Назад
ЖАЗДЫҢ ҚОШТАСУ ӘНІ

хиқаят

Сол бір жаз Серіктің өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Бұлай болады деп үш ұйықтаса да түсіне кіріп пе еді. Бәрі де төттенен басталып, мұның көңілін ұйқы-тұйқы етіп кеткен-ді. Алдымен көктем келген. Жердің қары еріп кетісімен қырқаларға бәйшешек қылтиып шықты. Күн тез арада жылынып, мамыражай бір әдемі күндер басталды. Көп  ұзамай-ақ көшені бозқарағай иісі алып кетті. Жел соқса болды, жұпар иіс аңқып қоя берді.

Енді ауылға қырқалардан, бөктерлерден құшақ-құшақ қызғалдақ ағылды. Жылдағыдай алдымен оны бақташылар жеткізді. Малды ауылдан ұзатып жаятындықтан қызғалдаққа ең бірінші солардың қолдары жетуші еді. Әдейі аз алып шыға ма, олар әкелген гүлге ылғи да талас туады. Қызғалдақты көрген сәт Серіктің ішіне шоқ түскендей болады. Бақташылардың қолындағы екі-үш тал гүлдің біреуін қалайда иемденіп қалғысы келіп, үйдегілерге арыз айтады. Олар алып бергісі келсе де, қыз-келіншектер кішкентай балаға гүлді қайдан бұйыртсын. Өзге гүлдің біріне де бұлай құмартып көрген емес. Бәйшешекті ауылдың маңынан өзі-ақ теріп әкеледі. Ал алыста өсетін қызғалдақ қолға түспейтін бір армандай. Биыл қалай екенін алғашқы жеткен қызғалдақтың бірі бұлардың үйіне бұйырды. Терезелердің алдында құтыларға толтырылып неше түрлі гүл тұрды.

Бойжеткендер шаштарына бантик тағып, үсті-бастары мұнтаздай болып, қолдарына гүл ұстап мектепке кетіп бара жатады. Гүл ұстамайтындары жоқ. Бәрі де гүл ұстайды. Ал ер балаларға бәрібір. Олардың қолындағы гүл де сиықсыз көрінеді. Ұстай қалған күнде сабақтары сынып, жапырақтары майысып, байқұс гүл бейшара күй кешер еді.

Серікке әсіресе бойжеткендері бар үй гүлдей құлпырып кеткендей көрінді. Бұлай ойлау себебі өзінің де әпкесі бар. Оның ай маңдайы жарқырап, бұрымдары шұбатылып үйге кіріп шыққанының өзі ерекше бақыт-ты. Биыл ол оныншы класты бітірмек. Оныншы класта оқитындар ғана оған нағыз бойжеткен көрінетін.

Көрші кемпір әжесімен әңгімелесіп отырып:

– Қызың бойжетіп қалыпты ғой, – деген.

– Тіфә-тіфә. Тіл көзден сақтасын. Әлі бала емес пе, – деп, әжесі шыр-пыр болды.

Серікке «бойжеткен» деген сөз қатты ұнап кетті. Әжесіндей емес, ол сөзге кәдімгідей масаттанып қалды. Содан бері аузынан тастамайды. Әпкесімен құрбы қыздарды «бойжеткендер» деп бір-ақ ауыз сөзбен атайтын болған. Аттарын атап бөліп жармайды.

Бойжеткендер өмірін бақылаудан бұл бір жалықпайды. Бұрындағыдай емес, «үйге қандай тапсырма беріп еді» деп керекті нәрселерін жазып алып тұра жүгірмейді, бірін бірі сағынып қалғандай жиі-жиі бас қосып, содан күн батқанша қоштасулары қиын, оны-мұныны әңгіме етіп отырып алады. Таусылмайтын сылқ-сылқ күлкі. Сырттай қарасаң, әңгімелері сойқан қызық. Тыңдап көріп еді. Тіпті де күлкілі емес. Кластарындағы ер балалардың сабаққа жауап бере алмай қалғаны туралы.

Бірде Серікке бойжеткендермен бірге ауыл сыртына серуендеудің сәті түсті. Мұндай да қызық болады деп ойласайшы. Қыздар ауылдан шыға бере‑ақ құйқылжысын. Бірінен бірі өтеді. Құдды артист дерсің. Сөйлеген сөздері өлеңше ағылып тұр. Серіктің аузы ашылып қалды. Қолдарын да сермелейді. Бастарын да шайқайды. Ілезде жылайды. Ілезде күледі. Ал межелі жерге жақындағанда, ешкімнің ести қоймасына көздері жеткесін, кең даланы бастарына көтеріп шырқауға көшті. Серіктің ұққаны «дала», «түтін», «шаң» деген сияқты жекелеген сөздер болды. Көкейде жатталып қалған әннің бір жолын бұл да өзінше қайталап ұзай түсті.  Туған жер, біз сенің баланбыз...

Күн сәулесін барынша төгіп мөлдірей түсті. Беткейдегі мың сан қызғалдаққа көз тоймайды. Серік алғашында ашкөздікпен шетінен үзіп құшағына жинай берген. Сәлден кейін бәрін тауыса алмасына көзі жетіп, таңдап жұлуға көшті. Мұнша бақытқа қолы жеткеніне мәз-мейрам. Тіпті өзін гүл-гүл жайнап кеткендей сезінді. Бақташылар, әлі қызғалдаққа ешкімнің қолы жетпеген кезде, әдейі ел қызықсын деп шәпкілеріне, бешпеттерінің өңірлеріне қадап алушы еді. Сонда шалдарға дейін жасарып кеткендей        көрінетін.  Мұнда сен оны айтасың сарғалдаққа дейін бар екен. Сап‑сары. Әдейі біреу қызғалдақты сарыға бояп қойғандай. Аз болғансын ба, әдемі көрінеді. Оны тапқан сәттегі қуанышты жеткізу қиын. Құшағына қызғалдақ толып кеткесін мұны «әртістерге» сыйлайын деп, көзін қыдыртып іздеуге көшті. Олар түу алыстан бұлдырап көрінеді. Дауыстары да шуылдамай бәсеңсіп естіледі. «Қой, бұны қайтар кезде бір-ақ алайын» деп анадай жерге апарып қойды. Қайдан шыққаны белгісіз, бір көбелек алдында көлбеңдеп жүріп алды. Бұл оны қуып біраз ермек етті. Әне ұстаймын, міне ұстаймын деумен шаршады. Бұл ойынды қоя қойса, қонады. Қуса, жоғалып кетеді. Сөйтеді де қайтадан анадай жерден көрінеді. Мұндай қу болар ма. Ауыл маңындағы көбелектердей емес, ұстатпайды. Ақыры «үйіне» кетті ме, әлгінде ғана қанатын қалбаң-қалбаң қаққан көбелек жоқ болды.  Серік те сілесі қатып шаршады. Едәуір өсіп қалған шалғынды басып отыра кетіп еді, бойы сәл-ақ қылтиды. Танауына сан түрлі шөптің хош иісі келіп еліткендей болды. Шалқасынан түсіп көкпеңбек аспанға қарауы сол екен, бойы маужырап ұйқысы келді. Күн тас төбеге  көтеріліпті. Ол шашы жоқ, беті-жүзі дөп-дөңгелек балаға ұқсайды. Бұған қарап көзін қысып-қысып қояды. Серік қанша қаймықпай қарағысы келсе де, көзі ұялып, кірпіктері айқаса береді. Көзін сәл ашады да қайта жұмады. Ал көктегі күн «ұйқышыл, ұйқышыл» деп мұны мазақтап тұр. Серік енді көзін тарс жұмып алды. Өткір сәуле шымырлатып өн бойына жайылды. Сәлден кейін алып жер ақырын ғана қозғалып, тербете жөнелгендей болды. Бұның ұйқысын бұзбайын деп сыбырлап қана бесік жырын айтатын сияқты. Осы сәт ол өзін кең даланың ерке ұлындай сезінді. Міне, бұл туған жерінде шалжиып жатыр. «Мен еш жерде де дәл осылай еркелеп жата алмаспын, – деген қызық ой келді оған. – Өйткені бұл біз туған жер ғой. Қыздар да оны бекерден-бекер әнге қоспаса керек». Бұдан кейін не болғанына Серік тіпті бас қатырғысы келмейді. Ол сол жатқаннан мол жатқан. Қыздардың өзін іздеп шарқ ұрғанымен де жұмысы жоқ. Бойжеткендер көздері шарасынан шыға жаздап, енді біттік-құрыдық дегенге ғана әкесінің төрінде жатқандай екі қолды екі жаққа жайып жіберіп қаннен-қаперсіз ұйқыға кеткен мұны кезіктіріп, не күлерлерін, не жыларларын білмеген. Содан кейін былқ-сылқ еткен мұны алма-кезек көтеріп, қан сорпалары шығып ауылға жеткен. Әйтеуір күн батпай ауылды тапқандарына мәз. Аз күнде шаңның иісі білінді де, жаз шықты. Серік үшін каникул басталды. Ол енді арқа-басы кеңіп, ұзақты күнге үй бетін көрмейтінді шығарды. Әйтсе де бойжеткендер өміріне зер салып қоюды ұмытпайды. Бұл уақытта олардың қолынан кітап түспеуге айналған. Қашан көрсең шұқшиып, оқи-оқи зіл тартып кеткендей бастарын көтермейді. Олар, бар дүниені ұмытып, өзге әлемге еніп кеткендей. Кейде жандарынан ары-бері өткен Серікті де байқамайды. Ал терезеден кілең бір жаңа әуендер төгіледі де жатады. Бойжеткендер тыңдап отыр ма, жоқ әлде тыңдаймын деп қойып ұмытып кетті ме, әйтеуір күйтабақ шырқаудан бір танбайды. Серік кей сәттерде ұзақ отырып, ұйып тыңдап қалады. Ән оны беймәлім әлемге жетелеп әкетеді. Әнші жас жігіт, мұның бар-жоғына назар аудармайтын сияқты, «сен мені қайдан түсінер едің» дегендей, айтыла-айтыла әбден жаттанды болған сөзін қайталай береді.

