Назад
БҮЛДІРГЕН ТЕРЕ БАРҒАНДА

Біздің жақта бүлдірген адырда болады. Жартастардың астына яки бұлақ бойына шығады. Жылда бүлдірген піскенде адырға әдейі атпен келіп, бүлдірген теріп қайтатынбыз.

Бүгін де бүлдіргеннің қалың шығатын жеріне келсек, қара қошқыл боп пісіп, тұнып тұр екен. Жанымда өзіммен бірге оқитын Рақтай деген жолдасым бар. Екеуміз:

– Опырай, қалыңын-ай!

– Быжынап тұр ғой, тегі, – деп таңданысып, аттан асығып-үсігіп құлай түсіп жаттық.

Сол екі арада қалың бүлдіргеннің арғы шетінен бір елік көрінді.

– Елік, елік, – деп айқай салдық. Сөйтіп мәз боп тұрғанда, іле-шала дәл әлгі жерден еліктің лағы атып шыққаны. Жүгіріңкіреп барып, көп ұзамай-ақ қалың шөптің арасына қойып кетті. Бес-алты метр жердің шөбі қимылдап барып тына қалды. Екеуіміз бір сәт аңқиып тұрып қалдық та, аттарды тастай салып, жүгіріп сол жерге келдік. Рақтай еліктің лағын алғашқы көрген жерден іздей бастады. Мен жүгіріп, шөп қимылының тоқтаған жеріне келсем, еліктің лағы жермен-жексен болып, құлағын жымқырып бүк түсіп жатыр. Бас салып ұстай алдым. Еліктің лағы аянышты дауыспен бақырып жіберді.

Рақтайға қарап едім, өзі таба алмай қалғанына өкінгендей боп тұр. Соны білдім де, лақты оған ұстата салдым.

– Мә, сен-ақ ұста. Екеуміз бірігіп асыраймыз.

Рақтай менің қолымнан ала бергенде, еліктің баласы тағы бақырды. Осы дауысты естіді білем, енесі шыға келді. Бізге қарай жасқанбай салып келеді. Шабуыл жасар ма екен деп шошып қалдық. «Айтақ, айтақ, айт!» деп, жоқ итті көмекке шақырып, өтірік күшейдік, бақырауын қоймады. Біз қанша айқаласақ та, елік ұзамады. Баласымен бірге өлмек түрі бар. Барған сайын бізге жақындай береді. Біресе баламды жіберіңдерші деп жалына сұрағандай тынши қалады, біресе тағатсызданып, ашуланғандай бір орында тыпыршиды. Бір рет тіпті жақын келді. Мөлдіреген танадай қара көздерінен жас тамшыларын көріп қалғаңдай болдым.

– Бейшара, жылап тұр екен, – деді Рақтай жұлып алғандай. Ол да байқап қалған екен.

– Жіберсек, жіберейік.

Еліктің баласына қаншама қызығып қарағанымызбен, қимағанымызбен, анасын аяп кеттік те, босатып жібердік.

Екеуі шұбырған күйі кезеңге шықты. «Балалар, сендерге рахмет» дегендей бізге қарап сәл тұрды да, қырдан асып кете барды.