Қатысушылар:
Жүргізуші
Кендебай батыр
Керқұла ат
Кендебайдың әкесі
Хан
Ханның баласы
Қойшы бала
Қосымша: Аққулар, алтын құйрықты құлындар, айдаһар, арыстан, жезтырнақ
КІРІСПЕ
Жаймашуақ музыка. Сахнаға билей басып жүргізуші шығады. Қолында үлкен кітап.
Жүргізуші (залға). Балалар, сендер ертегі тыңдағанды жақсы көресіңдер ме?!
Балалар (залдан). Иә! Иә-ә!..
Жүргізуші. (кітабын жоғары көтеріп). Ендеше мен сендерге бір ертегі айтып берсем, соған зейін қоюға әзірсіңдер ме?
Балалар (залдан). Әзірміз-з! Әзірмі-і-з!
Жүргізуші. Олай болса бастайық!.. (Кітабын кеудесіне басады. Музыка). Ертегіміз «Керқұла атты Кендебай» деп аталады. (Айналаны дүр сілкіндіріп, ат кісінейді. Төкпе күй. Көсілте шапқан сәйгүліктің дүбірі). Бұл еліміз небір тар жол тайғақ кешуді басынан өткерсе де, сан ғасырлар бойы еш ұмытылмай күні бүгінге дейін жеткен, бабаларымыздан қалған рухани алтын мұра – қазақтың халық ертегісі болып табылады!
Ойға шомған жүргізуші шығып кетеді. Оның даусы енді радио арқылы естіледі.
Жүргізуші. Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында Қазанғап деген бір кедей болыпты. (Музыка). Қазанғап құс атып күн көріпті. Әйелі ау тоқып, жамау жамайды екен... Күндердің бір күнінде Қазанғаптың әйелі босанып, шекесі торсықтай ұл туады. Бұған ата-анасы қатты қуанып, төбелері көкке жетеді. Сол бала алты жылда алып жігіт болып өседі... (Музыка. Сахнаға күш-жігері тасыған, қайратты жас жігіт – Кендебай жүгіре шығады. Қолында садақ. Аспанда қаздар қаңқылдайды). Құралайдың көзінен тигізген мерген атанады. (Кендебай тұра қалып, әуелете садақ атады. Жерге топ етіп, атқан құсы құлайды). Шыңырау құдыққа құлаған атан түйені жалғыз өзі тартып шығаратын көрінеді. (Түйе көтерген Кендебай маң-маң басып, сахнаның екінші бетіне өтеді. Сахнаға жүргізуші шығады. Үрейлі музыка. Жақын маңнан қасқырлар ұлиды. Жан ұшыра жылқы кісінейді).
Жүргізуші. Күндердің күнінде аң аулап жүрген Кендебай бір көкжал бөрінің буаз биені алып ұрып, жегелі жатқан үстінен түседі. Сол жерде Кендебай қасқырды құйрығынан ұстаған бойда сілкіп-сілкіп лақтырып жібереді. Көкжал бірден жан тапсырады. (Сахнаның сыртында қасқыр мен адамның арпалысы естіледі). Содан кейін Кендебай өлгелі жатқан биенің қарнын жарып жіберіп, құлынын құтқарып қалады. Құлынды үйіне әкеліп, құланның сүтімен асырайды. (Музыка. Жас құлынның кісінеген даусы естіледі).
Енді жүргізушінің даусы радио арқылы естіледі.
Жүргізуші. Құлын күн сайын емес, сағат сайын өседі. Сөйтіп алты айдың ішінде алты кез ат болып шыға келеді, Кендебай оны түсіне қарай Керқұла деп атайды. Керқұла өсе келе қуса жетіп, қашса құтылатын нағыз сәйгүлікке айналады. (Төкпе күй. Ат кісінейді, тұлпардың шабысы...). Керқұла атқа мінген Кендебай алты қырдың ар жағынан қаша жөнелген құланды көзді ашып-жұмғанша қуып жетіп, құйрығынан ұстайды екен. (Пауза). Кендебай алғырлығымен, күштілігімен қатар өте қайырымды, мейірімді болып өседі...
Бірінші көрініс
Өрісте қозы жайып жүрген бала. Арагідік «Шәйт! Шәйт-т!» – деп қарлыға айқайлап қояды. Баланың басы таз, киімі өрім-өрім. Мұңлы музыка. Бала отыра қалып еңіреп жылайды. Сахнаның сыртынан аттың оқыранғаны естіледі. Аттан түскен Кендебай баланың қасына жақындайды.
