз – Сүмбіле қыстыгүні көрінеді. Қызыл жұлдыз – Орион. Қазақтар оны Таразы, кейде Үшарқар шоқжұлдыздары деп атайды. Қызыл жұлдызға осы шоқжұлдыздағы Бетельгейзе жұлдызы жатады. Торпақ шоқжұлдызындағы Альдебаран мен Бетельгейзе қыста көрінеді. Сарышаян шоқжұлдызындағы Антарес жаздыгүні көрінеді. Жетекші шоқжұлдызындағы сары жұлдыз Капелла қыстыгүні көрінеді, деді.
– Шоқжұлдыз деген не? – деп сұрады бала.
– Аспанның белгілі бір шекарасының аумағын шоқжұлдыз деп бөлген. Бүкіл аспан сексен сегіз шоқжұлдызға бөлінген. Оларды жұлдыздарының орналасу сипатына қарап оңай табуға болады.
– Сонда қалай?
– Шоқжұлдыздардың ең жарық жұлдыздарын, жұлдыздар картасында көрсетілгендей белгілі бір пішінге ойша келтіріп қосады. Шоқжұлдыздардағы жарық жұлдыздарды грек әріптерімен белгілеген. Кіші Аю шоқжұлдызындағы Темірқазық жұлдызы «альфа» деп белгіленген. Оны Поляр жұлдызы деп те атайды.
– Темірқазық – менің досым! – деген баланың даусы жарқын шықты. Енді мен сендермен де дос болам. Ал әзірге сау болыңдар! – деп Жерге қарай оқтай заулады. Жерге жақындай бере, кілт тоқтады. Себебі Күн, Ай, Жер қатар тұрып қалған екен. Күннің жарығы Айға, содан соң Жерге түсіп тұр. Ал Айдан Жерге қарай ұшы сүйір ұзын қара көлеңке тартылған. Ал Жерден Айдікінен де зор көлеңке шексіз кеңістікке дейін созылып, көз жетпес қараңғыға сіңіп жатыр. Бала мұқият қарады. Ай бірте-бірте Жерді айналып барады. Әлгі Айдың Жерге түсірген көлеңкесі Ай айналған сайын бір қырына қарай қисайып бара жатты. Бала енді байқады. Қара көлеңкеден бөлек Айдан Жерге шала көлеңке де түсіп тұр екен. Бала бақылауын жалғастыра берді. Ай Жерді айналып барып Жердің көлеңкесіне сіңіп кетті. Бала асығыс ұшып барып, дәл алдарына шығып алды. Сөйтсе, Ай беті қып-қызыл боп кетіпті. Тілдескісі келген бала Айдың түрінен қорқып бата алмады. «Жарыққа шықсын» деп күтіп еді, Ай тура бір сағат қырық минутта Жердің қара көлеңкесінен шықты.
– Бұл жерде не боп жатыр? – деді бала Айға.
– Сен аралаған тоғыз планетаның ішіндегі ең ерекшесі – Жер. Мен – Жер серігі Аймын, – деді.
Бала жерге аман-есен оралды. Ол достарынан мына әңгімелерді естіді.
Тұтылу кезінде Жерге Ай көлеңкесі түседі екен. Ол бірақ барлық Жерге түспейді. Көлеңке ауыл үстінен өтті. Екі жүз елу километр жерді қараңғы басты. Ал көрші ауылдағы апамның аулында мұндай құбылыс байқалмапты. Қызық қара көлеңке бірте-бірте жылжып жоқ боп кетті. «Біз соған таң қалдық», – десе бір досы, екіншісі: «Ай кеп, Күннің бетіне тұра қалды. Бірақ Ай Күн бетін толық жаба алмайды екен. Айдың жан- жағынан Күн сәулесі шашырап көрініп тұрды. Қалыңдық сақинасы аспанға барып ілініп қалғандай екен», – деді.
Бала аспан әлемінен бар көрген-білгенін достарына түгел баяндап берді. Сол күннен бастап, олар аспан әлемін бақылауға бел буды. «Аспанның ашылмаған сырын толық ашамыз» деп қуанды.