Назад
ҚЫРАННЫҢ БАЛАПАНЫ

Қыранының балапаны ана бауырының жылуы әбден өтіп, ай-күні толған күні қабыршағын жарып сыртқа шықса, тысқы әлем самаладай жап-жарық екен. Әлдебір үңгір түбінде жалғыз жатқанын сәл кейін, ес кіріп, санасына ептеп сәуле жүгіргенде білді. Бойын құрсаған әлдене құрсауды қақырата айырып, жарқ ете қалған алғашқы сәтте денесі сәл тітіркеніп, жаурағандай болып еді, артынан оған үйреніп кетті. Аз-кемнен кейін, тіпті суықты сезуден қалды. Анасы алыстан аулап әкеп, алдына тастаған азықты алаңсыз жеп жата берді. Қарап жатпай, етіне ет қосып, ептеп үлкейе бастады.

Арада аз күн өтіп, тағы біраз өскен соң, жан-жағын барлап, жағалата шолып шықты. Бұрын көрмеген бір қуыстың түкпіріне жайғасқан екен, бауырын жерге төсеген қалпынан содан кейін де айныған жоқ. Алғашында терісінде қылтиған қылтанақ жоқ, қызыл шақа секілді еді, мезгіл өте мойнынан тартып сирағына дейін қаптап жүн өсіп, қауырсындары қатая бастады. Топшысы бекіп, қанаттары қағуға келді. Бірақ тірсегін жазып, орнынан ептеп көтерілгені болмаса, ары-бері жүрген жоқ. Қозғалатын ниет те кіріп-шықпады есіне. Өйткені осы жатысы жақсы еді. Әншейін, рақат! Ішкені – алдында, ішпегені – артында, тамағы тоқ, азығы көп дегендей. Анасы байғұс қайдан болса да тауып әкеп, алдына тосады. Тыңқиып алады да, маужырап ұйқыға кетеді.

Бірнеше рет шаңқылдаған ащы дыбыстан шошып оянды. Басын көтеріп, айналасын шолып еді, көзіне ештеңе көрінбеді. Бірақ жүрегі соғып кетіпті. Әлден уақтан кейін әрең тоқтап, сабасына түскендей болды. Анасы келгенде болған жайды баяндап еді, тыңдап болып, ішек-сілесі қата күлді. Ештеңеге түсінбей, аңырды. Бір ауықтан кейін күлкісін зорға тежеген анасы, ондай дыбыстың басқа емес, өзінің үні, бұның қалыпты жағдай екенін, есейіп қалған балапандардың анда-санда сөйтіп тамақ қырнап, қатты шаңқылдап, дауыс ашатынын тәптештеп түсіндіргенде барып, жүрегі орнына түсті. Бірақ аса қуанған жоқ.

Неге екенін, сол күннен былай анасының болашақ туралы әңгімелері де жиілей берді. Айтуынша, енді бірнеше ай өтіп, сәл үлкейсе, сирағындағы бауы алынып, үңгір ішінде ары-бері жүріп, еркін қимылдауға мүмкіндік туады екен. Ары қарай қанатын дамылсыз қомдап, топшысына қуат жиып, тастай етіп қатырудың машақаты басталу керек. Өйткені, көп өтпей көкке көтеріліп, қиянға самғап, өз бетінше аң аулап, күн көруге тиіс. Өмір сүрудің қатал заңы осыны орындап, мінсіз атқаруды міндеттейді. Алғаш естігенде тіксініп қалды.

– Мен ұшуды білмеймін ғой, апа? – деді қаймығып, қорқақсоқтап отырып.

– Үйренесің! – деді анасы алаңсыз қалпы қысқа қайырып. Бірақ бұлжымас етіп шегелеп айтты. Ешбір қарсылық жасай алмады. Тағы бірдеңелерді сұрайын деп еді, дәті жетпеді. Алдында бір аса алмас асқар тау тұрғандай мысы басылып, дәрмені құрыды.

