Назад
МӘҢГІЛІК ЕЛ

Мен керемет түс көрдім. Біздің үйдің терезесі ашық екен. Балконға шығып қарап тұрғанмын, кенет аспан жап-жарық боп кетті. Жұлдыздар отшашу сияқты шашылды. Екі жұлдыз балконның терезесінен ішке кіріп, қалықтай қонды. Дәл жанымнан әдемі саз ойнады. Домбыраның үні келді құлаққа. Кәдімгі «Балбырауын», «Ата толғауы» күйлері бірінен соң бірі ойнап жатыр. Жұлдыздар сұлу қыз бен сымбатты балаға айналды. Қазақтың ұлттық киімін киіп алыпты. Тек өздерінің түрі де, киген киімі де күміс тәрізді. Қыздың басында сәукеле, ұп-ұзын бұрымына шолпы таққан. Камзолындағы өрнектері біздің тудағы өрнектерімізден аумайды.

– Жұлдыз бала, жұлдыз қыз! Сәлеметсіңдер ме? Сендер қайдан келдіңдер? О жақта да қазақтар бар ма? Ана тілдеріңді ұмытқан жоқсыңдар ма? Мұндағы қазақтардың көбісі өз тілін ұмытып қалған.

Олардың қазақ болғанына қуандым-ау деймін, тоқтамай сөйлеп жатырмын.

– Арсен, сен жақсы баласың. Біз сені танимыз. Сенің өз ұлтыңды, тіліңді сақтағың келетінін біліп, әдейі саған ұшып келдік. Ұлтын сүйетін қазақтардың намысы мен жігерінен жаралған Құрыш қыз бен Құрыш баламыз біз. Қазақ халқының коды – бізде. Біз биікте, жеті қат аспанның ар жағында өмір сүреміз. Жер бетінде намысы бар, ұлтын, тілін сүйетін бір қазақ болса, біз тіріміз. Ұлттық ар-намысты аяққа таптатпау үшін көк жүзінде самғаймыз, – деді Құрыш қыз.

Таңданып қарап қалыппын.

– Арсен, бізбен бірге ұшып, жұлдыздар әлеміне саяхат жаса, небір кереметті көрсетеміз, – деді Құрыш бала.

– Тек көзіңді жұмып ал, жарықтан басың айналады. Онсыз да

бәрін жүрегіңмен сезесің, – деді олар. – Біз тез ұшамыз. Көзіңді ашып-жұмғанша бәрін көріп, саяхаттап, үйіңе қайтып келесің.

Мен келістім. Көзімді жұмып, екеуімен қол ұстасып, көк жүзінде ұшып келеміз.

Не көрдім дейсіз бе?

Аспанда біздің алып Қазақстанымыздың көшірмесі бар екен. Барлық замандағы ұлттық батырларымыз: Қобыланды, Алпамыс сияқты батырлар, Аяз би, Жиренше шешен, Құрманғазы, Абай, Жамбыл аталарымыз – бәрі сонда. Өз замандарында өмір сүріп жатқандай. Жаяу Мұса дейсің бе? Күләш апамыз ба? ...Тамылжыта салған әндері қандай! Өнерлі ұрпақ көбейсе, өз дәстүрі, өнері бар ел өлмейді екен ғой. Қазақ дегеніміз – ана тілімізде сөйлей білу, жай сөйлеп қоймай, шешен сөйлеу екенін, ұлттық ән-күй дәстүріміз екенін тағы да өз көзіммен көріп, терең түсіндім. Еліме қайтып келіп, барлық балаға айтсам деймін!

Осылай ойлауым мұң екен, әп-сәтте өзге әлемді шарлап, үйіме қайтып келдім. Достарым мені үйге ұзатып салып: «Біз тағы келеміз! Көріскенше қош боп тұр!» – деп көзден ғайып болды.

– Мәңгілік ел болайық! – деп айғайладым мен! Сөйтіп жатып оянып кеттім.