Ашылмайды қабағы,
Күнде екілік алады.
Қожырады күнбе-күн,
Сағалбайдың сабағы.
Ағасы енді жекіріп,
– Алма! – деді екілік.
Шықты үйінен Сағалбай,
Бір байламға бекініп.
...Тым ерекше шаттанып,
Жанарында от жанып.
Бүгін төрттік баға алдым,
Деп кірді үйге ол мақтанып.
Міне, азамат болды анық,
Қошеметке бол қарық.
Дегендейін әжесі,
Кетті айналып, толғанып.
Болды оқушы үлгілі,
Деп мадақтап жүр мұны.
Үйдің ішін кернеді,
Қуаныштың күмбірі.
Өзгелерге хас үлгі,
Күнделік те ашылды.
Әлгі шаттық бір демде,
Су сепкендей басылды.
«Төрттік» жайы анық-ты,
Оған бәрі қанықты.
Сөйтсек бүгін Сағалбай,
Қос екілік алыпты.
* * *
Атам келді сайлаудан,
Әжем келді жайлаудан.
Әкем келді қырманнан,
Анам да осы жүр маңда.
Ағам келді жарыстан,
Жеңгем келді алыстан.
Әпкем келді қонақтан,
Мен де келдім сабақтан.
Қарындасым – қаладан,
Інім келді даладан.
Түгенделді осымен,
Біздің үйде бар адам.
Білгішбегім, ал, сана,
Отбасымда қанша адам?
* * *
Жаман бала белгісі –
Мақтаншақ деп айт өзін.
Жоқ оған бір тең кісі,
Тыңдасаң да қай сөзін.
Жақсы бала белгісі –
Арнасынан таспаған.
Арналатын елге ісі,
Сол ертеңгі жақсы адам.