Дегенмен содан соң-ақ ұйқысы бұзылып, қарадай мазасы қа­ша бастады. Анасының қатқыл үні құлағының түбінен күнде жаңғырып, шыр айланып жүріп алды. Ал онда баяндалған нәр­селер жайында ойлағанда зәресі зәр түбіне кетіп, төбе шашы тік тұратын. Сонда барып өткенде, өзінің есейіп келе жатқанын білгенде неге қуанбағанын ептеп тұспалдағандай болды. Сөйтсе, әлдебір жасырын түйсігімен өскенде болатын қиындықтарды – анасының әкеп беретін дайын асынан айрылып, қиырды кезіп, күні бойы жем қуып кететінін білген екен ғой. Тірлігінің біржола тозаққа айналғаны осы да сонда. Қап, әттең, жатып-тұрып, жайба­рақат жүре беретін үйреншікті өмірі жақсы-ақ еді, шіркін, амал қанша?! Енді одан айрылғаны ғой!

Үңгірдегі балапан, қанша дегенмен, қыранының ұрпағы емес пе, кейде өзінің аспанға ұшып, биікте қалықтап, төрткүл дүниені төбеден күзетіп, шыр айналып жүретінін көз алдына елестеткенде, өзінің бүркіт екенін есіне алып, бір көтеріліп қалатын. Батырдың тұқымы екені, келешекте бүкіл аңдардың патшасы болатыны жадына түсіп, көкірегін бір масат сезім кернеп, орнынан қарғып ұрып, тығылып жатқан қуысынан атып шығып, алысқа самғап кеткісі келетін. Аяқ асты жақсы бір үміттерге кенеліп, келешекке асыға ынтығатын. Бірақ бұл жайлы күйі ұзаққа бармайтын. Өзінің әлі бауынан босанбаған қызылшақа балапан, қалай қанат қағуды білмейтін бозөкпе екені есіне түскенде, әлдебір асу бермес қамалға кез болғандай, тауы шағылып, басыла беретін. Жігері жасып, беті қайтып қалатын. Арты қай-қайдағы бір таусылып-бітпес уайым-қайғыға ұласатын.

Уақыт бір орында тоқтап қалған ба? Күн артынан күндер өтті. Енесі меңзеген мезет те таяп келе жатты өңмеңдеп. Құтыларға ешбір айла-амалы жоқ еді одан.

Күндіз, қасында ешкім жоқта, бар қайратын бойына жиып, үлкен тәуекелмен ақырын баспалап барып, ұяның аузы – зәулім жартастың кірбегіне жақындайтын. Мақсаты – ар жағындағы дүниенің қаншалық кең, қаншалық биік екенін көру. Бірақ ештеңені көре алмайтын. Жүрген сайын қия тас тіпті де әуелеп кеткендей болып, астындағы кеңістік тереңдей түсетін. Сөйтіп, етекте не бар, не жоғын біле алмай, қарадай дал болатын. Сосын тағы бір әуестіктің айдауында, алдыға қарай және де жылжи түсетін. Тек сонда барып сонау төмендегі жер беті қарақұрықтанып әрең шалынатын көзіне. Сол сәт өзінің қандай зәулім үңгірде жатқанын аңғарып, шошып кететін. Іле кері бұрылып, қаша жөнелер еді ішке қарай. Басы айналып, жүрегі лоблитын. Енді қайта ол жаққа беттей алмастай сезіліп, салы суға кететін. Орнына келіп, үнсіз жатып мұндай аянышты жағдайға тап болғанына жатып кеп налитын. Әрі бұдан ешқашан құтыла алмайтынын іштей шамалап, не істерін ұқпай, түйіліп отырып қалатын. Тұйыққа тірелгендей бір торығыңқы күй кешетін.

Арада тағы біраз уақыт өткен бір күні көп тұрақтамайтын анасы ешқайда аттап баспай, ұяда қалды. Қу іші бірдеңені сезіп, «қип» еткен балапан сырттай ештеңе білмегендей болғанымен, ептеп қобалжи бастады. Қалайда бір тықырдың таяғаны анық еді. Өйткені айтқан мезгілі тақаған болатын.

