Сұңқар әлсіреп қалған-ды. Қанат-құйрығы селдіреңкі тартып, сиқы кете бастаған еді. Далп-далп сабаланып зорға көтеріледі көк жүзіне. Биікте емін-еркін самғайтын күндер келмеске кеткен. Кезінде қаз-үйрекке майдан ашып, «қырыпсал» атанған қанды көз жыртқышқа бүгінде өзегін жалғаудың өзі мұң. Бойына шыр бітпейтін ұзын сирақ тырнаның жасығын місе тұтпай, қараша қаздарға құдиып, дуадақтарды бөлшектейтін ер сұңқар өлексеге алданған құзғынның кейпінде еді. Көл жиегіне шығып қалған балықты шұқиды. Қанаты кетілген құстарды торуылдайды. Одан соң суға түсіп дем алуға келгендердің қалдық тағамдарын шоқиды. Жұмыр бастыларда тойым жоқ. Жемейтіндері жоқ өздерінің. Сөйтеді де, қанатты жыртқыштарды жазғырады. Құдайға қараған ақжүрек екенін дәлелдеп бере қойсыншы? Мұны осындайлық кіріптарлыққа душар еткен солар. Тордан сытылып шығамын деп жанталасқанда, топшысын зақымдап, қанатын сындырып алды. Содан былайғы тірліктің сиқы мынау. Қайран келмеске кеткен дулы күңдер-ай! Құс базарына айналған көгілдір көлге қияннан кеп киліккенде, айдыннан көтеріле ұшқан құстардың қиқуынан құлақ тұнып, әбігерге түсіп, жан ұшырғандағы даңғаза шуылына қыбы қанып, өрлене түсетін де, қара бұлттай тұтасқан құстар шоғырына құяр еді. Тепкініне ұшырап, дода-додасы шыққан қаз-үйрек жерге топ-топ етіп түсіп жатар еді.
Сөйткен болат топшылы қаншеңгел қыран өлімші бүгінде. Жаралы жыртқыштың әлі де болса бірқағары бар. Көзінің оты сөне қоймаған-ды. Қанат сермесі бұрынғыдай болмағанымен, сырт тұлғасы «Әй, анау, сұңқар емес пе?» дегізердей жинақы еді. Содан да адамдар бұған іш тартады. Сыртынан байқатпай кеп суретке түсіріп алады. Дүрбімен тамашалайды. Далбалақта,п жер бауырлай сабаланып ұшқанын көргенде аяушылық білдіріп, бас шайқасады. Аяйды жаралы сұңқарды.
Өзегі талған ол жиекте қалып кеткен тағам қалдықтарын апаш-құпаш шоқи бастаған-ды.
Судан шыға келген көлбақа:
– Нені шоқып жатсың-ей, шақарақ неме?! – Сұңқарға қисынсыз соқтықты. – Сені де құс тектісі дейміз-ау. Қалдықтан үнем айырғаның естір құлаққа ұят емес пе? Саған жараса ма осы күйбең? Қарашы маған! Иен көлдің бірегейімін. Не ішемін, не жеймін демеймін. Мол қорек аузымнан алады. Маған және судағы барша жәндіктер тәжім етіп бас иеді. Құлдық ұрып құрметтейді.
Сұңқар шыдамай кетті. Саңқ еткенде, бақа шошып қалды. Тостақ көзі бағжиып қорыққандығы соншалық – зәр шығарып жіберді.
– Әй, жалпақ бас, ши бұт неме! Не деп шағып тұрсың?! – деді сұңқар уыттанып. – Саған бұл сөзді айттырып тұрған түпсіз терең тұңғиық-ау. Есіңде болсын, сенің болымсыз бағыңнан менің сорым артық.
Бақаның үні шықпай қалды.
Жаралы сұңқар ащы шаңқылға басқанда тебіренген көл толқыны көбіктеніп, тулап жатты.