(Әңгіме)
Жақсылық бүгін әдеттегідей сағат алтыда тұрды. Бір минут кем емес, бір минут кеш емес. Кішкентайынан әкесі үйреткен. Терезеден сығалаған күн сәулесі оның кірпігін түрте кіреді. Әкесі әскери адам. Он төрт жасынан ауылдан кетіп, әскери мектепте оқыған. Содан болар өмірді темірдей тәртіп пен қақталған ережеден тұратындай көретіні. Күндегі тіршілігі бірдей және бірдей уақытта. Сағаттай сарт-сұрт, бір бағыт, бір тірлік. Ал анасы болса ғалым. Бұның түсінігі бойынша адам тану бағытында. Анасы қаншалықты адам танитынына сенбейді. Мұның адами бала тілектерін көбіне далбаса деп түсіндіреді. Ол да әкесі секілді бақыттың бәрі уақытты үнемдеуде, өзін өзі тәрбиелеуде деп түсінеді. Есік алдына шықса, әкесі таңғы жаттығуын бастап кетіпті. Әжесі түтікпен гүлдерге су шашып тұр екен. Таңның таза ауасына гүлдердің жұпар иісі қосылып кеудесін керді. Керіліп рахаттана жұтты. Әжесінің үстіндегі гүлді көйлегі жайқала өскен гүлдердің жалғасы іспетті. Мұны көріп жүзі мейірім шуағын төге жөнелді.
– Құлыным сол, ұйқы қанды ма? Түрін қара, танауын қара тәмпиген.
– Апа! – деп әкесі Жарас гүж ете қалды. – Олай еркелете бермеңіз. Боркемік болсын деп тұрсыз ба? Өз болмысын толық сезініп үйренсін. Қайдағы бір құлынмын деп ойламай. Ал сен бар! Неғып тұрсың? Уақытты үнемде деп неше рет айтамын осы.
Әжесі не айтарын білмей қалт тұра қалды. Түтіктен шапшыған су алқызыл гүлдерді құлата сарылдап тұр. Оны көре сала әжесі күйбеңдей берді. «Ойбуй, көкем, – деді гүлдерге – кешір, кешір, білмей қалдым.» Жақсылыққа жұпар иіс те, табиғаттың сұлу көрінісі де, жаңа күннің атқанынан туған қуаныш та су сепкендей басыла қалғандай болды. Жаттығуға серіппедей еркін кірісетін денесі жиырыла қалғандай ауыр тартып тұр. Жүгіріп барып әжесін құшақтап алғысы келіп-ақ тұр. Бірақ, әкесі тағы да гүж етсе әжесінің көңілі одан әрі түсері анық. Әжесінің ауылдан келгеніне бір ай болды. Содан бері осында. Әдетте келе сала ауылға қайтқысы келіп тұратын әжесінің бұлай ұзақ жатуына бәрінен бұрын Жақсылық қуануда.
Бұлар үйге кіргенде анасы шәй дайындап қойған екен. Бәрі келіп дастархан басына жайғасты.
– Сәния, – деді әжесі, – бүгін жеті шелпек пісіріп едім ғой. Әкелсеңші.
– А, иә, – деді анасы. – Сонымен Әсия тәте келген соң шәй ішесіздер ғой деймін. Жарасқа болмайды ғой. Асқазан ауруы бар.
Әжесі жалтақтап баласына бір, Жақсылыққа бір қарады. Жақсылық атып тұрып жеті шелпекті алып келді де, әжесінің үйретуі бойынша «бисмилласын» айтып алып, бұралақтап ауызына тыға бастады.
– Ыммм, – деді шайнаңдап, – қандай дәмді... Әже, сіз ас пісірудің шеберісіз. Мен білемін – біз жеген жеті шелпектің сауабы ана дүниеде жүрген ата-бабаларымызға тиеді. Осының иісінен бізді естеріне алып жатыр деп аруақтары разы болады.
Әжесінің көзінен мейірім шуағы төгіле немересіне қарап жымиды. Немересінің әкесіне қарағанда ақылы мен мейірімі мол екенін түсініп отыр. Жақсылық шәйін ішіп болып, орнынан тұрып әжесінің артынан келіп құшақтай асылды. Бетінен шөлпілдете сүйді. Не құдіретінің бар екенін білмейді. Бірақ әжесінің мейірімді жүзін көргенде, бауырына құшақтағанда бір жасап қалады. Бой-бойының құрысы жазылып, кеудесін шуақ жайлайды. Кеудесіне одан сайын қысып, одан сайын шөпілдетті. Әжесі шегі қата күлді:
– Ойбуй, орамалым түсті. Қой деймін.
– Түсе берсін! Ой, әже, шашыңыз қара, бұйра, әдемі екен ғой, неге осылай жүре бермейсіз?
– Қой ұяттағы... Қартайғанда сәнімді көрсетіп, – деді әжесі орамалын дұрыстап тартып жатып.
– Ой, мына көрші Роза әже ағарып кеткен шашын, ернін қып- қызыл ғып бояп алып жүреді ғой.
– Сол жарасып тұр дейсің бе? Құрып кетсін. Өзіне ұнаса бопты да.
– Қайдан, одан сіз жүз есе әдемісіз.
– Шынымен де ме? – әжесі де қулыққа көшті. – Сұлулардың жарысына барсам қайтеді?
Жақсылық әжесінің жүзінен әкесі мен шешесінің жасаған келеңсіздігінен түскен көлеңкенің жоғалғанын көрді. Өзіне-өзі разы болып қалды. Көңілі көтерілді. Біреумен әзілдесіп, біреудің көңілін тапқан да бақыт екен ғой. Алшаңдай басып, дорбасын алып әкесінің көлігіне отырды. Күндегі әдеті бойынша бірінші бұны мектепке апарып тастайды. Содан соң анасын апарады. Мектепке барғанша құлағына адам болу ережелері құйылады. Міне, тағы басталды.
– Биыл жазғы демалыста ауылға бармайсың. Келесі жылы арнайы мектепке тапсыратыныңды айтқанбыз. Соған дайындаласың. Тоқсан қорытылады. Қылп етпей, үйден шықпай сабағыңды оқы!
– Қашан үйден шығып ем? Мен сабақтың баласымын ғой. Ойыным да, әкем де, шешем де – сабақ.