Анасы енді шегінерге жер қалмағанын қабағынан танытқысы келгендей, бұрын болмаған бір қатулы кейіпке еніпті. Дегенін табанда орындатпай тынбастай. Не істейтінін анық білмеген соң, «өзегін жарып шыққан өз баласымын ғой, қайтер дейсің... дайындығымның шамалы екенін байқаған соң, ұшу жайын кейінге қалдырар» деп ойлаған болатын. Сол тұспалмен өзін алдап жайбарақат тұрғанда: «Ұшуға әзірлен!» деген қатқыл бұйрық түсті қарсы тараптан. Жапақтап жүзіне қарап еді, басқа бір бейтаныс өңді – аямас қаттылықты, кешірімсіз қаталдықты, шегінбес қайсарлықты көрді. Сол сәт жүрегі зырқ етіп, сасып қалды. Аздың алдындағы жылт еткен үмітінің күлінің көкке ұшып, сейіліп бара жатқанын белгісіз түйсігімен ап-анық топшылады. Әне-міне дегенше болған жоқ:

– Ұяның аузына қарай жақында! – деді анасы бас тартып болмас әмірлі үнмен.

Шарасыз кібіртіктеп, айтқан жағына таман жылжи түсті.

– Бол! Жылдам! – деген зор дауыс естілді ізінше түкпір жақтан. Кімнің бұлай кесіп-пішіп жарлық шашқанын шамалаған тұста көп өтпей өзінің көк жүзіне көтеріліп, кеңістіктен қара көрсететініне ешбір күмәні қалмады. Айтқандай-ақ, әлдене деп жалтарып үлгіргенше болмады, белгісіз қуатты екпін құйындатып келіп кеуделей соқты да, өлген-тірілгеніне қаратпай зау жартастан ұшырып жіберді. Төмен қарай сорғалай құлағанда қашан барып тастақ бетке топ етіп, күл-талқаным шығар екен деп, қатты шошып еді, періштесі қақты ма, олай болмады. Бекер-ақ қорыққан екен, не істерін білмей қатты сасқанда топшысын көтеріп, асығыс-үсігіс қанатын қағып-қағып қалып еді, жазылған қауырсындар күтпеген жерден жапырақтай қалқытып, әлдеқайқа қалықтатып әкеткені. Жартасқа соғылып, быт-шыт болмай, аман қалғанын білген сәтте қуанғанын атама. Бала жүрегі жарылып кете жаздап, өзін зорға тежеп, өрге қарай жанын сала далбақтап кете барды.

Ал қос қанатын қомдап, салмағын теңшеп, бағытын жылдам-жылдам өзгерте алатын болып, қалаған жағына қарай самғап бара жатқандағы шаттығын айтсаң ғой! Ерек мақтаныш пен масат сезімі көкірегін жарып кете жаздады. Сөйтсе, ақымақ болып білмей жүріпті! Ұшу деген керемет екен! Бастапқыда топшыға сәл ауырлық түсіп, шошына тызақтағаның болмаса, кішкене көндігіп, күш алып алған соң, бәрі де жеңілдеп жүре береді екен. Салмағың жоққа айналып, көздеген жаққа бұрылып, қарқыныңды қатайтып, екпіндеп кете береді екенсің. Ол ғана емес, биікте қалықтап жүріп, төмендегі жайылып жатқан жалпақ дүниеге төбеден назар салғандағы ғажап әсерді айтсаң ғой, шіркін! Керемет енді!!! Бүкіл әлем табаныңның астына келіп бас ұрғандай болған ондай асқақ сезімді, сірә, тілмен айтып жеткізу қиын! Бейнелеп беруге де сөз табылмастай. Мұндайын ертерек білгенде ғой, бүйтіп мезгілінен кеш қалып, шегіншектеп жүріп алмай, күні бұрын-ақ қам жасап, жалғанды баяғыда-ақ жалпағынан басып, кеңістікті кезіп, керіліп жүргендей екен. Әттең-ай, десеңші! Ақымақтыққа, тегі, дауа болмас, ешбір себепсіз, қарап тұрып жай қалған жайбасарлығын ойлап, қарадай жыны келді. Бастан кешсе, мәңгілікке жадыда қалмақ мұндай таңғажайып кешірмеден мүлде хабарсыз, ұша алмаймын деп қайқалақтап, қашып жүріпті, әуелі! Сонысын есіне алғанда жатып кеп опынды, бармақ шайнады.