Серік, әрине, ол жігітті көрген емес. Күйтабақтағы адам көрінуші ме еді? Бірақ ән айтып тұрған жансыз күйтабақ емес, Сұлтан ағасындай жап-жас жігіт екенін жақсы біледі. Сұлтан – осы ауылдағы қарауыл шалдың баласы. Осыдан біраз уақыт бұрын ол да көшедегі балалармен қосылып күнұзақ асық ойнайтын. Сақаға қорғасын құйып әлектенетін. Қаладағы техникумға түсті де, сыптай жігіт болып шыға келді. Шалбарының қыры пышақтың жүзіндей. Үстінде кіршіксіз ақ көйлек. Ал аяғындағы туфлидің қашанда жалт-жұлт етіп жарқырап тұратынын айтсайшы. Тіпті бұлардың ми батпақ көшелерінде де балшыққа малынбайды. Оны көрсе-ақ Серіктің аузы ашылады да қалады. Сол сәт өзінің де кейін өсіп Сұлтан ағасындай жігіт болатынын ойлап, қиялдап кетеді. Ол асықтарының бәрін балаларға үлестіріп берді. Қорғасын құйылған сақа мен бір уыс кеней Серікке тиген. Сақасын бергені мұндай жақсы болар ма. Енді асық ойнағысы келсе, бұған жүгіріп келеді. Өзінің сақасын және екі-үш кенейді сұрап алып кетеді де, ұтып көбейтіп әкеліп береді. Еріккеннен қалада оқып жүрмегенін байқатқандай қашанда асығыс. Босқа уақыт өткізу жоқ. Асықтарды алып кеткені жаңа. Бір қарасаң, ұтып алғандарын қосып, қайта әкеліп беріп тұрғанын көресің. Солай: ол бүгінде асыққа, анау-мынауға бас ауыртпайтын болған. Әйтпесе бір дорба асықты бостан-бос үлестіріп берер ме еді. «Біразын апам лақтырып тастапты» дейді жайбарақат. «Қап» деп бұлар өкініп қалады. Қайда тастағанын білгенде іздемек те ойлары бар-ды. Оны балалар ғана емес, үлкендер де ауыздарының суы құрып мақтайды. Сұлтан келген сайын әке-шешесінің жаны кіріп қалады. Отындары жарулы, сулары тасулы, малдың асты тап-таза. Келгеннен қашан кеткенше тыным жоқ. Тау-тау тірлікті күліп-ойнап жүріп-ақ тындырып тастайды. Жұмыстың өзін думанға айналдырып жіберетінін қайтерсің. Ол жұмыс істей бастаса-ақ, ауылдың бар баласы қасына үйіріледі. Қашанғы қызықтап тұрсын, біртіндеп көмекке ұмтылғандарын өздері де сезбей қалады. Серік те қасынан шықпайды. Асық ұтып бергесін бе, «Сұлтан аға» деп, жаны қалмайды. Сол студент Сұлтан жора-жолдастарын ауылға ерте келетін. Өңкей бір жарқылдаған көңілді жігіттер. Өздерінен бұл ауылдың адамдарының күйкі тірлігінен бөлек өзгеше леп еседі. Қандай қиындық кездессе де тайсалар түрлері байқалмайды. Кемпір-шалдардың да олар дегенде ықыластары бөлек. Қарауыл шалдың үйін жағалап, бұл жерді таңсық көріп көшеге шығып көз тастап тұрғандардың қасына келеді де: «Иә, балам, амансың ба? Қай жақтансың? Туған жерің, елің-жұртың аман ба? Әке-шешең бар ма еді?» – деп сұрақты жаудыртады. Және осы сұрақтарына жауап алмайынша көңілдері көншімейді. Серіктің әжесі де солай. Егер жігіттердің біреуі «қарт әке-шешем бар еді» десе, «күйлі-қуатты ма?» деп егжей-тегжей тергеуге көшеді, «е,е... байқұстар-ай, ауру-сырқаудан аман ба еді?» деп аяушылық білдіреді. «Балам қашан келеді деп, екі көздері төрт болып жол қарап жүр-ау, демалыстарыңда барып тұрасыңдар ма, хат саласыңдар ма? Демалыстарың қашан еді? Қанша күн? Сол-ақ па? Мейлі да, бір-екі күн болса да барып қайтқандарың жөн ғой. Сары майдай сақтағандарын алдарыңа төгіп, естері шығып қуансын. Е-е, сендер ештеңені ойламайсыңдар ғой, «ананың көңілі балада,баланың көңілі далада» деген, не боп қалды, бірдемеге ұшырап қалды ма деп дегбірлері кетеді ғой. Сөйтіңдер. Амандықтарын біліп тұрыңдар» дейді орынсыз жерге килігіп, ең ақырында кетіп бара жатып та: «Оқыңдар. Оқығандарың жөн. Болашақ сендердікі. Біз болсақ, оқи алмадық, көп нәрседен кейін қалдық», – дейді.

Серікке бұл кісілер әу баста осындай үлкен кісілер болып жаратыла салғандай көрінеді. Ақылдары да көп. Үйіп-төгіп айта салады. Есеп шығара алмайды демесең, оқымаса да талай нәрсені біледі. Әлгілері жай айтыла қалған сөз сияқты. Тек «болашақ» деген сөз болмаса. Елең ете қалатын себебі осы. Шіркін, Сұлтан аға оқитын қаланы бір көрсе. Көз алдына шыттай киініп, қалада оқып жүргені елестейді. Хат жазып тұрады. Пәлен деген қаладан сәлем дейді. Сол қалада түскен суреттерін салады. Қарауыл атаның үйінде Сұлтанның қаланың әр жерінде түскен суреттері ілулі тұрады. Сұлтан ағаның айтуына қарағанда, үш тиын салып жіберсең, автомат тәтті су беретін көрінеді. Қалаға барса, ең алдымен үш тиын салып, су ішіп көреді. Ал паркте айта берсе ғажайып көп. Айналып жүретін ойыншық ат та бар екен. Тірі атқа талай мініп көрді, ойыншық атқа бір мініп көру қызық сияқты. Кішкентай күнінде үйде үп-үлкен ойыншық ат болатын. Бұл онымен ойнамайтын. Өйткені ол үйде сән үшін тұратын. Анда-санда үйдің шаңы сүртіліп, заттар далаға шығарылғанда ол ойыншық аттың жалынан сипап, үстіне мініп отыратын. Сонда төбесі көкке бір елі жетпей қалатын. Бірақ ойын деген сөз болып па? Қала туралы ойласа, қайдағы бір ойыншықтарға шырматылып қалатыны жаман. Жарайды, бір-екі күн құмардан шыққанша аралауға болар, содан кейін үлкен мақсаттарға бас қояды. Оқу оқиды, білім алады. Әжесін, ауылды таң қалдыру бір арманы. «Баяғы Серік ше, сол бүгінде үлкен ғалым атаныпты» деп бір дүркірейді. «Міне, газетке де жазыпты» дейді. Әжесі көйлегінің етегіне сүрініп қабынып, әріп танымаса да сол газетті іздеп әлек. «Қарағымнан әлі талай нәрсе шығады, – деп мақтанып та қояды. – Ғалым болып жатқандардың менің баламнан бір жері артық дейсіңдер ме? Аяқтары салбырап көктен түсіп пе?»

Сол сәтте өзінің даналық сөздерінің немересіне қалай әсер еткенін сезбейді, әрине. «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де оқу оқып, білім алған озады», – дейтін әжесі халық мақалын ептеп өзгертіп.

Тек әжесінің ол болашақтын адамы емес екенін біліп қана өкінеді. «Мен тойдан қайтып барам, ал сендер тойға бара жатырсыңдар. Тек сендер аман болыңдар. Одан өзге бақыттың маған керегі жоқ» дейді әжесі. Қарттар тіпті бұларға армандай болып көрінетін қалаға да қызықпайды. Аз уақыт қаладағы ұл-қыздарына, туған-туысқандарына барып қайтқанның өзіне азар да безер, түсіп-шығу бір ақырет» деп, көп қабатты үйді ұнатпайды. Ал биік қабатты үйлерге Серікті ғашық десе де болады. Арманы бұрынғыдан да асқақтап кеткендей көрінеді. «Көшеде сапырылысқан машина. Басып кете ме деп зәрең ұшады» дейді олар. Әрине, қалада қатаң тәртіп керек. Әр көшеге бағдаршам орнатылған. Тек соның көк шамы жанғанда ғана өту керек. Серік бұның бәрін кітаптан оқыған. Еркін тұрып,еркін жүріп қалған адамдар бұған қалай көндіксін.

«Оқымасаң, көп нәрседен құр қаласың. Қанатың қайырылған құстай, көкте еркін самғай алмайсың. Ең жаманы сен үшін көп нәрсенің шешусіз жұмбақ болып көрінетіні» дегендей әсер етеді бұл Серікке.

Сұлтан бастаған студенттер келіп-кеткеннен кейін ауыл біразға дейін гулеп басылмайды.

Әсіресе олардың сырт келбеті таусылмас әңгімеге өзек.  «Анандай шашпен қалай сабақ оқиды, өріп қоюға аз-ақ қалған, ептеп қысқартса болмай ма, тіпті әйелдердің шашы сияқты ыңғайсыз екен, киімдері де тылтиып қалған бірдеңе» деп кінәлайды.

Бірде Сұлтан өзімен оқитын бір-екі қызды да қонаққа әкелді. Міне, сонда әңгіме қалай қызды. Қонақ қыздардың жүріс-тұрыстары, киім-киістері, бәрі-бәрі, неше күн таусылмас әңгімеге айналды. Олар көшеден өте қалса, бүкіл ауыл тайлы-тұяғы қалмай үдере шығып, қонақтар қымсынар-ау деместен, қашан көзден таса болғанша сынай қарап тұратынын қайтерсің. Ал олардың қай жердің қыздары екені анықталған соң, сол жақтың салт-дәстүрлері де тәптіштеліп сұралып, әңгіме қап-қап болып аузы буылып-түйіледі. Бұл енді жылға азық деген сөз. Әсіресе, киім үлгілері біреулерді шошытып, біреулерді тамсандырды.

