Кемпір дарияның арғы бетіндегі төркініне қыдырып кетті. Ержігіт түнемелік әжесінің қасында жататын. Екеуі көбінесе, күнде де, түнде де бірге. Әжесі таңертең оның асты-үстіне түсіп отырып, тамағын жегізеді. Ұзынды-қысқалы екеу сосын мектепке қарай бет түзейді. Сабағы біткен соң, кемпір екеуі қол ұстасып үйге қайтады. Күндегі әдеттері осы. Үйге келген соң киімін шешіндіріп, ауыстырады. Содан соң айналып-толғанып, «іш, же» деп жылы-жұмсағын төресінің аузына тақап, жемесіне қоймай өбектейді. Сүйткен қамқоршысы жол жүріп кеткен соң «жігіт» әжептәуір жалғызсырап қалды. Өйтетіні – әкесі мен шешесі қызметте. Енді мектепке өзі барып, өзі келеді.
Түннің бір уағы. Ұйықтайтын мезгіл болды. «Қорықсаңдар, екеуің екі жағыма жат» дейтін қожанасыршылап, амал жоқ, әкесі мен шешесінің екі ортасынан орын тепті. Бұрынғы төсегінде жалғыз жатуға жүрегі құрғыр дауаламайды. Ол қисайғаны сол, есіне әлдене түсіп, орнынан тұрып, тыпың-тыпың етіп бұрынғы өзінің жатын бөлмесіне кетті. Қолында әжесінің жатса да, тұрса да үстінен тастамайтын, түйенің жүнінен тоқылған етек-жеңі шұрық-тесік, ылым-сылым ескі күртесі... Оны құшақтап, бір шетін салақтатып жерге сүйреткен күйі, көрпеге енді.
Әкесі ұлын сөйлетпек болды.
– Әй, мынауың не?
– Бұл – әжемнің күртесі. Не, көрмей тұрсың ба?!
– Оны неғыласың?
– Қасыма алып құшақтап жатам. Мұнда әжемнің иісі бар.
Әкесі күртешені қолына алып, танауына тақап иіскеген болды.
– Сен де, жігітім, айтады-ақ екенсің! Бұдан сиырдың иісі шығып тұр ғой, құдай-ау! (Кемпір күніне екі мезгіл – азанда, кешке сиыр сауады. Оған шөп салады. Тезегін алып, астын тазартады).
– Соқпа өтірікті!
– Мына жақта-ақ жатсыншы. Қарасан келгірдің иісіне тұншығып өлерміз, – деп, әкесі күртешені қол созым жерде тұрған креслоның үстіне тастай салды.
Ержігіт шәңк-шәңк етіп бұйыра сөйледі:
– Алып бер өзіме! Саған керек болмаса, маған керек!
– Бір бөлменің ішінде... қасыңда ғой. Тиіп кетсе, адамның денесін қышытады...
Кемпірдің баласының даусы қатая түсті:
– Әпер деймін!
– Өзің бір қадалған жеріңнен қан алған қырсық екенсің. Мә! – деп сұрағанын қолына ұстатты.
Бала әжесін құшақтағандай қоңыр күртешені кеудесіне қысып, бауырына басты. Содан тіреуіш тірегендей екі көзі бақырайып көпке дейін ұйықтамай жатты. Шам жанып тұр. Екі жағында жатқан әкесі мен шешесіне ләм-мим деп, тіс жарып үндемеді. Бейне әлдебір ойдың ұшығына жете алмай қиналған ересек сияқты. Егде кісінің кейде ұйқысы қашатыны бар. Ол шіркіннің шақшадай басына не келіп, не кетпейді дейсің? Бәлкім, ол аяулысынан айырылып қалған бейбақ шығар? Не мұратына жете алмаған, асыл арманы адыра қалған пақыр ма? Сан сұрқылтайдан жүйкесі жұқарды ма? Әлде бір өкініш өзегін өртеп, аһылатып, уһілете ме? Әйтеуір басы жастыққа тисе, қор ете қалмайды...
Ал он екіде бір гүлі ашылмаған, аузынан ана сүті кеппеген, жыламай тамағын ішпейтін мына жұдырықтай шикіөкпенің ұйқысы қашатындай басына не күн туды? Не ойлап жатыр? Бұл жағы беймәлім. Өйткені, кімнің ішіне кім кіріп шыққан?...