Назад
ШАБАНДОЗ (Топтама өлең)

Тілек
 
Ата-ана,
Бар ой-сана –
Ұрпақ өсім
Тілеп қана.
 
Бала осы –
Бақ ырысы,
Жан жүрегі,
Жан тынысы.
 
Өссін елі,
Толсын жері,
Қуат ұл-қыз –
Күш жігері.
 
Исламбек
 
Ақсап көңіл,
Қылы өмір,
Алла берсе,
Бәрі жеңіл.
 
Балалы боп,
Көңілі тоқ,
Шектемеген
Туса да көп.
 
Өмір кешті,
Бала өсті,
Немерелер
Бек ілесті.
 
Мәңгі тілек
Ілгері үдеп,
Шөбере де
Өсті түлеп.
 
Қызылшақа
Шаранаға
Қуанады
Ата-ана.
 
Тәрбие үшін
Шөбересін
«Исламбек»
Қойған есім.
 
Исламбек
Сүндеттелмек,
Ата-әжесі
Тай мінгізбек.
 
Ақбақай
 
Торы төбет тай,
Аппақ бақай,
Бадана көз
Сүйкімдісі-ай.
Маңдайы да ақ,
Танауы да ақ,
Бейне тұмар
Айдынды нақ.
 
Сырғалығы – ақ,
Шашасы  да– ақ,
Шашақ төгіп
Қойғандай-ақ.
 
Төрт бақай да
Байқағанға
Ақ күмістей
Жалтылдайды.
 
Үйлескен еп,
Ақшашақ көп,
Атын қойған
«Ақбақай» деп.
 
Әкем тайды,
«Ақбақайды»,
Бас шұлғытып
Байлап қойды.
Көрдік түсін,
Құлын мүсін,
Тамашалап,
Таңдандық шын.
 
Ашамай
 
Айқыш-ұйқыш
Секілді икс.
Айқас аша
Ұнасқан түс.
 
Тым ыңғайлы,
Тайға жайлы,
Қиюласқан
«Ашамайы».
 
Текпішек
 
Ойыстырған,
Көп сырыған
Қара, ақ киіз
Шашақтаған.
 
Киіз дорба
Ашамайға
Үйлестірген
Сәйкес ол да.
 
Ататегі
Бәрі атбегі,
Бұл баланың
«тепкішегі».
 
Төрт жастағы
Жас баланы
Атқа үйрету –
Осы амалы.
 
Ашамайы
Тайға жайлы,
Текпішектен
Бала аумайды.
 
Жарасымды
Дәстүр-үлгі
Көргендерді
Қызықтырды.
 
Жүсіп ата
 
Ақ сақалы
Жайқалады,
Жүсіп ата
Ақ баталы.
 
Шөбересін,
Көгеретін
Ақбақайға
Мінгізеді.
 
Күміс жүген,
Тізгінімен
Таспа тіліп,
Шылбыр өрген.
 
Бақ – ұшпақ бұл,
Шөбере ұл,
Тізгін, қамшы
Ұстатты ол.
 
Тобылғы сап
Қамшы шап-шақ
Бүлдіргелі
Атты ұр,
Шап – шап!
 
Сүндет атың,
Ер қанатың,
Көтеретін
Ер санатын.
 
Жүйрік болсын,
Ассын өр-шың,
Ел намысын
Арқаласын.
 
Жарыстарда,
Арыстарда
Топтан озып
Шықсын алға.
 
Шабандоз
Сен елгезек,
Тізгін тежеп,
Шабандоз бол,
Қамшы безеп!
 
Бәйгеде шап,
Ұраның сап.
Шабандоз бол,
Бабаңа ұқсап!