Ауыл әңгімешілері тек сыңар жақ пікірде емес-ті. Студенттердің жақсы жақтары да қалыс қалмайды. Кейбір өздеріне ұнаған жайларды ауыздарының суы құрып, сүйсіне айтып отырады.

«Туу, әне бір жігіттің шешенін-ай. Қалай-қалай қиыстырады, ә. Кітаптың сөзіндей. Сөйлегенде аузы аузына жұқпайды. Өзі қай жағынан да құралақан емес көрінеді. Жүзіктің көзінен өтеді. Сөз десең сөз, өлең десең өлең , ән десең ән ағып тұр».

«Әне бір жігітті айтам да. Әке-көке деп елпілдегенде іші-бауырың елжіреп кетеді. Қандай ата-анадан туды екен. Сондай бала тәрбиелеп өсірген ата-анада арман бар ма десейші?!»

«Қалада шашы ұзын сондай қыз бар деп біреу айтса, сенбес едім. Шіркін-ай, қалай жарасады. Тура баяғының қыздарындай. Бүгінде ауылда да ондай шашы тым ұзындар сиреп қалды ғой. Тоқпақтай жұп-жуан бұрымы тілерсегін соғады. Әне, қазақтың қызы деп соны айт. Қазақтың оқыған қызына немене шаш жараспай ма екен? Қайта оқыған қыз деп соны айт. Өзі де жібектей есіліп тұр-ау, есіліп тұр. Еппен аяғының ұшымен ғана басқанында да, сәл ғана сыңғыр ете түскен күлкісінде де, сөйлеген сөзінде де ана сүтімен дарыған бір қасиет бар. Қасиетінен айналайын сол ана сүтінің!» 

Серіктер үшін қалалықтар туралы әңгіме «Мың бір түннен» кем емес. Үлкендер әлден уақытта ғана, бұлардың құлақтары қалқайып тыңдап отырғанын еске алып, бір сәт бастарынан сипап, «ертеңгі үміт артарымыз сендерсіңдер» дегендей мейірлене көз тастайды, «әне, біз не айтып отырмыз, ендеше осы жайлардан бір қорытынды шығарыңдар, жаманынан жиреніңдер, жақсысынан үйреніңдер» дегендей болады.

Қалалық жастар келген сайын терезеден әдемі әуендер төгілетін. Сол әуендер ауыл үстінде қалқып тұрып алатын, студенттер қайтқаннан кейін де көпке дейін құлақтарынан кетпейтін. Бұл ауыл үшін содан былайғы уақытта әр үйдің терезесінен күй төгіліп жату үйреншікті әдетке айналды.

Қалалық жастардың тағы бір әдеті – күнде кешкілік есік алдындағы ұзын бөренеге жайғасып алып ән айтатын. Бәрі шетінен әнші емес, әрине. Іштерінде бір жігіт қана ән айтады. Өзгелер тек тыңдаушы. Әлгі жігіт мойнына асқан гитараны саусақтарының ұшымен жайлап шертіп, жалғыз өзі отырғандай-ақ ойға батып, баяу дауыспен ән айтуға көшеді. Серік оның ұшқын атқан көзіне, қыр мұрнына, жаңа тебіндеп келе жатқан қияқ мұртына, толқынданған бұйра шашына бажайлап қарайды. Ән үзілмейді, бір ән бітсе, екіншісі жалғаса береді. Қандай ән айтам десе де жігіттің өз қалауы. Ал қасындағылар «мынандай ән айтшы» деп өтінуге бата алмайтын тәрізді. Ымырт үйіріліп, қараңғылық әбден қоюланғанда ғана жігіт жылт еткізіп темекі тұтатып, терең бір тыныс алады. Сонда да қасындағылар да, оларды қоршай отырған ауыл қарадомалақтары да бәз баяғы қалыптарынан аумайды. Әрқайсысы бір-бір ойдың ұшығымен өзге әлемге еніп кеткендей. Түртсең де, жұлқыласаң да жуық арада қозғалар түрлері көрінбейді. Тіпті енді ән айта ғой деп қолқалар рай да байқалмайды. Гитара үнінің орнын шыр-шыр еткен шегірткенің, құрылдаған құрбақаның үні басады.

Естеріне түскен сәтте елеусіз қалған гитараны жігіттердің біреуі алып дыңғырлатуға көшеді. Сол-ақ екен екіншісінің құмары артады. Сөйтіп сым шекті аспап жігіттерді түгел аралап шығады. Ақырында жалығып кеткен біреуі шетке ысыра салады. Тағы да жан баураған тыныштық орнайды.

Ұзаққа созылған үнсіздікті жіңішке, жуан шектердің қосыла «дың» еткен үні бұзады. Бұл енді үйге қайтсақ деген белгі. Отырғандар орындарынан созалаңдай тұрып, керіліп-созылып, шалбарларының шаңын қағып, терең-терең есінейді. Сол бойы буын-буынды ала бастаған ұйқының жетегімен үйді-үйге тарайды.

Әнші жігіттің түр-түсі дәл қазір Серіктің есінде жоқ. Бірақ қоңыр даусы құлағында қалып қойыпты. Ән айтқанда жұтқыншағы ары-бері зыр жүгіретіні де көз алдында. Күй-табақтан жас жігіттің даусын естіген сайын таныс дауыс құлағына келгендей болады. Тек қанша тыңдаса да ән сөзінің мазмұнына терең бойлай алмай әлек.

                                    Сені артық көремін басқадан,

                                    Сүйем деп айтуға жасқанам.

                                    Сездіре алар ма жүректің

                                    Жан сырын, лүпілін жас қалам.

Өзіне жақыны «қалам» деген сөз. Бірақ «жас қаламы» несі? Сұлтан ағасы оқуға түскелі қалтасына сәнді қаламсап қыстыратын болып жүр. Сиясы түрлі түсті. Оқушылар жазатын  көк түстісі де, жапырақ түсті көк те, қара түсті де, ең ақыры мұғалімдер баға қоятын қызыл түстісі де бар. Әннің әлгі тұсын тыңдаса-ақ сол сәнді қаламсап көз алдына елестейді. Ертең өскенде, сөз жоқ, сондай қаламсаппен жазады. Не де болса сол сәнді қаламсапта бір жұмбақ сыр бар.

Бойжеткендер де осы әнді тыңдаудан бір жалықпайды. Күні бойы жүз қайтара қояды. Кейде Серікке жас жігіттің тамағы қарлығып қалғандай көрінеді. Әжесі де мезі болғанын танытып: 

– Бір сәт дамылдатсаңдар қайтеді, – дейді жақтырмай.

 Аулада құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды. Бойжеткендер де алаңсыз кітаптарына бас қояды. Бұл күнде көшеден оқушыларды ұшыратуың қиын. Тек оныншыны бітіретіндер ғана көзіңе ып-ыстық көрініп, солай қарай кетіп бара жатады. Қазір бүкіл ауыл назары соларда. Кімнің қалай оқитыны алақандарында десең қателеспейсің. «Жібек «бес» алатын екен, қосымша сұраққа жауап бере алмай қалыпты», ‑ дейді тура басы-қасында тұрғандай-ақ. Ал өңге бір баланың атын естісе: «Әй, сол баланың оқуға ықыласы жоқ-ау. Ылғи да сабаққа бармай үйінде жүргенін көресің. «Кітап ұстаса ұйықтап қалады» деп шешесі де күйіп‑пісіп отырады ылғи. Оқу қонбағасын сол ғой», –дейді өз тұжырымдарын айтып. «Ана мұғалімнің қолынан ештеңе де шықпайды. Ылғи да естиміз ғой бітіріп жатқандардан. «Бесті» қалтасынан шығаратындай-ақ қалтырайды. Бағаны балалардан аямаса қайтеді, – дейді кейде басқа арнаға бұрып. – Ал ана кісінің қолы ашық. Шешесіне тартқан ғой. Марқұм шешесі де кеңпейіл еді. Шіркін-ай, мұғалімдердің бәрі сондай болсашы!» Осылай әр емтихан сайын әңгіме гулеп барып әрең басылады. Емтихандар да біртіндеп азайып, биылғы мектеп түлектерінің қанат қағып ұшар сәті жақындап келе жатты. Енді аз күнде мектеп ауласында жан қалмайды десе де болғандай. Өткенде бір топ бала, ең соңғы қарыздары, темір сынықтарын апарып өткізген. У-шудан арылмайтын мектеп, базары тарқаған көлдей екен. Кеше ғана осында көңілді күлкі асып-тасып жатты деуге сенгің келместей. Тылсым тыныштық көкірегіңді езіп жіберердей. Серік жан-дүниесін біреу тонап алғандай мазасыздау күй кешті. Неге екенін мектеп ішін аралап жүріп Әселді тауып алғысы, қолынан тас қып ұстап қасында айырылмай жүргісі келді. Бірақ үш қабатты ғимараттың  ішінен үркердей топты табу оңайға түспеді. Баспалдақтарды көшіріп жүрген өзінің аяқ дыбысы ма, қаңғыр-күңгір дауыс біресе ана тұстан, біресе мына тұстан естілген сияқты болады. Шуатылған дәлізде жан баласы көрінбейді. Соған қарағанда олар бөлмеде отыр. Қаптаған есіктерді аша-аша ішке үңіліп шаршағасын, сыртқа атып шықты. Тынысы да кеңіп сала берді. Ұзап кеткен достарын қуып жетуге асығып жүгіре жөнелді.    

