Назад
Пілдің тұмсығы неге ұзын, құлағы неге үлкен?

Өзгеменен ісі жоқ.

Өзі үлкен, зор тіпті.

Салмағы мен күші көп,

Ертеде піл болыпты.

 

Келе жатып бір күні,

Жолығыпты түлкіге.

Пілді  әдепті, үлгілі,

Айналдырды күлкіге.

 

-Ешкім тұрмас жолыңда,

Үш тоннадай салмағың.

Биік екен бойың да,

Уайымдама ол жағын .

 

Бірақ түрің күлкілі,

Тыңда мені, қырсықпа.

Болсаң да сен ең ірі,

Жарымапсың тұмсыққа.

 

Көз жасымды тия алмай,

 Жүрер едім жылап мен.

Қалай жүрсің ұялмай?

Титтей ғана құлақпен.

 

Айтып сөзін сұм түлкі,

Кетті күліп жөніне.

Болдым ғой,- деп піл,- күлкі

Жылап келді үйіне.

 

Бүлдіріпті ол нені?

Доп ойнауға келмеді.

Ешкім оны көрмеді,

Бар шығар бір себебі?

 

Көңілді еді әрдайым,

 Пілге , достар, не болған?

Білейік,- деп,- жағдайын,

Барлық аңдар келді оған.

 

Саған көмек керек пе?

Көрінбедің неше күн.

Келдік біз,-деп,- көмекке,

Қақты пілдің есігін.

 

Болған жайды піл айтты,

Барлық аңды жылатты .

Барлығын да мұңайтты,

Бәрі де оны жұбатты.

 

Жаным ашып тұр шыным,

Керек,- деп,- сәл шыдауың.

Созды арыстан тұмсығын,

Тартты күштеп құлағын.

 

Жаным ашып тұр шыным,

Керек,- деп,- сәл шыдауың.

Созды қоян тұмсығын,

Тарты ол да құлағын.

 

Жаным ашып тұр шыным,

Керек,- деп,- сәл шыдауың.

Созды борсық тұмсығын,

Тарты ептеп құлағын.

 

Жаным ашып тұр шыным,

Керек,- деп ,-сәл шыдауың.

Созды жираф тұмсығын,

Тарты сосын құлағын.

 

Қарап еді айнаға,

Тұр алдында бір алып.

Батып балшық- қайғыға,

Жүріпті ғой мұңайып.

 

Көңілі енді тыншыды,

Қуаныштан жылады.

Ұзын бопты тұмсығы,

Үлкен бопты құлағы.

 

Мұндай алып қайда бар?

Білдік пілдің қыр-сырын,

Қызықтайды балалар.

Құлағы мен тұмсығын,

 

Жалқау құмырсқа

 

Ынтасы жоқ жұмысқа,

Болыпты бір құмырсқа.

Іші пысып зерігіп,

Жүреді екен ерігіп.

 

Көлеңкеде керіліп,

Жатады екен ерініп.

Бір қуаныш болардай,

Ештемені ойламай,

Күні бойы алаңсыз

Ұйықтапты, ой, Алла-ай.

 

Еңбек етпей ұйқымен,

Босқа өткен соң уақыты.

Жүзіндегі күлкі мен

Қашып кетті бақыты.

 

Іздеп содан бақытын,

Апта жүрді,

ай жүрді.

Білмей дұрыс бағытын,

Адасты да қайғырды.

 

Бейімі жоқ жұмысқа,

Епсіз, жалқау құмырсқа.

Балараны көріпті.

Иіліп сәлем беріпті.

 

Деп: «Сәтті бұл күн екен!»

 Ұшып-қонып жүр екен.

 

Депті ара:

-Туысым!

Еңбек менің тынысым.

Алға сүйреп күш-ағын,

Күні бойы ұшамын.

Тынымсыз бал жинаймын.

Бәріңе де сыйлаймын.                 

Еңбек екен құлатпай,

Жеткізетін мұратқа.

 

...Құмырсқа жолға шығыпты.

Ашығып,

Тоңып,

 Ығыпты.

Қарлығашты көріпті.

Иіліп сәлем беріпті.

