Наурыздың қызыл желі соғып өткеннен соң көп ұзамай Құмөзектегі біздің ауылға Үсенәлі атайдың қамыспен жапқан ескі түйе қорасының төбесіндегі былтырғы ұяларына қос аққұтан оралады. Бұл ұяны аққұтандар Үсенәлі атайдың немересі – бес жастағы Маран дүниеге келген жылы көктемде салды. Содан бері осы киелі жұп қос-қостан бес рет балапандарын ұшырды. Маран асық ойнауға жарап қалған кекілі бар «жігіт» болды.
Түйе қораның төбесінде күнге әбден қаңсып кеткен киіз үйдің сынық шаңырағы жататын. Дауыл қамысты көтеріп кетпес үшін бастырғының қызметін атқаратын. Ұя осы шаңырақтың шошақ төбесінде. Шаңырақ енді екі бірдей қызмет атқарып тұр...
Үсенәлі атайдың жалғыз нары өткен жылы көлдегі суаттың басында тайып, мертігіп өлген. Содан бері ескі түйе қораның іші қаңырап қалған. Оның үстіне Үсенәлі атайдың баласы Бегімбет тракторшы совхоздан қоражайы бар жап-жаңа үй алды. Олардың құйма кірпіштен тұрғызылған бұрынғы аласа, көне үйін совхоз тері-терсек сақтайтын қоймаға айналдырды. Қаңқиған қораның енді аққұтандардан басқаға қажеті де болмай қалды.
Қойманың күзетшісі көсе Жанас бір күні бульдозермен ысыртып тастамақ болғанда, Үсенәлі атай үстінен шығып, қораны аман алып қалды. Трактордың алдына кесе-көлденең тұрып алды. Едіреңдеген көсе Жанасқа қораның төбесіндегі шаңырақты, шаңырақтың басындағы ұяны көрсетті. «Аққұтанның ұясы – киелі ұя» деді. Киелі ұяны бұзған адамды «жын қағып кететінін» айтты. Көсе Жанас бұл сөздерге иланған да жоқ, қолға алған ісіне кедергі болған мына шалға күйіп-пісіп, әбден ызаланды.
– Қурап тұрған көне қора өртенер болса, мына тері-терсек жиналған қойма да кетеді. Басымен жауап беретін сен емес, мен. Қайдағы бір қаңсыған ұяға бола мемлекеттің мүлкін отқа тастайтын жайым жоқ. Былай тұр, – деп әрі-бері қодыраңдағанмен, ол ештеңе шығара алмады. Бульдозерші жігіт те қолын бір сілтеп, жөніне тартып кетті.
Ескі қора мен аққұтанның ұясы бір жолға солайша аман-сау қалған. Бірақ сол күннен бері Үсенәлі атайдың көңіліне кәдімгідей-ақ алаң кірді. Күзетші Жанасқа сенбеді. Көзі тасаланса, ескі қораны қиратып тастайтындай көрінді де тұрды. Көктемнің қызыл желі соғатын мезгіл жақындаған сайын онда тіпті маза қалған жоқ. Кейде түннің ортасында үйден шығып кетіп, ескі жұртты шолып қайтатынды шығарды. Ескі қораның төбесінде төңкеріліп жатқан шаңырақты, шаңырақтың басындағы ұяны көріп көңілі орнына түседі.
Аққұтандар жұбының Құмөзекті мекендегені, мекендемегені Үсенәлі атайдан басқаға бәрібір еді. Оларда ешкімнің шаруасы жоқ. Аққұтандардың да ешкімде шаруасы болмайтын. Ұяның ішін қамыстың үлпегіне, жүн-жұрқаға толтырып, «жөндеу» жұмыстарын жүргізеді. Одан соң қосарлана ұшып, көл жағасына барып қонады. Жағадағы қоғалы, балдырлы таяздардан сирақтарын серең-серең көтеріп, қорек іздейді. Олардың корегі – көлбақалар мен ұсақ ит-шабақтар. Ал мұндай қоректер бұл көлде қанша қажет болса, соншаға жетіп артылады.
Қос аққұтан ұяға жұмыртқа салынғаннан кейін кезектесіп ұшып, кезектесіп қоректенеді. Жұмыртқаларды бауырларына кезектесіп басады. Ұя басар аққұтан үш жұмыртқа салады. Үшеудің екеуі көкшіл түсті сары ауыз балапанға айналады. Жалқысы құстың «садақа жұмыртқасы» болып қалады. Балапандар оны ұядан домалатып жібереді.
Әке мен ананың енді дамылдайтын кездері аз. Ауыздарын арандай ашып, дамылсыз шықылықтаған кішкентай аққұтандарға олар қорек тасиды. Балапандарымен тұмсықтарын үздіксіз сыртылдатып «сөйлеседі».
Ымырт түссе, аққұтандар ескі қораның үстіне тұмсықтарын ақ ала қанаттарының астына тығып, жалғыз сирақтап тұрып қалғиды. Бұл кезде олардың мазасыз ұрпақтары да ұйқыға шомады.
