Назад
ТҮЛКІ, ҚОЙШЫ, АЮ

Қатысушылар:

Қойшы

Түлкі

Аю

 

Қойшы. Бір түлкіні бір аю қуып келеді екен. Түлкі бір тамға тар тесігінен кіріп кетеді. Аю да тамға кірейін дегенде тесікке кептеліп қалды. Иә әрі, иә бері шыға алмады. Түлкі оны мазақтап, күліп, қашып кетті.

Аю (тесіктен әзер шығып). Ей, қойшы, сен не көрдің?

Қойшы. Көргенімді айтайын... Бір аюды бір түлкі мазақтап, қашып кетті.

Аю (ашуланып). Егер де осыны біреуге айтсаң, сені жеп қоямын!

Қойшы. Ойбай, онда айтпаймын!

Аю. Мақұл, сендім. Бірақ біреуге айтсаң, менен жақсылық күтпе!

Қойшы(залға қарата). Бұл қызықты жұртқа қалай айтпа-йын... Ішімді тесіп барады. Бәріне айттым. Бәрі күлді. Ал аю оны естіп қойыпты. Ертеңіне маған келді. Өзі ашулы.

Аю. Ей, қойшы, сенің ешкімге айтпаймын дегенің қайда? Сөзіңде тұрмадың. Сондықтан мен сені жеймін!

Қойшы (жыламсырап). Үш күнге рұқсат бар. Үй ішіммен, ағайын-туысқанмен қоштасып келейін...

Аю. Жарайды, жылама! Үш күнге рұқсат бердім.

Қойшы (залға қарап). Далада жылап отырсам, жаныма аюды мазақтап кеткен түлкі келді.

Түлкі. Е, қойшым, неге жылап отырсың?

Қойшы. Өй, қаңғыған қу түлкі! Бәрі сенің кесірің. Аюды сенің мазақ қылғаныңды ауылдағыларға айтып қойып... Аю мені жеймін дейді...

Түлкі. Сол да сөз болып па?! Мен бір амалын табамын. Аюдан құтқарсам не бересің?

Қойшы. Ойбай, қалағаныңды ал!

Түлкі. Аюға жем болмайын десең, маған бір бүйрегіңді бер.

Қойшы. Бастан құлақ садаға. Бүйрегімді берейін.

Түлкі. Ал, қойшы, бір қап тап. Аю келгенде анау жерде шаңды бұрқыратып мен жүрейін. Аю: «Анау не?» десе, «Ханның баласы да, сенің етіңді жеймін деп жүр» де.

Қойшы. Қалай айтам? Қорқам. Сенімен қоса мені жеп қойса қайтем.

Түлкі. Өй, ақымақ! Менің айт дегенімді айтсаң, аю қорқады: «Ойбай, мені жасыр. Қайда тығыламын?» дейді.

Қойшы. Сонда не істеймін?

Түлкі. Ана қолыңдағы қаптың аузын аш та. «Мында тығыл!» де.

Қойшы(үрейленіп). Сосын...

Түлкі. Сосын қорқақ аю қапқа кіреді. Сол кезде қаптың аузын мықтап байла. Шоқпармен ұр. Сеспей қатады.

Қойшы(залға қарап). Түлкі қу осыны айтты да, тығылып қалды. Аю келді. Түлкінің айтқанының бәрін істеп едім, сеспей қатты. Дайын асқа тік қасық, ыржалаңдап, әне, түлкі де келе жатыр.

Түлкі. Ей, қойшы! Іс бітті. Бағанағы уәде бойынша енді маған бүйрегіңді бер!

Қойшы(қипақтап, жыламсырап). Ішім шұрылдай ма, құрыл-дай ма, ырылдай ма? Білмеймін... Бүйрегімді бір нәрсе талап жеп жатқан сияқты.

Түлкі (үрейленіп, қойшының ішіне құлағын тіге қойып). Ол не қыңсылаған?

Қойшы. Түнеукүні бір тазының күшігін жұтып қойып едім. Сол енді үлкен тазы болып, ішімнен шығайын деп, қыңсылап жатыр. Әсті сенің исіңді сезіп тұрса керек.

Түлкі. Ойбай, қойшы, дос едік қой! Тазы шықпай тұрғанда, мен зытайын! Дос едік қой, шығармай тұра тұр!

Қойшы. Әп, бәлем! Қу түлкі! Адамның ақылына құрық та бой-ламаған, оған қулығың да тең келмес! Айт, айт, айтақ, алып-соғым.