Назад
ӘУЛИЕШОҚЫ

 «Балаңның атын ұлық қой. Көтере алса ұлық болсын» деген

қазақи қағиданы берік ұстанған Дүйсенбі қарт, жалғызы «Еспенбет» дегенде шығар жаны бөлек. Еспенбетінен күтері мол. Жа-ратқаннан оның амандығын жатса да тілейді, тұрса да тілейді. Өй-тетіні, Еспенбеті – жал-құйрықсыз жалғызы. Ұрпақ жалғар үміті. Сондықтан да, оның талабы қашаннан орындаулы. Тек, айтса болғаны. Оның басынан Дүйсенбі қарт тұрғанда құс та ұшпайды.

Еспенбеті ат жалын тарта бастағаннан, Дүйсенбі қарт мың жыл-қысының иелігін оған өткізіп те қойған болатын. Оның ішінде аласы да сонікі. Құласы да сонікі. Еспенбет те «жалғыз екем» деп, өркөкіректеніп, жұрттан жырақтанған жоқ. Қайта жұртқа жуық жүрді. Жұрт та оны ұнатты. Ол нағыз бір өсер елдің баласындай он бесінде бас болуға лайық еді.

Тағдыр жазса не болмайды? Бәрі де болады. Еспенбет бала жігіт атанып, тура он жетіге толған шағындағы бір түнінде аяқ асты жоқ болды. Қайда кеткені, кім алып кеткені, не болғаны белгісіз. Түнде жатқанда бар бала, таңертең төсегінде жоқ. Сол жоқтан жоқ. Ешбір дерексіз жоқ. «Жалғызым» дегенде екі етегі жасқа толған Дүйсенбі қарттың оны ойлап шашы ағарды. Белі бүгілді. Байлығы болған мың жылқыны бәске қоймайтын Еспенбетін шарқ ұра іздеді. Таппады. Қарт қайғыдан өлермен болды.

Ақыры, Дүйсенбі қарт, Еспенбеті жоғалғанына отыз тоғызын­шы күннің түнінде түс көрді. Түсінде ақ киімге оранған бабасы Бидәйшіні көрді. Бидәйші бабасы оған:

– Балам, қайғы шерін жұтпа! Бүгілген беліңді жаз. Балаңды пері алып кеткен. Ол қазір дана болды. Басыңды көтер. Орныңнан тұр. Үстіңе ақ киініп, Үйсінтаудың ұшар басына бар. Таң сыза балаңмен сонда ұшырасасың, – деді.

Дүйсенбі қарт басын төсектен жұлып алып, сондай бір сеніммен, мінәжат етіп, екі бас намаз оқып, көрген түсі жайлы ешкімге тіс жармай, жолға шығады.

Әдетте жақсы атты адамға, бір күндік жол саналатын, Үйсін­таудың ең биік шоқысына, ол жаратқанның әмірімен, өзі де сенбестей бір тездікпен жетті.

Жетті де, шоқыны торлап алған қара бұлтты көрді. Көп ұзамай әлгі қара бұлттан өмірі өзі көрмеген қап-қара жаңбыр жауды. Қаралығы көмірдей қап-қара жаңбыр ішінен жап-жарық нұрдай болып жарқыраған Еспенбетінің әппақ жалаңаш денесін көрді. Таң қалды. Өңі емес, түсі сияқты. Әлі де түс көріп жатқан сияқты. Пенде сенбес ғажап. Өңінде өмірі көрмеген ғажап. Сосын, әлгі ғажап ішінен Еспенбеті өзіне жақындап келіп:

– Ассаләмуғаләйкум, әке! – деді.

Қарт та:

– Уағаләйкум әссәләм, балам, бармысың? Аманбысың? Әлі тірі екенсің ғой! Өмірден көрер қызығың әлі де бар екен ғой! Шү­кір! Шүкір, шүкір! – деп, кемсеңдеп Еспенбетін көкірегіне басып аймалады.

Қуаныштан ақыл-есін әрең жиған қарт, енді аспанға қарады. Аспанға қарап еді, манағы қара бұлт жоқ. Тіпті жерге жаңбыр да жаумаған. Дәнеңенің байыбына бара алмаған, Еспенбет:

– Әке, олар перілер. Адамға зияны жоқ. Жөні келсе олар, тіпті көмектеседі. Олар маған Құранның жүз он төрт сүресін түгел үйретті. Оларға Алла риза болсын! Енді, сіз, менімен бірге сапқа тұрып, бір жұма намаз оқисыз. Егер сіз бұл талапты мақұл көрмесеңіз, мен сізге жоқпын, – деді.

Әкесі:

– Уәдем – уәде, құлыным! Мақұл көрдім! Жаратқанға сендім! Тәуекел еттім, – деді. Сөйтті де, Еспенбетін ертіп үйіне қайтты.

Содан көп ұзамай, Еспенбеттің игі істері ел ішінде тарап, халық ол жоғалып табылған Үйсінтаудың әлгі биік шоқысын «Әулиешоқы» деп атап кеткен екен.