Бірақ одан енді не пайда? Қанша өкінгенмен, өткен қайтіп келмейді, өгіз аттай желмейді ғой. Одан да осының өзіне шүкіршілік етіп, тәубе қылған мақұл! Ойлана, толғана келіп, ақыры осыған тоқтады. Кешіксе де, жөнін тапқанына қанағат қылды.

Ал сәлден соң өз-өзіне келіп, көк жүзі – зеңгір аспанда қалықтап жүргенін қаперіне алғанда, аз күн ілгері жіберген үлкен қателігін тез ұмытып, көкірегін масат кернеген, мақтаншақ қалпын қайта тапты. Кеудесін бір сүйініш сезімі шарпыды. Іле мойнын созып, маңайын шолып, жан-жағына барлай қарады. Жан баласының қарасы көрінбейді. Сірә, дүниедегі ең биік ұшатын құс жалғыз өзі болар, үзеңгілесуге ешкімнің дәті шыдап, дәрмені жетпегендей, зым-зия болыпты. Артынан байқады: басқа қанатты біткеннің бәрі қоңыз теріп, сонау төменде қалыпты. Бірде-біреуі шеніне жуып, шегіне жете алмаған. Бұл қандай бақыт десеңізші! Бұдан өткен қуаныш болмас-ау, тегі, жер бетінде!

Ұядан жаңа ұшқан жас балапан сол ұшқаннан мол ұшып, талай жерді шарлап қайтты. Ернеуінен аса тасыған сол баяғы шалқыған көңілмен артына бұрылды. Кері айналып, шыққан жеріне қайтып келсе, бұрын ернеуінен қараудың өзінен қорқып, тайсақтай беретін ұясы әншейін бір тәпелтек тастың қарауытқан қуыс екен. Қомсынып, қарағысы келмей қалды. Дүниедегі ең биік ұшатын ұшқыр құстың тұратын тұрағы мынау десе, өлім ғой! Соны ойлағанда, біреу-міреу көріп қала ма деп, жан-жағына жалтақтап, берекесі қашты. Екі бетімен жер басып, өрт болып ұялды. Бірақ анасының қолайына жағып, көңілі түсіп, таңдаған жері болса, амалы не? Шарасыз тоқтап, қайырылуға мәжбүр болды. Тік төбеде айналып аз жүріп, бірте-бірте төмендеп келіп, қиялай қонғанда, көздеген тұсымды дәл баса алмай, қапы жіберем бе деп алаңдағанмен, көлденең кездескен соншалық бір үлкен қиындық болмады. Табаны жерге тигенде, екпінін тежей алмай етпеттей барып, кеудесімен қабырғаны соға жаздап тоқтағаны болмаса, ешбір жері жарақаттанбай, аман-есен қонақтап тынды. Қанатын бір қомдап алып, әуелгі орнын тауып, нығыздана жайғасты. Өйткені әлгіндегі өскен көңіл әлі сол өр күйінде еді. Алақаптай болған кеудесі алғашқы асқақ қалпында болатын. Жуық арада басыла қояр түрі де жоқ-тын.

«Ессізге есе тисе, есірік қоса тиеді» деген, сірә, рас сөз. Біраз күннің алдында орнынан қозғалудың өзінен жүрексініп, сыртқа шығудан тіпті сескеніп, жасқаншақтап жатқан қорқақ балапан анасынан қаймыққаннан ғана қимылдап, зор қысым астында қанатын қомдап, аспанға көтеріліп, ұшуды үйренгені сол, өткендегінің бәрін ұмытып, енді қанатты біткеннің барлығынан биік ұшам деген еспе мақтаншақтық дертіне шалдығып, қарап тұрып үлкен есерсоққа айналып кете барды. Содан былай күнде жартастың үңгірінен ұзап, топшы талар қияндарға дейін ұшып барып, жер шолып қайтып жүрді. Осы барыста тағы бір аңдағаны: ешкімнің дәл өзіндей боп көкке көтеріліп, самғай алмайтыны болды. Басына қонған бұл артықшылық бойына бұрынғыданда зор қуат бітіріп, көкейіне сенім ұялатып, өзінің теңдессіз ұшқыр жан екенін жалпақ жұртқа көзбе-көз дәлелдеу үшін кешікпей бәйгеге түсер бәсекелес іздеп, жан-жаққа шарқ ұруды бастады. Қанат қағуды білген соң, кем боп қалған бір дүниесі сол болғандай-ақ, соған бар күшімен беріліп, бел шеше кірісті.

