Назад
БЕСІК ЖЫРЫ

Әлди, әлди бөбегім,

Қашан тиер көмегің.

Тез ер жетіп анаңа,

Қолқанат бол, өренім!

Мақтан тұтсын сені әкең,

Үлгі тұтсын сені елің.

 

Бүлкілдейді көмейің,

Сен қаласаң аспаннан

Айды да алып берейін.

Сен қаласаң жайлаудан,

Тайды да алып келейін.

Топтан озып, анаңның,

Тасытшы бір мерейін!

 

...Ұйықта бөпем, жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой.

 

*    *    *

Жүзіне бүгін түсті әжім,

Ал, менің өңім тұр көктеп.

Алғашқы менің ұстазым –

Әжемнің өзі – бір мектеп.

 

Жүрегі жұмсақ, алайда

Сөзінің өткір қияғы.

Әбестік көрсе қандай да,

«Тәйт» деген сөзбен тияды.

 

– Ырымға қазақ бай халық,

Содан да елден ерекпіз.

Адам бар үйді айналып,

Жүгірме дейді себепсіз.

 

Жасалар туыс, досқа арнап,

Жөнімен бәрі сый-кәдең...

Құлашты жайып қос қолдап,

«Босаға керме!», – дейді әжем.

 

Болса да білгір кім мейлі,

Пайда жоқ сөзден құр дәмді.

Жаратпай әжем тілдейді,

Табалдырыққа тұрғанды.

 

Ниетің болса болғаны,

Ісінде әрбір бар үлгі.

Ырымға жаман ол-дағы,

Таянба дейді жағыңды.

 

Ақылын тағы бастайды,

Есейдік десек біз енді...

Одан да тиып тастайды –

Отырсаң құшып тізеңді.

 

Жеңіңе жүрме тас тығып,

Халықта тылсым бар кие.

Ырымның түбі – жақсылық,

Тиымның түбі – тәрбие.

 

Жаманнан мені тиғасын,

Жүремін ылғи құрметтеп.

Үйреткен әдеп-ибасын,

Әжемнің өзі – бір мектеп.