Назад
ЖЖЕ

Қатысушылар:

Бошай – бұзық бала

Ағила – Бошайдың сыныптасы, оқу озаты, өнерлі қыз

Айшуақ – Ағиланың інісі, балабақшаның жоғары тобында

Ергеш – Бошайдың сыныптасы, жалтақ бала

Жүргізуші – қарны қампиған, еңгезердей кісі

Автоинспектор – мұрты едірейген, қатал полицей

 

Доптың әлегі

 

Жексенбі. Үлкен қаланың көпқабатты үйлері.

Кең жолмен арлы-берлі зулаған машиналар. Дәл жолдың жағасында бір топ бала доп ойнап жүр. «Маған! Маған-н!», «Соқ!», «Го-о-л!» деп айқайлаған дауыстары естіледі.

Кенет қатты тебілген доп әуелей ұшып барып

машина жолға түседі.

 

Бошай (әмірлі дауыспен). Ей, Ергеш, не қарап тұрсың, жү-гірсейші!

Ергеш. Қазір! Қазір-р! (Доптың артынан тұра жүгіреді.)

 

Ергеш үлкен жолға жүгіріп шығады.

Даңғыл жолмен заулап бара жатқан машиналар

аяқ астынан тежегіштерін, дабылдарын басып, әбігерге түседі. Машиналардың шуылына: «Қап-п, байғұс бала өлді-ау!» –

деп айқайлаған адамдардың бажылы қосылады.

Жанұшыра безілдеген автоинспектордың ысқырығы естіледі. Айналадағы у-шудан құлақ тұнады...  Көп кешікпей көздері алақтай, добын құшақтаған Ергештің қолынан жетектеген

автоинспектор жолдың шетіне шығады.

 

Автоинспектор (оң қолын шекесіне қойып). Балақай, сен не істегеніңді білесің бе?!

Ергеш (күмілжіп). Добымды-ы... добымды алдым ғой...

Автоинспектор (қатуланып). Қайдан-н?!

Ергеш. Ж-жолдан...

Автоинспектор. Машина жүретін жолдан де!

Ергеш. Иә-ә...

Автоинспектор. Көрдің бе, сен машина жүретін жолға түскен добыңды аламын деп, апатқа ұшырап қала жаздадың! Өзіңнің де, өзгелердің де өміріне қауіп төндірдің! Сенің кесіріңнен машиналар бір-біріне соғысып, быт-шыт болуға сәл-ақ қалды!

Ергеш (жыламсырап). Кешіріңіз, мен бұлай болады деп ойлапаппын...

Автоинспектор. Ойлау керек еді! (Асынып алған сөмкесінен қалам-қағазын шығарып, жазуға ыңғайланады.) Бүгінгі оқиға туралы ата-анаңа, мектебіңе хабарлаймыз. Шара қолдансын, түсіндіру жұмыстарын жүргізсін.

Ергеш (шошына). Ағай, үйге хабарламаңызшы! Шешем есітсе, төбемді ояды ғой! (Автоинспектордың екі жағына кезек шығып, жалына бастайды.)

Автоинспектор. Ойсын, қайта, маған сол ойғаны керек! Әйтпесе, сендер бәрін ұмытып кетесіңдер! (Кенет есіне әлдене түскендей басын қалт көтереді.) Әй, «бәрін» демекші, айтпақшы, осы сен ЖЖЕ-ні білесің бе?!

Ергеш (күмілжіп). Ым-м...

Автоинспектор. Қане, мағанаты-жөніңді, мекенжайыңды, оқитын мектебіңді айт.

 

Ергеш айта бастайды (даусы естілмейді).

Автоинспектор асығыс жазып жатады. Осы кезде олардың қасына әлгінде Ергешпен бірге доп ойнаған балалар жақындайды.

 

Бошай (автоинспектордың қасына жақынырақ барып). Ағай, ол бәрін біледі!

Автоинспектор. Нені біледі?!

Бошай. Әлгінде сіз сұрағанды ше...

Автоинспектор. Аты-жөні, мекенжайы...

Бошай (оның сөзін бөліп). Жо-жоқ, оның алдында сұрадыңыз ғой...

 

Әңгімеге Ағила араласады.

 

Ағила. Ағай, Бошай ЖЖЕ-ні айтып тұр ғой...

Бошай (қуанып). Иә-иә, ЖЖЕ... Ергеш ЖЖЕ-ні жақсы біледі!

