Бөрте лақ
Бөрте лақ,
Құлдыр шұнақ
Лағы еді шыбыштың.
Ойнақтайды,
Ұстатпайды
Бәрін естіп дыбыстың.
Көп лақ
Тастан-тасқа
Қарғымаса,
Шыдамайды көк лақ.
Таймай тастан,
Нық-нық басқан
Шұбырады көп лақ.
Ешкі тастан шығыпты
Топ-тобымен,
Ентелеген
Лақ бұл қызық қылықты.
Тастан таймай,
Жүр құламай
Ешкі тастан шығыпты.
Серке
Серкеш біздің
Бәріміздің,
Аялайтын еркеміз.
Сергек сері,
Күн ілгері
Қой бастайтын серкеміз.
Ешкі тоңғақ
Жауса жауын,
Іздеп таудың
Пана, үңгір ықтасын.
Күн ашыла
Тасқа шыға
Қыздырады арқасын.
Ешкі еті
Түбіті – кен,
Терісі – тон,
Басқа киім іздеме.
Бүрген менен
Жеміс жеген
Ешкі етін күзде же.
Ешкі сүті
Ешкі сауған
Құрт-май алған,
Нәрлі сүті бұлақтай.
Пісіріп іш,
Береді күш,
Құйғытасың құр аттай.
Көбіршік
Айран қатық
Қышқыл татып,
Жасымыздан көп іштік.
Қатығына
Сұйылтуға
Ешкі саудық көбіршік.
Өсімтал
Шыбыш, туша
Егіз туса,
Екі жылда тоғыз бас.
Құрақ ұшып,
Бағып, күтіп,
Оған ауды ықылас.
Ешкі өсір
Сүтін ішсең – бал,
Өзі өсімтал,
Пайдасы мол көл-көсір.
Түсініп ал,
Сүйкімді мал,
Мал өсірсең, ешкі өсір.
Назад
ЕШКІ ӨСІР (Топтама өлең)