Назад
БӘЙТЕРЕК

Астана – Отан жүрегі,
Мен де сенем, ел сенбек,
Армандадым үнемі,
Соны, шіркін, көрсем деп.
 
Өтірікпен дос емен,
Жалғандыққа санама,
Астанаға кеше мен
Еріп бардым анама.
 
Бағандары темірлі,
Адымдадық асыға,
Көтерілдік көңілді
Бәйтеректің басына.
 
Қандай әсем жер беті,
Қалай тұрам мақтанбай?!
Астананың келбеті
Алақанда жатқандай.

Билеп алды ерікті,
Анам да тұр мақтап-ақ,
Көшелері көрікті,
Зәулім үйлер қат-қабат.

Неменеге асығам?
Ұмытылды көмескі ой.
Бәйтеректің басынан
Кеткім келер емес қой.