Таң ата аққұтаңдардың дағдылы тіршіліктері тағы да қайталанады. Ұяның үстінен қанаттарын қаққылап, сирақтары серейіп балапан аққұтандар көріне бастайды.
Ұяластар кейде қиқуласып, тұмсықтарын сартылдатып, таласып, тартысып қалады. Мұндай кезде қастарында ата-аналарының біреуі болса, тұмсығымен екеуін екі сілкіп, ажыратып жіберер еді.
Балапандардың осылайша ұяны тарлық ете бастағаны – кеңістікке шығуға, өз беттерімен тірлік етуге талпынғандары. Үлкен аққұтандардың алдында енді тағы бір маңызды жауапкершілік тұрады. Балапандарды ұшыру керек, қанаттарын қатайту керек.
Ескі қораның төбесіңдегі ұя енді күн ұзаққа бос қалады. Аққұтандар балапандарына самғауды, қалықтай ұшуды, қонуды, көтерілуді үйретеді.
Бұдан соңғы күндерде ұяның жылуы азайып, түн салқындай түседі. Аққұтандар да жыл құстарының соңғы дүрмегін ала жылы жаққа қарай ұшады. Олар Құмөзектің үстінен міндетті түрде бір айналып өтеді.
Үсенәлі атайға аққұтандардың қай күні ұшып кететіндеріне дейін белгілі. Аққұтандар ұшып кеткеннен кейін, тура бір жұма өткесін қара жаңбыр мезгілі басталады. Ал енді көктемде, қызыл жел басылғаннан кейін, тура бір жұма өткесін, аққұтандар ұшып келеді. Бұлжымас заңдылықтан аққұтандар биыл да жаңылыспады. Олар ұшып келген күн Үсенәлі атай мен Маран үшін ешбір мерекеден кем болмады. Екеуінің күн ұзынғы уақыты ескі жұрттағы қора төңірегінде өтті. Үсенәлі атай қораның ішінен ат-арбаның ескі-құсқы тәрте-сәртелерін далаға шығарып, шұқылап жөндеген болып жатты. Бұл – оның сылтауы. Аққұтандар келген күні үйде тым-тырыс жатып алса не болғаны?
Маран атасынан аққұтандарадың қайдан ұшып келетінін сұрайды. Олардың жылда қалайша адаспай,тұп-тура осы Құмөзекті тауып келетінін де білгісі келеді.
Аққұтандар – кез келген мекенге, тіпті кез келген үйге ұя сала бермейтін құс. Екі аққұтан бұлардың ескі қорасына ғана ұя орнатты. Тегін еместігі – бұлардың үйіне құт пен береке дарыған.
Маран осы арада атасының «құт» пен «береке» деген сөздерін түсініңкіремей қалады. Бұл: «Әлгі құт пен береке деген не, басқа ешкімнің үйінде жоқ нәрсе ме?» – деп сұрайды атасынан.
Үсенәлі атай күледі. Құт пен берекенің осы ауылдағы барлық үйде де бар екенін айтады. Ал құт деген, береке деген – жақсылық, қайғысыз және тыныш өмір екен. Аққұтандарға дегенмен жалғыз ұя керек қой. Жалғыз ұяға ыңғайлы орын осы ескі қораның төбесі болған. Аққұтандар жайлы, олардың ұясы жайлы бар әңгіме осы-ақ. Маранның енді сұрағы таусылды.
Аққұтандар көл жаққа ұшып кетеді. Маран мен атасы үйлеріне қайтады.
Таңертеңгісін Үсенәлі атай ылғи аққұтандар тұмсығының сыртылынан оянатын. Неге екені белгісіз, бүгін сол дыбыс құлағына шалынбады. «Ұзақ жолдан шаршап келген құстар әлі қонақтап отырған болар» деген оймен ол ұйқысыз көзін жұмып, әрі жатты, бері жатты. Содан соң шапанын иығына іліп, далаға шықты, ескі қора жаққа көз салды. Аққұтандарды көре алмады. Төбеде қаңқиып жатқан шаңырақ та ұшты-күйлі жоқ. Мұның көсе Жанастан келген пәле екенін Үсенәлі атай білді. Білді де, соның үйіне қарай тартты.
Шалдың адам айтқысыз сұрлана түтігіп кеткен түрін көргенде Жанастың тілі байланып қалғандай бүгежектей берді.
– Ақ-қ – сақал-л, ұяны, әлгі құстардың не-не-менесін жа-а-ңа үйіңіздің қорасы-на, со-соның төбесіне апартқызып қойдым-м! – деді ол, шалдан өзіне тиісті сөзді күтпей-ақ.
Үсенәлі атай бәрінің де бүлінгенін білді. Көсе Жанасқа айтылатын ауыр сөздері ішінде кетті.
Аққұтандар содан қайтып оралған жоқ. Ескі қораның төбесінен олардың құт пен берекесі ауып кеткен еді. Ал ескі жұрттағы қора бұзылып, орны сол күні-ақ тып-типыл болып қалды. Құмөзек дейтін кішкентай ауылда, Үсенәлі атайдың жаңа қорасының төбесінде сынық шаңыраққа салынған ұя – қасиетті құстардан қалған белгі әлі күнге шейін тұр.