– Үлкенмен сөз жарыстырма! Бәрін білсең, ең күшті боласың. Күшті болсаң, бәрін жеңесің. Алдыңа жан салмай, алысқа шабасың. Сол кезде бізге рахмет айтарсың.
– Саяқ жүрем! Бәрінен саяқ жүрем! Оның несі қызық? Футболға да жібермейсіңдер...
– Денешынықтыру сабағы саған не үшін деп ойлайсың? Футбол туралы айтпа маған.
Қайран әкесі осы сөздерінен де бұрын бұйыра діңк-діңк еткен дауысының соншалық зіл екенін біле ме екен. Айналаның қызық- шыжығының жарқын түсі солғын тартып, алып-ұшқан бала көңілді су сепкендей басатынын сезе ме екен.
Жақсылықтың сыныптастары мектеп алдында топтана жиналып, қызу бірдеңені талқылауда екен. Әдеттері бойынша бұл бәрінің қолын алып шықты. Ұзын бойлы сынып «атаманы» Дәулеттің ауызына бәрі қарап қалған.
– Сонымен, түскі астарыңды ішкен соң сары Қанаттың үйінде кездесеміз. Күрек жеткілікті шығар? – деп сары Қанатқа қарады.
– Жетпесе көрші үйден аламын ғой, арқалап әуре болмаңдар.
– Мен анамнан гүлдің ұрығы мен асқабақ дәнін әкелемін. – деді Гаухар.
– Өй, мына сары асқабақ жей ма? Одан сайын сарғайып кетер.
– Онда баклажан егейік, қараятын болса...
– Не болып жатыр? – деді Жақсылық.
– Сары Қанаттың әкесі іссапарда болғандықтан ауласына ештеңе егілмепті. Соған жабылып жерін қопсытып бермекшіміз. Сен барасың ба?
– Сыныптастары сынай қарап тұр. Жүздеріндегі күмән мен кекесінді байқады. Әкесінің бұйрығы әлі зіл болып есінде тұр. Шамалы күмілжіңкіреп қалды.
– Бұл барушы ма еді? Бұл ерекше, саяқ жүретін адам ғой. Жақсы ойыншы бола тұра, сынып үшін жарысқа да бармайтын адам... – Дәулет бұрылып жүре берді. Бәрі бірінен соң бірі еріп кете берді. Елді мазақтағанға жаны құмар қара Қанат қиқылдап мұны қағып жанынан өтті. Әндетіп барады. – Ерекше... Саяқ... Ееей, Саяқ...
Жақсылықтан маза кетті. Сабақта мен айтайыншы деп қол да көтермеді. Үзілісте кешегі футболдың қызығын айтып жарысқан балалардың қатарына қосылып та кете алмады. Сүлесоқ автобусқа мініп үйіне қайтып келе жатыр. Жаймашуақ мамыр айының жарқыраған күні де көңілін көтере алмады. Бұдан өзгенің бәрі көңілді көрінді бұған. Аталар да, әжелер де. Ағайлар да, тәтелер де. Ал балаларда күнде той-думан дерсің. Әне, әнеубір аулаларда қыздар жіптен секіріп, ұлдар доп қуып жүр. Шіркін, доп қуу – ең жақсы көретін ойыны ғой. Көсіліп жүгіргенге не жетсін. Буынның бәрі созылып, тынымсыз допты өз еркіңе бағындырып, көстеңдеген аяқтардың арасынан өзіңе икемдеп әкеткен шеберлігіңді сезіну қандай керемет. Жүгірген сайын алқына дем алып, өкпе, тыныс жолдарың кеңейіп, дене де жадырап қалады. Бұл сабақ жаман деген сөз емес. Білім қуғанның да өз кереметі бар. Білмейтін нәрсесін түсінген сайын құныға түсіп оқитыны, одан ләззат алу да ұнайды. Бірақ өсіп келе жатқан балаға ойын да бір мәртебе. Құрбы-құдастармен бірге жүру тағы да мәртебе. Ойдың қуанышы мен бойдың қуанышы қатар жүру керек екен.
***
Әжесі асын дайындап күтіп отыр екен. Үй күтуші – Әсия апай көрінбеді. Бұл келе әжесінің қойынына құлады. Анадан ғана шығатын ерекше жылу бойын жайлады. Шіркін осылай тек қана әжесінің жанында бола берсе ғой. Әжесі діңкілдеп күштемейді. Олай отыру керек, былай жүру керек деп шарт та қоймайды. «Саяқ» деп ат та қоймайды. Тырысып тұрған жүйке босап, іштегі реніш сыртқа «ухх» деп шықты.
– Иии, көкетай, не болды саған, үлкен адам сияқты күрсінесің? Неге ренжідің? – әжесі бетіне үңіле қарады.
– Әкем мен анам жазғы демалыста ауылға жібермейміз дейді. 9 ай емес мен биыл 12 ай. 12 ай емес одан келесі сынып кеп қалады, тағы 9 ай. 21 ай үзіліссіз оқиды екенмін, – деп Жақсылық санап берді. – Ал мені доп ойнауға да жібермейді. Бүгін сыныптастар сары Қанаттың үйіне барып көмектеседі. Оған да бара алмайтын болдым. Мені бәрі «Саяқ» деп мазақтайды. Олармен сөйлесетін ортақ әңгімем де жоқ. – Жақсылық бетін әжесінің кеудесіне тығып алып сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр.
– Былай істейік, – деді әжесі. – Мені қазір Сәния бір жерге ертіп апарамын деп қоңырау соқты. Сен қатарыңнан қалма. Игі істе елмен жүрген жақсы. Біз шыққаннан кейін сен де тайып тұр. Ал анаңа барғаныңды айтпай-ақ қоямыз, – деп әжесі жымыңдады.