Автоинспектор (сұқ саусағын жоғары көтере сілкілеп). Бай-қаңдар, ЖЖЕ-ні білмесеңдер, мен сендермен басқаша сөйлесемін! (Жазуын тоқтатып). Жарайды, бір жолға кешіремін, бірақ бұдан былайавтокөліктер жүретін жолдың бойында ойнамаңдар! (Оң қолын шекесіне апарады да, кілт бұрылып кетіп қалады.)

Ергеш (Бошайға). Ей, сен мен үшін жауап бергенің қалай?!

Бошай (сылқ-сылқ күліп). Есесіне, сені бір жазадан құтқарып қалдым ғой, енді «төбең ойылмайтын» болды!

Ергеш. Иә, оның рас, егер шешем полицейдің қолына түскенімді есітсе, шынында да төбемді оятын еді! (Екі қолымен төбесін басып жерге отыра кетеді.)

 

Музыка. Балалар Ергешті дөңгелене қоршап алып,

шыр айнала сықылықтай күледі.

Төбесінен шертіп, мазаққа айналдырады.

 

Ергеш (орнынан ұшып тұрып). Балалар, расында ЖЖЕ деген не өзі?!

Бошай (иығын қиқаң еткізіп). Е, оны кім біліпті?!

Ергеш. Ағила, сен де білмейсің бе?

Ағила (күмілжіп). Б-білмейді екенмін...

Бошай. Өй, сен білмейтін де нәрсе бар екен ғой?!

Ағила. А-а, не мені бір «энциклопедия» деп пе едің?

Бошай. Енді ше, біздің сыныптағы ең білгіш сен емессің бе?! (Оң қолын маңғаздана жоғары созып) Мәселенки, сыныптағы ең үздік оқу озаты кім? Ағила-а!

 

Балалар ду қол шапалақтайды.

Ағила басын иіп, ризашылық ишаратын жасайды.

 

Бошай (оң қолын және жоғары созып). Ал сынып бойынша нөмірі бірінші әнші кім? Ағила-а!

 

Балалар ду қол шапалақтайды. Ағила басын иіп,

оң қолымен микрофон ұстаған болып, әндете жөнеледі.

Музыка. Ән аяқталады. Тағы да ду қол шапалақтау.

 

Бошай (оң қолын қайтадан жоғары созып). Ал енді нөмірі бірінші биші ше? Және Ағила-а!

 

Балалар дүркірете қол шапалақтайды.

Ағила тізесін бүгіп, басын иеді де билей жөнеледі.

Музыка. Би аяқталады. Тағы да ду қол шапалақтау.

 

Бошай.Ал енді тап осындай білімпаз, өнерпаз Ағиланың ЖЖЕ-ні білмеуі мүмкін емес қой?!

Ағила (ақтала). Рас айтам, балалар, мен білмеймін...

Бошай. Ал сонда оны кім біледі?!

 

Бошай қиналған кейіппен сахнаны арлы-берлі кезіп кетеді. Басқа балалар да бастары салбырап, ойланып қалады.

Музыка. Бір кезде жерден жеті қоян тауып алғандай

Айшуақ айқайлап жібереді.

 

Айшуақ (екі алақанын шапаттай секіріп). Алақай,мен таптым! Таптым-м! «ЖЖЕ» деген біздің тәрбиеші апай!

Ергеш (сенер-сенбесін білмей). Тәрбиеші дейсің бе?!

Айшуақ. Иә, біздің тәрбиеші апайдың жұмыс дәптерінің сыртында «ЖЖЕ» деген жазу бар!

Бошай. Ал жазу бар делік... Сонда «ЖЖЕ» деген не?!

Айшуақ. Ой, бұның жауабы оп-оңай ғой! Бірінші «Ж» апайдың фамилиясының бас әріпі – «Жолдыбаева» деген сөз. Екінші «Ж» есімінің бас әріпі – Жүртай, ал үшінші әріп «Е» – Еркінбекқызы – әкесінің атының бас әріпі.

Бошай (ішек-сілесі қата). Әй, жарайсың, кішкентай ақылгөйім! Сен болмағанда ғой, біз түкке арзымайтын оп-оңай сұрақтың жауабын таба алмай басымызды қатырып отырар едік! Маладес-с! Нағыз маладессің! (Айшуақты бас салып құшақтап, бетінен сүйіп-сүйіп алады.)

