Азат – Мұхтардың ағасы, бақандай үш жас үлкендігі бар. Үлкені момын да, кішкентайы тентек. Екінші класс дегенді қомсынып, «Екінші курста оқимын» дейді Мұхтар. Ондағысы өзімен бірге ойнап жүрген Азаматтың бесінші класта оқитынын өзінше кемсіткені болуы керек. «Азамат сенен үлкен ғой, аға деп жүр», – десек, Мұхтар азаматтың бетіне қарап-қарап қойып күледі, «Үлкен кісі емес, баланы бала аға дей ме екен? Шаң-шаң боп жүрген жалаң аяқ, жалаң бас бала қалай аға болады?» деп ойлайтын болуы керек, «аға» дейді де жырқ-жырқ күледі. Інісінің қылығына мәз болып, Азамат та жымия салады.
Осы ағайынды екеуі оқу бітісімен Бұлақ деген жерде тұратын Әуке деген атасының ауылына кеткен-ді.
Әуке шалдың Қиқалақ дейтін маубас, жуас есегі бар. Жуастығы болмаса, әңгүдік есек атша шабады. Екеуі де лагерьге бармай, ауылға қаламыз деуі сол Қиқалаққа жету еді. Оның да жөні бар. Ауыл балалары бір-бір есекке мініп алып, кешкі салқында көкпар тартады. Бұл көкпар тіпті қызық. Есегі жоқтар біреуге мінгесіп, екіншісі пилот секілді қамшылаушы қызметін атқарады. Тас тұяғы тасқа тиіп, ақырған есек, қиқулаған балалар дүркіретіп қырдан асқанда, партылдап бір топ мотоцикл келе жатқаңдай елестейді көзіңе. Осындай қауырт шақта Азаматтың қолына көкпар тисе, артында отырған «екінші пилот» Мұхтар қамшының сабымен «Қиқалақтың» қабырғасын сүргілеп-сүргілеп жібергенде, «Қиқалағы» қырғидай ұшады. Көкпар қолдан шығып, ұзап бара жатқан соң осы ауылдың Сайытбек, Нартбек, Оралбай секілді «истребитель» көкпаршылары есектерінің құлағына от қояды. Мұндай есектер дүлдүлдей жүйткиді.
Тасыр-түсыр, айқай-шу, құлаған, жылаған, озған-қалған, қашқан-қуған, қым-қуыт, шым-шуыт. Тірі қызық. Тіпті тісің терлеп тұрып күлесің.
***
Жаз аяқталып, алтын қоңырау сыңғырлар шақ туады. Азамат та жоқ, Мұхтар да жоқ. Хат та жоқ, хабар да жоқ.
Үйінде бұлардың қалам-қағазын, киім-кешегін, керек-жарағын түгел жиып күтіп отыр. Ертең іздеуге шығамыз деп отырғанда дорба-домалақ, сәлем-сауқат арқалап, кір-қожалақ, алба-жұлба, қап-қара, ұзынды-қысқалы екі бала кіріп келді. Адам танығысыз. «Әкем-ау, балаларым не боп кеткен?» деп шырылдауық шешесі екеуінің маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп еді, ащы тердің иісі бет қаратпады. Шашалып қала жаздаған шешесі:
– Иістерің қандай өзі? – деді.
– Көкпардың иісі, – деді Азамат «есектің иісі» деуді ұят көріп.
Бұларды жұмасына бір рет ваннаға салып, «қайнатып» алатын шешесі әдеті бойынша екеуін дереу суға тоғытпақшы болып шешіндіре бастады.
– Ойбай, аяғым! – деп өкіріп отыра кетті Мұхтар.
Сұрастырсақ, көкпардың астында қалып, бас башпайын есек басып кетіпті. Қақпақсыз ыдыстай, тырнағы түсіп қалған, башпай қаспақ-қаспақ болып шұлғынданып кеткен. Басқа жарақат көзге шалынбады.
Ал бірінші «пилоттың» үстінде сау-тамтық жоқ.
Екі білегі қаптаған қара қотыр, қызыл сызық. Бұл жейдесін шеше алмай, «ойбай, иығым» деп шырылдайды. Айтуынша, көкпар алып, қаптаған қалың есектен есік пен төрдей ұзап шықса керек. Артында қамшылаушы Мұхтар делебесі қозып, Қиқалақтың арқасын егей береді.
Шыбын жаны шықшытына келген Қиқалақ екпінін тоқтата алмай, ашық тұрған қораға қойып кетіпті. Сонда Азаматтың иығын есіктің жақтауына соғып, екеуі сыпырылып түсіпті. Содан болды дейді.
– Ойбай-ай, енді қайттім? Көкпар сендердің не теңдерің еді? – деп шешесі шырылдап бұлқан-талқан болды.
Қанша айтқанымен, баласы емес пе, ұрысқан жоқ, қайта мойындарын сипап, арқасынан қағып қойды... Міне екеуі өзен бойлап ұшқан құс шағаладай, сөмкелерін «сүйретіп», мектебіне қарай жүгіріп барады.