Өзімен тең келер ұшқыр құс іздеген сапарында тентіреп қайда бармады дейсіз? Ә дегенде алдынан шыққаны – жер бетінен недәуір көтеріліп алып, тау бөктерінде әлденеге тесіле көз сатып, шыр айналып жүрген тазқара болды. Басы – таз, мойны жалаңаш сұрықсыз немеге жақындап барып: «Байқасам, кәдімгідей биікке шығыпсың... менімен бір байқасып көруге қалайсың?» – деді менменсіген бейнемен сынай қарап. «Биікке ұшу да өнер болып па? – деді анау сәлден соң жанарын әрең жерден алып. – Өнердің төресі, менше, көп күш жұмсамай-ақ қарын тойғызу, аз күн болса да аужал қылар бірдеңе табу. Тыныш жүріп, рақат өмір сүргенге не жетсін, тәйірі! Егер бәсеке осы тарапта болса, белдесуге әрқашан дайынмын мен». «Қоянның өзін көріп, қалжасынан түңіл» дегендей тантыған мына сандырақты естіген соң жас балапан сөзінің аяғын тоспай бұрылып, өз жөніне кете барды. Қайтеді енді көкмылжыңмен керілдесіп!

Қарсы кездескен келесі мықты – кезқұйрық болды. Осы екеуінен басқа қанат қағып ұшар ешбір көк кезбесі қалмаған ба деген жаңсақ түсінік тумауға тиіс бұл арада. Көп қой, ондайлар. Шексіз, шетсіз аспанның әр тұсында құжынап, бығып жүрді. Бірақ темірқанат балапан оларға назар аударып, көз тоқтатқан жоқ. Себебі, олар оған тұрмайтын еді. Өңкей бір шошақ төбешіктен бой оздырып, дүниенің қаншалық кең, көктің қаншалық зәулім екенін ұқпайтын, жер бауырлаған жермен-жексен пәлелерге босқа ауыз ауыртып қайтпек. Мойын бұрмай кете берді. Тек елеп-ескеруге тұрар есті біреулеріне ғана қымбат уақытын қиды. Сондай үлкен тәлей, зор бақыттың бірі кездейсоқ ұшырасқан кезқұйрыққа бұйырды. Әлдеқайда асығып, сіңбіруге мұршасы болмай, аптығып барады екен. Қатарласа бере, бұйымтайын айтып еді, қабағын түйген ол: «Сол да жұмыс болып па? Бала-шаға айналысатын шаруа. Ондаймен шұғылдануға мұршам жоқ. Ұзын құлақтан естуіме қарағанда, мына таудың ар жағындағы бөктерге кекілік пен шіл қаптап кетіпті. Соған барып бір кірісейін деп асығыс кетіп барам. Жолым болып жатса, біразын қармап, жамсатып салмақпын. Бекер шалғайыма жармасып, етегіме оралма, бала... жолымнан қалдырасың», – деп кісі екен деп елеген де жоқ.

Мұны естігенде балапанның қаны басына шапты. Жетіп берып, желкесінен алып, жер түбіне лақтырайын деп бір тұрды да, өйтсе, бекер «күйгелек» деген жаман аты шығатынын әрі оның өзінен үлкен екенін ойлап, құс біткеннің бәрін күшпен емес, жан тең келмес өктем өнерімен бағындырмақ болып, өз жөніне кете берді. Талай қиядан асып, талай қиырды шалды. Алайда сынасып көруге жүрегі дауалап, келісім берген бір жан болмады. Бұл оның өз мықтылығына деген сенімін одан сайын бекемдеп, нықтай түсті. Сөйте-сөйте, оның өзінің аспан асты, жер үстіндегі ең биік ұшатын жалғыз құс екеніне зәредей де күмәні қалмады. Енді тек соны өңге қанаттылардың өз ауыздарынан естіп, ресми мойындауы ғана қалып еді.

