Назад
Бес

Бір жерден екінші жерге көшіп барғанда, әуелгіде адамдар мен ортаға біразға дейін үйренісе алмай қиналатының бар. Анасы мен баласы «Алматы-1»-ден «Алматы-2» теміржол бекеті маңына көшкен еді.

– Бір жерге жығылып қалмашы, балам! – деп ерекше ескертеді, шешесі. Бала алдындағы асты асыға-үсіге, қақалып-шашалып ішіп, бір нәрседен құр қалғандай далаға жүгіреді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы шығар-ау, шамасы. Асхаттың анасы – керемет кісі. Есімі – Зейнеп. Алайда, неге екені белгісіз ел-жұрт оны Зоя дейді. «Неге бұлай?» деп сұраған жан болсашы. Көршінің балалары кеш батысымен-ақ жасырынбақ ойнауға шығады. Олардан Асхат та қалысқысы жоқ. Теріс қарап, көзін жұмып, онға дейін санаған соң, бұрыш-бұрышқа, қуыс-қуысқа тығылғандарды іздей бастайтын баладан белгіленген жерге бұрын жетпесең бітті, «голясың». Әбден шаршаған олар үйге түнгі сағат он шамасында кірді. Сөйтіп, Асхат таңертең мектепке барды. Сыныпта қиялға беріліп, үйге ертерек барсам ғой деп отырған бала мұғалиманың:

– Садыров! – деген даусынан селк ете қалды. – Тұр орныңнан! – деді Рабиға апайы қабағын түйіп. – Тақтаға шық. Сабаққа дайынсың ба?

 – Жоқ апай! Дайын емеспін, – деп оқушы қылмысты адамша көзімен жер шұқыды.

– Тақтаға шық дедім ғой, саған.

         Асхат тапсырманы орындай алмай біраз қиналды. Бала Виет, Лейбниц, Ферма сияқты ұлы математиктердің өміріне қатты қызыққанымен, тақтаға сызса, сайтан адасатын формулаларды шешуге келгенде дәрменсіз-тұғын. Оның қасындағы дударбас, дөң мұрын, қою қас, сұр кеспіріне дүрдек боп біткен еріннің қожасы – Марат ақылды оқушы. Ол бір нәрсе деп сыбырлап жатыр. Алайда, ештеңе естілмейді. 

– Ал... есептің шешімін таптың ба?

– Жоқ апай! – деді бала қарадай қысылып.

– Отыр, екі!

         Асхат мұндай баға алғанына қатты ұялды. Алайда, дауласып жатпады.

         – Ой, сенде. Айтып жатсам естімейсің, – деді Марат парталасына ренжіп. Қоңырау да соғылды. Шыны керек, Асхаттың бұл мектепке ауысып келгеніне де көп болған жоқ. Екі-ақ ай. Сондықтан да, оның әлі де ортаға сіңісе алмағаны анық байқалады. Мектеп пен үйдің арасын бір-ақ аялдама бөліп тұр. Қорғасындай ауыр қазбауыр бұлттар төбеден төніп тұр. Бір кезде жаңбыр құйды келіп. Асхаттың анасы сауда жасайды. Теміржол бекетінде жеміс-жидек сатады. Аз-кем уақыттан соң Зейнеп те келді. Үсті-басы – малмандай су. Жауынның тоқтайтын түрі жоқ. Қайта, барған сайын үдеп барады. Анасы үстіндегі сұр күртешесін шешіп, баласының үстіне жауып әлек.

 – Менің бар үмітім – сенсің... балам, – деді Зейнеп терезеге қарап. – Сен ақылдысың ғой. Мені түсінесің.

 Зейнеп күлді. Балаға анасы күлгенде айналасына шуақ шашатындай боп көрінетін.

– Сабағың қалай боп жатыр?

         Асхат ішінен «не деп жауап берсем екен» деп ойлады. Өтірік айтса, келесі аптада өткелі отырған «Ата-аналар жиналысында» бәрі беп-белгілі болмақ. Шындығын айтайын десе, шешесінің бұл жаңалыққа қуана қоймайтыны даусыз. Қайтпек керек?! Бірақ, Зейнеп ұлын: «Өтірік айтпа, қандай жағдайда да тек шындығыңды айт», – деп үйреткен-ді. Сәл бөгелістен соң бала:

– Мама, бүгін мен математикадан екі алдым! – деді басын қасып. Бұны естіген Зейнеп ренжіңкіреп қалды.