***

Осы адамдар қызық. Бір‑бірімен бақталасып үй салады, жиһаз жинайды. Тіпті той жасаса да елден асып кетуге тырысады. Мейлі, оны қойшы. Өмірдің ұсақ-түйегі дейік. Ал енді ұл‑қыздарын да жарыса жоғары оқу орнына сүйрейтініне тіпті таң қалмасқа шараң жоқ. Нашар оқитын баладан ертеңгі күні қандай маман шықпақ? Бірақ университет пен институттан төмен оқуды қай қазақ менсінеді? Қанша бала мектеп бітірді, соншасы «жығылсақ нардан жығылайық» деп тұрады. «Арыстан айға шауып мерт болыпты...» деп. Соны күні бұрын ойланса қайтеді? Жылдар бойы кітапқа қарамай келіп, аяқ астынан әке‑шешесімен қосылып «батыр» атанып шыға келгісі келеді. Ал олармен салыстырғанда Әсел деген озат оқушы. Қатарының алды. Қандай оқуды таңдаймын десе де еркі. «Енді таяу күндерде Алматыға аттанатын шығар, мен оны сағынамын ғой» деп ойлап жүрді Естай. Бірақ осындай сынақ таяған сәтте, ойда‑жоқта Әсел оқуға бармайтынын айтты. Ол мұны тура мектеп бітірген көңілді кеште жеткізді.

–Туған жерде қалып, еңбек етемін! – деді ол.

«Әжем мен мені қимады‑ау» деді Естай. Әке‑шешесі естіген кезде, естерінен танып құлай жаздады. Бірақ Әсел кесімді пікірінен еш айнымады. 

– Қап, – деп өкінді көкесі. – Қыстағы кісілерге не дейміз енді? Орын дайындап қоямыз деп еді.

 – Бетім‑ау. Соны айтсайшы, – деді бағанадан бері үндемей отырған апасы ойына әлдене түскендей ұшып тұрып. –  Өзіміз қолқалап едік. Әке‑көке деп өтініп едік. Енді аяқ астынан...

– Маған таныстықтың керегі жоқ, – дейді Әсел.

Сонда барып Серіктің есіне қыста келген кісілер түсті. Апасының төркін жағынан екен. Қалада үлкен қызметте дейді. Үйдегілер оларға соншалықты риза болған.

Көкесі мен апасы оқығандардың қандай болатынын неше түрлі мысалмен дәлелдеуге көшті: «Пәленшенің баласын қарашы, қандай оқуда, түгеншенің баласын қарашы, ол да сондай. Кіл мықтылардың баласы.Ел алдында мәртебеміз көтеріліп, солармен бір иық теңестіріп қалар едік. Бәрін былай қойғанда, «біздің қыз  пәлен деген оқуда» дегеннің өзі неге тұрады?»

  Осы арада әжесі килікті:

 – Не, сол да атақ‑дәреже ме? Сөйтіп мәртебелеріңді өсіргілерің келген екен ғой. Өйтіп баланы бұзбаңдар. Маңдайына жазылғанын көре жатар. Не де болса өз талабынан көрсін. Еңбек етем дей ме, ол да дұрыс.

Кесімді пікірді ешкім де өзгерте алмады. Апасы:

 – Cен Серікті қасыңа ертіп, қалаға барып қайт, – деді көкесіне. – Ана кісілерге «Әсел оқуға келмейтін болды» деп ескерт.

Қаланың атын естігенде Серік өзге дүниені ұмытып, есі шыға қуанып кетті.

***

  Не де болса, екі ортада, Серіктің құдайы берді. Адамға мұндай да сәті түседі екен. «Осы бір арманшыл бала қыдырып қайтсыншы» деп әдейі ұйымдастырғандай. Кір‑қожалақ өңі кешелі бері тәртіпке келгелі қауызын ашқан гүлдей жұтынып шыға келді. Үстінде жеңі қысқа ақ көйлек, бұтында ине‑жіптен жаңа шыққан қоңыр шалбар, аяғындағы сандалға да ауылдың шаңы бүгін ғана тиді. Қалаға жол шегем деп, қыркүйекте мектепке киетін киімдері алдын‑ала бүтінделді. Аудандағы шаштаразға шашын сәндеп тұрып қиғызғаннан кейін Серіктің қала балаларынан айырмасы шамалы болып қалған. Көкесі де жұмыс‑жұмыс деп бұларға көңіл бөлмейтіні болмаса, той‑томалаққа, қыдыруға жаны құмар адам. Онымен жол жүрудің өзі мереке. Сөйтіп Серіктің көктен тілегені жерден табылды. Көкесі екеуі қалада екі күн бойы қыдырды. Кең де түп‑түзу көшелерді армансыз шарлады, парктегі ғажайыптарды да тамашалады. Көп нәрсеге көзі қанықты. Кейбір болмашы жайларды қиялдағанына ұялды. Қала балалары бұны естімей‑ақ қойсын деді ішінен. Автоматтан су ішудің ешқандай да құпиясы жоқ екен. Зырылдауық аттарға міне‑міне жалықты. Ойыншықтан оның да ары‑берісі шамалы екен. Айналады демесең, ат бәрібір сол қалпынан аумайды. Оның орнына самолет орнатып қойса да, ештеңе өзгерер түрі жоқ. Мұнда қайта керісінше құсайды. Парктің шетіндегі шағын алаңда үш ат жегілген жеңіл арбаға мінгендегі балалардың қуанышы ересен. Әр айналым сайын ақы төлейсің. Алғашқы әсермен Серік те мінген. Мінді ме, мінбеді ме, айналасына көз салып та үлгермеді, бір қараса аттар тоқтап тұр. Диірменге ұн тартуға, шөп шабуға барғанда бұлар арбаға мінгесетін. Ұзақ жол. Доп ойнайтын алаңда шыркөбелек айнала беру емес ол. Жол бойы нелер ғажайыпты тамашалайсың. Даланың жұпар иісін жұтып, құстар шырылын, су сылдырын естисің. Өзеннен өтерде аттар тұра қалып, ауыздықтан сыздықтатып су ішуге көшеді. Ал арбаның астынан су сынапша сырғып ағып жатады.Төбеде шырылдап бозторғай ілініп тұруы да ғажап емес. Ал осының бәріне ақша төлесең, шашың да жетпес. Сол сәтте, баяғыда көкорай шалғында ұйықтап қалғаны, кең даланың бесік жырын айтып аялай тербеткені есіне түсті. Сірә, оның қарымын ешқашанда өтеу үмкін болмас деп толқыды іштей. Қасында тұрған бір балаға: «Біздің ауылға барсаң, тегін‑ақ мінесің», – деп, мақтанғысы келді. Бірақ оның есіл‑дерті әбзел‑сайманына қоңырау тағылған аттарда. Сар желгенде сол қоңыраулар сыңғыр‑сыңғыр үн қатады. Әйтсе де сәнінен не пайда? Алыс бір жаққа сапар шекпеген соң. Ең болмаса қала көшелерін бір аралап шықсаң. Ештеңе көрінбейтін тасада босқа шыр көбелек айнала бересің бе? Ал бұлар қайтар жолда қорапқа шөпті нығыздап алып, соның үстіне жайғасатын. Ондайда арбаның доңғалақтарына тас батқаны да, кедір‑бұдыр да байқалмайды. Тура жеңіл машинаға мінгендейсің. Шалқығаның сондай, ән айтқың келіп кетеді.

Субұрқақ дегенің қалада тіпті көп екен. Кейбірінде балалар шомылып жүр. Ал бұлардың аулындағы мәдениет үйінің алдындағы жалғыз субұрқақ істемей тұр. Есесіне ауыл шетінде ақ күмістен шашу шашып, арқырап өзен ағып жатыр. Сол суды шалпылдатып кешіп жүрген достары көз алдына елестеп, бір күн өтпей‑ақ сағынғандай болып кетті.

Әйтсе де қалаға деген қызығушылығы бәсеңдеген жоқ. Түп‑түзу көшелер, ертеңге асықққандай биік‑биік үйлер, сәнді де салтанатты ғимараттар көкейінде жатталып қалды. Әсіресе түнгі кейпі қатты ұнады. Бұлар қалаға кештете жеткен‑ді. Мың‑сан жарқырай жанған шамдарды көріп, жұлдыздар жерге түсіп қала үстіне қонақтап қалған екен деп те қалды. Ең бастысы, Серік қаланың арманға апарар жол екенін білді.

***

Әселдің еңбек етемін деуі ертек сияқты көрінген. Енді бұлардың есігінің алдында торы аттың жиі қаңтарулы тұратынына да көз қанықты. Алғаш әжесі екеуі, ат үстіне қаздия қонған Әселді кімге ұқсатарларын білмей, аңтарылып қалған. Тек әбден қастарына жақындағанда ғана «мен Әселмін ғой» деген жылы жымиысынан танып, қуанғаннан көздерінен жас аққанша күлді. Тіпті сенер‑сенбестерін білмейді. «Кәне, қолыңа қамшыңды ұста, енді ары‑бері жүр» деп Әселді біраз әуреледі.

– Нағыз шабандозға ұқсап қалыпсың, қалқам, – деді әжесі сонан соң. – Несі бар, қыздар да атқа мінген. «Қыз қууға» шыққанда, дүйім жұртты таң қалдырған нелер бір өжет қыздар өтті бұл өңірден.

– Атқа мінуді қалай үйрендің? – дейді Серік. 

– Сол да сөз болып па, үйрендік қой, – дейді Әсел жайбарақат.