Ергеш (аңқиып). Бошай, а, Бош-ш, полицейдің сұрағына балабақша тәрбиешісінің қандай қатысы бар?!

Бошай (қолын бір-ақ сілтеп). Әй, басты қатырмашы! Ең бастысы, «ЖЖЕ» дегеннің не екенін біліп алдық қой! Саған басқа не керек?!

Ергеш (қипақтап). Дегенмен де...

Ағила (сенімсіздеу). Бошай, меніңше, бұл жерде Жолдыбаева Жүртай Еркінбекқызының ешқандай қатысы жоқ сияқты...

Бошай (үзілді-кесілді түрде). Ей, сөзді көбейтпеңдерші, «ЖЖЕ» деген – Жолдыбаева Жүртай Еркінбекқызы! Бітті, точка! Осымен бұл әңгімені доғарып, енді бұдан былай допты қай жерде ойнаймыз соны шешіп алайық! (Пауза. Жан-жағына қарайды.) Қазір үйді-үйімізге тарайық. Түскі асымызды ішіп болған соң, сағат 14.00-де осы жерде қайта кездесейік. Әрқайсымыз бір-бір ұсыныспен келейік!

Ергеш. Жарайды-ы...

Ағила. Апам жіберсе келемін...

Айшуақ. Әрине, егер Ағила әпкем ертсе келемін ғой...

Бошай. Жарайды, келістік! Көріскенше!

 

Бәрі жүгіре жөнеледі. Музыка.

 

Жер асты өткелі

 

Сағат тілі 14.00-ді көрсетеді. Уәделі жерде Ағила мен Айшуақ тұр. Сәл кешігіп Ергеш, сосын жүгіре басып Бошай келеді.

 

Бошай. Сонымен, кімде қандай ұсыныс бар? Допты қайда ойнаймыз?!

Ағила. Біздің аулада ойнауға болар еді, үлкен алаң бар... Бірақ қазір тұрғындар ол жерге машиналарын қояды... Әсіресе жексенбі күні тіпті қаптап кетеді...

Бошай. Иә, біздің ауламыз да сондай... Тәп-тәуір спорт ала-ңымыз бар еді, адамдар автотұраққа айналдырып жіберді...

Айшуақ (қуана).Айтпақшы, біздің бақшада үлкен алаң бар! (Артынша әлдене есіне түскендей мүдіріп қалады. Сосын қызарақтап) Е-е, бірақ жексенбі күні бақша жұмыс істемейді екен ғой... қақпасы құлыптаулы тұрады...

Бошай (мысқылдап). Әп-бәрекелді, сөзіңе болайын! Жексенбі болмаған күннің өзінде сенің бақшаңа бізді кім кіргізе қояр екен?! Әлде сен ЖЖЕ апайыңа айтып, кіргізетін бе едің?!

Айшуақ. Несі бар, ЖЖЕ апайыма айтсам айтар едім ғой! Ол кісі өте мейірімді, бәлкім, сендерге бақшаға кіріп ойнауға рұқсат етер...

Бошай. Жә, балақай, бос сөзді қоя тұр, одан да... былай дұрыстау ұсыныс айтсаңдаршы!

Ергеш. Мүмкін біздің аулаға барармыз...

Бошай. Ой, сендерде спорт алаңы жоқ қой!

Ергеш. Есесіне біздің үйдің жанында бос жатқан жер бар әрі машина жолдан қашық, сонда доп ойнауға болады.

Ағила. Бірақ сендердің үйлерің тым қашық қой!

Бошай. Түк те қашық емес! Ол жер асты өткелі арқылы жүргенде қашық, ал біз төтесінен бір-ақ тартамыз!

Ергеш. О-о, онда тіпті жақын-н!..

Бошай. Ендеше не тұрыс, кеттік!

 

Балалар тұра жүгіреді. Музыка. Ерсілі-қарсылы зулаған

машиналар. Жолдың шетінде жер асты өткелін көрсететін жол белгісі тұрады. Балалар оған түсіп жатпастан машина жолды көлденең қиып өтпек болады. Бошай бастап, қалғандары оған ілеседі... «Әй, қайда барасыңдар, машинаның астына түсесіңдер ғой! Кейін, кейін қайтыңдар!» – деп айқайлаған адамдардың

дауыстары естіледі. Жерді сүре шиқылдай тоқтаған

машиналар... Олардың құлақ тұндырған дабылдары айналаны азан-қазан етеді... Сәлден соң қарны қампиған, еңгезердей бір жүргізуші шегіншектей тартыншақтаған Айшуақты қолынан сүйреп, жолдың шетіне шығады.

