Таң бозарып, жер жарық тарта бастаған кез еді. Түлкі жан-жағына жалтаңдай қарап, тауға қарай бет алып, жортып келе жатқан. Көз ұшындағы сонау бір қожыр тасқа немесе оның күнбатыс жағындағы жықпыл-жықпылдың қалың бұтасына жетсе, жасырынып жатар еді. Күндіз тіпті елсіз жер болса да жортудың қауіпті екенін жақсы біледі. Бірақ кездесе қалса, тамаққа тойған да жаман болмас еді.
Сөйтіп, ол кең сайдың ішімен әлі жортып келеді. Ертеңгі қызыл шұнақ аяз өңменінен өтіп кетердей. Әсіресе батыстан соққан ызғырық қара тұмсығын қарып жібергенде, шыдай алмай кетеді. Сонда да кідіретін уақыт қайда?! «Қызыл тоным аман болса, аяз маған не істемек? Аңшының көзіне түспей, ерте жөнелейін. Та- зысын қосып немесе бүркітін ұшырып... Кім біледі!.. Аманымда тауға шығып кетейін», – деп өзіне-өзі күбірлеп ілгері жүрді.
Түлкі екі бел асқанда, алдынан ескі қыстау кездесті. Түнімен жортса да қарны жөнді тоймаған ол жан-жағын тағы бір барлап алып: «Таңның атқаны жаңа ғой. Мына ескі қыстауға бұрыла кетейін. Мүмкін, аузыма бірдеңе түсіп те қалар», – деп өз-өзін сендіргісі келеді. Жедел жүріп, айналадан із шалды. Тұмсығын көтеріп, иіс те байқады. Ештеңе сезілер емес. Ептеп басып тағы ілгері жүре беріп еді, бағанадан бері аңғармапты, алдындағы қалың қурайдан бір топ шіл пыр етіп ұшты. Түлкі олармен бір айқасып қалмақ болып оқталды да, жете алмасын біліп, кілт тоқтады. Үдере көтерілгенімен, Түлкінің жайбарақаттығын көріп, қорықпады ма, шілдер алысқа ұзамады. Тобын жазбаған қалпы анадай жердегі ескі дуалға барып қонды. Қаншама момын болғанымен, олар Түкеңнің сырын жақсы біледі екен. Мазасызда- нып, бұған мойындарын соза қарайды.
Шілдерге көзін қадап бұрылған Түлкінің аузынан сілекейі шұбырды. Ол орнынан қозғалмаған қалпы өзін-өзі кінәлай сөй- леді.
– Жұрт мені қаншама айлакер, қу дегенімен, шынына келсек, өзім де жүрген бір ақымақпын. Қарашы, айрылып қалғанымды! Енді қолға қайдан түссін! Әуелі маңайларына жуытатын емес. Қап, не істесем екен, ә! – деп, Түлкі қатты өкінді.
Аз тұрған соң:
– Тоқта, қалай болғанда да бір амал ойлап табуым керек! Әйтпесе неге айлакер Түлкі атанамын! – деп қайрады өзін-өзі. Жүрегі сазып, іші қанша шұрқыраса да ол енді асықпады. Асыққанымен бәрібір пайда жоғын іштей сезді де, аштыққа шы-
дап бағуға бекінді. Әрине, одан басқа амалы жоқ еді.
Иіскей жүріп әлгі бір топ шіл ұшқан жерге келді. Шұқыр- шұқыр, ойлы-қырлы жер екен. Қалың қурай ұйыса өскен. Қар басып, кейбірі жантая қисайып, жатып қалыпты. Оның қуысы, әсіресе шұқырлау жердегі жел үрлеп тыққан қалың омбы қардың асты кеуек-кеуек екен. Шілдің шұбырып шиырлап жүрген көп ізі жатыр. Ұйысқан қурайдың астындағы әр жер, омбы қардың астындағы қуыс-қуысы тапталып қалған.
– Шілдерге осы жерде жатқанда кездессем ғой, шіркін! – деп өкінген Түлкі дуал үстінде қатар түзеп, жайбарақат отырған құс- тарға көз қиығын тастады. Олардың әрқайсысына жұтына қарады. Сырт қарағанда шілдер қаннен-қаперсіз отырған сияқты. Жүн- дері үрпиісіп, таранады. Бірақ әрқайсысы-ақ Түлкінің қимылын қалт жібермей қадағалайды. Олардың жандарына жақындай алмай, амал-айласы таусылған Түлкі енді солай бұрылып:
– Оу, амансыңдар ма, ағайындар? – деп ыржия дауыстады.
Екі көзі қадалып, өтіп барады. Бір-екі аттап тоқтады. Одан әрі жүруге болмай қалды. Өйткені ол осылай бұрылғанда-ақ, шілдер қанаттарын қомдап, елең ете түсіп еді.