Сары Қанаттың ауласы шулаған балаға толды. Ойнап әзілдесіп жүріп жер де қопсытылды. Көшеттер де егілді. Соңынан екіге бөлініп қашпа доп ойнады. Ойын шарты: қолмен сызылған шеңбердің бірінен екіншісіне біртіндеп қашып барып, топ түгел жиналу керек. Екінші топ аңдып тұрып, доппен ұрып сұлата ұрып, оған жол бермеу керек. Сол кезде шеңбер бұларға бұйырады. Көздері жылт-жылт етіп бірін-бірі аңду басталды. Шеңберден шыға қашқан Дәулетті Жақсылық қуып берді. Екінші шеңберге жетпей доппен арқасынан сарт еткізіп құлатты. Дәулет енді жаны жоққа жатады. Өз тобына ешқандай көмек көрсете алмайды. Ең бойы қысқа қыз кішкентай ғана Сара мұндай жылдам бола ма, зулап барады. Ағзия допты Жақсылықтан ала сала қуып берді. Дәлдеген добы лағып басқа жаққа ұшты. Сара екінші шеңберге жетіп, қуанғаннан секіріп мәз болды. Билеп, тілін шығарып бұлардың тобын мазақ қылды. Енді үшінші адамы қашу керек. Ол – қара Қанат. Шеңберден бір аяғын шығара бастайды да, бұлар шу ете қалғанда аяғын тартып алады. Бұл да мазақтап тұр. Қарсы топты шу еткізгеніне разы. Сақ-сақ күледі. Жақсылықтың тобы білектерін түріп дайын тұр. Бұлар да шеңберді айналғанда есе қайтарарын ойлап, қарсы топтың есіргеніне мысқылмен қарап, сақ қимылдайды. Осылай төрт баланы ғана жіберіп қойып, қалғанын жансыздандырап құлатып тастады. Әр құлатқан жауы үшін бірін-бірі арқаларынан қағып жүгіріп жүр. Енді басқа шеңбер егеленген төрт бала доптан қаша жүріп жансызданған достарын тірілтуі керек. Ол үшін шеңберден шығып қарсыластарынан қаша жүріп жансызданған досының қолына қолын тигізуі тиіс. Ызаланған бұлардың тобы оларды мүлт жібермеді. Шеңберден атып шыққан ойыншыға доп тиіп, шетінен құлады. Бұл жеңіс. Бірігіп жүгіріп жүріп үлкен термен келген, өздерінің ептіліктеріне өздерінің көзі жетіп, шаттанған жеңіс. Жаңағы өздерін мазақ қылып қылжақтағандардың көгалда қылжиып жатқанын көріп, мазақтап, арттарынан жәйлап қана ауыртпай бір теуіп шаттана шапқан жеңіс. Танаулар делдиді. Тыныстар кеңіді. Сақ-сақ күлкі. Абзал қуанғанынан екі аяқты жоғары жіберіп, екі қолымен жүрді. Айман Сараның биін өзіне билеп берді. Жеңген топ шеңберді иеленді. Жеңілген топ есе қайтармақшы. Білектерін түре бастады...
***
Бетіне алаулап қан жүгірген Жақсылық үйіне келсе, әжесі диванда қисайып жатыр екен. Немересінің жайнаған түрін көріп, көңілі тола орнынан тұрды.
– Ой, жаным сол. Қан жүріпті ғой жүзіңе. Бәсе осылай жүру керек адам деген. Көңіл тоқ болған жақсы ғой.
– Сіз қашан келдіңіз?
– Қазір ғана. Ойбуй, қызық болды ғой. Сәния мені бір жерге апарды. Ыңғи мен сияқты кәрі-құртаң қаланың кемпірлері. Бәрі тылтитып шалбар киіп алыпты. Сәния маған да біреуін алыпты. Киіңіз дейді. Болмайды деп отырып алдым. Сол жерде үйретуші қыз бір сыпайы екен, апалап алдап... Қалай кигенімді білмей қалдым. «Иога» дейді. Жаттығулар жасатты. Қиын емес, бірақ, не жасасаңда мұрыныңды шулатып тұрады екенсің. Былай... – әжесі қолдарын бүгіп жазып мұрынын шулатты. Әжесінің мұндай түрін көрмеген Жақсылық жата кеп күлді. Әжесі де мәз. Ас үйге келсе ыдыс-аяқ жиналмапты.
– Ойбуй, мыналар сағал-сағал боп әлі тұр екен-ау. Қазір-қазір, тап- таза боласыңдар. Кешіріңдер, бағана Сәния асықтырып... Әсия қолын ыстық суға күйдіріп алыпты. – Әжесі ыдыстардан кешірім сұрап жинастырып жүр. Жақсылық әжесінің бұл әдетін біледі. Айналасындағы жанды, жансыздың бәрімен сөйлесе береді.
– Әже, соны ыдыстар түсінді ме?
– Түсінгенде қандай. Қазір жалтырап жымыңдап кетеді. Көр де тұр... Сәния сенің үйде жоқ екеніңді көріп кетті.
– Түу, миымды жейді енді.
Айтпа дедім анау аписеріңе. Баламның миын жеп қояды. Айтсаң, енді иогаңа бармаймын дедім.
Жақсылықтың әке-шешесі кешкі ас дайын болғанда бірақ келді.
– Қалай апа, иога ұнады ма? Біраз барыңыз. Менің шешем тез кәртайып, өліп қалмауы керек. Мен оған жол бермеймін. Барған, бармағаныңызды өзім қадағалаймын. Ауылға кетерде дискісін алып беремін. Ауылда сонымен жаттығасыз. Денсаулығыңыз күшейіп, жасарасыз, – деп доғал қайырды әңгімесін Жарас тамағын ішіп бола бергенде.
Бұл сөзі әжесінің атына айтылған кәдімгі қоқан-лоқыдай көрінді. Жақсылық әжесіне қарады. Шіркін, әжесі... ауылдағы ұлдары алдында аяғының ұшымен жүретін, ешкім алдынан кесе-көлденең өтпейтін, бұл кісі үшін ешкім шешім шығармайтын әжесі абдырап қалды. Басқа ұлдары болса «тәйт!» дер еді. Сөз түсінбей, әңкілдеп кететін баласына қылар дауасы жоқ. Жарас кішкентайынан кемпір-шалдың баласы болып, жастайынан әскери салаға кетіп, түсінік-тәрбиесі уысынан шығып кеткен соң қылар амалы жоқ.
– Енді... Алланың берген жасын көреміз де. Сол иоганы ауылда күнде жасап-ақ жүрміз.
– Шынымен де ме? – Сәния көзі жыпылықтап сенбей қарады.
– Иә, күбі пісемін. Кетпен шабамын. Сол кезде мұрыным өзінен өзі-ақ шулап қоя береді.