 

Жүргізуші (ашуланып). Ей, боқмұрын, сенің кесіріңнен мен о дүниеге аттанып кете жаздадым ғой! Осы тұрған жеріңде төбеңнен бір-ақ ұрып, жерге жапсырып тастайын ба?! (Айшуақты желкесінен бүре қысып, қатты мытып-мытып жібереді.)

Айшуақ (ауырсына жыламсырап). А-а-ай! Ағатай, кешіріңіз-ші... мен байқамай...

Жүргізуші (одан сайын әкіреңдеп). Әй, қалай байқамайсың, көз не үшін?! Осы жаяу адамдар өтетін жер ме?! (Жер асты өткелі деген белгіні көрсетіп) Әне, жаяу жүргіншілерге арналған өткел! Жолдың арғы бетіне жер асты өткелі арқылы өтуің керек қой!

Айшуақ. Кешіріңізші-і... мен... м-мен...

Жүргізуші (сәл аптығын басып). Білем, сен анау ұзынсирақ-тарға қалай ілескеніңді өзің де білмей қалдың, ә?!

Айшуақ. Ым-м... (Мұрнын қорс-қорс тартады).

Жүргізуші. Сен оларға ілеспе! Олар сені отқа итереді де, өздері құтылып кетеді!

Айшуақ. Олардың ішінде менің әпкем де бар ғой...

Жүргізуші (жақтырмай). Әпкең бар болсын сенің! Сені тастай қашқан ол неғылған әпке?!

 

Екеуінің қасына жайлап басып Ағила жақындайды.

 

Ағила. Ағай, мен қашқан жоқпын... Тек сіз машинаңызды кілт тоқтатып, ішінен атып шыққан кезде қорқып кетіп, маши-наңыздың артына тығылып қалдым...

Жүргізуші (Ағиланы шап беріп ұстап алып). Әттең, менің қызым емессің! Әйтпесе тап қазір мына селтеңдеген бұрымыңды жұлып алып, қолыңа ұстатар едім!

Ағила. Ағай, кешіріңізші, енді қайталамаймыз...

Жүргізуші (балаларды босатып). Барыңдар-р!Егер тағы да қолыма түсетін болсаңдар, тура аяқтарыңды сындырамын!

 

Жүргізуші машинасын оталдырып, жүріп кетеді.

Жолдың арғы бетінен Бошайдың: «Болды, енді жолдан өте беріңдер! Ол кетіп қалды!» – деген даусы естіледі.

 

Ағила (дауыстап). Жо-о-қ! Біз жер асты өткелі арқылы барамыз!

Айшуақ (шіңкілдей дауыстап). Иә, біз аяғымызды сындырғы-мыз келмейді!..

 

Ағила мен Айшуақ жер асты өткеліне қарай жүгіре жөнеледі. Музыка.

Бағдаршам 

 

Жер асты өткелінен шыға берген Ағила мен Айшуақты

Бошай мен Ергеш күтіп алады. Екеуінің бір жаққа жүгіріп барып қайтқаны ентіге ысылдағандарынан байқалып тұрады.

 

Бошай (өкіне). Ой, текке әуре болыппыз, Ергештердің үйінің жанында үлкен балалар футбол ойнап жатыр!

Ергеш. Иә, әзірге кететін түрі жоқ... Олардың әдеті ғой, бір бас-таса тоқтаулары қиын...

Ағила. Енді біз не істейміз?

Айшуақ. А-а... соларға қосылып ойнасақ болмай ма?

Ергеш. Ой, олар бізді менсінбейді ғой... Кішкентайларды маңайларына да жуытпайды...

Ағила. Ендеше өзіміздің мектептің спорт алаңына барайық...

Бошай. Өй, ол жерде апай көріп қалса: «Әй, Бошай, азаннан қара кешке шейін доп қуа бергенше, бір мезгіл сабағыңа да көңіл бөлсең етті! Сонда үлгерімің дұрысталып, сыныпты артқа тартпаған болар едің!» – деп, ертеңіне миымды жейді ғой...

Ергеш. Бошай, бірақ бүгін жексенбі ғой... Мұғалімдер мектепте болмайтын шығар...

Бошай (қуана). Е-е, айтпақшы, солай екен-ау! Ендеше, кеттік сонда!