Кендебай. Көзі жасты, көкірегі шерлі бұ қай бала, неге жылайсың сен?
Қойшы бала. Ардақтаған анаңнан, асқар таудай әкеңнен тірідей айырылып қалсаң, қалай жыламасқа!..
Кендебай. Е-е, расында жағдайың аянышты екен! Дегенмен де не болғанын жөндеп түсіндірші, бәлкім, көмегім тиер...
Қойшы бала. Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір жетіге шықтым. Ауылымызға жау тиіп, жылқы біткеннен тұяқ қалдырмай айдап кеткеніне биыл үшінші жыл. Әкем алып ұйқылы батыр еді. Ұзақ жорықтан келгенде алты күн қатарынан ұйықтайтын. Сондай бір қалың ұйқыда жатқан әкемді жау әскері байлап әкетті. Ал, араша түскен шешемді олар алдарына өңгеріп ала жөнелді. Сөйтіп, мен байғұс аңырап жетім қалдым... Ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, амалсыздан қозы бағуға жалдандым. Содан міне, әбден арыдым, тоздым!.. Ернім жалақ, басым таз болды... Көзімде – жас, көңілімде – қайғы!.. (Егіліп жылайды).
Кендебай. Қарағым, жылама. Мен әке-шешеңді тауып беремін.
Қойшы бала (қуанып). Рас па, ағатай?! (Атылып барып Кендебайдың мойнынан құшақтайды). Рақмет сізге! Мен сіздің бұл жақсылығыңызды еш уақытта ұмытпаймын! (Музыка).
Екінші көрініс
Кедейдің қара шаңырағы. Жұпыны тұрмыс. Ескі кебеженің үстіне тозығы жеткен көрпе-жастық жиналған. Үйдің бір бұрышында Кендебайдың әкесі аң аулауға шыққанда қынына байлап алатын үлкен қанжарын қайрап отырады. Сырттан Кендебай кіреді.
Кендебай (басын иіп). Әке, ұзақ сапарға аттануға бел буған едім, соған ризашылығыңызды сұрай келдім. Ақ батаңызды беріңіз, жолға шығайын!
Кендебайдың әкесі (сақалын сипап). Ата дәстүрін ұстанып, алдымнан өткеніңе рақмет, ұлым. Рұқсат Алладан болар, тек сапарыңның мұрат-мақсатын түсіндіргейсің.
Кендебай. Әке, анау бізге көршілес Мергенбай батырдың ауылын жау шауып, әйелі мен өзін тұтқындап әкеткенінен хабардар боларсыз... Міне, содан бері үш жыл өтсе де оларды ешкім іздемепті! Осының бәрін мен кеше ғана батырдың соңында қалған жалғыз баласының аузынан естідім. Сонда қалай, жерімізді ойрандатып, батырымызды қорлатып, ұрпағымызды көз жасына бөктіріп қоятындай біз соншалық намыссыз ел ме едік?! Жоқ, мен бұған төзе алмаймын! Тап қазір аттанам да тірі болса, Мергенбай батырды кері алып қайтамын, ал өлі болса, жауымды талқандап қайтамын!
Кендебайдың әкесі. Сабыр, балам сабыр!.. (Пауза). Осыған дейін бұл жөнінде ештеңе айтпай келсем, сен тым жас болдың. Ал Мергенбай батырға араша түсіп, соңынан іздеу салатындай басқа ешкімнің реті келмеді... Енді міне, саған бәрі мәлім. Өзің шешім қабылдап та үлгеріпсің. Тек асығып-аптығудың қажеті жоқ. Жолға жақсылап әзірленіп, қасыңа ертетін серіктеріңді қапысыз таңдап алғайсың.
Кендебай. Сөзіңізге құлдық, әке, бірақ жаудың қолындағы батырымыздың сағы сынып, көкірегі қарс айырылып, зарығып жатқанда менің керіліп-созылып жүргенім жараспас! Мен жолға әзірмін! Қасыма ертетін серігімді де таңдап қойғанмын!
Кендебайдың әкесі. Бәрекелді-і! Батырдың басына қауіп-қатер төнгендей болса, қасынан табылар жан серігі кім болды екен?!