«Астында аты бар адамға жұмыс істеу қиын ба» деп ойлады Серік. Енді ол Әселге үлкен құрметпей қарайтын болды. Оның құрметін асырып тұрған торы ат. Өзі есік алдындағы алма ағашқа байланған сол торы аттың қасынан шықпайды. Жып‑жылтыр сауырынан, тікен жабысқан жалынан сипайды. Ауыздығын тартып қалса, таттанып кеткен сап‑сары тістері көрінеді. Ал көздері қашанда «мені сонша мазалағаның не, жұмыстан шаршап келдім ғой, аздап тынығайыншы» дегендей моп‑момақан күй танытады. Әрі‑беріден соң «ал, бала, мен кеттім ұйқыға» деп көзін бір ашып, бір жұмып мүлгуге көшеді. Серік үзеңгіге аяғын іліктіре алмай тырбаңдағанда да селт етпейді. Әлгінде ғана қарсы алдында бір баланың жүргенін ұмытып кеткендей. Ал Серік сол тырбаңмен көп әуреге түседі. Кейде ертоқымнан тастай қатып ұстап салбырайды да қалады. Бар күшін жинап атқа отыруға тырысады.Қолының қары талып, жерге топ етіп құлайды. Болмағасын алма ағашына өрмелеп шығады да, ерге оп‑оңай жайғасады. Содан кейін ойша желе жортып, қолына қылыш ұстап, Амангелді батырша «жауға» қарсы «аттанады». Мынандай ерттеулі аттың үстінде отырып, қалай қиялдасаң да жарасады. Бұл іші кеуек, бет‑аузына бояу жаққан демалыс паркіндегі ойыншық ат емес, әрине. Күн‑түн қатқан жұмыс аты. Ерігіп жүрген балалардың қолына тие қоюы қиын. Үстінен тер иісі шығады. Өзі қандай биік. Жерге қарасаң, мәртебең өседі. Қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей қалады. Түскі шайын ішіп, Әсел де көрінеді осы кезде. Мұны ат үстінен қос қолдап көтеріп түсіреді де, атқа өзі мінеді. «Қамшыны әкел» дейді бұған. Торы ат дүр сілкініп, ұйқысынан оянып, «ал, бала, қош бол» дегендей басын бұл жаққа бір кекжең еткізіп, желе жөнеледі. Әлгіндегі бар беделі Әсел мен торы атпен ілесе кеткендей Серік кәдімгідей жасып қалады. Аттан түскесін бойы да жермен‑жексен болып, мыртиып қалғандай көрінеді. Тал түстегі көлеңке де мұндай қысқа болар ма. Көшеге шықса, тірі жан жоқ. Елдің бәрі шақырайған күннен қашып, үйлерінде тығылып жатқандай. Ал балалардың қайда жүргенін білер ме еді, шіркін. Тұс-тұсқа құмалақша шашыраған оларды дүрбімен іздесең де таба алмайсың, енді. Амал жоқ, бір жолға әжесінің айтқанын орындауға тура келіп тұр. Шыбындары қуылып, терезелері тұмшаланған қоңыр салқын бөлме іші мынандай ми қайнатар ыстықта таптырмайтын жан саясы. Әжесі де біліп айтады-ау: «Қаңғи беріп не керек. Үйдің маңынан ұзамасаңдар қайтеді. Қараларыңды көрсетпей құрисыңдар. Суға түсіп кетті ме деп зәреміз ұшып отырғаны. Екі аяққа тыным беріп, демалсаңдаршы». Сол бойы мызғып кетіпті. Қысқа да болса, сондай тәтті ұйқы. Денесі де жеп-жеңіл. Көңілі де көтеріңкі. Көшеге атып шығып, жол қарады. Іздегені ойыннан қайтқан балалар емес, Әсел. Әселден бұрын, торы ат. Жұмыс бітсе, әпкесі торы аттың ер-тұрманын алып, үстіне киіз тоқым салып, бұны отырғызады. «Бар, жылқыларға қосып кел», – дейді. Бұдан артық тапсырма бар ма? Қуанышы қойнына сыймай кетеді. Төбесі де көкке бір елі жетпей қалады. Әдейі жұрт көрсін деп көшені қақ жарады. Балалар ойындарын тоқтата салып, қызықтап қарауға көшеді. Босқа қарап тұрмай, кейбіреуі ысқырып соңынан қуады. Атқа дұрыс шаба алмайтын бұл ауып түсе жаздап, әупіріммен әрең түзеледі. Еселері қайтқандай, балалар қарқылдап мәз. Бұл оған онша ызаланбайды. «Іштері күйгесін әдейі істеді» дейді. Ауылдан тысқарырақ жайылып жүрген жылқыларға апарып, жүгенін сыпырып торы атты қосып жібереді. Сонда да өрекпіген көңілі басыла қоймайды. Ат жоқ болса да жүген бар. Жүгенді қыса ұстап, үйге қарай құстай ұшады. Атпен жүргесін білінбейді, біраз жер ұзап кеткен. Бірақ жолдың алыстығы да көңілін жасытпайды. Ешқайда бұрылмай үйге келеді де, есік алдындағы ер‑тоқымға жармасады. Ерге сән үшін тағылған жылтыр темірді қызықтайды. Аққудың мойнындай шебер ойылған қасына таңырқайды. Қайыстан тілініп жасалған жүген, қамшы дегендер де ермек. Ерге жайғасып алып, іңір түскенше қозғалмайды. Атқа мінгеннен бір кем емес.

***

Серік, әпкесі алғаш «сауыншылар бригадасын құрамыз» дегенде, «сірә, күндіз-түні салпақтап мал соңында болар» деп топшылаған. Ол ойы бекер шықты. Әсел кейде түнгі кезекке шығып, күндіз күні бойы үйде болады. Ондай кезде үйдің іші ерекше күйге толып кеткендей көрінеді. Таң әлетінде ғана келіп жастыққа бас қойған Әсел ұйқыдан тұрғанша тағат тапайды. Әншейінде қарасын көрсетпейтін ол, еденді тасырлатып жүріп алады. Ақыры Әсел де оянады. Оянбай қайсін, бұл уақытта Серік есік алдындағы тауықтарды қыт‑қыттатып топалаң тигендей қуып жүреді. Әсіресе, жұмыртқалайтын уақыты жеткен мекиеннің даусы ащы-ақ. Қашан енді орнына барғанша құлағыңды жеп қояды.

– Не болды сонша қырғидай тиіп? – дейді, ұйқысын аша алмай, көзін уқалап, күншуаққа шыққан Әсел. Ұрсып тұрғанмен, даусы зілсіз. Ал бұл уақытта күн жерді шым‑шымдап қыздыра бастаған. Жалаң аяғынан қызу өткен Әсел, қытығы келгендей, шоршып‑шоршып түседі. Сықылықтап күліп те алады.Ұйқысы да шайдай ашылады. Осы сәтті пайдаланып Серік:

– Әңгіме айтшы, – деп, жабыса түседі.

Алғашқы кезде Әсел күндіздің өзінде: «Қорықтым, қасқыр келіп қала ма деп зәрем ұшты», – деп жүрді. «Жылан кездестірдім», – деп өң-түсі қашты. Кейіннен, ол әңгімелерінен өзі де ұялды ма, қайтып қорқыныш жайын сөз етпейтін болды. Оның есесіне енді «керемет», «ғажайып» деген сөздер аузынан түспейді. Қайдағы бір сиықсыз гүлге де, қисық өскен бұтаққа да таңырқайды. Бірде ол қуанышы қойнына сыймай келді.

– Елік көрдім, – деді екі беті гүл-гүл жайнап.  

– Елік! – Серік елең ете қалды. Ол елікті жұрт аузынан естіп, кітаптан тамашалап, қиялында ғана елестететін. Рас, қалаға барғанда хайуанаттар паркінен де көрді. Екі‑үш елік темір тордың ішінде жүр екен. Меңіреу қалпы адамдар жаққа көз тастап қояды. Қорқып, үріккен де жоқ. Ойнақ салып, елеңдемеді де. Тор ішіне елік емес, сақалын жұлып, мүйізін қағып, ешкі салып қойғандай-ақ Серіктің бір түрлі көңілі көншімеді. Солардың жұрт таңдай қағып айтатын ерке еліктер екеніне де сенгісі келмеді. Ал далада нағыз елікті кездестірген адам қандай бақытты дейтін. Сол бақытты  өзге емес, өз әпкесі Әсел бастан кешеді‑ау деп тіпті ойламап еді. Ендеше елік ерекше біреулерге ғана емес, бұлар сияқты қарапайым адамдарға да көріне беретін болғаны ғой. Бәрінен де өздерінің өңірлерін де елік мекендейтінін айтсайшы. Әйтпесе елік ертегідегідей ғажайып өлкені ғана мекендейтін шығар деп жүрді. Мұны ерте білгенде, өткенде хайуанаттар паркін бірге аралаған балаларға «біздің ауылдың маңында елік бар» деп мақтанғанда болатын еді. Әкесі екеуіне сонда қызықпаған бала қалмаушы еді. «Шіркін, сұлу, аң‑құсқа бай жерлеріңді бір аралап көрер ме еді!» дегенді жәудіреген көздерінен-ақ оқуға болушы еді. Осылай сәт сайын туған жері көз  алдында асқақтап бара жатты. Бойында бұрын-соңды байқалмаған толқуды сезіп, іші-бауыры елжіреді. Бір құштарлық содан бері тауға жетелейді де тұрады. Ылғи да Әселге: «Қашан мені өзіңмен бірге ала барасың? –деп, жалынумен жүр.

– Асықпа, – дейді ол. – Тау шие піскенше шыдай тұр.

Түс қайта Әселдің құрбылары жиналды да, олар бақ ішінде сылқ-сылқ күліп, әңгіме‑дүкен құруға кірісті. Әсел биыл оспа еккен. 

– Кесе әкелші, – деп жұмсайды біреуі. Алып кел, барып келге Серік жүйрік-ақ. Бойжеткендер кесенің түбіне оспа езіп, қастарына жағуға кіріседі.

– Кел, саған да жағайық, – дейді біреуі.

– Қыз емеспін оспа жағатын, – деп, бой бермейді бұл.

– Тек қыздар жағады деп кім айтты?

– Балалар күледі ғой. 

– Сенің оспа жағып жатқаныңды кім көріп тұр, кепкеннен кейін түк білінбейді.

Желкесін қасып, ақыры келіседі. «Азар болса сүртіп тастармын» деп ойлайды ішінен. Қыздар мұны қаумалап, хордың қызын тойға дайындағандай асықпай қасын әспеттейді. Кейбір қастары қалыңдары:   

– Түу, менің қасым осындай болсашы! – дейді қызығып. 

– Рас, мынандай қиылған қас қыздың көркін ашар еді, – деп, қоштайды екіншісі.

–Көзі де бота көз, – дейді үшіншісі.

Оспа жағып біткенше сынап та үлгереді. Өмірі айнаға қарамайтын Серік қыздар айтқаннан кейін барып «түрім мынандай екен ғой» деп, ойша елестетіп қояды.