Әжесінің жан далбасалап айтқан сөзіне Жақсылық күліп жіберді. Жақсылыққа қосылып әжесі де күлді. Әжептеуір жақсылық жасадым, иоганы көрсеттім деп әлдеқандай болып отырғанда, мазақ қылып отыр деп Сәния шамданып қалды. Ыржиған баласына ала көзімен қарады.
– Жарас, бүгін Жақсылық түстен кейін үйде болмады.
– Сөз өтпейді екен ғой саған! Жүр қане, ана бөлмеге!
– Тоқтат! Бұл не өзі? Отырса опақ, тұрса сопақ. Мен жібердім. Сен неге баланың қызығушылықтарын сұрамайсың? Бүгінгі көтеріңкі көңілін басқаннан саған не пайда? Бұл адам ба өзі бұл үйде? Асыранды күшік пе?
– Апа, араласпаңыз. Сіз келгелі еркелеп кетті. Бұдан ең күшті адам жасаймын деген қанша еңбек зая кеткелі тұр. Сіз бәрін құртасыз.
– Мен бе? Мен зиян жасап жүр екенмін ғой. Тіпті бұл үйге келмеуің де керек дейтін шығарсың. Сен балаңнан өзің сияқты тасжүрек, кеще жасауды армандап жүрсің, – әжесі шарасыз басын шайқады. – Ойбуй, түсініксізім-ай! – Әжесінің жүзіндегі шуақ сынып-сынып түсті. Ашуланып бөлмесіне кетті.
Көнгіш Жақсылық шорт кетті. Әкесін тыңдамай бөлмесін жауып ішінен бекітіп алды. Әжемнің көңілін түсірді-ау. Енді тіпті жадырап күлмейтін шығар. Аяулы жанның көңілінің түскеніне шыдай алмай әрі-бері жүрді. Барып жұбатайын десе, анасы қайта-қайта келіп, тықылдатып, есігіне маза бермей жүр. Тезірек баласының дұрыс қылық істемегенін түсіндіріп, дұрыс жолын көрсеткенше байыз таба алмайтынын бала жүрегі сезеді. Жоқ, мына бөлмеге симай барады.
Дәліздің балконына шықты. Шарбағынан асып түсіп, салбырап тұр. Қорқақтап тұрып секіріп түсті. Салмақ тобық тұсына түсті ма, әжептеуір ауырсынып, ақсаңдап қалды. Сол ақсаңдаған күйі көшеге шықты. Кең жол жүр де, жүр деп тұрғандай аяқ астында далиып жатыр. Көше балалардың у-шуына толы. Әр-әр жерде таза ауаға шығып, орындықтарда отырған үлкендер де бар. Қазір ғана төрт қабырғадан шыққан денесі кең дүниеге керіліп, еңсесі тіктелді. Айналасына қарап жүріп келеді. Аяғы әжептеуір ауырыңқырап қалыпты. Ана бір қалың талдың арасындағы орындықтың біріне отырмаса болмас. Сол жерге келе бергенде топталып тұрған өзі қатарлы он екі-он үш жастардағы балаларды көрді. Гүжілдері қаттырақ шығып тұр. Отырып аяғын сипап көріп еді, ісіңкіреп қалыпты. Топтан бір бала бері қарай келеді. Сыныптасы – қара Қанат. Оның артына екі бала ерді.
– Ей, Са-я-я-яқ? – деді дауысын созып, қара Қанат таңданысын жасырмай. – Біздің Саяқ ерекше тірлік жасапты. Көшеге шығыпты.
– Кешір, көшенің тек сенікі ғана екенін білмеп едім.
– Неге менікі? Көше ортақ. Шыға бер. Бүгіндікке екі рет таңқалдырдың. Жарайсың.
– Сыныптасың ба? – деді тығыншықтай қара бала көзінің астымен қарап.
– Иә, танысып қойыңдар. Аты – Саяқ. Ал мынау – Қайық. Екіншісі Бақа.
– Неге Қайық? Неге Бақа?
– Шын аты – Жайық. Жайық деген – өзен. Бұл енді өзенге ұқсамайтыны анық. Ал қайыққа құсайды. Тіпті аумайды. Лыпып жүзіп жүреді. Ал мынау – Бақытжан. Қысқаша Бақа. Мысалы: бақа қайықпен қыдырды. – Қанат қарқылдап күлді.
– Ее-е-е! Қауырсын, абайла! – Жайық Қанаттың желкесін бүре ұстады. Шиқылдап күліп қоймаған Қанаттың басын төмен иіп арқасына мінбекші болды. Екеуі ұмар-жұмар боп жерге құлады. Тас жолға оңбай құйрығымен құлаған Жайық ашуланыңқырап қалды. Қайта ұмтылды. Төбелеске ұласып кете ме деген Жақсылық ажыратпақшы болып атып тұрғанда алдында жатқан қалта телефоны жерге түсті. Оны Бақа иіліп алып жатқанын көрсе де, алдымен екеуін барып ажыратты. Телефонын қайта алмақшы болып Бақаға қараса, ол өтіріктен қатты ыржиғаны соншалық, екі көзі жұмылып кетіпті.
– Телефонымды бер, – деді бұл қолын созып. Бақа жымиған қалпы:
– Қандай телефон?
– Ойнап тұрған жоқпын. Жаңа ғана менен түсіп қалған. Сен оны алдың.
– Мен сенің телефоныңды алдым ба? – Енді Бақа өтірік таңғалды.
– Қой, Бақа, бер телефонын. Ұмытпа ол менің сыныптасым екенін, – деді Қанат.
–Қой-ей, менің өз телефоным бұл. – Бақа Жақсылықтың телефонын қалтасынан алып олай-бұлай қарай бастады. Ей, болмайды. Саяқ, ерекше адам осындай телефон ұстай ма екен? Саяқ деген айфон ұстамайды ма? Себебі ол Ерекше ғой. Егер мен Бақа болмай Саяқ болсам... – Бақа мысқылдай бастады. Қанат қолын созды:
– Бер! – дедім ғой.
– Бермесем ше? Күшпен аласың ба?
Қанат оны білегінен шап беріп қайыра бастағанда, ол телефонды екінші қолымен Жайыққа лақтырды. Енді ол түк болмағандай айналдырып қарай бастады. Жақсылық ұмтылғанда ол әрірек кетіп, зерттей бастады.
