Назад
БӘРІ ӘЛДИДЕН БАСТАЛСЫН

Тіл үйрету бөбекке,
Басталады әлдиден.
Тіл үйрету керек пе,
Шығар тілі әлдимен.
 
«Әлди, әлди, бөбегім! –
Әліппесі тіліңнің.
«Әлди, әлди, бөбегім! –
Бастауы үлкен білімнің.
 
«Әлди, әлди, бөбегім!» –
Болсын бесік өлеңің.
Сол әуенің, өлеңің,
Желкілдетер желегін.
 
«Ана» сөзін айтқаны –
Танығаны тілін де.
Өзін-өзі тапқаны,
Саулық тіле гүліңе.
 
«Ата» сөзін айтқаны –
Жігіт болдым дегені.
Жасыл желек бақтағы:
«Жеміс пісті» дегені.
 
Тіл үйрету бөбекке,
От басынан басталсын.
Балабақша, мектепте
Одан әрі жалғассын.
 
Сонда ғана елінің,
Сонда ғана жерінің
Болар азаматы үлкен –
Биіктен айтар өз үнін!