Шабыттың сүзіп шырынын,
Мелдетіп сезім тұнығын.
Әбілхан атам суретке
Жанының құйған жылуын.
Өнерге шексіз боп ғашық,
Уақыттың демін дөп басып.
Даласы, асқақ таулары
Арманмен жатқан астасып.
Бозторғай үнін тыңдаған,
Заманнан өтіп шырғалаң.
Екеуі егіз туғандай
Қастеев және қылқалам.
Ғажайып сырға қандырып,
Тіл қатты сурет жан кіріп.
Қастеев жаққан бояулар, -
Ғұмырың сенің мәңгілік.
Қолтаңбасынан шебердің,
Сезім мен ойға кенелдім.
Паш еткен қазақ болмасын
Атасы ол ұлттық өнердің.