 – Сен бала мені ұятқа қалдырдың. Бүгіннен бастап оқуыңды қадағалаймын. «Менің балам мықты оқиды», – деп ел-жұртқа мақтанып жүрсем, сенің тірлігің болса, мынау. Одан да оқуды қойып, мен секілді саудагер бол. Базарға шық.

Асхаттың көзі жасқа толып, шөптің сабағына қонақтаған таңғы шықтай үзілгелі тұр.

– Жылама, еркексің ғой. Көтер, басты.  

Сөйтіп, күнде жұмыстан кейін Асхат анасымен бірге сабағын орындайтын болды. Содан, әлгі бір жағдай түзеле бастады. Алайда, Асхат үшін математика алынбас қамалдай көрінді. Бірде, сабақтан ерте келген бала ойынға айналып, бәрін ұмытып кеткен-ді. Бәрі жиналып теміржол бекетінің жаныдағы ескі рельспен жүріп, бір-бірімен жарысты. Кімде-кім сүрінсе, «соқыртеке» болады. Сол күні «соқыртекенің» рөлін Ерік сомдады. Балалар оның көзін қара орамалмен байлап, айналдырып-айналдырып аулаққа қарай итеріп жіберді. Ерік аумағы ат шаптырым жерде біразға дейін айналсоқтап жүрді. Балалар – мәз. Асхат сағатына қараса кешкі алтыдан кетіпті. Бұл – Зейнептің үйіне шай-тамақ ішуге келетін уақыты. Ол жүгірген бойы үйдің қақпасына бір-ақ келді. Алыстан сиренаның дыбысы талып жетті. Қорқа-соқта ішке еніп еді, анасы шай ішіп отыр екен. Ашулы сияқты.

 – Ой, ойының осылғыр, қайда жүрсің? Сен бала бар ғой... шашымды ағартып біттің, – деп оның арқасынан «дүңк» еткізіп бір қойды. 

 – Не болды мам? – деді Асхат.

– Не болғаны несі?! Сабағыңа дайындал, оқы, ізден деп қанша рет қайталауым керек. Теміржол бойында ойнамаңдар дегенім қайда?! Оны да тыңдамадың. Айта-айта ауыз ауырды. Әне, Айсараның баласы «соқыртеке» ойнаймын деп құдыққа құлап, тобығын тайдырып алыпты. Ендігәрі, сол жерге барады екенсің, аямаймын, шын айтамын! – деді сұстанып.

– Болды, бармаймын, мам.

– Отыр да сабағыңды орында.

         Бала түнімен дайындалды. Оның мақсат-мұраты – математика пәнінен бес алу. Арайлап таң атты. Бір құдіретті күш айнала-маңды бояп қойғандай жап-жарық, ерекше қанық.

 – Бүгін есептен бес алмайды екенсің, менен жақсылық күтпе, – деді Зейнеп даусын зорайта сөйлеп. Оқушы мектепке асығып барады. Ол сыныпқа енгені сол еді, қоңырау да соғылды. Сабаққа кешігіп келген бала «кірпінің» үстіне жамбастап жата қалады. Дәл кіреберістегі плакат сондай ойға жетелейді екен.

– Сәлеметсіңдер ме балалар? – деді Рабиға апай.

– Сәлеметсіз бе апай! – деді 6-шы «а» сыныбының оқушылары. Асхаттың даусы соңғы боп естілгенін мұғалім сезіп қойса керек, кабинеттің ішінен көзбен тауып алды да:

         – Сабаққа дайынсың ба Садыров! – деді сұраулы жүзбен. Асхат дәл сол тапсырманы ең кемі жеті рет оқыған. Жауап та өзін ұзақ күттірмеді:

– Дайынмын!

Бұл өзіне аса сенімді адамның сөзі еді.

  – Онда тақтаға шық!

Бала тақтаға шыға салысымен-ақ сайрай жөнелді. Ойында тек «5» деген баға тұрды.

– Тоқта!

 – Мен келесі сабақтың тақырыбына да дайындалып келдім апай. Айтайыншы!

– Жетер! Жарайсың! 5! Бүгін мен Садыровқа ерекше риза боп тұрмын. Осы бетіңнен қайтпа. Қараңдаршы, балалар. Дайындалса, тәп-тәуір-ақ айтады. Рас қой?

 – Рас! – деді Асхаттың сыныптастары мұғалімнің аузындағы сөзді

қағып алып. Бала математика атты қамалды да алды. Ол мектептен шыға салысымен-ақ үйіне жүгірді. Бойын мақтаныш сезімі кернеп бара жатқан ол: «Үйге жүгірген жаман ырым» дегенді де ұмытып кетті. Енді, қайтсін?!. Анасын қуантқысы келеді ғой...