– Ееей, мынада түк ойын жоқ қой. Не ешқандай ән де жоқ. Сен шынымен де ерекше екенсің. Қане, сенен бейнебаян түсіріп алайын. Ол телефонын алып алмақшы болып ұмтылып жүрген Жақсылықты қаша жүріп олай да, былай да телефонға бейнеге түсіріп алды. Бұл кезде бір топ бала бұларды қызықтап келіп қарап тұрған. Түсірген суретін телефоннан қарап Жайық қарқылдап тұрып күлді. Бәрі келіп үңілді. Шынымен тістеніп алып, ақсаңдап телефонына қолын созып жүрген Жақсылықтың бейнесі қызық шығыпты. Балалар бірінен-бірі алып шиқылдасып жатыр.
– Не болды? Бер телефонын өзіне. – Ұзын бойлы, шашын тықыр қырыққызған бала телефонды жұлып алып Жақсылыққа берді.
– Мен Ғанимын. Сені жақсы танимын. Арғы көшенің аяғында тұрасың.
– Рахмет.
Жақсылықтың аяғы сыздап барады, ауырсынып отыра қалды орындыққа. Аяғынан шұлығын шешті. Әжептеуір ісіп кетіпті.
– О-о-оо! – деп таңқалды бәрі бірауыздан. – Не болған аяғыңа?
– Балконнан секіріп кетіп едім... ссс...ауырып тұр. Сынған жоқ шығар...
– Іссе не сынық, не шыққан. Менің қолым шыққанда солай айтқан.
– Саяқ, мен саған бүгін үшінші рет таң қалып тұрмын. Балконнан неге секіріп жүрсің?
– Қой, мен үйіме бармасам болмас. Сен маған көмектес. Сүйеніп барайын саған.
Осы кезде Жақсылықтың телефоны шылдырап қоя берді. Жақсылық өшірді де қалтасына сала салды. Қара Қанат аңқиып қарап тұрды да, сүйемелдеп келе жатып:
– Ууу... Сен үйіңе жеткенше аяғың ісігі ұлғайып кететін түрі бар. Жүр, одан да біздің үй мынау тұр. Аяғыңды байлап шығайық.
Жақсылықтың аяғын байлап бола бергенде, Қанаттың ата-анасы да келді. Анасы келе тамақ дайындауға кірісті. Шашылған ыдысты жуа жүріп, Жақсылықтың жағдайын сұрап біліп алды. Әкесі де демде ала келген нанын турап тамақ жасауға көмектесіп жүр.
– Келіңдер, тамақ ішіп алыңдар. Содан кейін өзім көлікпен апарып тастаймын, – деді Қанаттың әкесі.
– Сен неге ата-анаңа көмектеспейсің? Олар жұмыстан шаршап келді ғой, – деп сыбырлады Жақсылық.
– Үндеме. Олар бәс тіккеннен жеңіліп қалған. Міне, соның өтеуіне екі ай қолым бос. Үйде түк жұмыс істемеймін.
– Ол не бәс?
– Сен менің сабағымның орташа екенін білесің. Былтыр тіпті бәрі үш болды. Ата- анам саудада істейді ғой. Сауда жүрсін деп жұмыс аяғында да отыра береді. Менің сабағымды тексеретін уақыттары жоқ. Биыл сабағыңды төртке көтерсең екі ай үй жұмысынан босатамыз деген соң төртке көтердім. Рахат! Сабағымды оқимын да далада жүремін. Бағанағы балаларды көрдің ғой солармен іш пыспайды. Күнде бірдеңе ойлап табады. Бағана Ғани болмағанда сенің телефоныңды салып, автомат ойнайтын еді. Автоматқа бәрін тігіп кететін күндері көп болған. Осы күні азайтты ғой. Жаңағы саған болысқан Ғани көшенің «атаманы». Сол кімде-кім автомат ойнаса таяқ жейді деп, автомат ойнаған баланы үйіне апарып жұмысқа жегіп қояды. Талай үйдің еркесі оның үйінің қорасын тазалады ғой.
Жақсылық таң қалды. Сонда бұл жақсылық істегенге жатады ма, жатпайды ма? Автоматтан келетін кесірді елдің бәрі біледі. Талай бала өз үйін өзі тонап сорлатты ғой. Соны тыюға көмектессе жақсылық жасағаны ғой.
Жақсылық үйіне келгенде күн батып, қас қарайып кеткен еді. Үй ішіндегілер үрпиіп отыр екен. Кімнің неден қате кеткені зерттеліп, біраз даудырласып тоқтаған сияқты. Әжесі ғана салмақты отыр. Немересін көріп өңі жылып, жымиды. Қандайда бір жаза дайындап отырған әке-шешесі балаларының ақсап басқанын көріп, сұрақтың астына алып, жамырай кетті.
– Балконнан секіргеннен болды ғой?
– Аяғың сынса не істер едің?
– Осы аяқпен осы уақытқа дейін не істеп жүрдің?
– Бізге, мына әке-шешеңе қазірден қарсы шығып, өстіп қалдың. Ертең есейгенде не болады?
Миын жей жүріп ауруханаға көрсетіп келді. Сынық жоқ. Сүйек шытынаған. Орап қатырып берді. Біраз күн аяқ баспай үйде болуы керек.
– Тоқсан қорытылып жатқанда... Біраз сабақ өтіп кететін болды. Түсінбей қалатын болдың... Ух! Басым-ай! Бағана тіпті телефоныңды өшіріп қойып... Сен тіпті сыйламауға көштің, – әр нәрсені бір айтып, баласынан жаздым, жаңылдым деген сөз естімеген соң анасы тіпті күшейтіп жіберді.
– Әкем әжемнен қатты сөйлегеніне кешірім сұрады ма?
– Не үшін? Сені осылай дәлдеңдеткені үшін бе?
Жақсылық әжесінің бөлмесін тақылдатып ішке кірді.
– Әже сізді әбден ренжіттім кешіріңіз. Енді ауылға кетіп қалатын болдыңыз ғой, бізге ренжіп. Бәріне мен кінәлі. Ауылға екеуіміз кетіп қалайық. Маған ондай әке-шеше керек жоқ, – Жақсылық әжесін құшақтап бетіне жалына қарады. Әжесі ойланыңқырап басынан сипады.
