Бұлардың татулығында ешбір шек жоқ секілді еді. «Аяқ-табағына дейін араласып кеткен» дегендей, әрі-беріден соң Оспан атайдың қорабында да бірге тұратын болды.
Бұрын балғаның орны қойманың қабырғасындағы текшелерде болатын. Сүргі, ара, балта, бұрғылармен сап түзегендей қатар тұратын-ды. Ал шегелер темір қораптың ішінен шыққан емес.
Анда-санда Оспан атай келіп, темір қорапты орнынан қозғағанда мәз болып, алақандарын шапалақтап ойнағандай, салдыр-гүлдір етіп аунап-қунасатын.
Әуел баста олар балғаның не екенін білген жоқ-ты. Оспан атай дүкеннен әкелген бойы осы темір қорапқа салып қойған.
Жуырда Оспан атай темір қорапты сыртқа алып шықты. Күн шайдай ашық екен. Мәз болып салдырлаған шегелер күн көзінде жалт-жұлт етіп, рақаттанды да қалды. Олар балғаны осы кезде көріп тілдескен-ді.
– Сәлеметсіздер ме? – деді өңі аппақ, басы текшелеу келген қоңыр бір дәу қораның ернеуіне арқасын сүйеп.
– Сәлеметсіз бе? – деді шегелердің ішіндегі жуантық келген жалпақ қалпақты, қортық біреуінің батылы жетіп, сөзге келіп. – Сіз кім боласыз?
– Мен – Балғамын, – деді ол дауысы гүжілдеп. – Сендер қорықпаңдар, енді біз үнемі бірге боламыз. Оспан атай бізді фермаға апарады. Онда малшыларға үй салады. Мен былтыр өздеріңдей шегелермен бірге барып, үй салысып қайтқам. Бірнеше ай бірге болдық. Тату тұрдық. Мен тоқ-тоқ соққан сайын олар күшіме таңданып, дән риза болған-ды.
Балға шегелерге қаншама дәу болып көрінсе де, гүжілдеп сөйлесе де, дауысы жұмсақ, майда екен. Әрі-беріден соң шегелер жарыса, жамыраса сөйлесіп кетті онымен.
– Қазір қайда ол шегелер?
– Малшылар ауылында. Олар Оспан атай салған үйді берік ұстап, қызмет етіп жатыр. Сендер босқа қарап жатып, зеріккен де боларсыңдар.
– Былтырғы шегелердің бәрі малды ауылда ма? – деді осы кезде бойшаңдау келген талдырмаш денелі бір шеге жіңішке нәзік дауыспен.
– Бәрі десем, сендерді алдағаным болар. Олардың ішінде нәзіктері де, жалқаулары да бар екен. Ақырын ғана басынан шертіп қалсам, қираң етіп ақсаңдап, майысып шыға келеді кейбірі. Ал енді бірі басынан шерткен сайын өз орнына тұрғысы келмей қасарысады. Ақыры, ол да белінен майырылып жатқаны. Әрі-беріден соң ондайлар шаң жұғып, тот басып, өз-өзінен шіріп құриды. Ондай шегені Оспан атай жек көреді. Бірақ ол кісі басқалардай емес, тым ұқыпты, қайырымды. Жұмыс қауырт кезде әлгі шегелерді бөлек жинап қояды. Асықпаған кезінде «емдейді». Түзулейді. Сөйтіп мен кейде Оспан атаймен бірге дәрігер де болып кетемін.
– Атауыз дегенің немене? – деді әлгінде сөз бастаған батыл қортық шеге.
– Ой, оны сұрама. Атауыз, кемпірауыз дегендердің, әйтеуір, ауызы да үлкен, тісі де жалпақ. Кейде үшкір де болып келеді. Шақар, ашуланшақ. Бір қауып тістесе, «ойбайға» да қарамайды. Сіресіп қатып қалады. Жұлқи тартқанда, қанша мықты болсаң да, есеңгіреп-ақ қаласың.
– Охо!
– Ол да зауыттан шыққан ба?
– Жалқаулар үшін әдейі жасаған ғой.
– Жо-о, ондай жалқау бізде жоқ. Солай емес пе?
– Әрине!
– Не десеңдер де, әйтеуір, оған жолай көрмеңдер, – деді балға жайыла күліп.
– Жоламаспыз!
– Өзім де солай ойлап ем.
– Әйтсе де сіз қатты шертесіз бе? – деді әлгі бойшаң, жіңішке шеге балғаға өте бір қиналғандай қиыла қарап.
– Оған қам жеме. Қай шегені қалай шертуді Оспан атай жақсы үйреткен. Тәжірибем аз емес, – деді балға кеңк-кеңк күліп...
Сол күннен бастап балға темір қораптың ішінде қалды да, шегелер бірге тұра бастады. Келесі күні бұларды Оспан атай малды ауылға әкелді. Келген бойда-ақ балға да қызу іске кірісіп, шегелер де өз орындарына қағылып, мәз болысты.
Алғашқы күндері майысқақ, тартыншақ шегелер болған жоқ. Оспан атай да дән риза секілді. Қимылы ширақ. Балғаны жиілете сілтейді. Балғаның жүзі де ағара түсіп, кейде от ұшқындап, жайнаң қағады.
Түс кезіндегі үзілісте, әсіресе кешкісін жүзіне қарап, салмақты, ауыр мінезділеу ме дейтін балға масайрап, көбірек сөйлейтін де болды.
– Жарайсыңдар! – деп мақтап та қояды шегелерді. – Әнеукүнгі ана бір жіңішке шеге қорқақ па деп ем, жоқ олай бекер ойлаппын. Мен төбесінен ақырын ғана шертіп қалып ем, «Рақмет!» дегендей терезенің жақтау ағашына сүңгіді де кетті. Пәле өзі!..
