Оразбай Байбақ
Бақылау
Биік әрі тік үлкен жартастың тұсындағы қуыстарға қоныстанған үйрек пен қаздардың балапан шығаратын мезгілі жақындап қалған. Жыл сайын ұядан төмен қарай секірген ақ үрпектерді бейне арнайы дайындалған мәнті сияқты ауызға қағып салып, жұтып жіберуге дағдыланған Жымсыма есімді түлкі биыл тағы келді. Ол төбедегі қалың бұтаның арасына тығылып жатып, айналаны мұқият барлауға кірісті. Кім біледі, өзінен қуатты, азу тісі ақсиған жыртқыш па, әлде ұңғысынан от шашатын таяғын арқалаған адамдар ма, әйтеуір біреулер кездесе қалса өміріне сөзсіз қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан сақ жүріп, сақ тұруды әдетке айналдырған.
Ұядағы балапандар сәл ширағаннан кейін, әке-шешесінің көрсеткен үлгісі бойынша төмен қарай алма-кезек секіріп жатады. Тасқа соғылып жаралану деген бұларда болмайды. Қауырсынша қалқып төмендейді. Ал қорқақтары ұяда жалғыз қалады да, аңдып жүрген шағаланың немесе басқа қанішер құстардың азығына айналады. Мұндай оқиғаны Жымсыма өз көзімен талай көрген.
Енді ғана орнынан тұра бергенде жартас бұрышынан екі адамның шыға келгені, Жымсыма бұға қалды. Олар тастақты құм бетін барлай қарап, қысқа сапты күректерімен жер қаза бастады. Сәлден кейін үлкен дорбадан алынған, ортасы дөңгелек, екі құлағы едірейген бірдеңені алып, шұңқырға көмді. Майда шығыршықтармен өзара жалғастырылған темір арқанның екінші басындағы қазықты жерге қақты, ырғап байқады. Мұның қақпан екенін тәжірибелі Жымсыма бірден біле қойды.
– Көзге түспей тұрғанда қарамды батырайын, – деп күбірледі де тар жыраның ішін құлдилап тайып тұрды.
Сақтық керек
Бұлар белгіленген күні сапарға шығып, белгілі бұтаның түбіне келіп жасырынды.
– Сақтық керек, алдымен жақсылап бақылайық. Қауіп-қатер білінбесе іске кірісеміз, – Жымсыма айналаға ойлана көз жүгіртті.
– Иә, – бөлтіріктің аша берген аузын алақанымен жаба қойған серігі: Дымыңды шығарма! – деді қатуланып. – Біреу-міреу естіп қалуы мүмкін.
Екеуі жарты сағаттай үнсіз жатты. Төңіректен секемденер ештеңе байқалмаған соң:
– Көңілшек, сен менің шынайы досымсың. Сондықтан алғашқы дәмді сен татсын деген ұйғарымға келдім. Ана үлкен жартасты көрдің бе?
– Көрдім.
– Соның қасына барсаң ұядан секіріп түскен балапандарды байқайсың, ал да шетінен жұта бер. Қарның тойғанда қолыңды бұлға, оған дейін мен күзетшілік міндетті атқара тұрайын, кім біледі, оқыс оқиғалар болып қалуы ғажап емес. Ал енді жөнел.
Шынында да жартас түбіне жоғарғы жақтан қалбалақтап жерге түскен балапандар аз болмай шықты. Араны ашылып кеткен бөлтірік оларды шетінен қылғытып жатыр. Сөйтіп ары-бері шапқылап жүргенде бірдеңе сарт ете түсті де, алдыңғы оң аяғының жіліншігін опырып жіберді. Серпіні сондай қуатты екен, қаңқ етуге шамасы әрең келіп, сұлап түсті.
Жағдайдың осылай боларын алдын ала сезген Жымсыма орнынан тұрып, керіліп, созылды. Сонан соң аяңдап жартасқа қарай беттеді.
Жазмыштан озмыш жоқ
Қақпанның шынжырын, серіппелерін, ара сияқты тістерін мұқият қарап шыққан Жымсыма күрсініп қойып:
– Мұндай бәлені бірінші рет көруім, – деді біле тұрса да, шімірікпей, – бұдан құтқаруға шамам келмейді.
– Жанымды көзіме көрсетті ғой, – деп бажылдады бөлтірік. – Ақылың бар еді ғой, бір амалын тапсаңшы?..
– Қалай, қайтіп?.. Ағаш болса бір сәрі, бұл темір емес пе, не істейсің бұған.
– Дос едік қой, қалай қиып тастамақшысың?
– Жазмыштан озмыш жоқ. Құдай басқа салғанын көруден басқа не шара бар? – деді Жымсыма жинап алған балапандарын бірінен кейін бірін қылғытып жатып. – Мен саған биыл бармай-ақ қой деп ескерттім бе, ескерттім. Енді тілімді алмаған өзіңнен көр...
Басынан сипамақ болып соза берген Жымсыманың қолын Көңілшек тістеп алмақшы болып еді, анау соны сезгендей тартып ала қойды.
Қарны әбден тойып, кекіре бастаған Жымсыма бұта сынығымен тісін шұқылап тұрып:
– Қош бол, досым, – деп қойды мысқылды күлкімен.
Жымсыма он шақты қадам ұзай бергенде әлдененің сарт ете түскен дыбысын бөлтірік анық естіді, кәдімгі өзіне таныс дыбыс. Аяғының ауырғанын елемей, мойнын созып қарады. Қарады да жалған досының сирағына жармасқан екінші қақпанмен арпалысып жатқанын байқады. Өзі өлім аузында тұрса да бір түрлі айызы қанып қалғанын іштен сезінді. «Күлме досқа, келер басқа деген осы екен-ау», – деді мұңайып.