Назад
СЫНЫҚШЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Тарих ізі сан қатпар,

Мұны қарттар сөз етер.

Қазақтар мен қалмақтар

Жауласқан бір кез екен.

 

Көз шығып, бас жарылып,

Қан жұтыпты ерлері.

Жеңілгендер сан ұрып,

Төс қағыпты – жеңгені.

 

Бұзып ағып арнасын,

Өзендер сан тасыпты.

Болыпты бір арға сын,

Жер беті қан сасыпты.

 

Өтіп сан жыл, сан айлар,

Артта қалып азап бар.

Жауын қуып маңайдан,

Келген дейді қазақтар.

 

Шешіп өріс дауын да,

Көңілдері күпті кіл.

Әкеліпті ауылға

Екі қалмақ тұтқынын.

 

Еңбек тұсы ойылған,

Беймәлім ем қонбағы.

Әлгілердің сойылдан

Сынған аяқ-қолдары.

 

Ыңыранып, уһілеп,

Басып батпан мұң-қайғы,

Жатыр ма әлде су тілеп,

Былдырлайды, ымдайды.

 

Өтті екі-үш күн арада,

Тұтқынды кім аяйды?

Әлгілерге далада

Бір жас жігіт таяйды.

 

– Келіп тұрмын күн шықпай,

Атым менің Сарыбақ.

Түні бойы тыншытпай,

Құрсап алды аруақ.

 

Түсіне алмас көп пенде

Кешем өмір бір күйкі.

Мертіксе біреу, жоқ менде

Күндіз – күлкі, түнде – ұйқы.

 

Мазалаған жанымды,

Тыс аруақ еркімнен.

Салып сынықтарыңды,

Айықпақпын дертімнен. –

 

Деді дағы әлгі адам

Тұтқындарды сылады.

Уһілеген, сарнаған

Дыбыс бірден тынады.

 

Сынықшы да терледі,

Қуанатын шақ келді.

Еңбектерін емдеді,

Сынықтарын сап берді.

 

– Берсе енді құдай бақ,

Жатпассыңдар ауырып, –

Деді ол сосын, – бір айда-ақ

Шығасыңдар сауығып.

 

* * *

 

Бірде жанын Сарыбақ

Қоярға жер таппады.

Қам-қарекет бәрі қап,

Таңғы астан да татпады.

 

Азапты оймен түңілткен,

Бесін ауды, не керек.

Келді елге бір түрікмен,

Арғымағын жетелеп.

 

– Бақ жұлдызым – мақтаным,

Алдыңда тұр сәйгүлік.

Іздеп сені тапқаным,

Әрең жеттім жай жүріп.

 

Жәутең қағып босады.

– Көптен білем сені мен.

Мейманы көп, дос әрі,

Көрші ауылдан келіп ем.

Топтан шыққан жырылып,

Бір киікке ұмтылғам.

Індігешке сүрініп,

Атым аяқ сындырған...

 

Алдап жанды ұтпағам,

Маубас, сараң пенде емен.

Бұл да бір шаң жұтпаған,

Бәйге алдын бермеген!

 

Иланыңыз сөзіме, –

Деді ол енді жалынып, –

Келіп тұрмын өзіңе,

Өнеріңе табынып.

 

Сарыбақ көп терледі,

Қуанатын шақ келді.

Жарақатын емдеді,

Ат аяғын сап берді.

 

Ізетпен бас бір иіп,

Бойын түзеп сымбатты.

Сынықшы енді жымиып,

Түрікменге тіл қатты:

 

– Шықты көк тер, ақ терім,

Бос сөз айтсам маған сын.

Бір айдан соң, атбегім,

Арғымақпен шабарсың!

 

* * *

 

Қаһарына хан мініп,

Ат шаптырды жан-жаққа.

Кәрі-жасты алдырып,

Сойқанды бір салмақ па?

 

Жасырынып қалардай,

Дала бұлт бүркенді.

Қоймайтындай жан алмай

Хан сабылтты күллі елді.

 

Биік төбе басына

Елдің басын бұрғызды.

Тұрды да өзі қасына

Дар ағашын құрғызды.

 

Меңзеп ерін ұшымен,

Қолын сермеп хан тұрды.

Дүреленген, күші кем,

Сынықшыны алдырды.

 

– Құлақ түргін әмірге,

Қыл мойнында – бар айып.

Танисыңдар бәрің де,

Сынықшыны, халайық.

 

Бүгін «емін» беремін,

Көзін құртпай баспан нық.

Істеп жүрген неме бұл,

Өз еліне қастандық.

 

Дұрыс дейтін қылығын,

Қане, ортаға шық, кім бар?!

Салдырып ап сынығын,

Қашып кетті тұтқындар.

 

Сыйлап бөгде ел батырын,

Бір «сауапқа» қалыпты.

Түрікменнің атының

Аяғын бұл салыпты.

 

Жата алмадым жайланып,

Таңдайыма қан қатты.

Сол сәйгүлік бәйге алып,

Біздің аттар шаң қапты.

 

Деп хан тұрды тістеніп,

– Тойынсын бір қарға сан.

Айтты сөзін үш бөліп.

– Сынықшыны дарға асам!

 

Сынықшы ымдап, сұранды,

Деді ханға:

– Дат, тақсыр!

Көтеремін кінәмді,

Бар еді бір айтпақ сыр.

Асықтың ба жорыққа,

Сәл аялдап мұны ұқшы.

Не руға, не ұлтқа

Бөлінбейді сынықшы.

 

Бір-ақ нәрсе сенері –

Ұғатұғын жан сырын.

Сынықшыға керегі –

Бүтіндігі халқының.

 

Тәрк қып даңқ, тұлғаңды,

Балта шауып салтыңа.

Маған емес, бұл дарды

Құрып тұрсың халқыңа.

 

– Жетті мұның әлегі! –

Хан қабағы түйілді.

– Асыңдар тез бәлені! –

Деп жендетке бұйырды.

 

Салмай сөзді ой – безбенге,

Қайтарып кек қарымын.

Орындады тез жендет

Бұйрығын өз ханының.

 

* * *

 

Сан шайқаста хан қолы,

Тек жеңіле беріпті.

Көздеріне қан толып,

Ызаланып келіпті.

 

Көбейіпті құрбандар,

Өктем хан да арыпты.

Қол-аяғы сынғандар,

Мүгедек боп қалыпты.

 

Ауды бастан қонған құт,

Елі зарлап мұны ұқты.

Тоз-тоз болып сол хандық

Жер бетінен құрыпты.