Қортық шегеге кезек әлі де келген жоқ болатын. Бойына қарап менсінбей ме, қатары сиреген сайын, қабағы салыңқы.
– Сенің де кезегің келеді, асықпа. Бір шерткенімде-ақ өз орныңа қадаласың әлі, – деп, балға күнде оның көңілін аулап қояды. Аздап сергітеді. Әйтсе де, қатарынан кейін қалу қиын-ақ.
Сол шеге ыссы күнге қақталып, бүгін де бұрышта жатқан-ды. Әншейінде балғаның тоқ-тоқ дауысы құлағына сүйкімді ырғақ секілді өте жайлы естілетін еді. Енді ол да тым алыстап кеткендей әсерде болатын. Кенет қасына бірдеңе ыршып келіп, тақ ете түсті. Қараса, жуантық келген ұзынша шеге. Белі бүгіліп, қиралаңдап жатыр.
– Менде жазық жоқ, – деді ол, қортық шегеге әлденеге шағынғандай жаутаңдап қарап. – Балғаның басы тайып кетіп, дәл беліме соққаны.
Қортық шеге бұған нанған жоқ. Өзінің жалқаулығын, дәрменсіздігін, әлсіздігін басқалардан көретіндер барын естіген.
Мына шеге де оған сол секілді болып көрінді. Жирене қарады оған.
Бірақ келесі бірер күндерде ақсаңдаған, белі майырылған, атауыздың тісі батып «жараланған», мертіккендер саны молыға берді. Бәрінің кінәлайтыны – балға. Бұған қортық шеге қатты шошынды. Жай-жапсарын, анық-қанығын сұрайын десе, әншейінде сөзшең балғада қазір үн жоқ. Әбден қалжырап шаршағандай, темір қораптың түбіне басы шаншылып келіп құлайды. Шегелер де енді оны көрсе, қуану орнына үрейленіп, аулақтап, ығыса түседі.
Жалпақ қалпақ қортық шеге әлі күнге ешбір кәдеге жарамай жатқанына қапалануды енді ұмытқан секілді. Аяулы қалпағын балға тайып кетіп бүлдіріп жүрмесе, мені де майыстырып әкеліп тастамаса жарар еді деген қауіп бар ойында.
Осындай бір күндері әлдебір үлкен, жұмсақ алақан қобдидағы шегелерді араластырып:
– Керден-ай, Керден, Мұншама шегелер босқа бүлініпті-ау! – деп әлдекімге дауыстады. Көп шегенің қалқасынан жүзін анықтап көре алмаса да, дауысынан таныды – Оспан атай. Дауысынан кейістікпен бірге шегелерге деген аяныш сезіледі. Қортық шегенің іші жылып сала берді. «Бұған кінәлі – балға!» деп айқайлағысы де келді. Бірақ Оспан қарт:
– Әй, баласың-ау, Керден шырағым. Балғаны дұрыс ұстай алмасаң, шегені қаға білмесең, айтпайсың ба? Бірер күн мен болмағанда, осында басқа біреу табылар еді ғой, – деп, балғаны ауызға алмай, басқаны кінәлай сөйледі.
Бұған қортық шеге аң-таң. «Өзі шебер, өзі іскер қарт атайдың шынымен-ақ нағыз кінәліні білмей қателескені ме?».
– Ата-ау, шегені бүгін қағып жүр дейсіз бе? Балғаңыздың басы кетіліп, қисайған ба қалай, әйтеуір, тайып кете береді, – деді жіңішкелеу бір дауыс.
«Е-е, енді не дер екенсіз?» – дегендей мына сөзге қортық шеге елең етіп, іші жылып сала берді. Басқа шегелер де қозғалақтап қалды.
Бірақ қарт дауысы жайбарақат жарқын қалпында.
– Әй-әй, Керден-ай, шаң жұқпассың-ау. Бұл балғаның сырын білмейсің ғой сен, білмейсің, – деп, әлгі темір қорапты салдыр еткізіп, төбесінен шаншыла жатқан балғаны көтеріп алды. Сонан соң оның басын алақанымен сипалап: «Мұны мен дүкеннен алып, саптағаннан бері қолымнан түсірген жоқпын. Талай-талай шеге қақтық. Сен айтқандай тайып кетіп, бір шегені бүлдірген емес. «Не көп, шеге көп» деп, оңды-солды сілтей бергенсің ғой. Шеге көп болғанмен, қажетке жарар мүлік қой. Төсті әкелші бері, мына шегелерді түзетейін. Тастауға обал ғой» – деді.
Қарттың мына сөзіне шегелер қатты қуанған еді. Қортық шеге әлгі бір ренішінің орынсыз екеніне іштей ұялды. Қарт бәрін де білді. Қандай ақылды!
Көп ұзамай шегелерді «емдеп», төске шың-шың тиген балғаның үні естілді. Әдемі бір әуенге басқандай. Қортық шегенің құлағына тым жағып барады. Қисайған, майысқан шегелер лезде түзетіліп, жайнаң қағып, қобдиға сылдыр-сылдыр қарғып түсіп жатыр. «Жо-о, балға мақтаншақ емес екен. Еңбек сүйгіш, ақ көңіл екен!» Бұл күні бәрі де тым көңілді еді. Келесі күні кезек жалпақ, қортық шегеге де жетті.
– Айттым ғой, кезегің келеді деп. Міне, келді! – деді балға. Жүзі аппақ, ап-ашық. Оспан атайдың қолында ұршықша ойнайды.
Балға қортық шегенің жалпақ қалпағын төбесінен тоқ еткізіп «шертіп» қалды. Қортық шегенің көптен сарғая күткені де осы болатын.