Медеу Бөрібасардың шабалана үрген даусынан оянды. Үйдің іші әлі қара көлеңке. Қыраулы терезеден бозамық тартқан таңғы сәуле әзер білінеді. Ұршық иіріп кеш жатқан апасы шырт ұйқыда. Кішкене сотқар Ысқақ пен жалқау Байсал көрпені тепкілеп, ысырып тастапты. Талпақ танаулары пыс-пыс етеді. Түнде асыққа таласып, дүрдараз болған екеуінің бір жастыққа бастары сыйып, момақан кейіпке жатқанын көріп, Медеу мырс етті. «Татуласқан ғой тентектер!» – деп, кеуделеріне көрпені қайта жапты. Көкесінің қайыс белбеуімен белін қынай буынып, әжесінің өзіне қой терісінен илеп, шақтап тігіп берген сары тонды желбегей жамылды да, түлкі тымақты баса киді.
Қысқы каникулға шығып, Медеудің осы қияндағы қыстауға келгеніне үш-төрт күн болып қалды. Кеше көкесі колхоз орталығында болатын үлкен жиналысқа жүріп кеткен-ді. «Балам, – деді атқа қонып жатқанда. – Мен қайтып келгенше шешеңе қолғанат бол. Қой ұлы сәскеге дейін базда қамаулы жатпасын. Ерте тұрып, ашық қораға шөп шаш, астауға тұз төк. Күн ашық болса, Ақсайдың сөкті жантағына жайып кел». Бұл көкесінің өзіне алғаш сенім артып, шаруа тапсырғаны еді. «Атаң он үшінде шабандоз болған, ал сенің тоғыз жасыңда оңдыртып бәйгеге шаба алмай жүргенің мынау», – деп шопандар тойында көкесінің өзіне қатты кейігені есіне түссе, әлі күнге дейін қараптан-қарап қатты қысылады.
Медеу қалың киініп тысқа шыққанда Бөрібасар құйрығын бұлғаңдатып алдын орай берді де, қора жаққа қарап өршелене үрді. «Бұл маған не айтып тұр, түнде қойға қасқыр шапқан шығар», – деп ол албарға жетуге асықты. Сол кезде шөп қораның қауынан атылып-атылып шығып жатқан сансыз киікті көріп, аң-таң болып тұрып қалды. Құла түзге безіп ала жөнелген киік үйірін Бөрібасар тырқырата қуып, бел асырып, қайтып келді. Жуынды-шайындыға тойып алып, жылы күркеде қара басып ұйықтап қалғанына, шөп қораға киіктерді байқаусыз кіргізіп алғанына қатты қиналып кешірім сұрағандай Медеудің етігін жалай бастады.
Биыл қыс қатты болып тұр. Арқаның қарлы боранынан безінген киіктер Қаратау асып, Сыр бойына ағылып келіп жатыр. Қалың тоғайды паналап, тіске басар от іздегендей. Кей түндері ауылдың да шеткі көшелерінен үйір-үйірімен үдере үркіп жүрген киіктерді көруге болады. Медеу «Қой, сиыр, ешкі сияқты бұларды да қолға үйретіп, бақса ғой!» деп тәтті қиялға беріліп тұрғанда, Ақсай жақтан оқтын-оқтын атылған мылтық даусы естілді. «Ұрланып аң аулап жүргендерді бәрібір Батырхан қорықшы ұстап алып, сазайын тартқызады», – деп күбір ете қалды ол. Жазықсыз аң-құсты аулайтындардың мылтығын пәршек-пәршек етіп сындырып тастағысы-ақ келіп тұр. Әттең, әлі жас!
Ол қораның қарын күреп, жазғы көк исі аңқыған шөпті жағалай шашты. Шөптің сыбдырын ести сала бір-бірін кимелеп, қауды омыраулап тұрған қойларды осында жіберді. Таңғы аяздың беті қайтқанша енді шай ішіп алса да болады. Көкесі үнемі шаруаны жайғап барып, дастархан басына отыратын.