Кешікпей әркімге бір сабылып құр далбаса болған алашапқын жүрісін шұғыл доғарып, қанаттылар әлеміне хабар салып, биік ұшқан ұшқыр құсқа қомақты бәйге тігілгенін жария етіп, жан-жаққа жар салды. Дүбірлі топтың қан қыздырар желігі өз алдына, аламан жарыстың қарап тұрып делебені қоздырып, жоққа иек қышытатын сұмдық сиқыры да бар емес пе! Мезгеулі мезгіл же-тіп, уақыт толғанда, қарақұрым нөпір жиылып, топтала қалыпты көмбе басына. Әр қауымның өз үкілеген үміттері – «жүйріктері» бар, бет қаратпай гу-гу етеді әншейін. Әлпеттерінен бұл жарысқа кәдімгідей мән беріп, уақыт бөліп, жоғары деңгейде дайындалып келген түрлері байқалады. Үздіге жұтынып, самғай жөнелуге әзір тұрды барлығы.

Бірақ балапан сасқан жоқ. Өзінің тірі жанды шеніне жуытпас ұшқырлығына әбден сеніп алған ол бір шетте шіреніп тұрды сырттай бақылап.

Кешікпей жарыс басталды деген белгі берілді. Мәре сол өңірдегі көкпен таласқан құзар шыңның басы болып белгіленген-тұғын. Әркім әліне қарай қанат қағып кетіп жатты. Алқын-жұл­қын аптаға самғайтын алысқа ұшу емес, бәйге өрге ұмтылатын өршілдік болғандықтан балапан асыққан жоқ, топтың соңына ала қозғалып, жайымен қанат сермеді. Сермеген сайын қалықтап, қалықтаған сайын тік көтерілді. Бір кезде жан-жағына қарағанда, шың басына қарай өзінің жалғыз қара самғап келе жатқанын байқады. Бұл уақытта табан тірер зау шоқының тұяқ тайғандай үшкір ұшы ғана емес, түбегейлі жеңістің төбесі де көрініп қалған еді.

Межелі жерге жетіп, асықпай қонып, жақсылап бір дем алып алып, содан соң барып бүйірін тесіп, ішін жарып бара жатқан дүлей мақтанышын жер-әлемге жеткізбек оймен тамағын бір кенеп жіберіп, енді үн салып, айғайлай бергені сол еді, қарақұсынан сойыл тигендей ошарылып, оқыс тыйылды. Не болғанын өзі де білмей, кенет есеңгіреп, есінен танып бара жатты. Жоқ, есінен тан-

бапты. Ақылы сол орнында екен. Оны ашық қалған құлағынан анық біліп, айқын аңдады. «Ей, мақтаншақ, балапан! Дүниедегі ең

биік ұшатын құс сен емессің. Ол – мына, менмін! Артыңа қара!» – деді күтпеген жерден біреу тақ желкесінен тепсініп.

Шұғыл бұрылып, жалт қарады. Алғашында андай жерде тұрған тасжарғанның қауғадай сұлбасынан басқа ештеңе байқай алмап еді, ізінше: «Мұнда қара!» деп бармақтай құс жапырақтардың арасынан ұшып шығып, бұтаққа қонғанда анық көрді. Бастапта жыға тани алмап еді, артынан үнінен шырамытқандай болып, әнтек ойланғанда есіне бәрі де сап етіп түсе кетті. Ұяларының тү-бінен тынбай зарлайтын бір заржақ, мазасыз көршілері болушы еді, сол екен.

– Сен қайдан жүрсің мұнда? – деді әрі таңданып, әрі зор жеңісімді бақырайтып тұрып қолымнан тартып әкетті-ау деген әлеуетті ашу алқымдап.

– Ұлан-асыр аламанның бас жүлдегерімен осылай да сөйлесе ме екен? – деді тықылдаған сарышымшық әтейге тақылдап.

