Назад
САРЫ ТАУЫҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАЛАПАНДАРЫ

Күздің алғашқы айы. Сары тауық балапандарын ертіп, шегіртке қуып, ауылдан ұзап кеткен. Шайдай ашық күн аяқ астынан бұзылды. Аспанды қара түнек бұлт басты. Жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнады. Жаңбыр құйып кетті. Сары тауық балапандарымен суық жаңбырдың астында қал- ды. Асыққанмен мекеніне жете алатын емес. Балапандар қара қанаттанбаған. Жылы жүні әлі шықпаған балғын. Сары тауық қатты састы. Балапандарымды ауыртып аламын ғой деп қауіптенді.
Шөжелерін қос қанатының астына алып, бауырына басты. Бір балапаны сыймай, сыртта қалды. Ана айла жасап, балапандарын кезектестіріп, бір-бірден тыста ұстап, тоңа бастағанда, бауырына алып отырды. Кезек ең кенжесіне келді. Ана оны сыртқа теппеді.
– Оны неге шығармайсыз? – деп сұрады бір ақ балапан.
– Ол тым жас.
– Жас болса қайтеді? Кезегі келгенде ол да шықсын.
– Ол сырқаттанып қалады. Кішімізге өзгеміз қамқоршы болуымыз керек емес пе? Кәне, бұның орнына кім барады? – деп сұрады анасы.
– Мен, – деді тұңғышы.
– Мен барайын! – деді оған тетелесі.
– Кезекті маған беріңіз! – деді онан кішісі.
– Мен қалам ба сонда? – деді алғаш қарсылық білдірген ақ балапан.
– Қатеңді түсініпсің, сенің барғаның жөн! – деді сары тауық балапанды тысқа қарай ысырып.
Сары тауық су өтіп, қатты жаурады. Бірақ балапандарын тоңдырған жоқ. Балаға деген ыстық махаббатымен жылытып, сақтап қалды.
Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады. Сары тауық бала- пандарым жылынсын дегендей, азық іздеп жүгіре жөнелді.