– Ал енді айнаға қара, – дейді қыздар бұған кішкентай сынық  айна ұстатып.

Сәті түскенде түрін дұрыстап көріп алмақшы болған Серік айнаға үңілді. Айнаның кішкентайлығы сондай, беті сыймақ түгіл, қасы әрең көрінді.

 – Алысырақ ұста,– деп,  күледі қыздар.

Алысырақ ұстап қарап еді, қасына шөптің бояуын  жағып қойғандай‑ақ көкпеңбек болып тұр. Көздерін айналдыра бояп алатын сайқымазақтардан айнысайшы.Білегімен ары‑бері сүйкеп өтті. Бойжеткендер еңбектері зая кеткендей‑ақ шыр‑пырлары шықты.

– Солай тұрады дедің бе? Кепкеннен кейін түк те білінбейді.

– Күнде жағып жүрсең, кейін қасың қиылған әдемі жігіт боласың.

Серік енді ғана оларға көз салды. Қыздардың да қастары сия жаққандай баттиып‑баттиып тұр. Жарассашы. Оспа дегендері осы ма? Жәй шөп дейін десең, өзінің мұрын жаратын иісі бар.

Сая бақ жалықтырған кезде бойжеткендер үй жаққа қайта оралады. Әлгіндегі тастап кеткен кестелерін қолға алады. Кесте тігетін жіптері қандай әдемі. Көктемгі сан түрлі бояу сияқты. Ақ матаға сол жіптермен өрнек салуға кіріседі. Серіктің өтініші бойынша, Әсел суретін Сұлтанға салдырып, тұп‑тұнық суға бас қойған еліктің бейнесін кестелеуге көшкен‑ді. «Осыны саған сыйға тартамын», – дейді Әсел. Серіктің біткенше тағаты жетпей жүр. Күнде барлап қарайды. Қандай болып шығар екен деп көргенше асық. Ойынмен бағанағы оспа жайын ұмытып та кетіпті, кешке есіне түсіп қараса, расында қыздар айтқандай түк білінбейді. Ал қасы қап‑қара боп кеткен сияқты.

***

Тамыз айы да келді. Ол Серіктің есінде майтоңғысыз тамылжыған түндерімен сақталып қалды. Ымырт үйіріліп, күндізгі у‑шудан әбден сілесі қатқандай ауыл ерекше тыныштық құшағында мүлгиді. Үйлердің алдындағы жерошақта жылт‑жылт етіп от көрінеді. Күні бойы дала кезіп әрқайсысы әр жақта жүретін адамдар, сол жерошақтың қасында бастары құралып, не тындырып, не қойғандарын әңгімелеуге көшеді. Ертеңгі жоспарларын да белгілеп алады. Ұйықтайтын уақыт жақындаса да малды қарап, ананы‑мынаны сылтау етіп, көпке дейін жүріп алады. Әйелдердің қазан қырғаны ауылдың ана шетінен мына шетіне дейін ап‑анық жетеді. Сиырлар көсіле жатып алып, күйіс қайырады. Кейбір өкпесі қабынған қойлардың жөтелгені естіледі. Апандағы шүпірлеген жұлдыздар самаладай жарқырайды. Өзен жақта құрбақалар құрылдайды. Сырғып аққан су сылдыры да құлағыңа келеді. Сұлулық сорғалап келіп осы ауылдың төбесінен құйылғандай. Тамылжыған түн. Дене тоңазытар үп еткен жел болсашы. Осындайда ұйқының қайда жоғалып кететіні белгісіз. Әсел мен Серіктің түн ортасы ауғанша оралуы қиын. Көбіне‑көп бәрі бір жерге жиналып, таза ауа жұтып, кеуде кере тыныстап отырады. Жұлдыздар баданадай‑баданадай болып, ауыл үстіне төне түседі. Қалада жұлдыздар да сирек, көмескі сияқты‑тын. Сол қаланы көшіріп ауылға әкелсе, қандай жарасар еді. Дүниеде теңдесі жоқ қала орнайды. Ертең өскенде сәулетші болса, бұл ертегіні сөз шындыққа айналдырады. Биік‑биік, көп қабатты үйлерден қол созсаң жұлдыздарға жететіндей. Кешегі ауылдан жұрнақ та таба алмайсың. Сән біздің не теңіміз дейтіндер жаңалыққа ұмтылғандарын өздері де сезбей қалады. Қарттар да қаланың қандай болатынын көрсін. Ақыры олай қарай өз беттерімен аяқ баспайды. Әрине, көз алдарында бой көтерген жаңалықты олар жатсынбайды. Қайта жастық шаққа қайта оралғандай жасарып қалады. Ілгеріде атасы Тәшкен базарынан жылтыраған биік өкше туфли әкеліп беріпті.Әжесі бетіне қызыл шырай жүгіріп, ылғи да еске алып отырады.

 – Мен мұны не істеймін? – деп, таңданады әжесі бетін шымшып.

 – Не істегені қалай? Ау, мен мұны саған кисін деп әкеп тұрмын емес пе?

Әзілі ме деп бетіне қарайды. Жоқ, атасының түрінде ешқандай күлкінің нышаны байқалмайды. Шын көңілімен‑ақ айтып тұр. Тізеден келетін борпылдақ топырақта ауылдың әйелі біз өкше кигені қай сәні? Әйтсе де атасының көңілін қимайды. Анау‑мынау жер емес, аяқ жете ермейтін түу Тәшкеннен әкеліп тұр емес пе? Бұл ауыл үшін ең алыс жер Тәшкен болып есептеледі. Кейігенде «маған десең Тәшкен асып кет» деп сөйлеу бұл ауылдың салты. Ешкім жоқ кезде қырманға апарып киіп көруге бекінеді.Астық төгетін қырман бірден‑бір тегіс жер, сары топырақпен сыланып тасталған.

– Жаңа туған бұзаудай тілерсегім майысып әлгінің үстінде қалт‑құлт етіп тұра алсамшы, – дейді әжесі. – Бір басамын да құлаймын, екі басамын да құлаймын. Әрі‑беріден соң, сыртымнан біреу бағып тұрған жоқ па деп, бетімнің оты шықты. Жалма‑жан шүберекке орап, қойныма тыға қойдым. Кейіннен жолы түскенде атаң қайта сатып жіберді.

Әңгімеге қарағанда, атасы да қала туралы армандаған сияқты. Әйтпесе әжесіне биік өкше туфли әкеліп берер ме еді? Әжесінің жастық шағында қала орнағанда, әрине, сәнді аяқ киім оған да үйлескен болар еді. Енді өмір бойы тек мәсі киіп қана өтпек. Шіркін, әжесі болашақ қаланы көре қалар күн туса, атасының сыйын есіне түсіріп көзіне жас та алар. Гүлдей жайнаған жастық шағымызда сол бір көрер көзге ыстық сәнді аяқ киіммен тық‑тық басып жүүрмегеніміз-ай дер!

Осы ой Серікті кәдімгідей‑ақ еліктіріп әкетті. Өзін түнгі шамдары жарқыраған қала паркінде отырғандай сезініп, ауық-ауық ағып түскен жұлдыздарға таңдана көз тастап қойды. Ай туған кезде балалардың бірі: 

– Ақсүйек ойнайық, – деп, ұсыныс айтады.

Ұйлығысып отырған бұлар ары‑бері жүгіріп, құрыс-тұрыстары жазылып қалады. Ай жарығында ақсүйекті табу оңайға түспейді. Бірақ соны тапқан сәттегі қуанышты жеткізу қиын. Лезде айнала көңілді күлкіге кенеледі. Түнгі ауада дауыс та күмістей сыңғырлап, тап‑таза естіледі. Осы кезде ай‑паркте ойнап жүргендей‑ақ сезінеді Серік. Астанаға Чехославакиядан «Ай‑парк» келді деп жазып жатады. Аты болмаса тек күндіз ғана тамашалайды екенсің.Ал нағыз ай-парк деп ай туған сәттегі бұлардың ауылдарын айт. Үй жақтан әжесі айқайлап шақырып алады.

 – Серік! Әсел! Үйге қайтыңдар! Үйге! Енді тура жәндеріңді аламын!

Ойынды ең бір қызық жерінен үзу соншалықты оңай болмаса да, екеуі амал жоқ мойындары салбырып үйге қайтады. Ал әжесінің жанына таяу келгенде,оның қолындағы шыбықты байқап, жүрістері тіріліп, қаздаңдай жөнеледі.  – Таңертең жұмысқа баратын адам осылай түн ортасы ауғанша жүре ме? Демалып тынықсаң қайтеді. Сені бойжеткен қыз деп кім айтады? – дейді әжесі Әселге ұрысқансып. Бірақ даусы жұп‑жұмсақ.Ашуы да тарқап қалған. Көк шыбықты қайда лақтырып жібергені белгісіз.

Кейде бұлар «түнгі жорыққа» шығады. Қазір кім-кімнің де бақтарында алма дегенің тезек болып төгіліп жатыр. Бірақ өзіңдікінен гөрі өзгелердікі тәттірек көрінетінін қайтерсің.

Әсел екеуінің тапқан және бір қулығы үй ішіндегілердің мазасын алмау үшін далаға түнейтін. Табандары тозып көше кезіп келсе де, бірден көздері жұмыла қоюы қиын. Түн тамылжыған қалпынан бір айнысайшы. Жүрегің еріксіз елжірейді. Адамдардың бәрін де жақсы көріп, қолыңнан келсе оларға жақсылық жасағың келеді. Осынау өмірге келгеніңе өзіңді шексіз бақытты сезінесің. Шалқаңнан түсіп жатып, тұңғиық аспаннан көз алмайсың. Жұлдыздары жыпырлаған аспан әлемі құпия сыры бардай өзіне тартып, «мықты болсаң ұйықтап көр» дегендей сұлулана түседі. Әлдене туралы сөйлесіп, шешіле сыр шертіскің келеді.