 

Деп: «Жақсы бұл күн екен!»

Ұя жасап жүр екен.

 

-Бос сенделіп жүрме сен.

Еңбектеніп терлесең,

Бақ-береке келеді.

Жатсаң кім не береді?

Еңбек- досым айнымас,-

Депті адал қарлығаш.

 

Икемі жоқ жұмысқа,

Келе жатып құмырсқа.

Инелікті көріпті.

Иіліп сәлем беріпті.

 

Деп: - Табысты күн екен,

Өлең айтып жүр екен.

 

- Еңбек етсең жалықпай,

Сүрерсің өмір тарықпай.

Досым, сен де жүрме тек.

Жатпай-тұрмай еңбек ет!

 

...Ыңғайы жоқ жұмысқа,

Сол ілмиген құмырсқа,

Бойдағы мінін аңғарып,

Өзіне-өзі таңданып,

Үйіне жылдам жетіпті.

Кірісіп іске кетіпті.

 

Уайым-қайғы жоғалып,

Елден ерте оянып,

Еңбек етіп терлепті,

Өзіне тыным бермепті.

Босқа өткізбей уақытын,

Тапқан екен бақытын.

Содан бері  құмырсқа,

Икемді екен жұмысқа.

 

 

Еріншектер

 

Боран борап, аш бөрідей ұлыды.

Бәсеңдеді пештегі оттың жылуы.

 

Есікті жап! -деп бұйырды үлкені,

Мен кішімін, жап,-деді,- өзің,- тентегі.

 

... Үй ішіне аяз өрнек салыпты,

Екеуі де  мұз боп қатып қалыпты.        

 

Шолпан

 

Киесіне ұшыраған жауыздар,

Ел ішінде Шолпан жайлы аңыз бар.

 

Таң алдында жерді көріп жылаған,

Тәңірінен тек жақсылық сұраған,

 

Шолпан- ару үміт жібін үзбеген.

Шолпан –жұлдыз сақинасын іздеген.

 

Шолпан- сұлу жәдігөйдің құрбаны,

Жалғыз өзі жап-жарық боп тұр әлі,

 

... Шақырады ертегілер әлемі,

Баяғыда қыз болыпты әдемі.

 

«Періштедей, жанып тұрған шырақтай,

Ата-анасы өсіріпті жылатпай,

 

Шыққан айдай қара бұлтты қақ жарып,

Айналаға нұр себеді жап-жарық.

 

Көзін оның тұңғиық деп, терең деп,

Қиналсам да таба алмадым теңеу дөп.

 

Депті: Біреу оған арнам жыр өрем,

Депті: Біреу бір қараса өлер ем.

 

Шолпан десең мылқауға да тіл шығар,

Шолпан жүрсе тақырға өсер гүл -шынар .

 

Шолпан десең барын берер сараң да,

Шолпан десең қайрылады арам да,

 

Шолпан десең ашылады құлып та,

Шолпан десең көктер солған шыбық та.

 

Шолпан, Шолпан,- деп билейді жынды жел,

Шолпанды көр, аспандағы күнді көр»,-

 

Деп сауысқан, мыстанкемпір құлады,

Жерге аунап, жылап , шашын жұлады.

 

Мен сұлумын,- деді,- мыстан өкіріп,

Қас сұлудың туғанына өкініп,

 

«Сұлулыққа, адалдыққа жаным қас,

Ор қазамын, қыламын мен жолын тас».

 

Көлде тосып Шолпан күнде келетін,

Іске асырды мыстан арам ниетін.

 

Жадылады сақинамен жүрегін,

Шолпан ұшты жарқ еткізіп білегін.

 

Залым кемпір кетті айналып аққуға,

Сұлулуқтың айдынында қалқуға.

 

...Домалайды қызғаныштан қоңыздар,

Шолпан жайлы тағы айтылар аңыз бар.

 

Сақинасын тапқанында түнектен,

Шолпан қайта қосылады жүрекпен.

 

Қасіретін  Шолпан іздеп келеді,                                                                                       

Ал, әзірше бізді көктен көреді.

 

Шақырады ертегілер әлемі,

Баяғыда қыз болыпты әдемі...