Назад
ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

Маймыл менен піл жайлы

Кім ертегі тыңдайды.

Ертеде емес таяуда

Болған дейді бұл жайды.

 

Піл мен маймыл дауласты,

Дау ұзаққа жалғасты.

Шәй деспеген дос еді

Күндерден-ақ алғашқы.

 

Сайтан кірді ме араға,

Жармасысты жағаға.

Әділ екен қайсысы,

Ал өздерің бағала.

 

Ал, балалар, түр құлақ,

Отырмайық тұнжырап.

Қос мақтаншақ дес бермес

Кеуделерін ұрғылап.

 

- Бойым таудай, күш мығым,

- Деді піл, - мен күштімін.

Шынашақтай ғанасың

Келіспей тұр ұсқының.

 

Қажырлымын қашаннан,

Мұқалмас ер атанғам.

Құшақ жетпес ағашты

Тамырымен қопарғам.

 

Ондай қуат сенде жоқ,

Жүрсің күшке кенде боп.

Шамаң жетпес шыбыққа,

Шыққаныңмен өрмелеп.

 

Мешін құлақ аспады,

Сөзбен сыбап, жасқады.

Шыға келді өрепкіп,

Тікірейіп шаштары:

 

- Сабыр сақта, піл мырза,

Мұрның ұқсас шынжырға.

Алақандай арықтан

Қаймығасың ырғуға.

 

Меніменен таласпа,

Шығам зәулім ағашқа.

Ептіліктен есемді

Жібермеппін о баста.

 

Қалың жыныс орманның,

Падишасы болғанмын.

Сен кіре алмай қуысқа

Бүгежектеп қорғандың.

 

Құлақтарың селтиген,

Тұрпатың бар өңкиген.

Ұқсаймын мен адамға,

Тұр-тұлғаммен, көркіммен.

 

Айтса мешін уәжін,

Піл басады құлағын.

- Ауырттың ғой басымды,

Қойшы, - деді, - шырағым.

 

Тек мықтымын мен деді,

Айтқанға еш көнбеді.

Тайталасқан екеуі

Бірін-бірі жеңбеді.

 

Қайткенде жеңу үшін де,

Әбігерге түсуде.

Даурығысты, дауласты

Келе алмады бітімге.

 

Ормандағы ақылман,

Үкі мүлгіп отырған.

Қуысынан еменнің

Тап болыпты ол тосыннан.

 

Айтсын үкі төрелік,

Ал, жүгініп көрелік.

Ширақ мешін, маңғаз піл,

Тосылды, зулай жөнеліп.

 

Үкі даусын кенепті:

- Таластарың не? - депті -

Аямаспын сендерден

Қолдан келер көмекті.

 

- Құс төресі ақылгөй,

Сізді тыңдау мақұл ғой, -

Жып-жып етті маймыл тез, -

Ақылмансыз ғапыл ғой.

 

Айтар болсам тұспалдап,

(Ұша алады құс самғап).

Мен ептімін, ал пілде

Жеткілікті күш, қайрат.

 

Бос мақтанды демесін,

Бағасын сен бересің.

Үстембіз біз қайсымыз,

Айтшы анығын, төрешім?

 

Пілдің шексіз бар күші,

Маймылдың жоқ қалғысы.

Сырын ұғып таластың,

Сәл ойланып қалды үкі.

 

Не тынбақ құр күшпенен,

Сынамаққа іспенен.

Үкі айтпаққа үкімін,

Қуысынан түсті әрең.

 

- Сендерге ортақ тапсырма,

Қазір табан астында.

Кімнің үстем екені

Анықталар нақ сында.

 

Өтесіңдер өзеннен,

Сонау тұрған кезеңнен.

Алма теріп келіңдер,

Оңай емес сезем мен.

 

Бойы биік алманың,

Жеңесіңдер алғаның.

Іс біткен соң айтамын

Билігімнің қалғанын.

 

Қараймын да алмаға,

Бере аламын зор баға.

Епті менен күштіні

Анықтайтын сол ғана.

 

Көніп үкі уәжіне,

Созбай дауды әріге.

Өтпек болды өзеннен,

Құр таластың мәні не?

 

Өзен тасып жатқан-ды,

Маймыл шошып, тоқталды.