 – Мен ылғи да осылай ай сүттей жарық болып тұрса деймін, – дейді Серік сұлулықтан көз жазып қалғысы келмей.

 – Санк‑Петербургта ақ түндер деген болады дейді.

 – Қандай керемет! Күндіз ұйықтап, түнде ойнауыңа болады.

«Шынымен‑ақ Санк‑Петербургтағыдай ақ түн орнаса. Ең болмаса бір ай. Ойын сонда қызар еді. Естерінен өмір бақи кетпес еді.

– Ұйықта, – дейді Әсел. – Мен шаршадым. Қалғанын ертең айтармыз.

– Өзіңмен бірге қашан алып барасың? 

– Қай күні ерте тұрасың, сонда...

Кірпіктері қалай айқасқанын да білмейді. Оянса тал түс. Әселдің қашан тұрып кеткені белгісіз.

Тауға барудың сәті түспей тұр. Таңертең сап‑салқын-ау, сап-салқын. Әрі таңғы ұйқы деген де мұндай тәтті болар ма? Бір аунап түседі де қайта жалғастырады.

Ақыры сәті түсті‑ау. Орнынан тұруы мұң, ұйқысы шайдай ашылды. Рас, денесі тоңазып еді, киініп алды. Әселдердің үстінде де қалың киім. Ауылдары тауға жақын орналасқандықтан да таңертең мұнда сап-салқын. Таңғы мұздай ауа сіресіп тұр. Тоймай қайта‑қайта сіміре жұтты. Әр жұтқан сайын шелек-шелек ауа ішіне кетіп жатқандай. Жан сарайы тазарып, бойы жеңілдеп сала берді. Моншаға түскенде де дәл осындай жеңілдікті сезінбеп еді.

Бұрын білмей жүріпті. Таңертеңгі шақтың да өз суреті бар екен. Есік алдында сары самауыр ызыңдап тұр. Сиыр сауылып, падаға қосылды. Оны‑мұны қалдықтарды теріп жеп жүріп, қойлар мұның төсегінің қасына келіп, иіскелеп‑иіскелеп кететін.Жайылымға кетіп бара жатып, енді олар «мына ұйқышылды қараңдар, қалай ерте тұрып алған?» дегендей көз тастап қояды.

Малды өріске ұзатып салып болғасын ғана үй іші шайға отырды. Мұздай ауа есіктен ұрып‑ақ тұр. Дене тітіркендіреді. Үстері жұқалары киім жамылып, рақаттана шай ішуге кірісті. Шоғы бар сары самаурын, айналасындағы суықты ыдыратқысы келгендей, өршелене ызыңдайды. Таңғы шай балдай жағып барады.

Міне, енді бұлар қырат‑қыратты бойлап, сыдырта желдіріп келеді. Ат қырқаға өрмелер тұстарда, Серік сырғып түсіп қалмаудың амалын жасап, Әселдің беліне тас кенеше жабысады. Әпкесі шаруаның жайын ойлап отыр ма, бұның бар-жоғына назар аударар емес. Оның үстіне ерде отырған адам басқаны неғылсын. Мұның да еркіне ат  тиер әлі. Бүйтіп мінгесіп, жармаспай-ақ өз бетінше қыдырады. Ат бүлкілге салса, іші солқылдай жөнеледі. Астындағы тоқым да жұқалық етіп келе жатқан сияқты. Аздан соң ішінің солқылдағаны да, тақымының ауырғаны да ұмытылып, екі жағына алма‑кезек көз тастауға кірісті. Қанша көп шарладық десе де, бұлардың аяғы жетпеген жер көп екен. Жолай кездескен қарақан бұталарға, жыра‑жарлауыттарға тосырқай қарайды. Осы жолы Серік мынаны байқады: ең бірінші туған ауылың көзіңе ыстық, одан кейін күнде асыр салып ойнайтын алаң. Ал бұл шаршап‑шалдығып қайтқанда бақтың шетіндегі кәрі алма ағаш алыстан мен мұндалап жылы ұшырайтын. Ол  бұған тіпті: «Басыңнан күн өткен жоқ па? Бүгін көп сандалдың ғой. Кел, тыныста. Шөлдеген шығарсың. Алма же. Сусының қанады», – деп, мейірім төге үн қататындай көрінеді. Кәрі ағаштың сөзін құп алғандай көлеңкесінде шалқасынан түсіп жатып тыныс алады. Айналасындағы алмаларға еріне қол созып, қышырлатып жеуге кіріседі. Бүгінгі ойынды ой елегінен өткізеді. Егер біреулермен ептеп шекісіп қалғандай болса, қашан реніші тарқағанша үй жаққа жоламайды.

Дала көсіліп жатыр. Әр белеңді асқан сайын оқылмаған кітап парақтарындай бедерлері де сан құбылып сала береді. Қанша қарасаң да жалықпайсың. Әр күннің қаншалықты қымбат та қызықты екенін тек осылай туған жерге саяхатқа шыққанда ғана анық сезінгендейсің. Ал анау пойыздың тізбектелген көгілдір вагондарына көз салшы. Қандай әдемі! Көк‑жасыл әлемге қалай жарасады десейші. Дәптерге түскен суреттей‑ақ вагондардың қозғалғаны тіпті де байқалмайды. Әне, терезеден басын шығарып айналаны тамашалағандар бұларды байқап, қолдарын бұлғайды. Атқа мініп жүрер ме еді деп сүйсінгендері айдан анық. Ал Серік те пойызбен дүниені шарлауды көптен армандап жүр. Пойызбен саяхат шегу де керемет емес пе!

Күн қыза бұлар етекке тырмысып үлгерді.Бұдан ары атқа қиын соғатындықтан екеуі түсіп, жаяу жүрді. Белеңге көтерілгенде алдарынан қатар қонған үш‑төрт киіз үй дөңгеленіп шыға келді. Бұл шопандар мен сауыншылардың жазғы тұрағы еді. Ал оның маңындағы сүт жөнелтудің қамымен жүрген ақ желеңді қыздар тау баурайына өскен аппақ‑аппақ гүлдердей. Жақындап қалғанда жұмыстарын доғарып, аңтарыла қарады. «Сірә, Серік деген осы болу керек» деп іштерінен болжап тұрғандай. Шынында да солай болып шықты. Бәрі жатсынбай, жылыұшырай қарсы алды.    

– Серік деген дәу жігіт осы ма? Менің інімнен айнымайды екен ғой, – деп еді бірі, бәрі шуылдап інілерін айтып кетті.  

– Біз де алып келуіміз керек екен, – деп жатыр, кейбірі өкініп.

– Міне, мен осында тұрамын, – деді Әсел. – Қалай, саған ұнай ма? 

– Ұнайды. – Шынында да қойнауға орналасқан ақшаңқан ауыл Серікке бірден ұнап кетті. Қарсы алдыңа көз салсаң, бүкіл ауыл алақандағыдай көрінеді.Сол ауыл не тіршілік етіп жатыр, балалар қандай ойын ойнауда деп білгің келіп, аңсарың ауады. Дүрбі болса, бақылап рақатқа батар еді. Ертең барғанда сәуегейше бәрін айтып отырса, ауыздары ашылар еді.

Ал артыңа бұрылсаң, төніп тұрған таудан сескеніп те қалғандайсың. Алыптығы сондай, өзіңді кішкене құмырсқадай сезінесің.

Сауыншы қыздар үлкен қонақ келгендей әбігерге түсті. Тоңазытқышқа қойып балмұздақ қатырды. Қандай тәтті десейші. Тоймайсың тегі. Айта берсе, дәмі тіл үйіретін мұнан да басқа тағам көп.

Кезегіне түс қайта шығатындықтан, Әсел Серікті қыдыртып қайтуға ұйғарды. Жап‑жақын көрінгенмен, тау басына шығу оңай емес. Жүргеннен демалғандары көп. Сонда да бір құштарлық алға қарай жетелей береді. Ал, енді қарашы төменге. Үйлер сіріңкенің қорабындай. Аппақ тілік жолдағы машина қоңызша қыбырлайды. Биіктеген сайын көңілі өсе түсті.  Айнала тұнған суретке жаңа туған сәбидей елжірей қарайды. Басқа уақытта әр нәрсені сұрап тыным бермейтін ол тіл‑құлақтан айрылғандай үн қатар емес.

–  Әне, елік! – деген Әселдің даусына елең ете түсті. Көкірегінде ғажайып күй ойнап, аңтарыла қарады. Қарсы беткейде жіңішке соқпақ жолмен жұлдызша аққан елік бір түп долананың жанына келіп, қалт тұра қалды. Мөлдіреген жанарын айналаға барлай қадағанын Серік алыста болса да байқады. Мына тұрысында ол осы өлкенің қожасындай да еді. Ал қарап алыңдар дегендей аз‑кем кідірді де көзден ғайып болды.

Тәтті түстің елесінен айыға алмай Серік сілейіп тұра берді. Әлгінде ғана қолына ұстаған сағым сусып шығып кеткендей. Жануардың табиғат арасында осыншалықты сұлу болып көрінгеніне аузы ашылып таң қалған. Неге екенін хайуанаттар паркіндегі көздері өлеусіреген еліктер есіне түсті. Тек еліктер ғана ма еді, ақбөкендер де, маралдар да бар емес пе еді? «Жіберші кең далаға. Не жазығы бар момын жануарлардың. Қамасаң қасқырды қама, арыстанды қама. Ал ақ бөкендер желдей ессін, еліктер мөлдір бұлақтан су ішсін. Тимеші. Табиғат оларсыз мүгедек қой». Осы сәт Серік күллі хайуанаттар паркі атаулыны жойып жібергісі келді. Адамдар аңдарды көргісі келсе, табиғат аясына шақыр.

Қайтып келе жатқандарында жолда жалғыз үй кездесті. «Бұл неғылған үй?» деп аң‑таң.

– Қорықшының үйі, – деді Әсел.

– Қорықшы? – Бұрын естімеген сөзі. 

– Қорықшы мылтық асынған адамды бұл маңға жолатпайды, аңдардың бірін де атқызбайды, – деп түсіндірді Әсел.

– Шын ба?

