ТҮЛКІ МЕН ҚОЯН
(Ертегі)
Ұзын құлақ сұр Қоян қашып келіп, бұта түбінде бұғып отырған. Бір қу Түлкі оның ізіне түсіп, қуып келе жатқан.
О пәле ақырын аңдып келді де, Қоянды тарпа бас салып:
– А-hа-а, қолға түстің бе, бәлем! – деді.
Сол кезде Қоян көкке қарап:
– О-о, Түке! Құрыдық, құрыдық! Енді екеуміз де өлетін болдық! –
деп жылап жіберді.
– Ей, сен не айтып тұрсың!? – деді Түлкі.
– Ойбай-ау! Ана бұлттың арасында екі бүркіт келе жатыр ғой бізге!
Бүркіт десе өлердей қорқатын Түлкі:
– Не дейді мынау!? – деп шошып кетті.
– Бүркіт келе жатыр дедім ғой, Бүркіт! – деді Қоян онан сайын еңіреп.
Түлкі қайтерін білмей, қатты сасып:
– Әй, енді не істейміз?! – деді Қоянға.
– Сіз мына тұрған орманға қарай қашыңыз! Мен оларды осында айналдыра тұрайын!
Түлкі Қоянды тастай салып, орманға қарай безіп жөнелді!
Қоян қуана секіріп:
– Уh, бір ажалдан аман қалдым-ау! – деді.