Назад
ҚИЯНАТ

Құбыладан көтерілген қою қара бұлт ендігі бір сәтте аспанды торлап алды. Жаңбырдың алғашқы тамшылары да тама бастады. Сабағы аяқталып мектептен шыққан Нұрхат майда тамшыларды елеместен баққа қарай тұра жүгірді. Жапырағы жайқалған тал-теректер желге баяу ырғалып, тербеліп тұр. Көкте қалықтаған бір топ қара торғай бақша үстінде шыр айналып шықылықтап ұшып жүр.

Баққа Нұрхат күнде барады. Мұнда оның өз қолымен жасаған ұясы бар. Күзде ол ұяға жұп қараторғай мекен тепкен. Оларды сыртынан күнде бір бақылап кету оның үйреншікті дағдысына айналған. Өздеріне қамқорлық жасаған баланы құстар да танитын сияқты. Үркіп тұра қашпайды. Қайта «келгенің қандай жақсы болды, саған мың да бір рахмет, қыстан қысылмай шықтық» дегенді аңғартқысы келгендей, ұя аузындағы құс қонарына қонып алып сайрап отырғаны.

Бұл ұяны жасауға себепкер болған еңбек пәнінің мұғалімі Құрмаш ағай. Ол сабақта:

– Ал, балалар, күз келді. Жыл құстары жылы жаққа кетіп жатыр. Мұнда табиғаттың қатал қысына қарсы тұрып қалатын құстарға біз де қолымыздан келгенше қамқорлық жасауымыз керек, - деді.

– Ағай, құстарға біз қалай қамқорлық жасай аламыз, - деді тәмпіш қара бала таңқ етіп.

– Мақсат, неге қамқорлық жасай алмаймыз. Қолдан келеді ол! Бірақ, алдымен ол үшін не істеу керектігін ойланайықшы, - деп мұғалім шәкірттеріне сұраулы жүзбен назар салды. Ақ сары жүзі нарттанып, көк көздері күлім қағып, «соны да білмей тұрсыңдар ма?» дегендей қиялдарына қанат бітіріп, желіктіріп тұр.

– Ағай, құстарға арнап ұя жасасақ қайтеді, - деп шашы бұйра, қоңқа мұрын, қалқан құлақ, қаймақ ерін, домалақ қой көзді, қара торы бала орнынан тұрды.

– Сен, не деген ақымақсың? Соншама құстардың қайсы біріне ұя жасамақсың, - Мақсат қағытып өтті.

– Қиналатын түк те жоқ. Нұрхат дұрыс ой тастады. Құстардың шағын тобының қыстан аман шығуына аз да болса үлес қосумыз керек. Бұл – біздің адамгершілік парызымыз, - деп ағай шәкіртін қостап, ұя жасаудың құрылысын түсіндірді. Нұрхат мұхият тыңдап, көкейіне түйіп алды.

– Асық ойнайық, - деді сабақтан шыққан соң Мақсат Нұрхатқа қатарласып.

– Сен не, шынымен құстарға жаның ашымай ма? Асық ойнағанша бірлесіп ұя жасайық та.

– Қойшы. Сол торғайларға не үшін қамқорлық жасауым керек. Жаздай апам жасаған құртты өреден ұрлап бітірді, - деді шеке басын тырыстырып.

– Ол біздің... деп, аузын аша берген Нұрхаттың сөзіне ден қоймаған Мақсат қолын бір сілтеп, клуб жақта асық ойнап жатқан балаларға қарай жүгіріп кетті.

Үйге келген соң Нұрхат киімін ауыстырып, ұя жасауға кірісті. Ұстазының көрсеткен сызбасын басшылыққа алды. Керек ағашын аулада жинаулы тұрған тақтай арасынан суырып алып кесіп жатыр.

– Мұны не істегелі жатырсың, балам? - деді бүп-бүтін әдемі тақтайды бүлдіргеніне әкесі қабағын шытып.

– Әке, білесіз бе? Құрмаш ағайдың тапсырмасын орындап жатырмын.

– Е, ол не тапсырма! Соншалықты маңызды ма өзі...

– Құстарға ұя жасаймын.

– Ұя деймісің!

– Иә, ұя, - деп бала жұмысын доғара салып ағайының құстар туралы айтқандарын әңгімелеп берді.

– Онда жөн-ақ екен. Ісіңе қуат берсін, - деді әкесі баласының емірене маңдайынан иіскеп.

Ернін жымқыра тістеп алған Нұрхат ықыласпен жұмысын жалғастырды. Баласының бұл ісіне әке қуанып отыр. Ұя да дайын болды.  Әкесінің тауып берген сырымен бояды. «Сыныптағы ең әдемі ұя менікі болады. Ағай енді мұны жасаған 5 сынып оқушысы Мұратаев Нұрхат деп мақтамай көрсін. Түу, бәрінен бұрын мұны Үміт көрсінші... Сыныптағы ең әдемі қыз, «шынымен өзің жасадың ба?» деп таңданып тұрса неге мақтанбасқа» деп кеудесін мақтаныш сезімі билеп  кетті.

Ертеңіне әркім өзі жасаған ұясының мақтауын жеткізіп әлек. Ағай бәрін мұқият тексерді. Өзінікіне келгенде аударыстырып, ұзақ қарап, таңдай қақты. Бір емес, екі бестікті қатар қойды журналға. Ол ұя Үмітке де қатты ұнады. Өзінен қалай жасағанын сұрап жатыр. Ал, сыныпта ұя жасамағаны үшін екілікті Мақсат қана алды. «Асық ойнап ұмытып кетіппін» дейді. Бірақ сыныптастарының бүгінгі қуаныштарына қатты қызыққан ол сабақ үстінде ағайдың тапсырмасымен, Нұрхаттың көмегімен ұя жасады. Өз қолымен жасаған ұясына қарап мәз болып, қуанышы қойнына сыймай жүр.

Сабақтан соң балалар баққа келіп теректерге ұяны орнатты. Әрине төмен емес. Сатының жеткен жеріне, одан да жоғары қаққандары бар. Бүгін сол ұяны көре кетуге баққа арнайы соққан Нұрхаттың көңілі тез құлазып сала берді. Көзінен еріксіз жас тамшылары ағытылып, ырық бермей кетті. Жаңбыр да күшіне еніп, сіркіреп жауып тұр. Ұяны орнықтырған терек орнында түбіртек қана қалыпты. Біреу теректі кесіп әкеткен.  Бұталары шашылып жатыр. Ал, қираған ұяны көрмесін деген-ау, арық ішіне тастапты. Екі бірдей қызыл шақа балапан тақтай арасында мыжылып жатыр. Қара торғайлар бұтадан-бұтаға ұшып-қонып, өзіне мұңын шаққандай шыр-шыр етеді. Үндері не деген ащы еді...