Кендебай. Ол – Керқұла ат!
Кендебайдың әкесі. Серігің сенімді екен, балам! Ендеше жолың болсын! Бір Алладан өзіңе ақ жол тілеймін! (Қолын жайып, бетін сипайды. Оған Кендебай да қосылады).
Кендебай (бөгеліңкіреп). Әке, өзіңізге айтатын және бір сырым бар еді...
Кендебайдың әкесі. Айта ғой, балам.
Кендебайдың әңгімесі өткен шақпен көрсетіледі. Мазасыз музыка.
Кендебай. Кеше қойшы баланың әңгімесінен кейін үйге қайтып келе жатып жолда алты аққуға кезіктім... Олар төбемнен айнала ұшып, еш кетпей қойды...
Алты аққу Кендебайды қоршап алады. Аққулар сұңқылдап, қанаттарымен Кендебайды сабалай бастайды...
Аққулар (жарыса тақпақтап). Кендебай сал мұңда ма,
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма,
Балақ жүні шалқи ма?
Кендебай. Кендебай сал мен едім,
Керқұла атым қолда еді.
Бауда нұрым балқиды.
Балақ жүнім шалқиды
Аққулар Кендебайды одан сайын сабалай жөнеледі. Кендебай біреуінің аяғынан шап беріп ұстай алады. Аққулар ұша жөнеледі. Кендебайдың қолында сол аққудың кебісі қалып қояды...
Кендебай (әкесінің қасына оралып). Әке, мен осы кебістің иесін іздеп тауып, аяқ киімін өзіне қайтаруым керек!.. (Алтын кебісті көрсетеді).
Кендебайдың әкесі. Жарайды, балам, мен сені түсінемін... Тек аман барып, сау қайтқайсың! Жауыңның қулық-сұмдығына алданып қалмағайсың! Күшіңе ақылың сай болғай! (Кендебайды құшақтап, маңдайынан сүйеді).
Музыка. Сахна қараңғыланады. Радио арқылы жүргізушінің даусы естіледі.
Жүргізуші. Кендебай сауыт-сайманын киіп, жау-жарағын асынып, жолға шыққан бойда Керқұла ат құстай ұшады. (Төкпе күй. Шауып бара жатқан сәйгүліктің дүбірі). Керқұла ат айлық жерді алты-ақ аттайды. Көз ұшындағы құстар қанатын жазып үлгергенше Керқұла ат үстінен аттап өтеді. Теңізді – шалшық құрлы көрмейді. Осылай Кендебай күн жүреді, түн жүреді... Апта жүреді, ай жүреді... Кенет оның алдынан аспан тіреген бір биік тау көрінеді. Тау етегіне келгенде Керқұла атқа тіл бітіп сөйлей жөнеледі.
Сахнаға Керқұла атын жетелеп, Кендебай шығады.
Керқұла ат (еріндері жыбырлап) . Достым, Кендебай, іздегенің енді аса алыста емес. Мына таудан ары ассаң, ағып жатқан жалпақ өзенді көресің. Өзеннің ортасында арал бар. Сол жерде біз іздеген хан тұрады. Сен сонда баруға тиіссің... (Пауза). Ал қазір жалымнан бір тал қылды жұлып алып, мені қоя бер. Сауыт-саймандарыңды үстіме сал. Әзірге саған менің де, қару-жарақтың да керегі жоқ. Кейін қажет кезде қылды тұтатсаң, мен әп-сәтте қасыңнан табыламын. (Кендебай бір тал қылды үзіп алады да, қару жарағын үстіне артып, атты еркіне жібереді).
Үшінші көрініс
Салтанатты хан сарайы. Үлде мен бүлдеге оранған хан алтын тақта отыр. Қимыл-әрекеттері маңғаз. Қасында қол қусырып тұрған баласына өте бір маңызды шаруаны тапсырып жатады. Сөздері естілмейді. Кербез музыка. Сырттан жақындаған Кендебай есіктің алдында бөгеліп қалады. Хан оны байқамай әңгімесін жалғастыра береді. Бұл жолы сөздері анық естіледі.
Хан. Бүгін қара бие құлындайды. Бұл – тоғызыншы құлындауы. Жылда ол туған құлын түнде жоқ болып кетеді. Сондықтан биені түнде өзің күзет, жылқышыларға сенбе.
