Назад
Тіл туралы толғаныс

Қазақ тілім -

Жауға шабар қаруым,

Есік жақта

Еңсең түсіп налыдың.

Тәуелсіз ел алдаспанына айналар

Шара іздеймін,

Табылар ма дәруің?!

 

Тәуелсіздік тәлім етті сабағын,

Кімсің дейді жаңа ғасыр, жаңа күн.

Дәрмен іздеп текетірес тірлікте

Қайран тілім, тілім-тілім табаның.

 

Тілін білмес түлейлерден сескендім,

Шылауында жүрмін бе әлі Мәскеудің.

Зауал шығар өз тіліңе зәрулік,

Қор болдың-ау, қайран тілім - қастерлім!

 

Шешеді кім ана тілдің түйткілін,

Жылап тұр тіл, боталатпай сүрт шығын.

Туған тілдің қадірін біл, қазағым,

Жоғалса тіл - жоғалады ұлттығың!

 

Қаны қазақ барда арлы қыз, айбатты ұл,

Өзге тілге бодан болма, қайрат қыл.

Жерің менен еліңді әлем таныды,

Енді тілің бар екенін айғақ қыл!