Назад
ЖЫЛ – МАУСЫМ

Қыстың басы – Желтоқсан,

Қаңтар, Ақпан серігі.

Наурыз, Сәуір ел тосқан,

Ақ қар жылжып еріді.

 

Көктем толды Мамырда,

Маусым, Шілде, Тамызда –

Жаз болады жаңылма.

Қыркүйек пен Қазанды,

Күз мезгілі таза алды.

Қарашаның суығы,

Ала берер мазаңды.

Кел балалар, көрелік,

Жыл маусымын терелік.

Санасаңдар жаңылмай,

Мен айтамын төрелік.

«Жылда қанша маусым бар,

Қанша ай бар тұрақты?»

Немересін алдына ап,

Атасы одан сұрапты.

 

...Бұл да қазір сендерге,

Қойылатын сұрақ-ты.

 

 

ЖЫЛ БАСЫ

Аң патшасы төрелік, -

деді жасап көрелік.

Тышқанды алып қасына,

шығарды тау тасына.

 

Сиырға кеп тұр, - деді,

Барыс оған «ыр» деді.

 

Қоян келді алақтап,

Ұлу жетті жалақтап.

 

Жылан тұрды ысылдап,

Жылқы неге қысылмақ?!

 

Қой арылып қауіптен,

Мешін шықты Тауықпен.

Ызалы Ит «арс» етті,

Доңыз оған «қорс» етті.

 

Аңдар Жылды бөлісті,

Құшақтасып көрісті.

Жыл болсын деп жемісті,

Жыл санауға келісті.

Аңыз болсын, таң болсын,

Жануар мен аң болсын.

Шешілді бір бұғалық,

Жылды санап шығалық!

 

ЖЕТІ КҮН. АПТА. УАҚЫТ.

Дүйсенбі – жұмыс есігі,

Сейсенбі – апта бесігі.

Сәрсенбі – көптің қалауы.

Бейсенбі – істің шешімі.

 

Жұмада жарқын назарың,

Сенбі ортақ таза күн.

Жаныңды нұрға бөлейтін,

Жексенбі – байлық базарың!

 

Жеті күн желіп жүреді,

Бірінен қалмай бір елі.

Уақыт – өмір тынысы,

Соғатын мәңгі жүрегі!

 

Аптаның күні киелі,

Жақсыны бәрі сүйеді.

Осылай атап жүрелік,

Қазақша атын жүйелі.

 

МЕНІҢ ЖАСЫМ НЕШЕДЕ...

Бес саусағым ашылды,

Бір-біріне басылды.

Санап едім төрт қосып,

Көрсетіп тұр жасымды.

Қиын емес балалар,

Ойлағандар таба алар.

Менің жасым нешеде,

Екендігін санап ал!