Назад
Бала - басты байлығымыз, Ал ең асылымыз – оның тәрбиесі

Бала - басты байлығымыз,
Ал ең асылымыз – оның тәрбиесі

Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп айтқан сөзі бізге жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай. Шын мәнінде бүгінгі жас - ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты әлеуметтенуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық.

Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқаратыны белгілі.

Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі.Бүгінгі қыз –ертеңгі ана,ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім,тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата –ана және қоғам.

Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру проблемасы әріптестік педагогиканы талап етеді. Және мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бастайды.

Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ынтымақ бар жерде береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Ал сол жастар «рухани» байлықпен қылаптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет.

Мектеп – отбасы – қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту, серіктестікті қалыптастыру, қауымдағы ата-аналармен бірлескен жұмысты көрсету мақсатында Жезқазған қаласының №10 жалпы білім беретін орта мектебінде жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - «Бала - басты байлығымыз, Ал ең асылымыз – оның тәрбиесі» тақырыбында өткізілген ашық есік күні.

Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары.
Ана – тамыр бойымен бәріне де,

Тіршіліктің жылуы таралады, - демекші ашық есік күнінде әр сыныпта ел тірегі болашақ ұрпақтың бойына адамгершілік, рухани жылулық дарытар түрлі тәрбиелік іс-шаралар ата-аналармен, қоғамдық орындардың қызметкерлерімен, мектеп оқушыларымен бірлесе атқарылды.

Ата-ана балаға тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргiзiлген үлгi-өнегесiнiң мәнi зор. Сөз қадiрiн бiлетiн заманда бiр ауыз сөздiң iшкi мағынасын жете түсiнiп, содан өзiне тәлiм алған бабаларымыздың қасиетiне не жетсiн?!

Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен тұспа тұс келген тағылымы мол іс шара «Қария сөзі – тәрбие көзі» тақырыбында салт-дәстүрмен, дүниеге жаңа келген жас нәрестеге бата беру дәстүрімен басталып,

Армандарым көп менің,
Атқарамын деп келдім.
Оқып білім, ғылымды.
Тәрбие алам, - деп келдім деген мақсатпен мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың бүгінгі күнде жеткен жетістіктерін көрсететін тәрбие сағаттарымен жалғасты. Атап айтар болсам, мектеп ғимаратындағы «Балдәурен » шағын орталығында «Отбасым – алтын діңгегім» тақырыбында қызықты сәт, даярлық сыныптарында «Аялы алақан», дамыта түзету сыныбында «Біз де өзгелер сияқтымыз» тақырыптарында тренингтер, әжелермен бірлесе отырып «Страна веселых бабушек и озорных внучат» тақырыбында мерекелік байқау, «Ата-аналар» мектебімен бірлесіп «Ұлағат болсын ұлыма, ғибрат болсын қызыма» тақырыбында дөнгелек үстел, «Қызым – қызғалдағым, ұлым – ізгі арманым», «Бабаның еккені – балаға сая», «Өнерлінің өмірі көркем», «Атадан - өсиет, анадан - қасиет», «Отбасым – бақыт мекені» тақырыптарында танымдық ойын, сахналық қойылым, байқаулар және «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын?!» тақырыбында қамқоршылық кеңестің отырысы өткізілді.

Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында: «… Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу – әсіресе қазақ халқында ежелден–ақ келе жатқан үрдіс. Адамзаттың ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті» деген болатын. Шынымен де Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді.

Іс-шара барысында тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде деп ұққан Абайдың

Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған мақсат емес,
Өнердің бұдан өзге бәрі жалған, - деген қағидасын басшылыққа алып, білім мен өнерді қос қанаты санайтын өнерлі өрендердің қатысуымен сахналанған Мұхтар Әуезовтың «Абай трагедиясы» көрсетілді.

Болашақ ұрпаққа тәлімі мол тәрбие берерлік ашық есік күні «Бала - басты байлығымыз, Ал ең асылымыз – оның тәрбиесі» тақырыбында «Сонымен, солай дейік...» теле жобасы бойынша пікірлесуге ұласты. Бағдарлама барысында арнайы шақырылған сарапшылар: ата-аналар атынан еңбек ардагері М.Ермекова, білім бөлімінің әдіскері Д.А.Бірмағанбетов, кәмелетке толмаған жасөспірімдер бөлімінің бастығы А.А.Мауленова, С.Қожамқұлов атындағы драма театрының әртісі А.Ш.Шоман, балалар мен жасөспірімдер сарайы директорының орынбасары С.А.Темірбековалар жұмбақ кейіпкердің пікірімен ой бөлісіп, жиналған қауымға, жас ата-аналарға, оқушыларға ақыл – кеңестерін берді.

Қорыта келгенде мектеп – жанұя – қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтқанда ғана ұлымыз рухты, қызымыз ғұрыпты болмақ.

Жезқазған қаласындағы
№ 10 жалпы білім беретін орта мектебінің
директоры Жолдыбаева Куляш Рахимовна