 

Балалар мектепке қарай жүгіре жөнеледі. Музыка.

Жолда бағдаршам кездеседі. Бағдаршамның «қызылы»

жанып тұрғанын көріп, балалар кілт тоқтай қалады.

Сәлден соң жолдың екі басына кезек-кезек қарағыштаған

Бошай тыпырши бастайды. Қайта-қайта алға қарай

өңмеңдеген оны Ағила әрең тежеп тұрады.

 

Бошай (шыдамсызданып). Қап, мынаны-ай, көзі «қызарып» тұрып алды ғой!

Ағила. Қайда асығасың, мектеп бір жаққа көшіп кетпес.

Бошай (жақтырмай). Мектеп көшпесе, күн кешкіріп кетеді ғой! Сосын ойнауға аз-ақ уақыт қалады!

 

Ақыры төзімі жетпеген Бошай алға қарай тұра ұмтылады.

 

Бошай (қатты дауыстап). Жүгіріңдер-р! Кеттік-к!

Ағила (баж етіп). Бошай, қайда барасың, әлі «қызыл» жанып тұр ғой!

Бошай (қолын бір-ақ сілтеп). Ештеңе етпейді, өтіп жатқан машиналар жоқ қой!

 

Бошай алға қарай өте береді де, оған Ергеш ілеседі.

Ағила мен Айшуақ сол орындарында қозғалмай тұрып қалады.

Кенет автоинспектордың ысқырығы естіледі.

 

Автоинспектор (айқай салып). Қане, тез кері қайтыңдар! Балалар, мен сендерге айтып тұрмын, тез кері қайтыңдар!

 

Бошай мен Ергеш бастары салбырап, жолдың шетінде

тұрған автоинспектордың қасына келеді.

Екеуін бірден таныған автоинспектор одан сайын ашуланады.

 

Автоинспектор. Әй, сендер тағы да қолыма түстіңдер ме?!

Ергеш (міңгірлеп). Біз-з....

Автоинспектор. Ей, сендер өздеріңбағдаршамның не екенін білесіңдер ме?!

Ергеш. Б-білеміз...

Автоинспектор. Білсеңдер айтыңдаршы, бағдаршамның «қызыл» шамы жанып тұрғанда жолдан өтуге бола ма?

Ергеш. Ж-жоқ...

Автоинспектор (Бошайға). Әй, «адвокат», неге үндемейсің?! Сен білмейсің бе?!

Бошай (Ергешті көрсетіп). Анау жауап берді ғой...

Автоинспектор. Жауап берсе ше, ол өзі үшін жауап берді! Сен өзің үшін жауап бер!

Бошай. Ж-жоқ...

Автоинспектор. Не жоқ?! Бас-аяқсыз бұл не сөз?! Қане, дұрыстап, сұраққа толық жауап бер!

Бошай. Бағдаршамның «қызыл» шамы жанып тұрғанда жолдан өтуге болмайды...

Автоинспектор. Ал сендер неге өтесіңдер?!

Ергеш. Ағай, кешіріңізші...

Автоинспектор. Жоқ, кешірмеймін! О баста бір рет кешіргенмін, бірақ сендер одан қорытынды шығармапсыңдар! Енді шара қолданамыз!

Бошай. Ағай, біз енді қайталамаймыз...

Ергеш. Ағатай, рас, қайталамаймыз...

Автоинспектор. Жоқ, мен сендергеенді сенбеймін! Өйткені сендер ЖЖЕ-ні біле тұра орындағыларың келмейді! Сондықтан шара, тек тиісті шара қолданамыз! (Оң қолын шекесіне апарады.)

 

Автоинспектор сөмкесінен қалам-қағазын шығарып,

жаза бастайды. Музыка. Олардың қастарына Ағила мен Айшуақ жетіп барады. Ағила да жалынып-жалбарынады. Бұл оның қимыл-қозғалыстарынан байқалады, бірақ даусы естілмейді.

 

Жарайсың, Айшуақ!

 

Сахнаның ортасында Бошай, Ағила, Ергеш тұр.

Бәрі көңілсіз. Қолдарында доптары жоқ.

 

Ағила (Бошайды кінәлап). Бәрін бүлдірген сен!

Бошай (ыршып түсіп).Өй, мен не бүлдіріппін?!

Ағила. Кеше Ергеш ЖЖЕ-ні біледі деген сен ғой! Міне, сол үшін де автоинспектр ағай бізді ЖЖЕ-ні біле тұра орындағыларың келмейді деп, шара қолданбақшы!