– Кімге ренжимін? Ана екеуіне ме? Ондай ақымақтарға адам ренжи ме екен? Оқу өтіп кеткен ғой екеуіне, сірә. «Жұмыс, жұмыс» деп бір есік, бір тесік болыпты екеуі. Таза кісікиік. Емім баяғыда біткен. Не үшін жүр дейсің, ауылына қайтпай? Мына екі ақымақ сенен «адам-алапат» жасаймыз деп, лабораториядағы қоянға тәжірибе жасағандай, ешқайда шығармай тек қана оқуға байлап қойғандарынан шошып қалғанмын. Сені ғана емес, оларды да құтқаруым керек мына шартты өмір сүруден. Әке-шеше керек емес деуге болмайды. Олар сені туды. Тамағыңды, киіміңді тауып беріп, өсіріп жатыр. Мұндайларды оқу өтіп кеткен дейді. Ата-ана, туған-туысты, көршіні адам таңдай алмайды. Оны Алла береді. Ол қандай болса, солай қабылдайсың. Қайта бұрыс жері болса көмектесесің.
– Әже жаңа мені әкеліп тастаған Қанаттың ше, сабақ оқығаны үшін әке-шешесі түк жұмыс істетпейді екен.
– Ол енді дұрыс емес. Қанат сабақты кім үшін оқиды сонда?
Есіктен Әсия мен Жарас сығалады. Әжесі көрмегенсіп енді басқаша сөйледі:
– Екеуіміз жиналайық. Ауылға алып кетемін. Сабағыңа бәрібір әзір бармайсың. Аяғың жазылғанша жазғы демалыс та бітеді.
– Шынымен де ме, әже? Мені ала кетесіз бе? – Жақсылық жүрегі жарыла қуанды. Ұлымен келіні шыр-пыр болды.
– Басыңыз ауырып тұрғанда қалай кетпекшісіз? Қысымыңыз көтеріліп кетсе не істемекшісіз? Жақсылыққа аяғын әзір басуға болмайды.
– Ештеңе жоқ. Ауылдағы ұлға хабар беремін, көлігімен алып кетеді. Құтқар деймін мына жүрексіздерден. Балаларын ішқұса қылып, ендігі өлтірер болыпты, – деп айтамын. Осыдан жолыма тұрып көріңдерші... Қалада аписер ағамыз, ғалым жеңгеміз бар, – деп мақтан тұтқан ағаларының әбиірін айрандай төгейін.
– Олай ете көрмеңіз. Барасыз, жібереміз ауылға. Бірақ қазір емес. Жатыңыздар. Емделіңіздер. Енді он күнде сабақ та бітеді. Сол кезде бірге барасыздар.
Ертесіне әкесі жұмысқа өзі ғана кетті. Анасының бұрын соңды үйде қалғанын Жақсылық көрмеген еді. Баласының аяғын сипалап, орап беріп, әжесіне дәрі беріп жүгіріп жүр.
– Ух, – деп ухілеп қояды әжесі. – Ауырмағанда ауылға кетіп қалатын едім. Әлде кете берсем бе екен? Ауылдағылар қаладағы баласы ауыртып жіберіпті дейді-ау... Бірақ, Айта берсін несін жасырамын...
– Апа, жазыласыз. Ауырғаныңызды ауылға айтпай-ақ қойыңызшы. Қазір сорпа қайнатып беремін, – анасы ауылға әбиірінің айрандай төгілерін ойлады ма зыр жүгірді. Әжесі жылы жымиып бұған көзін қысып қойды.
– Ойбуй, гүлдерімді ұмытып кетіппін-ау. Бүгін көшеттейтін гүлдерім бар еді. Сәния, даладағы көшеттері алып жүр. Отырғызайық. Ух, басым-ай. Далаға шықсам қояр ма екен?
– Міне, мынау қызыл гүлдер. Мына жерден шеңбер сыз да соны айналдыра егіп шық. Екі қатар. Содан кейін көк гүлдер егесің. Ішкі шеңберге. Алдымен гүлдермен амандасып ал. Қоныстарың құтты болсын де. Бізді көркіңмен қуант, біз сені сумен, мейіріммен қуантамыз де.
Анасы ауызы ашыла қарады. Мынаның есі дұрыс па дегендей. Қайдағы бір гүлге сөйлегенді ерсі көріп бөгеліп қалды.
– Неге тұрсың? Бұрын шыққан гүлдерге қарамайсың ба, саған қарап амандасып бастарын иіп тұр. Сен болсаң басып кете жаздадың. Ух басым-ай! – деп әжесі басын ұстап қойды.
Сәния гүлдерге қараса алқызыл гүлдер көздің жауын алады екен. Жасыл жапырақпен жайқалған түрлі-түсті гүлдер жұпар иіс шашып, мойындарын соза қарағандай болды. Шынымен сөз түсінеді ме дегендей үңіле қарады. Самал жел тұрды ма, әлде шынымен амандасқандары ма бастары қимылдағандай болды. Мына гүлдерді жылда еккізгенімен, ешқашан байыптап қарамаған екен. Не деген әдемілік. Жұпар иісті иемденіп, тарамдап жапырақ жіберіп, күнге мойынын бұрып, түн болса ұйықтауға күлтесін жауып кәдімгідей тірлік ететін гүл сөз түсінсе түсінетін де шығар. Сәнияның сұраулы жүзіне әжесі қарап басын изеді:
– Иә, сені көргендеріне қуанышты сияқты. Енді ана гүлдерге, жаңа көшеттерге аман-есен өсіп кетуін тіле де отырғызып таста.
Көз қиығын айналасына бұра бермейтін анасы состиып тұр. Мына кемпірге қалай да жағу керек. Әрі мына гүлдер мұны көріп жыбырлаған сияқты болды ма, біртүрлі...
– Саламатсыздар ма? Қоныстарыңыз құтты болсын, – деді естілер естілмес мұрынының астынан міңгірлеп. Таяққа сүйеніп әжесінің жанынан орын алған Жақсылық анасының мына кейпін көріп иығы селкілдей бастап еді, әжесі білдірмей шымшып қойды. Анасы айналдыра үлкен шеңбер сызып, оны айналдыра гүл егіп, ішін де толтырды. Сенімсіз бастап еді, қыза-қыза әдемілеп оған су келетін арықша да жасады. Себезгімен жақсылап суарды. Өзі істеген тірлігіне олай бір, былай бір қарады. Көңілі толған сияқты. Тағы не бар екен істелмеген? Айналасына қарап, тырмамен қиқымдарды сыпырып алды. Жер қатайған секілді ме? Тырмасының ұшымен сәл ғана қопсытып қойды. Жер. Қара топырақ. Мына айнала көк желекке нәр беріп тұр-ау. Бұл да қызмет қой. Бұрын неге байқамаған? Табанының астынан бұған да нәр берген сияқты. Аяқкиімін шешіп жер басып көрді. Иә, солай сияқты. Табаны рахаттанып, бойына бір тылсым күш кіргендей ме? Мына үлкен ағаштар да осы жерден өсіп көкке шырқап тұр-ау. Өздері гүлдеп, гүлі түсіп үлгеріпті. Неге байқамаған? Сұраулы жүзімен енесіне қарады. Енесі жымиып басын изеді. Келінінің сұрағын дана кемпір айтпай-ақ біліп отыр.