– Саған түсіп қалған қайдағы жүлде? – деді балапан терісіне сыймай булығып. – Одан да мұнда қалай шығып алған аярлығыңды айт, жаныңның барында!

 – О не дегенің, балақай? Өз күшіммен ұшып шықтым, мұнда. Сенен басқада қанат жоқ деп пе едің?

– Бос сөзді қой... Сұрағыма жауап бер. Болмаса, әзір-ақ жоқ­тауыңды асырамын, шүкімәйт неме. Бол! Бұлтақтатпай... тез айт!

– Жарайды. Айтайын... – деді сарышымшық әңгіме артының онша жақсылыққа апара қоймайтынын іштей сезіп, енді дереу айлаға көшіп. – Ол үшін бір шартым бар... болмашы шарт...

– Айт, қане... тыңдалық

– Айтсам... Бұл жолғы бәйге менікі...

– Болсын!.. – деді бар есіл-дерті бармақтай пәленің мұнда шығып алған сұмпайылығына ауған балапан тез келісіп. – Енді... бөгелме! Баянда...

– Айтсам... ол енді былай... сен тым күйініп кетпе! Сабыр қыл! – деп бастады шымшық әңгімесін. – Шынын айтсам, мен талайдан бері сенің құйрығыңның арасында жасап келем. Ұяңнан ұшпай тұрғаныңда-ақ сонда келіп, жасырынып алғам. О баста ғой... арам ой болған жоқ. Бір жолы сыртта тоңып жүріп, ұйықтап жатқанда бауырыңа кіріп байқасам, жып-жылы екен. Содан құйрығыңның арасына кірдім де, мықтап бекініп алдым. Сен онда әлі бала едің, байқамадың. Үйреніп кеткендіктен, кейін ұшқанда да салмағым білінбеді. Қайда барсаң, ілесіп бірге жүрдім. Өзің білесің, көп жерді көрдік... жалпақ дүниені шарладық. Ондағы мақсатыңның не екені... жүре келе белгілі болды. Артынан бәйге туралы алыс-жақынға жар салдың... Саған одан ары жүк болмай, жөнімді табайын деп жүр едім, мынадан соң ол ойымнан айнып қалдым. Өйткені сенің жеңіп шығарыңа... жоқ, өзімнің озып келеріме кәміл сенімде едім. Енді бүгін, міне... айтқаным айдай келіп... күткендегідей жағдай болып, жүлде... жоқ, зор даңқ маған бұйырып тұр. Бұл да болса, келген тәлейім, жанған бағым. Сен қамықпа, бала... дүниенің басы да, аяғы да бұл емес. Алда тағы талай қызық болады. Жассың ғой сен... мәртебе мен марапат әлі-ақ өзі сұранып алдыңнан шығады... Жә, білгің келгеннің бәрін айттым... сөзімде тұрдым. Сен де уәдеңе берік бол... бәрі келіскеніміздей болсын. Маған өшігіп, қастық ойлап жүрме. Ол жарамайды, бала! Осыдан аман кетсем, өзім де сенің көзіңе қайта көрінбеспін екінші...

Соны айтқан сарышымшық лып беріп әлдеқайда ұша жөнелді.

Балалықпен білместік жасап, бармақтың басындай пәкене құстан жеңіліп қалған балапан алғашқыда қатты қиналып, сұм-дық налыды. Жанын қоярға жер таппай, жындана аласұрды. Тек бір ауықтан соң ғана сабырға келіп, өзін зорға тежеді. Бар болса, ақыл осындайда керек екен, артынан бәрін өзінің мақтаншақ, өркөкіректігінен көріп, ешкімді кінәлай алмай, іштен тынып отырып қалды. Ойлана келе, енді қайтып мұндайға жол бермес үшін бойындағы зор кемшіліктен арылып, түзеуге бел буды... Басқаға шарасы да жоқ еді.

 Тау қыранының алаңғасар ұрпағы сол жолғы үлкен сәтсіздік-тен сабақ алып, содан қайтып асып-таспайтын болыпты дейді. Сірә, «Бір сәтсіздік – бір сабақ» деген осы болар...

Құл-Керім Елемес