Ханның баласы. Мақұл, әке. (Кетеді. Кендебай байқатпай соңынан ілеседі).
Сахна қараңғылана береді. Түн. Үрейлі музыка. Сахнаның бір бұрышында ханның баласы. Қолында қынабынан суырылған қылыш. Жан-жағына жалтақтап, қатты елегізіп тұр. Бір кезде маужырап, қайта-қайта есіней бастайды. Ақыры жерге отырған күйінде қылышына сүйеніп, ұйықтап кетеді.... Сахнаның екінші бұрышынан Кендебай көрінеді. Ол өте сақ тұрады.
Сахнаға жарық беріледі. Таныс хан сарайы. Хан тағында отыр. Сырттан ханның баласы кіреді.
Хан. Иә, балам, не көрдің, не білдің?!
Ханның баласы. Әке, бие құлындаған да жоқ, еш нәрсе болған да жоқ...
Есіктен Кендебай кіріп келеді.
Кендебай. Дат, тақсыр!
Хан. Датың болса, айт!
Кендебай. Мен айтар болсам, балаңыздың айтып отырғаны өтірік. Бүгін түнде биені мен де күзеттім.
Хан (ашулы). Иә, с-сосын!..
Кендебай. Түн ортасынан ауғанда балаңыз ұйықтап қалды.
Хан (қатты ашуланып). Жә, с-сосы-ы-н!..
Кендебай. Таң алдында биеңіз алтын құйрықты, құндыз жүнді құлын туды.
Хан (ұшып тұрып). С-сосы-н-н!..
Кендебай. Аспаннан бір қара бұлт түйіліп келді де құлынды іліп ала жөнелді. Мен құйрығынан шап беріп ұстап үлгердім. Алайда бұлтпен араласқан алып құс құлынды алып кетті де, үзілген құйрық менің қолымда қалып қойды...
Хан. Осы айтқандарың рас болса, құйрық қайда?!
Кендебай. Тақсыр, сабыр етіңіз, егер мен алтын құйрықты олжа көрсем, бұл әңгімені сізге айтып нем бар! (Пауза). Міне құйрық!.. (Жарқ-жұрқ еткен алтын құйрықты қойнына суырып алып, ханға ұсынады. Ханның баласы қипақтап жерге қарайды).
Хан (қаһарланып). Тап қазір екеуің де жолға шығып, құсты іздеп тауып, құлынды кері қайтарыңдар! Бұйрығым орындалғанша менің маңайыма жоламаңдар!
Кендебай. Тақсыр, мен сізге ең алдымен осында келгендегі шаруамды айтсам деп едім...
Хан. Ж-жоқ, ең алдымен алтын құйрықты құлын табылуы тиіс! Басқа әңгімеңді содан кейін ғана тыңдаймын.
Кендебай мен ханның баласы бастарын иіп, шығып кетеді.
Кендебай сыртқа шығып, қылды тұтатады. Керқұла ат жетіп келеді. Кендебай сауытын киіп, қару-жарағын асынады да атына мініп шаба жөнеледі. Төкпе күй. Бір кезде Керқұла атқа тіл бітеді.
Керқұла ат (еріндері жыбырлап). Достым, анау жалыны аспанға шығып жатқан – от дариясы. Сенің барар жерің сол дарияның ар жағында. Өзің іздеп шыққан ханның құлындарын сол жерді мекен ететін алып қара құс ұрлап әкеткен. Қазір көзіңді жұм. Мен аш дегенше ашпа. (Ат ұша жөнеледі).
Жол жөнекей лапылдаған жалынның, уілдеген желдің жойқын лебі сезіледі. Бір кезде Керқұла ат және сөйлеп кетеді.
Керқұла ат. Қане, көзіңді аш!
Кендебай көзін ашып, жан-жағына қарайды.
Керқұла ат. Иә, не көрдің?
Кендебай (таңырқап). Алтын құйрықты сегіз құлын, құйрығы жоқ бір құлын алтын науадан су ішіп тұр!
Керқұла ат. Анау зәулім бәйтеректің басында қара құстың ұясы бар. Ол алты айда бір рет азық іздеп кетеді. Сөйтіп, он бес күнде қайта оралады. Қазір оның азық іздеуге кеткен кезі. Біз осы құсқа жем болмау үшін алты сағатта алты айлық жолды шауып өтуіміз керек. (Пауза). Қазір менің үстіме мін де, алтын науаны алдыңа өңгер. Құлындар алтын науадан қалмай біздің соңымыздан еріп отырады. Тек бұл жолы құлындарды ілестіріп, бағанағы от дариясынан өте алмаймыз. Оны айналып жүруге тура келеді.
