Назад
МЕЙІРІМ

Қысқы демалыс.

Мезгіл түс. Көк бетінде иірілген ақша бұлттар үзік-созық баяу көшіп барады. Күн аязсыз жылы. Ауылды қақ жарып тас жол жатыр. Қары күреліп, жол беті адыр-бұдыр мұзданып көгереді. Бұл балалар үшін «Медеу» мұз айдыны сияқты. Жол үстіне шанасын сүйрей шыққан Самат:

– Ойынға мені де қосыңдаршы, - деп жалынып тұр.

– Сені ме?- деп, өзімен тетелес Нұржан өтіп бара жатып, кілт бұрылды.

Дәмелі Самат жасқана күмілжіп басын изеді.

– Мына танкімен бе? - деп жаратпай, иегімен тұрқы ұзын шанасын меңзеп мырс етті.

Шана үстіне жайланып, қанатын қомдап ұшатын құстай елпең қағып отырған Самат:

– Иә, мені - деп ұмтылды.

– Жоқ, ойнай алмайсың сен, - деп шананы тұмсықтан бір қойды.

 Қамсыз отырған Самат шана үстінен қаңбақтай ұшып түсті.

Сарт та сұрт. Шаналылар бірін-бірі қуып, қағып-соғып жатыр. Жол үсті айқай-шу. Азан-қазан. Гүр-дүр,шана табаны кедір-бұдыр, айқыш-ұйқыш мұзға соқтығып, шың еткен дыбыс, оқыс бұрылыстар мұз бетін сыра жонып осып өтеді.

Үсті-басын қағып-сілкіп Самат шанасына қайта тізе бүкті. Теперіш көрсе де, ойын төңірегінен ұзай қоймады. Қайта талаптанып, қасынан зу еткен шана соңынан тұра ұмтылады. Бірақ табандары мұз үстінде сырғанап төселген шанаға жете алмай соңында сүріне-қабына, темір балдағы мұзға дұрыс шаншылмай тайып жығыла жаздап, қалып қояды. Осы икемсіздігін мамасы "жаурап қалмасын" деп, кигізген үстіндегі қомыт-қомыт қалың киімінен көреді. Шешіп тастауға мамасынан именеді.

Ойын қызған шақ. Шаналылар ешкімді де елер емес. Қарсы келген әжейді Нұржан қаға-маға өте шықты. Қалтаңдап келе жатқан әжейдің жан ұшыра айқайлаған даусы шықты. Мұз үстіне жамбастап отыра кетті.

Нұржанның бұл қылығына Саматтың ызасы келді. Ол қамқорсыз қалған әжейді аяп, қол ұшын беруге ұмтылды.

Орталықтағы моншаға түсіп, жуынып-шайынып шыққан қарияның үйіне жетуінің өзі мұң болып келе жатқан. Үйі де алыста. Көшенің келесі басы.Көз ұшында қарауытады. Немересі моншада қалып қойды. Оған қарайламастан "жолда көлік кездесіп қалар" деген оймен шығып кеткен беті еді. Енді, жүрегі дүрсілдеп алқымына тығылғандай. Кеудесін алақанымен басып, аяқ-қолдары қалтырап, көз алды бұлыңғыр тартып, бұлдырап бара жатты.

– Апа, - деді Самат қолына жармасып.

Бала үні бойына қуат құйғандай. Арқасының құрысқаны, аяқ-қолдың тырысқаны жазылып, көзі шайдай ашылып кеткендей.

– Ой, айналып қана кетейін баласынан!

Саматты өзімсіне бауырына тартып, маңдайынан иіскеп, бетінен сүйді.

- Өзімнің балам екен ғой! - деді қуанып.

Өткен жазда ішке қабыса бітіп бара жатқан шеміршегін сылап-сипап көтеріп, қалпына келтіріп еді. Содан бері көріп қалса "балам" деп елжіреп тұратын.

– Апа, отырыңыз, - деп шанасын көлденең тартты.

– Көсегең көгерсін, балам!

Әжей орнынан тұрды. Қолтығынан демеп, сүйеніш болып Самат тұр.

– Апа, абайлаңыз. Жақсылап отырыңыз. Мықтап ұстап алыңыз ағашынан, - деп бүлдіршін қарт алдында иіліп, құрақ ұрып жатыр. Нұржан менсінбей «танкі» деп ойынға қоспаған шананың бір кәдеге асқанына іштей қуанышты.

– Кімнің баласы едің, ей? - деп әжей шанаға жайланып алған соң ұмытып қалғандай, қулана жымиды. Бала тілін қызықтап тұрған сияқты. "Тегін білсін, айтып жүрсін", - деп қойған сұрауы тәрізді.

Ол ақ сары бала жүзіне наздана назар салып тұр.

– Бегім атамның баласымын, - деп Самат бар даусымен айқай сап, марқм атасының есімін ғаламға жар салғандай жаңғыртып.

– Ой, бәрекелді! Атасының аузынан түсе қалғандай ұқсауын өзінің! - деп іліп ала жөнелді.

Атасы туралы жылы сөз есту Самат үшін мақтаныш. Құс танауын көкке шүйіріп, мәз болды. Көңілі тасып, жадырап, көзінен нұр төгілген ол шанасын әжейдің үйіне қарай зымырата  жөнелді.