Назад
ЖИЫРМА БІРІНШІ ҒАСЫР

«Қиындыққа кез болсаң,
Ақыл сұрау жөн, ботам!
Ғасыр дейді 100 жылды...» –
Деп бастады сөзді атам.
 
Жыл санаудың мөлшерлі,
Бар өзіндік өлшемі:
«Елу жылда – ел жаңа,
Жүз жылда – қазан» деуші еді...
 
Сондықтан да тасып ел:
«Азаматқа асыл, ер
Жүз жасаған Жамбылдың, –
Деп тілейді, – жасын бер!»
 
Жүз жыл жасау олжа, құт,
Тек ел-жұрттан болма сырт...
Ғасырлардың тоғысын
Көру дағы зор бақыт!..
 
Ойда қалдым тағы да:
Атам, әжем – жанымда,
Әкем, анам – жанымда –
Осы шығар бағым да!
 
Көңілім өсіп, тасынды,
Сипап қойдым басымды:
Аяқтадық біз бірге
Жиырмасыншы ғасырды...
 
Қызықпайды кім бізге:
Аман жеттік бұл күнге...
XXI – жаңа ғасырды
Бастап тұрмыз біз бірге...