Тамақтанып алысымен Медеу дәліздің кенересіне ілулі тұрған тобылғы сапты, шымыр өрілген қамшыны қолына алып, үлкендерше қонышына сұға салды. Танауы пыр-пыр етіп, жем дорбаның түбін тықырлап тұрған Ақбақай оған қарады да, «е, тізгінім сенің қолыңда болса, өрісте еркін жайылып, қарын қампитады екенмін» дегендей сүлесоқ тұра берді. Шынында Ақбақайдың бұны баласынатындай бар екен, айылын тартуға бойы жетпеді. Баласының шаруақорлығына разы болғандай апасы күлімсіреп келіп, оған көмектесті. Қолтығынан демеп, ерге отырғызды. Бір отар қойдың басын қоғамдап алдына салды.
Өрісте шашау шыққан малды әлсін-әлі қайырып тұру Медеуге оңай соққан жоқ. Оты мол жерде қойлар бас көтермей жайылғанда оның ермегі – транзистор. Эфирден берілген әндерге кейде өзі де ен даланы жаңғырықтырып қосыла кетеді. Күн еңкейгенде барып малдың басын қайырып, ауылға беттеді. Осы кезде топ шеңгелдің түбі тысыр еткендей болды. Медеу селт еткенмен, Ақбақай үріккен жоқ, қамыс құлақтарын түріп тұра қалды. Жүрегі қатты соғып, алдына үңіле абыржи қарап еді, Медеудің көзіне қалыңдап сұр қодықтың жон арқасы шалынғандай болды. «Қодық деп тұрғаным қасқыр болып шықса, қайттім?» Мына ой басына сап ете қалғанда ол ерден ауып кете жаздады. Бөрібасар топ шеңгелге ор қоянша ытқып жетіп барды да, шабалана үрді. Қауіпті ештеңе жоқ, келе бер дегендей, иесіне жалтақ-жалтақ қарап қояды.
Қойды сеніп тапсырып кеткен көкем мына ұсқынымды көрсе, «Бір тостаған көжені босқа босатып жүр екенсің, балам!» деп ер-тұрманды арқалатып, ауылға жаяу айдар. Байқап көрейін, көкжал боп тұра шапса, Ақбақай жеткізе қоймас деп, Медеу өзін қайрай түсті. Ұзын ақ таяқты қыса ұстап, атқа қамшы басты.
Топ шеңгелді алыстан орағытып келгенде оң жамбасын ала алмай жатқан киікті көрді. Қардың үсті қызыл жоса қан. Жәудіреп қараған жанары шарасыздықты сездіргендей. Медеу ат үстінен қарғып түсіп, қас емес, дос екенін білдіргісі келгендей оның тамағынан қайта-қайта сипады. Оң жамбастағы жарақат әжептеуір екен, қан саулап тоқтар емес. Сан етін оқ тесіп өткен. Манағы мылтық даусы тегін болмады. Ендігі талай киікті жусатқан да шығар. Кеше бір мылтықты адам үйге кеп түстеніп, терлеп-тепшіп шай ішіп кеткен еді. Бұл киікті де атқан сол болып жүрмесін? Дастарханнан дәм татқан мылтықты адамды Медеу осы сәт жек көріп кетті.
Ол мойнындағы бөкебайын алып, киіктің жарақатын таңып тастады. Бұны үйге жеткізіп, мал дәрігеріне қарату керек. Әйтпесе, айдалада ит-құзғынға жемтік болады деп мазасызданды Медеу.
Сонда қалай мұны үйге жеткізбек? Атқа арта алмайды, ал көтеріп жүруге күші жете ме? Медеудің есіне көкесінің шөп таситын сүйретпесі түсті. Дереу атқа қонып, қойларды үйдің төбесі көрінгенше ұзатып салды.
Сосын киік жатқан топ шеңгелге қайтып келді. Ұзын-ұзын екі жыңғылды арбаның тертесі тәріздендіріп, аттың еріне теңдестіре байлады. Жыңғылдардың салалы бастарын қыл шылбырмен байланыстырып қойды. Жас шарпыдан сындырып әкеліп, жыңғылдың үстіне қалың етіп төседі. Киікті сүйретпеге таңып байлап тастады да, аттың шылбырын қолына алып, жетектей жөнелді...
Каникул күндері аяқталып, Медеу оқуға жүрерде киіктің жарасы қарақотырланып жазылып қалған еді. Жақында үйінен қуанышты хат алды. Киік егіз лақ туыпты.
Назад
АСЫРАНДЫ КИІК