– Шын. Әйтпесе аңдар құрып кетпей ме?

Рас‑ау. Әлгінде елік адамдарды көре тұра қашпағаны несі деп таң қалған. Қолында мылтығы бар адам атып салмай ма деп уайымдаған. Міне, енді көңілі жайланды. Аңдарды қору үшін елден жырақ жүрген қандай ержүрек адам деп қорықшыға шын сүйсініс білдірді.

Сүт таситын машина қыздардың ауылына жүз соғады. Жүргізушісі әскер қатарынан жаңа оралған жас жігіт екен. Үстіндегі киімінен байқады. Түрі бейтаныс, соған қарағанда, көрші ауылдан болу керек. Серікке басында біртүрлі ұнамады. Ыржыңдап бостан‑бос күле береді.

– Мініңдер, қыдыртып қайтайын, – деп, бұған жалбақтай тіл қатты.

Ол жалынған сайын Серік тырыса түсті. «Шын қыдыртуға ықыласы ауса: «кел, балақай, міне ғой» демей ме? Достасуға да болар еді. «Келіңдер» дейді. Қыздарды қосақтамаса жүре алмай ма? Өйтіп адамды алдамай‑ақ қой. Сенің жаман машинаңа мінбей‑ақ қойдым. Пилоткасына, машинасының айнасына гүл қыстырып алыпты. Үйленейін деп жүр‑ау, сірә. Сен одан да болашақ қалыңдығыңды қыдырт». Ауылдарында балалар бірін-бірі осылай келеке ететін. Осылай ішінен бұлқан‑талқан ашуланғанымен, бер жағы қуыс‑ты. Пилоткасын сыйласа жөн. «Әскерде екі жыл кидім ғой. Енді саған‑ақ берейін» десе. Пилотка деген «Өжет» ойынына таптырмайды. Ал анау күлгеннен басқа ештеңенің мәнісін білер емес. Ақыры түк өнбесін сезген соң, сырт айналып кетті.

Бір жолы көшеде ойнап жүргенінде сол жігіт машинасын «бепілдетіп», қолын бұлғап өтті. Балалардың арасында беделі өсіп, қоқиланып қалды. «Менің досым» деп мақтанып қойды. Содан былай оны көрсе, ежелгі танысын кездестіргендей, екі езуі екі құлағына жетіп ыржиып, машинаның соңынан едәуір жерге ұзатып салады.

***

Жаз аяқтала бере Әсел тұрмысқа шықты. Сол сауыншыларға қызмет көрсететін шофер жігітке. Ол пилоткасын Серікке сыйлаған. Жұлдызы да бар екен. Маңдайына жарқыратып тағып қойды.

Бұл оқиға кейінірек, бес‑алты жылдан кейін болуы мүмкін еді. Тіпті бұлай болмауы да. Бірін бірі қанша ұнатқанымен де, ол жігіт басқа біреуге үйленіп, Әсел басқа жанға шығуы да мүмкін еді ғой. Өмірді алдын‑ала болжай алмайсың. Бәрінің дәл осылай аяқталғанына Серік айран‑асыр.

Кешкісін ойнап келсе, үйдің ішін көңілсіздік жайлаған. «Қайда жүрсің?» – дер жан табылар емес. Әжесі самауырдың шоғын түрткен болып, күйбең-күйбең. Ал самауырда от жоқ. Әкесі тордағы арыстанша үйдің ішін кезіп жүр. Апасының да түрі адам танымастай. Бәрінің бір шешім таппай дағдарған жайлары бар. Ешқайсысынан да себебін батып сұрай алмады. Көрші-қолаңдар да жиналуда.

– Қыздың көркі өзіне сор, – деді баяғы әжесіне «қызың бой жетіп қалыпты ғой» дейтін көрші кемпір.

– Кім алып қашып жүрген? – деп сұрады біреуі.

– Темір жолдағы Қасқырбай дегеннің баласы дейді.

– Ұнатқаны ма екен? 

– Е... кімді ұнататынын, кімді ұнатпайтынын қайдан білейік. Біздің көңілімізде әлі бала емес пе?

Серік істің мәнін сонда ғана түсінді. Көз алдына жымиып пилоткалы жігіт келе қалды. Дереу сыртқа атып шықты. Бұл жақта мұндай келеңсіз жайдың аздап болса да кездесетінін және арты жақсылыққа апармайтынын бала да болса сезетін. Мектепке баратын күн жақындап қалса да, бұлар әлі ши борбай, жалаңаш қарын қалпы. Қазір кешкілік күн суытып қалған. Денесі дірдек қағады. Аяғының да тілім‑тілім болғаны анық. Сонда да тікенді тікен, шөңгені шөңге демей жөнеп келеді. Сойдақ шөптердің мал мүжігеннен қалған сояудай‑сояудай тұқылдары кірш‑кірш қадалып, жанын көзіне көрсетеді. Күн де ұясына қонып, айналаны қараңғылық пердесі орай бастаған. Төңіректе тірі пенде жоқ. Жым‑жырт тыныштық та көңілді секем алдырады. Көлеңке үйірілген су беті де сұсты‑ақ, үні де жұтып қоятындай құмыға естіледі. Әйтеуір, қараңғылық үйірілмей, тауға баратын жолға да аяқ іліктірді. Адаспасы анық.

Беткейге жеткенде жылтыраған бірен-саран шамдар да көріне бастаған‑ды. Енді сәл кешіккенде шопыр жігітті ұстай алмайтындай да екен. Ол қараң‑құраң етіп қасына жақындаған мұны көріп, шошып кетті.

– Иә, бұл не жүріс? – деді ол.

Өкпесі өшіп, тамағы құрғап кеткен Серік:

– Әселді алып қашып кетті, Қасқырбайдың баласы, – дегенді әрең айтты.

Ол капотты тарс еткізіп жауып: 

– Мін! – деп қысқа бұйырды.

Машинаны тез от алдырып, разьезге баратын жолға салып, құйындай ұшырды. Темір жолдың бойындағы ауыл, бұлардың тегін жүрісті адам емес екенін білгендей, томсара қарсы алды. Аядай ауылдан Қасқырбайдың үйін табу қиынға түспеді. Бейтаныс жандарды көріп, есік алдындағы адамдар не істерлерін білмей, асып‑сасып қалған. Ешкімге де сәлем берместен шофер жігіт ішке беттеді.Серік те ізінен бір елі қалмады. Түкпіргі бөлмеде үш‑төрт әйел Әселді үгіттеп көндіре алмауда екен. Ішке кіріп келгенде Әсел қып‑қызыл болып домбыққан көздері ұшқын атып, бұларға тұра ұмтылды.

Қайтар жолда тіл‑құлақтан айырылып мылқау болып қалғандай көрінген табиғат қайтадан өз әніне басқан‑ды. Әсел бұдан қысылып‑қымтырылмай шопыр жігіттің иығына басын қойды. Серік екеуіне қызыға қарады. Арада аз өтті ме, көп өтті ме білмейді, бір қараса машина тоқтап тұр. Жол айырығы екен. Әсел бауырына тас қып қысып алыпты. Күн сіңген шашынан иіскейді.

– Қош боп тұр, інім, – деді ол. – Әжемдерге сәлем айт.

Серік әлгі әзірдегі әсерлі сәтті қимай, жерге әрең түсті. «Сен де жүрмеймісің?» –дегендей, Әселге жаутаң‑жаутаң қарап қояды. Бірақ Әсел кабинадан түсер емес. Ол көмекейіне тас тығылып қалғандай бір ауыз тіл қата алмады. Екеуінің қосылуына қарсы емес, бірақ бір от ішін өртеп барады. Күлгісі келеді, күле алмайды.  Бірдеңе деп сөйлегісі келеді, бірақ сөйлей алмайды. Соның арасынша машина қозғалып та кетті.Оның артындағы шамдары жылт-жылт етіп, бірте‑бірте алыстап бара жатты.

Солармен бірге бүкіл жаз ілесе кеткендей, Серік аңырып тұрып қалды. Көз алдынан қызғалдақ тұнған қыр, Әселдің мектеп бітірген күнгі аңғал бейнесі, ақсүйек ойнаған кештер көлбең‑көлбең өтіп жатты. Ал құлағында жаздың қоштасу әні сыңсиды.

***

Әселдің теңін тапқанына үй іші қарсы емес-ті. Әйтсе де:

– Күйбең тірлікке шырматылып қалатын болды. Оқи алмады, – деп өкінді.

Серік те «Ауылдан ұзай алмаған қандай жаман, кейін қалаға жолдары түскенде қарттарға ұқсап алақ-жұлақ етіп жүрмек пе?» деп қиналды. Көрші ауылдан енді ылғи амандық‑саулық сұрасқан хаттар үзбей келіп тұратын болды. «Қымбатты інім...» дегеннен арғы жолдарын оқи алмай Серіктің көз алды тұманданып кетеді. Бұл үшін ең қымбат жан сол Әселдің өзі еді.

Үй ішінің бір түрлі сәні кетіп қалғандай. Әсел барда қолың тиіп кеткен әрбір зат сыңғыр қаға жөнелетіндей көрінетін. Әселдің бөлмесіне кірсе‑ақ, сиқырлы қолдың ізін көргендей сілейіп тұрып қалады. Тап‑тұйнақтай жинаулы тұрған төсегі көзге қандай ыстық. Міне, оның аяқтап, бірақ сыйлай алмай кеткен кестесі.Тұп‑тұнық бұлақтан су ішкен елік бейнесі.

***

Келер жаз олардың тұңғыштары дүниеге келді. Әжесі екеуі алғашқы кезде көп көмектесті. Ал тағы бір жыл өткенде жас отау иелері жолдамамен үлкен қалаға оқуға аттанды. 

– Балаларың үшін қам жемеңдер. Денсаулығым бар, бағып‑қағуға жараймын, –деді әжесі. – Сендердің өздерің бала емессіңдер ме? Өмірді жаңа бастадыңдар.

Серік бәрінен де олардың оқу оқып, білім аламыз дегендеріне шексіз қуанышты еді.