Бойларын үрей билеген құстар оған алғашында жауап қата ал- мады. Айлакер Түлкі моп-момақан бола қалып, ақырын аяғының ұшымен қимылдамақ еді, тағы да ыңғайы келмеді. Ол енді бір ат- таса, шілдер ұша жөнелетін сыңай танытты.
Амалсыз кідірген Түлкі алдыңғы бір аяғын көтерген қалпы:
– Е, ағайындар, анау қалың қурайдың асты мен омбы қардың қуысына түнеп шыққансыңдар ғой, сірә? – деді мүләйімси тіл қатып.
Аңқау шілдер оның қулығын қайдан білсін. Іштеріндегі үл- кендерінің бірі Қызылтұмсық деген шіл басын көтеріп:
– Иә, Түке, екі-үш күннен бері қар қалың жауып, кеше кеш- кісін күннің шайдай ашылғанын өзіңіз де көрген шығарсыз. Содан біздің жағдай қиындау соғып!.. – дей бергенде, оның сөзін Түлкі бөлді.
– Иә, рас айтасың, Қызылтұмсық, солай болды, – деді сөздің соңын күтпей.
– Күннің шайдай ашылғаны жақсы ғой, Түке. Бірақ оның есе- сіне қатты аяз болғанын да ұмытпаған шығарсыз?
– Әлбетте, Қызылтұмсық! – деп лып ете қалды Түлкі құйрығын бұлғаңдатып, алдыңғы оң аяғын кеудесіне ұстап, иіліп. – Сіздің сөзіңіздің бәрі дұрыс, Қызылтұмсық! Ой, ой, дала кезіп, тамақ іздеймін деп мен бейбақ бәрін көрдім. Е-ей, бауырлар-ай! – деп, Түлкі қатты қиналған болып, сөзінің соңын мүсәпірси аяқтады. Өтірік болса да көзінен жас та шығып кетті ме, оң аяғымен көзін сүрткен болды.
Қызылтұмсық аңқау, ақкөңіл, момын құс екен, бейшара. Түл- кіні аяп кетіп, көзінен ытып шыққан жасын ол да қанатының ұшымен сүртті. Сосын тамсанып тағы бір сұрақ қойды:
– Қызылтұмсық, барлық ағайын-туғандарыңды жинап алған- ға ұқсайсың. Қанша дегенмен көпсіңдер ғой, тамақты қалай тауып жеп жатырсыңдар? Жердің бәрін қар басқан соң сұрап жатқаным ғой, – деді байсалды үн қатып.
– Е-ей, бауырым-ай, қыстың мынадай қақаған аязында қар- ныңды қампайта тойғызу қайда? Дегенмен там-тұмдап күнелтіп жатырмыз ғой, әйтеуір, – деп Қызылтұмсық орнынан қозғалып, сөзін ілгері жалғады. – Осы отырғандар – бір-ақ отбасымыз. Өткен жазда өрген балапандарым, міне, жанымда. Сенен несін жа- сырайық, бауырым, қыстай тобымызды жазбай, бір үйір болып жан бағып шығамыз. Мекеніміз – осы бір ескі қыстаудың маңы. Қара қорданы теуіп, жайылып жатамыз. «Тфу» деген түкірік жерге түспес аяз болса, шұқыр жердегі үлпек қардың немесе үстін қар басқан қалың қурайдың арасына кіріп кетеміз. Үлпек қар, ұйысқан қалың қурайдың арасы біз үшін мамық көрпеден бір де кем емес. Әрі өңменіңнен өткен қара боран соқпайды, әрі аяз қарымайды, – деп момын Қызылтұмсық ағынан жарылды.
– Ал аяз болмаған жай күндерде де осы жерге түнеп шығасыңдар ма?
– Күн жылы болса, басқа жаққа да түнеп қаламыз, Түке. Күн суық болмаса, бізге көрінген панасы бар жер мекен емес пе?!
Түлкі бір сәт қиялға беріліп кетті білем, бойын қуаныш биледі ме, жымың қақты. Ұзын, үлпек құйрығын бұлғаңдатып, енді алдыңғы екі аяғымен бүйірін таянып қойды.
– Дұрыс, достар, бұларың тамаша екен!
– Шын айтып тұрмын, достым, – деді Қызылтұмсық та еш- теңеден қауіптенбей, жайбарақат қалпы.
Түлкі көзін сүзіп, тағы да сызыла қалды.
– Рақмет, туысқандар, әңгімелерің маған қатты ұнады, – деп өтірік күліп қойды. – Бір қалың қар жауып, қатты аяз болған күні сендерге қонаққа келіп қалармын! – деп, дәл сол жолы шілдер жақын жуытпасын білген айлакер Түлкі, амал жоқ, бұрылып жүре берді.