Кендебай. Бәрі түсінікті! (Атқа мініп, алтын науаны алдына өңгереді).
Керқұла ат. Бірақ алдымызда үш бөгет кездеседі, соған әзір болғайсың!
Кендебай. Мен бәріне әзірмін! (Сойылын жоғары көтереді).
Керқұла ат. Ендеше жүрейік!
Салт атты Кендебай орнынан қозғалады. Құлындар кісінейді. Музыка. Бір кезде жер-көкті тітіркендіре ысылдаған дауыс естіледі. Үрейленген құлындар шұрқырап кетеді.
Керқұла ат. Бұл әлгінде айтқан үш бөгеттің біріншісі – алып айдаһар! Ал, достым, айқасқа дайын бол!
Кендебай атынан түсіп, алтын науаны жерге қояды да жүз батпан шоқпарын оңтайлап, айдаһарға тап береді. Сарт-сұрт айқас. Үрейлі музыка.
Жүргізуші (даусы радио арқылы естіледі). Айдаһармен ұзақ айқасқан Кендебай ақырында оны шоқпарымен ұрып өлтіріп, құйрығын кесіп алады да қоржынына салып қояды. Сөйтіп, Кендебай батыр сапарын әрмен қарай жалғастырады. (Көңілді музыка).
Кенет күркірей ақырған арыстанның даусы естіледі. Құлындар жанұшыра шұрқырап кетеді.
Керқұла ат. Бұл әлгіде өзіңе айтқан үш бөгеттің екіншісі – аузы апандай азулы арыстан! Айқасқа дайын бол, достым!
Кендебай атынан түсіп, науаны жерге қояды да қынабынан қылышын суырып, дауыс шыққан жаққа қасқая қарап тұрады. Сол-ақ екен аузы апандай арыстан батырға тап береді. Екеуі шайқаса кетеді. Үрейлі музыка.
Жүргізуші (даусы радио арқылы естіледі). Арыстанмен ұзақ шайқасқан Кендебай ақырында оны қылышымен шауып өлтіріп, терісін сыпырып алып, қоржынына салады да сапарын әрмен қарай жалғастырады. (Көңілді музыка).
Кенет айналаны қара тұман басады.
Керқұла ат. Бұл әлгінде өзіңе ескерткен үш бөгеттің үшіншісі – айлакер жезтырнақ! Сақ болғайсың, Кендебай, оның шеңгеліне түскен адам еш уақытта тірі құтылған емес!
Кендебай атынан түсіп, кездігін кезеніп, жезтырнаққа қарсы жүреді. Үрейлі музыка. Артынша екеуі алыса кетеді.
Жүргізуші (даусы радио арқылы естіледі). Жезтырнақпен ұзақ алысқан Кендебай ақырында оны кездігімен түйреп өлтіріп, тырнағын кесіп алады да қоржынына салып қояды. Сөйтіп, қайтадан жолға шығады. (Көңілді музыка).
Төртінші көрініс
Хан сарайы. Алтын тағынан атып тұрған хан мазасызданып, арлы-берлі жүреді. Жиі-жиі сыртқа құлақ түреді. Бір кезде ішке әбден азып-тозған ханның баласы кіреді. Қатты қалжыраған. Таяққа сүйеніп, әрең тұрады.
Ханның баласы (зорға сөйлеп). Ә-әке... қ-құлындарды т-таба... а-алма-а-ды-ым-м...
Хан (мұңайып). Әй, бос белбеуім-ай!..
Сырттан Кендебай келеді.
Кендебай. Уа, алдияр, тапсырмаңыз орындалды! Алтын құйрықты құлындарыңыз ордаңызға жеткізілді!
Хан терезеден сыртқа қарап, құлындарды көреді.
Хан (қуанып). Рақмет, батырым! Ризамын саған!
Хан алтын тағына қайта жайланып, қасына Кендебайды шақырады. Ханның баласы сүмірейіп сыртқа шығып кетеді.
Хан. Ал, батырым, енді өзіңді таныстыр, осында келгендегі шаруаңды айт.
Кендебай. Есімім – Кендебай. Ел мені Керқұла атты Кендебай деп атайды.
