Бойындағы бар талап
Сенген асқақ әніне,
Үлкен үміт арқалап,
Келеді әнші Әміре.
Қара жұмыс, қол еңбек
Қалып бәрі кейінде,
Әнмен нұрға бөленбек,
Түсіп талқы- зейінге.
Өркениет өнер мен
Хас талантты таныса,
Асып-шалқып кемерден
Шырқалмақ «Балқадиша».
Жетелеген мақсатқа
Ойға бөлер жол қилы.
Алып-ұшып сан-саққа
Көңіл, шіркін толқиды.
Жүзу өнер-айдында
Басты мақсат діттеген.
Оған қоса мойнында
Аманат бар жүктеген.
- Мұстафа сол Парижде,
Қамқор болған талайға.
Аңду салған әр ізге
Тыңшылар көп, алайда...
Аса сақ бол, абайла,
Тәуекелге барыспа.
Ебін тауып қалайда
Осы хатты табыста.
Сәлем де ақ жүректен,
Табыспен қайт толайым!
Мұстафа өзі ретпен,
Келістірер орайын.
Деген сөзі Ахаңның
Ой түбінде жаңғыра,
Соңын күтті сапардың,
Талай таңды таңға ұра.
Көңіл тасқын ғаламат,
Жүрексініп, сассынба.
Берік жерде –аманат,
Ұлтарақтың астында.