Дәрмені жоқ өтуге

Мүсәпір жан боп қалды.

 

Тұрған шақта мұңайып,

Піл арқаға шығарып,

Өтіп солай өзеннен

Кетті маймыл қуанып.

 

Жотасына мініпті,

Жымың-жымың күліпті.

Пілдің жомарт екенін

Бұрын қайдап біліпті.

 

Пілге іштей таңданып,

Өтті өзенді қақ жарып.

Маймыл басын шайқады

Алып күшті аңғарып.

 

Қол ұстасып екеуі

Алма ағашқа жетеді.

Зәулім екен сол ағаш

Қол жетпейтін етегі.

 

Тұр жемісі биікте,

Айналды енді күйікке.

Ала алмады алманы

Піл тұмсығын иіп те.

 

Мәуелеген бұтағы

Аспан төсін құшады.

Қол жетпейді алмаға,

Піл көңілі құсалы.

 

- Келген екем құр босқа,

Түсті-ау бұл сын қымбатқа,

Деп піл жауап іздеді, -

Үкі үкімі жұмбақ па?

 

Сол сәт маймыл тұрды да

Данышпандай сұңғыла,

Кенеп алып дауысын

Былай деді құрбыға:

 

- Жануар ем елгезек,

Шығам қазір өрмелеп.

Алманы үзіп лақтырам

Түсірме сен жерге, - деп.

 

Сөзін айтты тұрақты,

Пілді жаймен жұбатты.

Екеуінің таласы

Ұмыт қалған сияқты.

 

Маймыл алма үзіпті,

Піл қапшыққа тізіпті.

Екеуінің ісіне

Аң менен құс қызықты.

 

Сол ағаштың алмасын

Жиыстырып болғасын.

Қайта арқаға мінгізді

Таласқұмар жолдасын.

 

Қапты өңгеріп алды да,

Деді пілге «Қарғыма».

Өтті кері өзеннен

Маймыл әнге салды да.

 

Көрмей ешбір қиындық,

Бітті шаруа бүгіндік.

Тапқырлығына үкінің,

Таңданысты дүйім жұрт.

 

Төрелігін тосыпты,

(Екеуі де асықты).

- Судан қалай өттің? - деп,

Үкі тамыр басыпты.

 

Тауып істің бір жөнін,

Айтты пілге мінгенін.

Жеңе алады қиынды,

Ұйымдасса кімде кім.

 

- Өзен кештің әрі астың

Маймылға да қарастың.

Алдың қалай алманы

Бұтағынан ағаштың?

 

- Жетпей бойым жеміске,

Тұрған едім еңісте.

Іс бітерін аңғардық

Екеуара келіссе.

 

Айла тауып бұл шақта,

Шықты маймыл бұтаққа.

Қапқа салдым алманы.

Толтырып ап құшаққа.

 

- Болады ердің жолы шың

Бере білсе қол ұшын.

Ынтымақты іс етсең

Кеңейеді өрісің.

 

Ұқтыңдар ма, міне, енді.

Сөз бірлікке тірелді.

Екеуіңді бір мақсат

Туыс етіп жіберді.

 

Қарайласып құптасып,

Өттің судан нық басып.

Алма теріп, екеуің

Қайттындар қол ұстасып.

 

Ақыл, айла-амалсыз

Сырап болар жалаң күш.

Қол ұстассақ бәріміз

Топтасқан бір қоғамбыз.

 

Ерінбегін еңбек ет,

Қиналғанға бер көмек.

Шаруа оңға басады

Жібергенде сәл демеп.

 

Шыңға шықсаң өрмелеп,

Еп те, күш те тең керек.

Үйлестірсең екеуін

Кетер шаруаң дөңгелеп.

 

Ерік бермей күмәнге,

Түйеріміз бұдан не?

Еп те, күш те қажет-ақ

Болмас үшін құр әуре.

 

Жалаң күш пен жалаң еп,

Тудыра алмас керемет.

Еңбек зая кетеді

Мақтанса бос өзеуреп.

 

Ақиқаттың алдында,

Аңдар сөзден айныр ма?

- Дұрыс, - деді піл құптап,

- Дұрыс, - деді маймыл да.