Назад
АҒА СӨЗІ ДҰРЫС ПА?

«Өзгеріпті қатты інім,
Өзгеше тым құлқы оның.
Титтей болып, тәттінің
Алам дейді үлкенін.
 
Кім жөндейді мұнысын,
Кеуделеуін қарашы.
Алманың да ірісін
Жеу керек қой ағасы.
 
Көрдіңдер ме пысығын,
Не дей алам ондайда.
Тамағы да кішінің
Кішкенелеу болмай ма?
 
Шетке ысырып туысын,
Өңмендеуін қарашы.
Қолғаптың да жылысын
Кимей ме екен ағасы.
 
Білгішсің бе, айт емін,
Түсініспеу – жаман дерт.
Інілігін қайтемін,
Сыйламаса ағам деп?
 
...Бағамдаңдар өздерің,
Інісіне – Ырысқа
Айтқан аға сөздері
Дұрыс па, әлде бұрыс па?