Сәния айтқанындай түскі асқа сорпа жасай бастады. Әртүрлі қоспаларды сапырылыстырып керегін іздеп жатқан келініне әжесі:
– Еті қайнағанша сен Әсия тәтеңе барып келші. Ауламда жалбыз өседі деп айтқан. Сорпа піскенде турап салып жіберсе, мына қоспаларыңнан артық. Адамның ішкі сарайын ашады. Жаңағы қалған көшеттерді апарып кел. Қалай еккеніңді айт. Көңілін сұра. Осы үйдің тірлігін істеп жүрген адам ғой.
– Апа, енді... Ол кісі ақыға істеп жүрген кісі ғой. Жағдайын біліп, көңілін үйіне барып сұрау міндетім емес қой.
– Шарт емес қой де. Аписерің екеуің тек шартпен істейді екенсіңдер ғой. Ұмытып кетіппін. Ол адам емес, ол әншейін қызметші ғана ғой сендерге, әлгі робот секілді, – әжесі күйзеліп басын шайқады. Шынымен де басы ауырып кетті. Шүйде тұсын ұстады.
– Мен жәй... Уақыт жоқ дегенім ғой. Жарайды. Барып келейін.
Сорпаның еті піскенде анасы да келді. Әсия апа да ілесе келіпті. Әсия апа бұрынғыдай емес, ашыла сөйлей кірді:
– Сізді ауырып қалды деген соң жағдайыңызды білейінші деп келдім. Әрі Сәния сорпа ішіп кетіңіз деп шақырғаннан соң. Айналайын Сәния келіп гүл егіп берді. Аулама тек қалампыр егіп, басқа көшет алуға уақыт таппай жүр едім. Сәнияны шыны керек үй шаруасын біледі деп ойламаппын. Көп жаса, қарағым.
Сәния екі әйелдің жадырасқан күйлерін көріп өзінің де көңілінің көтерілгенін байқады. Бетіне жалбыз тураған соң сорпаның дәмі өзгеше болды. Қандай тамаққа не қосуға болатынын айтып әйелдер біраз дуылдасты. Күндегі тірлігін істеп үндемей жүретін арық қара әйелдің сондай ажарлы екенін, әжептеуір үйі, сүп-сүйкімді немересі барын, екі жақтап ақша тауып емделіп жатқан баласына көмек көрсетіп, қолы тимейтінін осы күнге шейін өзінің білмегеніне таңқалды.
– Әсия тәте, сіздің балаңыз емделуге кеткенін мен білмеппін. Келініңіз жұмыстан босап жанында екенін де енді білдім.
– Иә, екі ай болды, бір білгіш адамның емдеп жатқанына. Тәуір болып келеді.
– Немереңіз тандыр пісіріп сатып жүргенін де жаңа білдім. Жақсылықпен қатар бала қамыр ашытып, от жағып, бәріне үлгеріп жүр. От қызғанша нанын дүкенге өткізіп келді. Менің барғаным жақсы болды. Ең болмаса аулаға гүл егіліп әдеміленіп қалды. Ол гүлдер жақында ашылады ғой иә, апа? Сол кезде сіздерге көтеріңкі көңіл сыйлайды. Немереңіздің әке- шешесі келгенде аула әдемі болып тұрады.
– Рахмет, көкем. Алла разы болсын. Көңілімізді сұрағандарыңа қуанып қалдым. Немерем – Ғаниымның тапқанын әкесіне емге жіберіп отырмыз. Менің тапқанымды ас-су қыламыз. Айналайын Ғани сабаққа да үлгереді, жұмыс істеп те үлгереді. Бір мезгіл достарымен қыдыруға да жіберемін. Көрмейсің бе енді, қырсыққанда қолымды күйдіріп алғанымды.
Ғани деген бала Әсия апаның немересі екен ғой. Сондай тірлік істеп жүрген бала бұзық балалармен бірге жүргені несі екен? Туыс пен көршіні таңдамайды деп әжесі айтпақшы, олардан қашпай, қайта оларға дұрыс жол көрсеткеніне қарағанда ақылды бала болды ғой.
– Ештеңе етпейді, тәте, жазылып кетеді. Ал күнделікті еңбек ақыңызды мен төлей беремін. Бұрыннан бері істеп келесіз. Егер артық алмаймын десеңіз, балаңыз жазылып келгеннен соң берерсіз.
– Рахмет, көкем! Сәния мен сені мұндай ақылды, мейірімді екен деп ойламаппын.
– Өзім де, тәте. Айналамда әдемі гүлдер өсетінін, әр адамда бір сыр барын көруді ұмытып кетіппін.
Жақсылық анасына қарады. Қалай ғана өзгерді. Жарты күнде. Әжем сірә сиқыршы болар.
***
Түстен кейін, ауылдағыдай есік алдына су сеуіп сыпыртып, бәрі далаға шығып отырғанда қара Қанат келді. Үй тапсырмаларын алып келіпті. Әжесі разы болып қалды:
– Рахмет, балам, жолдасыңды ойлағаның дұрыс екен. Атың кім, балам?
– Әже,бұл кеше мені әкесімен жеткізіп тастаған Қанат қой.
Әжесі сен бе едің дегендей ойланып қалды.
– Дұрыс, балам, Көмек бергеніңе, әкеңе рахмет айт. Кеше кірмей кетті. Ал сен ақсаусақ бала болуың керек.
Қанат түсінбей саусақтарына қарады. Әжесінің ақыл айтпақшы екенін Жақсылық түсініп қойды. Мұның өзі туралы әңгімені әжесіне айтқанын білсе «тоқылдақ» аталатынын ойлап әжесіне айтпаңызшы деп сыбырлап үлгерді.
