Назад
АРЫСТАН МЕН БҰҚА

Өрістегі бұқаны

Көзі шалып алыстан,

Тасалап шөп, бұтаны

Атылды оған арыстан.

 

Арыстанға ет керек,

Талқандайтын азуы.

Ал бұқаға шөп – қорек,

Жайылымда азығы.

 

Бұқа да алып,

Тектен-тек

Берілмейді ол жайдан-ды,

Арыстанмен жекпе-жек

Бастады ұзақ майданды.

 

Тайыншадай арыстан,

Бұқада күш орасан,

Екеуіне алысқан

Қорқынышты қарасаң!

 

Жеңсе арыстан бұқаны,

Малдың ірі алыбын,

Етін жұлқып жұтады,

Тойдырмақшы қарынын.

 

Бұқа алысты өлмеске,

Қалу үшін жаны аман.

Арыстанды ол жемес те,

Керек емес қаны оған...

 

Құлады олар қалжырап,

Күш-қайраты тең еді.

Өлді екеуі қансырап

Жеңілмеді,

Жеңбеді...

 

Өзі келіп ұрынған,

Арыстанға обал жоқ.

Жыртқыш аң ғой бұрыннан,

Жан ашымас оған көп.

 

Арыстанға азық боп,

Құламаған домалап

Ал бұқада жазық жоқ,

Әттең, тіпті обал-ақ...