Хан (көзі жайнап). Ж-жөн! Жөн-н!..
Кендебай. Сіздің еліңізге ерігіп келгенім жоқ. Екі бірдей жоқ іздеп жүрген жайым бар...
Хан. Айт, айта бер, батырым!
Кендебай. Осыдан үш жыл бұрын сіздің әскеріңіз елімізді шауып, малымызбен қоса, қолға түскен Мергенбай деген батырымызды айдап әкетіпті. Сол батырымызды босатып алуға келдім. Бұл – біріншісі. Екінші жоғым, бір жолы әуелеп ұшқан алты аққуға кезігіп, солардың бірінің алтын кебісі менің қолымда қалды. Естуімше, алтын кебістің иесі сіздің елде көрінеді, соны табыс еткелі келдім. (Алтын кебісті ханға ұсынады).
Хан. Дұрыс, балам! Еліңнің малын айдатып, батырын байлатып алдырғаным рас. Мергенбай батыр мен әйелі зынданда жатыр... (Пауза). Ал, жалпы, біздің мақсатымыз сені қолға түсіру еді. Сенің батырлығың бізге де мәлім-тін. Өзіңді жыл сайын алтын құйрықты құлынды ұрлап әкететін алып қара құсқа жұмсауды ойлағанмын. Намысты болса бір іздеп келер деп еліңді шауып, батырыңды тұтқындағаным да сондықтан. Алайда одан кейін үш жыл өтсе де сен келмедің. Сосын алты қызым сені іздеп барған болатын...
Кендебай. Демек, алтын кебіс сіздің қыздарыңыздың бірінікі болды ғой?
Хан. Иә, бұл менің кенже қызымның кебісі. (Алтын кебісті кеудесіне басады).
Кендебай. Ендеше мен іздеп келген екі жоғымды да тапқан сияқтымын!
Хан. Тапқаның рас. Бірақ мақсатың толық орындалуы үшін өзіңе қоятын және бір шартым бар.
Кендебай. Егер бейбіт жолмен тіл табысар болсақ, айтыңыз шартыңызды!
Хан. Осы өңірде жұрттың апшысын қуырған бір алып айдаһар, азулы арыстан және айлакер жезтырнақ бар. Үшеуінің осыған дейін елге жасаған қиянатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Егер осыларды өлтіріп, бізді азаптан құтқарсаң, батырыңды босатып, малдарыңды өздеріңе қайтаруға әзірмін. Бұған қоса жаңа ғана маған өз қолыңмен тапсырған алтын кебістің иесі – кенже қызымды қолынан ұстатып, өзіңді күйеу бала етейін.
Кендебай сырттан қоржынын алып келіп, ішінен айдаһардың құйрығын, арыстанның терісін, жезтырнақтың тырнағын шығарып ханның алдына тастайды. Көзі жайнап кеткен хан орнынан ұшып тұрады. Музыка.
Сахнаға жүргізуші шығады.
Жүргізуші. Содан Кендебай батырға разы болған хан сөзінде тұрып, зынданда жатқан Мергенбай мен әйелін бостандыққа шығарады. (Музыка).
Сахнаға қойшы бала жүгіре шығады.
Қойшы бала (бөркін аспанға атып). Кө-ке-е!.. Апа-а!.. Сіздерді көретін күн бар екен-ау!.. Мен енді тірі жетім емеспін!.. (Сахнаның сыртына қарай құшағын жая тұра жүгіреді).
Жүргізуші. Хан кезінде әскері айдап әкеткен бар малды Кендебайдың алдына салып береді. (Музыка. Қойлар маңырап, сиырлар мөңіреп, жылқылар кісінеп, айнала азан-қазан болады). Сөйтіп, Кендебай батыр хан елінен айдап әкелген малдарды иелеріне қайта табыс етеді.
Бір сәт тыныштық орнайды. Әсем музыка.
Жүргізуші. Хан отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, кенже қызын Кендебайға қосады. Көп сый-сияпат көрген Кендебай батыр қалыңдығын ертіп, еліне оралады. Батырдың ауылында үлкен той өтеді. Әрі сол күннен бастап Кендебайдың еліне ешбір жау тиісе алмайтын болыпты. (Жігерлі музыка). Бұл аймақ Керқұла атты Кендебай батырдың елі атаныпты.
Соңы