– Қолы жұмыс істемегенді ақсаусақ дейді. Қолыңнан бірдеңе келеді ме дегенім ғой. Мына Жақсылыққа істетемін ғой деп едім, аяғын ауыртып алды. Сен, көкем, ана шарбақты жөндеп, мына жерді қопсытып бересің бе? – Әжесі сынай қарады.
– Жарайды, әже. – Ешкімнің жұмсағанына көне қоймайтын Қанатқа ақсаусақ туралы сөз өтіп кетті ме, қисайған шарбақты жөндеп, жер қопсытып, жұмысқа кірісіп кетті. Жақсылық арты не болар екен деп таңқалып отыр. Біреудің жұмысын істемек түгілі, өз жұмысын істеген адамды «пысықсынып» деп мазақ ететін Қанаттың тыпыңдап біреудің үйінің жұмысын істеп жүргені түсі сияқты Жақсылыққа.
Берілген тапсырма аяқталуға жақын. Көріп отыр ма, не айтар екен дегендей Қанат әжесіне қарағыштап кетті. Ал әжесі оның бар екенін тіпті ұмытып кеткендей. Әсия апаймен әңгімені соғып отыр. Қанат қолын жуып, шаңын қағып жандарына келгенде күн де еңкейіп қалған еді. Әжесі түк болмағандай отыра берді.
– Әже, Қанат жаңағы жұмысты бітіріп тастады, – деді Жақсылық шыдай алмай. Әжесі естімегендей. Орнынан тұрып екінті намазын оқуға кетті. Қанат намыстанып қалды. Ақсаусақ емессің бе дегенге намыстанып үйінде істемейтін тірлікті ақ тер, көк тер болып істегенде үлкен кісі рахмет айтуға да жарамады. Не үшін, неге істеді? Ызасы келді. Кетіп қалғысы-ақ келсе де бір сұрақ көкейін тесіп, кете алмай айналсоқтап отыр. Ол сұрақ: «Қалайша біреудің еңбегін пайдаланып, оған көңіл де бөлмей кете салады?» Жақсылықтың әжесі қайтып келгенде, әкесі Жарас та жұмыстан оралып еді. Күндегідей емес, бәрінің далада отырғаны, қонақтардың да бар екенін көріп аялдап қалды.Тура ауылдағыдай. Есіктің алдында аялдамағалы көп болыпты-ау. Тез тамағын ішіп алып, жаңалықтар тыңдағанша асығатын. Бүгін бөгеле берді.
Жақсылықтың әжесі үйден ала келген қалтасын ашты. Іші толы асықтар. Жарастың көзіне оттай басылды. Асық көрмегелі қай заман. Көзіне ыстық көрінді. Қызыл асық, жасыл асық, сары асық. Дәу-дәу сақалар. Кейбірінің ішіне қорғасын құйылған. Құламасын, ылғи алшы түссін деп ылғи осылай істейтін. Мына дәу сақа таныс қой. Жарас жақын келіп қарады. Иә, қызыл бояуы оңып, түсі өзгергені болмаса құйылған қорғасыны, сақаның өте үлкендігінен танып тұр. Өзінің бала кездегі сақасы. Мұндай үлкен сақаны ешкім көрмеген. Өзінде ғана болатын. Осы сақамен талай асықты ұтатын. Сұраулы жүзбен апасына қарады. Апасы байқамағандай қалып танытты.
Енді апасы қалтадан ләңгі шығарды. Ақ текенің жүнінен жасаған өз ләңгісі. Жүні салалы болғасын қалықтап қонатын. «Бір ләга, екі ләга» деп теуіп жататын шағы елестеді. Сол «ләга» деген сөздің не екенін өздері білмейтін. Жүрегін сағыныш па өкініш па қозғап өтті. Жанындағы екі балаға қарады. Кекілдері желбіреп тұрған екі баладан өзін көргендей болды. Иә, осылардай еді ғой. Жалаңаяқ шаңды бұрқыратып доп тебетін. Қап-қара болып күнге күйіп, судан шықпайтын. Азанда кеткеннен кешке бір-ақ оралатын. Отыра қалып қойны-қонышынан ұтып алған асықтарын шығарып, санайтын. Ұтысына разы болып қалтаға салып тығып қоятын. Қайда жүрдің деп апасы сөйлей бастаса, әжесі ара түсіп апасының ауызын жабатын. Керемет еді ғой. Мына екі бала соның бірін біле ме? Селк етті. Оны білмеген кемдік қой. Ол бүтін балалық емес қой.
Апасы асықтарды сипап, Қанатқа қарады:
– Балам, рахмет, көмек бергеніңе.
Қанаттың өңі енді кірді. Ыңғайсызданып қалды. Жаңа ғана мына кісіні адам қатарына қоспай жазғырғынына ұялды.
– Көрдің бе, балам, сен үшін біреу бірдеңе жасаса алғыс айтуды ұмытпау керек. Мейлі ол сенен кіші болсын, әкең болсын, шешең болсын, сен үшін тер төккен адамға алғыс айтады. Істеген жақсылығына жақсылық қайтарады. Ал мына асықтарды сен ал. Өзің асық ойнап көріп пе едің? Мына Жақсылыққа әкелгенмін. Әкесінікін сақтап едім. Бірақ бұл балаға ойнауға болмайды екен. Сендер айтпақшы бұл ерекше, саяқ бала екен да. Ауылдағы немерелерімде жетеді асық деген. Бұл Жақсылықжанға сақтағаным еді. Ойнамаса босқа жата ма? Сен ала ғой.
Жарас ышқынып қалды.
– Апа, ойнайды Жақсылық. Асықтарды соған сақтасаңыз, өзіне беріңіз. Өзі Қанатқа бөліп берер. Сақаны осындай жасымда өзім жасағанмын. Қалай сақтағансыз? Рахмет сізге, апа! Мына ләңгіні менен шебер ешкім ойнай алмайтын. Көрейінші. Ұмытпаппын ба?
Жарас ләңгіні алып теуіп кетті. Басында жерге түсіп кете беріп еді, соңында ләңгі иесін танығандай ырыққа көніп ыршып түсіп, қайта қонып жатты. Екі бала қызығып: «біз көрейікші, беріңізші» деп таласа кетті.