Бошай. Е-е, мен айтсам, Ергешті құтқару үшін айттым ғой...

Ағила. Құтқарғаның сол ма, ақырында бәріміз масқара болдық! Енді бүкіл мектепке атымыз жайылады!

Ергеш (сөзге араласып). Бірақ ЖЖЕ-ні білмейтініміз рас қой...

Ағила. Білмесек ше... Бүйтіп масқара болғанша, қайта, авто-инспектор ағайдың өзінен сұрап алатын едік...

Бошай. Әй, сұрағыш болсаң, әлі де кеш емес қой, сұрай бер!

Ағила. Аһа, саған, ол кісіні мен қайдан табады екенмін?!

Бошай. Оны таппасаң... (Мойнын созып, жан-жағына қарайды.) Онда... анау балалардан сұра... Бәлкім, олар білетін шығар...

Ағила (өз-өзіне). Расында, мына балалардың ішінен білетіндер табылатын шығар-ау?! (Залдағы көрермендерге жақындап) Балалар, мүмкін сендер білетін шығарсыңдар, «ЖЖЕ» деген не?

 

Көрермендердің арасынан бірнеше жерден:

«Жол жүру ережесі!» – деген жауап жарыса естіледі.

 

Ағила (таңырқай). Ой, қандай оңай! Ал біз бәріміз бас қатырып жүрсек!

Ергеш. Е-е, біз оның қысқартылған сөз екенін қайдан білейік...

Бошай. Білмесеңдер, енді білетін боласыңдар!

 

Сахнаға Айшуақ жүгіріп шығады.

Қолтығында құшақтап алған бір бума қағазы бар.

Өзі мәз-мейрам.

 

Айшуақ (даурыға дауыстап). Алақай, мен «ЖЖЕ» дегеннің не екенін біліп алдым! Ол «Жол жүру ережесі» деген сөз!

Бошай. Бәрекелді, бірақ оны біз де біліп алдық!

Ергеш. Иә, оны саған кім айтты?

Айшуақ. Өзіміздің апай!

Бошай (мысқылдай). ЖЖЕ апайың ба?!

Айшуақ. Иә, ол бүгін бізге Жол жүру ережесін үйретті!

Бошай. Е-е, солай де!.. Кәне, не нәрсе үйрендің сонда?

 

Айшуақ қолтығындағы қағаздарын

(жол белгілері салынған суреттер) жерге қояды да,

ішінен біреуін алып Бошайға көрсетеді.

 

Айшуақ (мақтанышпен). Мынау – бағдаршам! Бұл жол бо-йындағы машиналардың, жаяу адамдардың жүрісін реттеп тұра-ды. Оның үш шамы болады. Қызыл шам – «тоқта», сары шам – «дайындал», жасыл шам – «жүруге болады» деген сөз.

 

Балалардың бәрі «көрдің бе» дегендей Бошайдың бетіне қарайды. Бошай бұрылып кетеді. Ол жақтырмаған кейіппен

шетке шығып, теріс қарап тұрады.

 

Ергеш. А-а, бұдан басқа не үйрендің?

Айшуақ (және бір жол белгісін көрсетіп). Мынау – жер үсті өткелі! Мұндай арнайы өткелдер машиналар өте көп жүретін жерлерге орнатылады. Бұл өткелдер арқылы бағдаршамда қызыл шам жанып тұрса да өте беруге болады.

Ергеш. Оһо, және қандай суретің бар?

Айшуақ. Ой, менде әлі көп! Бізге апай берді ғой, «Жақсылап біліп алыңдар, сонда жол бойында кездесетін қауіп-қатерден аулақ боласыңдар!» – деді. (Келесі бір жол белгісін көрсетеді.) Мынау – бағдаршам!

Ергеш. Ой, ол туралы жаңа ғана айттың ғой!

Айшуақ (жымиып). Жоқ, бұл бағдаршамның басқа түрі!

Ергеш (суретке зер сала қарап). Иә, расында, мынауың басқа екен! Шамы екеу-ақ, әрі екеуінде де адамның суреті тұр.

Айшуақ. Дұрыс, бұл жаяу жүргіншілерге арналған арнайы бағ-даршам. Мұндағы қызыл шам, қимылсыз тұрған адам – «тоқта», ал жасыл шам, адымдап бара жатқан адам – «жүр» дегенді біл-діреді.

