Адам атызға бір түп гүл әкеліп отырғызды. Құнарлы жерге отырғызылған ол күннен-күнге тамыр жайып, гүлдеп өсе берді. Гүл бәрін де сүйетін: мөп-мөлдір суды да, тап-таза ауаны да, күннің нұрын да. Айналаға еркелей, құмарлана қараудан әсте жалықпаушы еді.
Ол осынау тіршілік иесі болғанына, өзін әкеліп отырғызған адамға да риза еді. Бір күні:
— Әй, сен, көп асқақтама! Мен тірі тұрсам, әлі өмірге келгеніңе өкінетін боласың, — деген шіңкілдек дауысқа жалт қараса, дәл төменде түрі ұсқынсыз шөп басын қылтитып тұр екен. Гүлдің көңілі ортайып, бір түрлі жабырқап қалды. Ештеңе дей алған жоқ. Бірте-бірте солып, сарғайып бара жатты. Амалсыз жанындағы өзінен біршама үлкендігі бар гүлге басын сүйеді.
— Жабырқама! Сабыр ет! – деп жұбатты ол. - Адамдар оны «арам шөп» деп атайды. Өз құлқынынан басқаны ойламайтын жауыз шөп. Әлі-ақ құтыламыз.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой. Оның көңілі біраз көтеріліп қалды. Әлгі гүлдің айтқаны рас болып шықты. Ертесіне адам келді де, арам шөпті жұлып тастады. Гүл қайтадан құлпырып өсе бастады. Алайда көп нәрсені ұққандай болды. Өмірге жақсылар да, жамандар да бар екен.
Авторы: Балтабай Әділов