Ағила. Оһо, Айшуақ, сен көп нәрсені біліп алыпсың!

Айшуақ. Ой, мұны балалардың бәрі білуі тиіс қой! Бізге апайымыз солай деп айтты!

Ағила. А-а, сен қалай деп ойлайсың, мына залда отырған балалар білер ме екен?

Айшуақ. Білетін шығар, сұрап көрейік те...

 

Ағила мен Ергеш жарыса: «Иә, расында сұрап көрші?».

Айшуақ қағаздарының бірін алып, балаларға жақындайды.

 

Айшуақ (суретін жоғары көтеріп). Балалар, мынау қандай белгі?

 

Залдағы балалар: «Мен айтайыншы! Мен айтайыншы!» –

деп шулап кетеді. Ағила отырғандарды бір шолып өтіп,

ең алдыңғы қатарда қолын жоғары көтере орнынан тұрып

кеткен бір кішкентай бұрымды қыздан сұрайды.

 

Ағила. Кәне, сен айта қойшы! (Қыз: «Зебра», – деп тақ ете қалады).

Айшуақ (қуана). Дұрыс-с! Өте дұрыс айтты! Бұл «жаяу өткел» деп аталады. Машина жүретін жолды кесіп өтерде, тек осындай жолақ-жолақ белгісі бар арнайы рұқсат етілген жермен ғана жүру керек!

Ағила. Тағы сұраймыз ба?

Айшуақ. Сұрайық! (Және бір қағазды алып, залға қарата жоғары көтереді.) Ал мынау ше?

 

Залдағы балалар: «Мен айтайыншы! Мен айтайыншы!» –

деп және шулап кетеді. Бұл жолы Ағила ортаңғы қатарлардың бірінде отырған бір кішкентай кекілді баладан сұрайды.

 

Ағила. Енді ұл баладан сұрайық, кәне, сен айтшы! (Кекілді бала: «Бұл аялдаманың белгісі!» – деп сарт еткізеді.)

Айшуақ. Дұрыс! Дұрыс айтады! Аялдамада көлікке мінерде автобустың немесе троллейбус, трамвайдың толық тоқтағанына көз жеткізіп барып, есігіне жақындау керек. Содан соң сол аялдамадан түсетіндер сыртқа толық шығып біткесін ғана ішке кіруге болады. Автобус пен троллейбусты тек артқы жағынан, ал трамвайды алдыңғы жағынан айналып өткен жөн.

Ергеш. Айшуақ, жол белгілерін жаттап алғаның көрініп-ақ тұр, бірақ қаланың сыртында мұндай белгілер жоқ қой... Мысалы, саяжайға барғанда...

Айшуақ. Ондай кезде ең алдымен сол жағыңа, сосын оң жағыңа қарап, жақындап қалған машиналардың жоқтығына көзіңді жеткізген соң барып жолды кесіп өтуге болады.

Ергеш. Ал егер жолдың бойымен жүруге тура келсе ше?

Айшуақ. Ондай жағдайдажолдың шетімен, машиналардың бағытына қарама-қарсы жүру керек. Бұл жақындаған көліктерді анық көруге, сақтануға мүмкіндік береді.

Ағила. Жарайсың, Айшуақ!

Ергеш. Сен тіпті бізден озып кеттің!

Ағила. Біздің қалып қойғанымыз ұят шығар! Енді біз де ЖЖЕ-ні жақсылап біліп аламыз!

 

Үшеуі анадай жерде теріс қарап тұрған Бошайға қарайды.

Балалардың өзіне тесіле қарап тұрғанын байқаған Бошай

оларға жалт қарап, күліп жібереді.

 

Бошай. Жарайды, мен де сендерге қосыламын! ЖЖЕ-ні жақ-сылап біліп алмасақ, тіпті қиын екен!

 

Балалар Айшуақтың жерде жатқан қағаздарын

таласа-тармаса бөлісіп жатады. Музыка. Бошай, Ағила,

Ергеш Айшуақты орталарына алып, қуана билеп жүр. Қолдарында аспандата көтерген жол белгілері... Ән... Төртеуі Жол жүру ережесі туралы әнді бастайды... Оларға залда қол шапалақтап тұрған балалар да қосылады... Сахнаға ала таяқшасын ойнақтатып автоинспектор шығады. Ол ақсия күліп, арлы-берлі адымдай жүріп, әнге қосылады...

 

Соңы